Оқушылар орындықтарды шеңберлей орналастырып жайғасады. Мұғалім оқушыларды отырған ретімен жемістер атауымен санап шығады: «Алма, шие, өрік, банан» деп. Осыдан кейін мұғалім бір не бірнеше жемістің атын атайды (мысалы, «Шие!» деп, не «Алма,өрік!» деп, немесе « Алма, шие, өрік, банан!»деп), сол кезде жемісі аталған оқушылар орындарын алмастыру қажет. Ал мұғалім бір бос орынға отырады. Орын жетпей қалған оқушы жүргізуші болып, жемістердің атын атайды.
«Алфавит» Оқушылар әрқайсысы алфавиттің бір-бір әрпін алып, жыл көлемінде оқыған материалдарынан өздеріне түскен әріпке сәйкес тақырыптарды айтып шығады. Мысалы, «Қаратпа сөз, қыстырма сөз, қосарлы айқындауыш, қарсылықты салалас, қарсылықты сабақтас т.с.с.»
Қорытынды сабақтарда, емтиханға дайындықта, есте сақтауын дамытуда көмекке келеді.
Мұғалім жұптағы оқушыларға не білгендігі туралы пікір алмасуды және екі сұрақтан дайындауын тапсырады. Содан кейін әрбір жұп кезектесіп сұрақ қояды, ол сұраққа жауапты мұғалім немесе басқа оқушылар береді. Сонымен берілген осы техника негізінде мұғалімнің берген мәліметтері қорытындыланылады, өңделеді.
«Арқаға жазылған комплименттер» Әр оқушының арқасына түйрегішпен (немесе скотчпен) А-4 форматындағы қағаз бекітіледі. Оқушылар сынып ішін аралап жүріп, бір-бірінің арқаларындағы қағаздарға жылы, жұмсақ сөздер жазып, бірін-бірі мақтайды. 2-3 минуттан кейін олар қағаздарын алып, шағын топ ішінде бір-біріне жазылған комплименттерді оқып береді.
«Арқаға массаж жасау» Оқушылар шеңбер құрып тұрады да, мұғалімнің айтуы бойынша оңға бұрылып, ілгері қарай жүреді. Әр оқушы алдында тұрған жолдасының арқасына массаж жасауы керек. Бір минуттан кейін шеңбер теріс айналып, қайтадан алдында тұрған сыныптастарына массаж жасайды.
«Арқаға сурет салу» Бұл ойында барлық әрекеттерді үнсіз жасау керек. Оқушылар екі топқа бөлініп, бірінің артынан екіншісі тұрып, сап түзейді. Мұғалім ең артында тұрған оқушыларға бір заттың атауы жазылған қағаз ұсынады (мәселен, алма, алмұрт, жүзім, гүл, кітап, ағаш,автомашина т.б). Тапсырма: соңында тұрған оқушы үндемей, алдында тұрған оқушының арқасына әлгі заттың суретін саусағымен салады. Арқасына сурет салынған оқушы алдында тұрғанның арқасына өзінің арқасына салынған затты салады.
Суреттер салынып біткеннен кейін мұғалім соңғы оқушыдан арқасына салынған заттың атын сұрап, оны қағазда жазылғанмен салыстырады.