ЖАЗ – БҰЛ ШУАҚТЫ ӨМІР
Адам баласы – табиғатпен туыс, дұрысы, адам – табиғаттың бір өскіні. Солай болғаны үшін де дүниенің түкпір-түкпіріндегі жұмыр басты тіршілік иесінің бәріне ортақ пәлсапа күшінде: «Жылды төрт тоқсан толықтыратыны секілді жан біткеннің де төрт мезгілі болады-дүр». Сол жанның мінезі мен болмысы қалыптасып, қайраты тасып, айбары асып, ойы орнығатын дер шағын – «жаз мезгілі» дейді. Асылы, осынау құбылыс табиғатта да үшбу мезгілде көрініс берсе керек.
Еріншек күн, үркек бұлақ, семіз мал, тоқ жер, үнемі кешігіп келер бұлт, қайда барсаң артыңнан қалмай-тұғын ай, жалпылай бір шолып өтсең бәрі саған анталап қарап, біртіндеп назар аударсаң, әр жерден бір жалт-жұлт етіп сығалайтын жұлдыздар – бәрі-бәрі адамға телісең кежегесі кейін тартып тұратын кеспірді сипаттағанымен, табиғатқа телісең жарқыраған жазды қиялыңызға қондырмай ма? Мұндайда қазақ өзінің байырғы қара өлеңімен бүй деген:
«Жаз болса жердің беті жайнап тұрған,
Ән шырқап бұлбұл құстар сайрап тұрған.
Болғанда қырық күн шілде, сарша тамыз,
Ыстық боп жердің жүзі қайнап тұрған».
немесе
«Жаз болса жарқыраған көлдің беті,
Көгеріп толқындайды алыс шеті.
Дірілдеп толқын басқан мөлдір суын
Шайқайды жас баладай желдің лебі». – Ой жүлгесін осы тұстан үзе тұрып, шегініс жасасам деймін.
Жаңа ес біліп, айналаны енді танып жатқан шақ. Аяқ – сүріншек, көз – мақтаншақ. Аяқтың сүріншектігі белгілі. Көздің мақтаншақтығы – жылт еткен жақсыға қарап таңданады да, «мен көрдім ғой, тағы да көремін» деп жанды-жансыздың күллісіне телміртіп қояды. Таңғалып-тамсанып жүріп ата-анамнан адасып қалдым. Қалың нөпірдің арасынан белгісіз ақсақал жөн сұрады. Тілімді қызықтады білем, ауық-ауық жымиып-жымиып қойып әрненің басын бір шалды. Толассыз сұрақ. Ақыры, үйіме әкелді. Сондағы ақсақалдың айтқан сөзі есімнен кетпейді. «Балам, қазір сенің көгеретін, көктейтін кезің. Бой мен ойды қатар түзейтін көктемің. Ата-анаңнан алыстап кетпе. Әйтпесе, жаздың өзі сен секілді ерке – қызығы көп. Еркеліктің тағы бір аты – еркіндік. Еркелеп жүріп, еркінсіп кетпе – адасып кетесің. Құдай сақтасын, мен секілді ата жолыға бермейді күнде. Байқа!».
Бүгіннің терезесінен қарасам, белгісіз ақсақал сақтықпен қоса, жаздың мінезін де санама құйып кетіпті. Бағана біз жазға теліген сөз тіркестерінің анықтауыш сөздері еркеліктен бастау алмайды ма екен? Құбылыс біткен өз әрекетін бұрынғысынша жалғастырып, тек жаз мезгілінде ғана қарекетіне еркеліктің балын тамызып жібермейді ме екен? Еркеліктің түп атасы жеті қат жер мен көкті өзімсінген еркіндік емес пе екен? Әмісе, солай. Еркіндік бар жерде ғана еркелік жүреді. Еркіндіксіз еркелігің – жәдігөй-жәреукеліктен басқа түк те емес.
Әйткенмен, дүниенің екі өкпесін қолына ұстатқан аты жаман індеттің кесірінен күнпарақтың әр бетін өзгеше жыртып жүргендейміз. Ол, әрине, өмір сүру салтынан бастап, үлкендердің жұмысы, кішілердің ойыны мен оқу-тоқуына дейін әсер етіп жатыр. Қысқы момындыққа да, жазғы еркіндікке де бармағын батырып тұр. Бірақ оған біз көнгенмен, табиғат көнсін бе?! Жемістің алды пісіп, түсіп, қозының алды тоқты боп құйрық байлап үлгерді, шыбын да көлеңке-көлеңкені аңдып, тірі жан көрсе соның бетіне қонып, қызықтап әуре – табиғатта тыным жоқ. Табиғат жазды сүйеді. Табиғат еркіндікті сүйеді. Табиғат мені сүйеді. Мен табиғатты сүйемін. Мен жазды сүйемін. Мен жаздай шуақты балалық шақ сыйлаған қуатты елімді сүйемін!
Достарыңызбен бөлісу: |