Қожабек қанат мұратұлы қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын мемлекеттік басқаруды құқықтық реттеу


Денсаулық сақтау саласындағы құқықтық қатынастарды заңнамалық реттеудің мәселелері



бет7/18
Дата14.09.2023
өлшемі1,29 Mb.
#107090
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   18
Байланысты:
treatise175770 (1)

1.4 Денсаулық сақтау саласындағы құқықтық қатынастарды заңнамалық реттеудің мәселелері
Еліміздің Констиуциясында жарияланғандай Қазақстан Республикасы өзін «...әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi» [7, 1-бап, 1-тармақ]. Бұл үшін ең алдымен адамның табиғи құқтары мен бостандықтары, әлеуметтік тұрғыдағы, соның ішінде азаматтардың денсаулығын қорғау саласындағы нормативтік-құқықтық базаны, тиісті құрылымдар мен механизмдерді қалыптастыру қажет.
Денсаулық сақтау саласын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басты мақсатының бірі - халық денсаулығын сақтау мен нығайтуға бағытталған. Сол үшін денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесі денсаулық пен оған құқықты қорғау саласындағы ғылым мен тәжірибенің отандық және әлемнің алдынғы қатарлы әдістерін сіңірген прогрессивті заңнамаға негізделуі тиіс.
Мемлекеттің заңнамасы нормативтік-құқықтық актілерді шығару, оларды ресми актілерде бекіту және осы актілерді жүйелеу арқылы құрылатындағы белгілі. Нормативтік-құқықтық акт - бұл қолданыстағы құқықтың мемлекетпен жазбаша түрде бекітілген актісі. Өзінің құқықты бекітушілік сипатымен (құқықтың жаңа нормасын бекітумен) нормативтік-құқықтық акт құқықтық сипаттағы емес бір реттік (құқық нормасын жеке жағдайлаға қолдану актісінен) ресми мемлекеттік актілерден (жолдаулар, өтініштер және т.б.) ерекшеленеді. Нормативтік-құқықтық актілер романо-германдық құқықтық жүйедегі құқықтың негізгі қайнар көзі болып табылатындығы белгілі, ал Қазақстанның құқықтық жүйесі осы құқықтық жүйеге кіреді.
Өзіміз білетіндей нормативтік-құқықтық актілердің түрі көп. Ал олар өздерінің жиынтығы бойынша құқық жүйесінде құқықтың жеке жеке қайнар көзі ретінде, заңдық күші әртүрлі актілердің иерархиялық жүйесін құрайды.
Өзінің заңдық күші бойынша нормативтік-құқықтық актілер заңдарға және заңдарға бағынышты актілерге бөлінетіндігі белгілі. Осы нормативтік-құқықтық актілер жүйесінде Конституция ең жоғары күшке ие. Оның қабылдану жолы да ерекше. Біздің қазіргі қолданыстағы Конституциямыз 30 тамыз 1995 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған. Яғни жалпыхалықтық дауыс беру арқылы. Қазақстандық ғалым К.К. Айтхожин конституцияның маңыздылығы туралы, «Конституция - бұл адам мен азаматтың негізгі құқықтық мәртебесі, ерекше құқықтық қорғауға жататын және мемлекеттің барлық аумағында жоғарғы заң күші, тікелей ықпалы бар мемлекет пен жергідікті өзін-өзі басқару органдарының негізгі құқықтық мәртебесі сияқты мемлекет пен қоғамның өміріндегі фундаментальді принциптері айқындалған мемлекеттің конституциялық құрылым негіздері бекітілген мемлекеттің негізгі құқытық заңы болып табылады», дейді [66].
Белгілі ғалым және қоғам қайреткері И. Рогов «Негізгі заң ұлт құралатын қағидаттарды айқындайды. Жалпыға ортақ танылған адами құндылықтарды және іргелі халықаралық құжаттарды ескере отырып, Конституция адам тұлғасының асқан құндылық екенін, адамдардың тең құқылы екенін танып, кез келген жағдаяттарға қатыссыз кімде де болмасын кемісітуге тыйым салды, меншікке қол сұғылмауына, түрлі пікір болуына, адамды туа біткен құқықтары мен бостандықтарынан айырмауға, халықтың егемендігіне және т.б. кепілдік беретін» құжат ретінде баға береді [67].
Негізі заңдар жоғары өкілді орган парламентпен қабылданады, ал өмірдің кейбір маңызды мәселелері бойынша кейбір заңдар референдум арқылы қабылдануы мүмкін. Біздің құқықтық жүйемізде, яғни романо-германдық құқықтық жүйеде заңдар қоғамдық қатынастарды реттеуші негізгі акт ретінде көрініс береді. Мұнда заңмен реттелетін объект ретінде қоғамның өмірі үшін маңызды болып табылатын елеулі қоғамдық қатынастар болып табылады. Заңға бағынышты әртүрлі номативтік-құқықтық актілердің ара-қатынасы да де заңи күші бойынша иерархиялық қағидасы бойынша құрылады. Бұл жағдайда заңға бағынышты актілердің құқықтық күші мен қолданыс аясы оны қабылдаған мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның заңдармен бекітілген билік жүйесіндегі маңызымен анықталады. Сондықтан төмен тұрған мемлекеттік билік органының нормативтік-құқықтық актісі жоғары тұрған мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес келуі тиіс. Негізі заңдар жоғары өкілді орган парламентпен қабылданады, ал өмірдің кейбір маңызды мәселелері бойынша кейбір заңдар референдум арқылы қабылдануы мүмкін. Біздің құқықтық жүйемізде, яғни романо-германдық құқықтық жүйеде заңдар қоғамдық қатынастарды реттеуші негізгі акт ретінде көрініс береді. Мұнда заңмен реттелетін объект ретінде қоғамның өмірі үшін маңызды болып табылатын елеулі қоғамдық қатынастар болып табылады.
Ал адамдардың табиғи құқықтары тұрғысынан келсек табиғи құқықтар позитивтік құқықтың қайнар көзі ретінде, ол адам құқықтарының мемлекетпен оның констиуциясы мен заңдарында ресми түрде ресми түрде танылып бекітілуі болып табылады. Ежелгі рим заңгерлерінің өзі табиғи құқықтарды қолданыстағы құқықтың құрамдас бөлігі деп қарастырып, әділеттіліктің көрінісі ретінде есептеген. «Құқық» ұғымының әртүрлі мағынасын қарастыра келе солардың бірі, заңгер Павел былай деген болатын: «біріншіден, «құқық» табиғи құқық секілді әрқашан әділетті және қайырымды дегенді білдіреді», дейді [68]. Табиғи құқықтың құқықтық мәні мен мағынасын бұлайша түсіндіру римнің құқықтық доктинасының елеулі белгісі болды, ол өз кезегінде рим позитивтік құқығының негізгі қайнар көзінің бірі болып табылғандықтан еді.
Кейінірек, адамдардың табиғи құқықтарының жағдайлары буржуазиялық қайта құрулар мен құқықтың жаңа ұлттық мемлекеттік жүйелерінің қалыптасулары кезеңінде елеулі өзгерістерге ұшырайды. Бұл жаңа әлеуметтік-тарихи жағдайларда адамдардың және халықтардың табиғи құқықтары тікелей заңдарда (декларацияларда, конституцияларда, өзге де актілерде) бекітілді. Ал өзінің 550 жылдығын атап өтіп жатқан Қазақ хандығында, бұл құқықтар халық ауызында «Есім ханның ескі жолы», қазақ билері тарихи, саяси және қоғамдық-әлеуметтік жағдайларды ескере отырып әзірлеген әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» секілді құжаттармен ресімделді.
Жалпы құқық теориясының тарихында адамның және халықтың табиғи құқықтары алғаш рет ресми танылып, заңды түрде 1776 жылдың 4 шілдесінде «АҚШ-тың тәуелсіздігі Декларациясында» бекітілді дейді. Бұл декларацияда мынадай ереже бар: «Біз келесілерді ақиқат деп есептейміз: барлық адамдар тең жаратылған және олар Жаратушымен берілген кейбір ажырамас құқықтарға ие, олардың қатарына жататындар: өмір, бостандық, бақытқа деген ұмтылушылық. Бұл құқықтарды қамтамасыз ету үшін адамдардың арасында үкімет құрылған, ол өзі басқаратындардың келісімімен әділ билік жүргізеді. Егер үкіметтің бұл нысаны осы мақсаттарға жету үшін кедергі болса, халық оны өзгертуге немесе жоюға және жаңа үкімет құруға құқылы» [68]. Табиғи құқықтардың бұдан әрі заңи тұрғыда бекітілуі (ресми танылуы мен бекітілуі) француздың «Адам және азамат құқықтарының Декларациясында» 1789 жылдың 20 тамызында өз жалғасын тапты. Бұл декларацияда адамның келесідей табиғи құқықтары бекітлген еді: «Адамдар бостандықта өмірге келеді және құқықтары бойынша тең... Әрбір мемлекеттік одақтың мақсаты адамның табиғи және ажырамас құқықтарын қамтамасыз ету» [69,с. 208].
Осы сарынмен, адамның табиғи құқықтары мен бостандықтарының ұлттық құқықтың қайнар көзі ретінде конституциялық тұрғыда танылып және бекітіліп жалғасуы бүгінгі заманға дейін жетті. Мәселен, ГФР-ның 1949 жылдың 23 мамырында қабылданған Негізгі заңында: « Адамның қадір-қасиеті ешқашан бұзылмауы тиіс. Оны құрметтеу және қорғау кез келген мемлекеттік биліктің міндеті. Неміс халқы осы арқылы адамдардың қол сұғылмас және ажырамас құқықтарын адамзат қоғамының, әлемдегі бейбітшілік пен әділдіктің негізі ретінде таниды. Төмендегі негізгі құқықтар заң шығару, атқару билігі және сот әділдігін жүргізуде тікелей қолданылатын құқық ретінде міндеттейді», деп бекітілген [70,с. 170–171].
Енді өз еліміздегі жағдайға келсек. Адамның табиғи құқықтары мен бостандықтары, құқық жүйесінде тікелей қолданылатын, басым сипатқа ие, мемлекет үшін міндетті болып табылатын маңызға ие бола отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясында ресми танылған және бекітілген. Ол туралы Негізгі Заңымыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары», деп бекітілген [7, 1-бап]. Дегенмен, «Қазақстан Республикасының құқықтық, демократиялық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет болуы күрделі және қарама қайшы процесс. Қоғамдық өмірдің демократизациясы, экономиканың либерализациясы мәселелері бойынша көзге көрінер жетістіктермен қатар, еліміздің дамуы Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің заңды құқықтары мен мүдделерін жүзеге асыруына қауіп төндіретін құқықтық, әлеуметтік-экономикалық реформалардың жүзеге асырылуын тежегіш құбылыстардың болуымен сипатталады» [71].
Алдыңғы тарауымызда атап өткеніміздей, Конституцияның «Адам және азамат» деп аталатын екінші бөлiмiнде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының тiзбесi берiледi. Оның 12-бабы 2-тармағының нормасына сәйкес, адам құқықтары мен бостандықтары оларға тумысынан жазылған, олар абсолюттi танылады, олардан ешкiм айыра алмайды. Бәрімізге белгілі, Қазақстан Республикасында қабылданатын барлық заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердің мазмұны мен қолданылуы осы нормаға сәйкес анықталады. Ал, 13-бапта ол әркімнің құқық субъектісі ретінде танылу құқығы мен өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау хақысымен бекітіле түседі. Конституцияның 14-бабында, заң мен сот алдында барлық адамның теңдігі белгіленеді, бұл адамның табиғи құқықтарының теңдігінен туындайтын мемлекет қабылдған норма деп ойлаймыз. Осы баптың екінші тармағында тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген жағдаяттар бойынша ешкімді кемсітуге болмайды, деп адам құқықтарының әлеуметтік сипаты бойынша мәселелері қорғалады.
Сонымен бірге, еліміздің әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырылуы Констиуцияның мынадай ережелерімен ашыла түсетіндігін атап өткен болатынбыз: азаматтардың жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға, тынығу, заңмен берілген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мерке күндеріне, жыл сайынғы ақылы демалысқа құқығы (24-бап); жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айрылған жағдайда ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшеріне, әлеуметтік қамсыздандырылуға кепілдік берілуі және ерікті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасаудың және қайырымдылықтың көтермеленуі (28-бап); азаматтардың денсаулық сақтауға, заңмен белгіленген кепілді медициналық көмек көлемін тегін алуға құқығы (29-бап); тегін орта білім алуға, конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға кепілдік берілуі (30-бап); адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны мемлекеттік қорғау (31-бап); отбасын, ана мен әке және баланы мемлекеттік қорғау (27-бап); мемлекеттің азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасауы, тұрғын үйді заңмен белгіленген нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан азаматтардың шама-шарқы көтеретін ақыға беруі (25-бап).
Қазақстанда қабылданатын әлеуметтік маңызды және денсаулық сақтау аясын құқықтық реттеуге бағытталған барлық заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер конституцияның осы ережелерінің қағидаларынан туындап, оған қайшы келмеуі тиіс. Конституцияда бекітілген нормалардың құқықтық мемлекеттегі мәні де осыдан тұрады. Өйткені Қазақстан Респубикасының Конституциясы елдің нормативтік-құқықтық жүйесінде ең жоғарғы заңи күшке ие, сонымен қатар басты құқық бекітуші нормативтік акт болып табылады және мемлекеттегі қолданыстағы құқықтың жүйесін анықтайды.
Демек, осындай қағидаларға негізделген азаматтардың азаматтардың денсаулық сақтауға, заңмен белгіленген кепілді медициналық көмек көлемін тегін алуға құқығы Конституцияның 29-бабында белгіленген. Енді біз осы нормалардың одан әрі жүзеге асырылу жолдары мен мемлекеттің денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына талдау жасасақ.
Адамның денсаулыққа құқығы кешенді сипатқа ие және ол адам денсаулығы мен құқықтарының, бостандықтарына әсер ететін қоғамдық қатынастардың көптеген қырларын қамтиды. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласын құқықтық реттеуге бағытталған тұтас құқықтық институттар да бар. Олардың ішінде азаматтардың денсаулығына әсер етуші факторлар туралы ақпараттарға құқық, азаматтардың әлеуметтік, медициналық көмектерге құқығы, халықтың жекелеген топтарының денсаулық сақтау саласындағы құқықтары және т.б. Жоғарыда аталып өткендей, азаматтарға кепілдік берілген медициналық көмекке құқық Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген. Бұл құқық денсаулық сақтау саласындағы құқықтар қатарына жатқанымен, салыстырмалы түрде дербес және адам және азамат құқықтарының жүйесінде маңызды орынға ие.
Қазіргі кезде мемлекеттің денсаулық сақтау саласындағы құқық шығармашылығы қызметі дені сау адамның денсаулығын сақтау, аурулардың туындамауы мен олардың таралуының алдын алу, емге мұқтаждарды емдеу (кебір науқас түрлерімен ауыратын азаматтарды әлемнің алдыңғы қатарлы емханалары мен ғылыми орталықтарына емдеу үшін жіберуге дейін) бағыттарында жүргізілуде. Сонымен қатар, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттығы, радиациялық қауіпсіздігі, азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясындағы мәселелер, атмосфералық ауаны қорғау азаматтардың қолайлы қоршаған ортаға және оның жай-күйі туралы ақпараттар алуға конституциялық құқықтары болып табылады.
Денсаулықты қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуге байланысты құқықтық ережелердің тамыры терең жатыр. Қазақ қоғамындағы денсаулыққа келтірілген зиян үшін құн мәселесіне байланысты билер шешімі, «Жеті Жарғыдағы» денсаулыққа және адам өміріне келтірілген зардап үшін құнның белгіленуі, осы мәселелерден туындаған дауларды реттеу секілді нормалардың бекітілуі біздің сөзіміздің дәлелі бола алады. Денсаулықты қорғауға байланысты қазақ қоғамындағы әдет-ғұрып нормалары мен оларға байланысты билер шешімдері және Қазақ хандықтарында бекітілген ережелер өз алдына бөлек ғылыми зерттеудің тақырыбы деп ойлаймыз.
«Реттелінетін қатынастардың күрделілігі мен ерекшеліктеріне қарамастан Кеңес Одағы кезіңде денсаулық сақтау, адамдардың денсаулығын қорғау саласындағы заңнамаға жеткілікті көңіл бөлінбеді. Осы кезеңдегі жағдай мемлекеттегі денсаулық сақтау жүйесін құқықтық қамтамасыз етілуінің дамымағандығымен сипаттауға болады. Денсаулық сақтау заңнамасы медициналық көмек туралы заңнамамен шектелді» [72]. Сол кезеңнің денсаулық сақтау заңнамасы 01.12.1924 жылғы ВЦИК-ның «Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жұмыстары және құқықтары туралы» Декретімен, 19.12.1969 жылғы «КСРО-ның және одақтас республикалардың денсаулық сақтау туралы» Заңдары Негіздерімен және осы негіздің көшірмесі болған одақтас республикалардың денсаулық сақтау туралы заңдарымен шектелді.
Кеңестік кезеңде осы аталған құқықтық актілер ондаған жылдар бойы қоданыста болып, негізінен денсаулық сақтау жүйесі КСРО-ның Денсаулық сақтау министрлігінің нұсқаулықтары мен бұйрықтары бойынша жұмыс істеді. Тоқтала өтерлік жайт, осы министрлікпен құрылған нормативтік база кеңестер одағындағы денсаулық сақтау аясының барлық жақтарын, яғни денсаулық сақтау саласын жоспарлау және қаржыландыруды, халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың мәселелелерін, сала мамандарын даярлауды, медицина ғылымын дамытуды қатаң түрде реттеді. Және бұл жүйе қатаң вертикалды басқарудан тұратын мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесін қалыптастырды.
Қазақ КСР-дегі жағдай да осы қағидаларды ұстанғандығы белгілі: мемлекеттік сипат, медициналық қызметтің тегіндігі, профилактикалық бағыт, қол жетімділік, жоспарлылық, ғылым мен тәжртбенің байланыстылығы. Алайда, елімізде бұл салада қол жеткен жетістіктерді де жоққа шығаруға болмайды, көптеген жұқпалы аурулардың саның төмендетуге, диспансеризацияға, мамандар даярлауға, ауылды жерлердегі денсаулық сақтау мәселелерін шешуде бірқатар мәселелер шешілді.
Дегенмен, кеңестік денсаулық сақтау жүйесі сол кезендегі капиталистік дамыған мемлекеттердің денсаулық сақтау жүйесінен едәуір артта қалған еді. Бұл жүйедегі артта қалушылық мемлекеттік жүйедегі дағдарыспен байланысты еді. Дамыған әкімшілдік-әміршілдік жүйе, бюрократиялылық бұл саланың дамуынада өз әсерін тигізбей қоймады. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру «қалдық» қағидасы бойынша жүзеге асып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің жетіспеушілігі, жаңа технологиялы аспаптармен жарақтандырылмауы, ауруханалар саны мен оларды жаңартылуының аздығы, дәрігерлер мен басқа да осы сала қызметкерлерінің жалақысының төмендігі, медицина ғылымындағы жетістіктердің тәжірибеге кешеуілдеп енуі секілді мәселелерге байланысты қиындықтар орын алды.
1973 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) «алғашқы медициналық-санитарлық көмек» туралы идея көтеріп, ол «адам (отбасы, қауымдастық) мен денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесі арасындағы алғашқы қатынастың аймағы, ажырамас бөлігі, басты функциясы, орталық звеносы» деп түсіндірілді. Бұл тұжырымдама Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ЮНИСЕФ-тің 134 ел мен 67 халықаралық ұйым өкілдері қатысуымен өткен Халықаралық конференциясында талқыланды. Осы конференция жұмысының нәтижесінде ДДСҰ-ның Алматы декларациясы мен 22 ұсынысы қабылданды. Бұл Декларацияда үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың және бүкіл әлемдік қауымдастықтың маңызды міндеттерінің бірі: «2000 жылға қарай әлемнің бүкіл халқы әлеуметтік және экономикалық тұрғыда жеткілікті деңгейде өмір сүру деңгейіне жету», деп жарияланды [73]. Бұл мақсатқа жетудің басты құралы ретінде денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін дамыту болды, ал оның негізгі функциясы, ажырамас бөлігі және орталық звеносы алғашқы медициналық-санитарлық көмек болып табылады. Ұсыныстарды бұл ережелер жан-жақты ашып көрсетілді.
Дегенмен, «өкінішке орай, ДДСҰ-ның Алматы декларациясының және өзге де шешімдері маңызы мен өзектілігін кеңес одағының жоғарғы басшылығы түсінбеді. Кеңес одағының денсаулық сақтау жүйесіне Конференцияға қатысушылармен берілген жоғары бағаның әсерінен, олар бізде бұл мәселелер шешілген», деп қабылдады [74]. Конференция халықтың әлеуметтік мұқтаждықтары мен денсаулығын сақтау саласында жаңа мәселелерді шешу қажеттілігін көрсеткенімен, «қырғи-қабақ соғыс» салдарынан қорғанысқа шығынның көп жұмсалуы мен экономикадағы өзге де қиыншылықтар бұл мәселелерді шешуге мүмкіндік бермеді деуге болады. Осындай себептерге байланысты, КСРО-дағы денсаулық сақтау жүйесін құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғысынан қамтамасыз ету тұралап, кейіннен оның дағдарысқа ұшырауына әкелді. Кеңес азаматтарының денсаулық сақтау құқығы КСРО-ның және ҚазақКСР-нің Конституцияларында сол кездегі халықаралық құқық нормаларына және ДДСҰ-ның талаптарына сай жарияланған. Алайда ол құқықтар денсаулық сақтау саласындағы заңнамамен бекітілмеді. Әлеуметтік кепілдіктер мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктеріне сайкес қамтамасыз етілді.
1992 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет ретінде ДДСҰ-ның толыққанды мүшесі бола отырып, «21 ғасыр баршаның денсаулығы мықты болуы үшін», атты үндеуді бекіткен «Денсаулық сақтау жөніндегі Бүкіләлемдік декларацияны» іске асыруды міндеттеме ретінде қабылдады.
Егемедік алған уақыттан елімізде түбірлі әлеуметтік және экономикалық реформалардың басталғаны белгілі. Бұл жағдайлар денсаулық сақтау саласын да кеңінен қамтыды. Бұрын тек жоспарлылық қағидасы және мемлекетпен қаржыландырылуға негізделген медициналық қызмет жүйесінде алғашқы жеке меншікке негізделген мекемелер пайда болып, медицинада медициналық сақтандыру қызметі енгізіле бастады. Дәріханалар жекешелендіріліп, мемлекеттік емдеу-сауықтыру мекемелері нарықтық қатынастарға бағыт алды, бүкіл әлеуметтік саладағы секілді медицинаны да қаржыландыру көлемі кеми түсті.
Осындай жағдайларға байланысты денсаулық сақтау саласындағы бұрынғы заңнама жұмыс істеуге дәрменсіз болып, адамдардың денсаулығына байланысты заңнаманы толықтай жаңарту өзектілігі күн санап арта түсті. Жаңа заңнаманың базасын қалыптастырудың алғашқы кезеңдерінде барлық салалар секілді, оның ғылыми негіздері және іске асыруға байланысты тұжырымдамасы да болмады. Атқару билігі, ғылыми мекемелер, мемлекет және құқықтың теориясы саласындағы ғалымдар денсаулық сақтау саласындағы заң жобаларын әзірлеуге даяр болмады. Сондықтан заң шығарушылық жұмысына негізінен құқық саласының мамандары емес, негізінен тәжірибеде жұмыс істеуші дәрігерлер тартылды.
Айта өтерлік маңызды жағдай, ол кездері заң шығармашылығы елде жүріп жатқан демократиялық өзгерістер мен түбірлі реформалар әсерінен, бәрін бірден, соның ішінде денсаулық саласын да елеулі өзгерістермен жетістктерге жеткіземіз деген арманға жетелеген «сезіммен» жүргізілді деуге болады. Мәселен медицина саласына әлемнің алдынғы қатарлы мемлекеттеріндегідей сақтандыру жүйесін енгіземіз деп құрылған Міндетті медициналық сақтандыру қорының тағдыры бәрімізге белгілі (қор төрағасы Т.Иманбаев қордың барлық ақшасын алып шетелге қашып кетуі).
Ескеретін жайт, ол кездегі денсаулық сақтау заңдарының көпшілігі Жоғарғы Кеңестегі дәрігер депутаттардың мамандықтарына қарай арнайы заңдар болғаның байқауға болады. Мәселен, донорлық туралы, психиатрия туралы, АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу туралы және т.б. Тек бертін келе, тәжірибе жинақтай келе заң жобаларын жоспарлы әзірлеу жұмыстары басталды.
Қазіргі қолданыстағы Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс қабылданғанға дейін денсаулық сақтау саласында мынадай арнайы заңдар қолданылды: 1994 жылдың 5 қазанындағы «АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу туралы», 1997 жылдың 16 сәуіріндегі «Психиатриялық жәрдем және оны көрсеткен кезде азаматтардың құқықтарына берілетін кепілдіктер туралы»; 1999 жылдың 10 желтоқсанындағы «Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын азаматтарды мәжбүрлеп емдеу туралы», 2002 жылдың 27 мамырындағы «Нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту туралы», 2002 жылдың 10 шілдесіндегі «Темекі шегушіліктің алдын алу және оны шектеу туралы», 2002 жылдың 4 желтоқсанындағы «Темекі шегушіліктің алдын алу және оны шектеу туралы», 2003 жылдың 4 маусымындағы «Денсаулық сақтау жүйесі туралы», 2004 жылдың 13 қаңтарындағы «Дәрілік заттар туралы», 2005 жылдың 28 маусымындағы «Қан мен оның компоненттерінің донорлығы туралы», 2004 жылдың 16 маусымындағы «Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы», «азаматтардың денсаулығын сақтау туралы» 2006 жылдың 7 шілдесіндегі заңдар.
Қазіргі қолданыстағы 18 қыркүйек 2009 жылғы Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс денсаулық сақтау саласындағы мәселелердің барлық жағын қамтуға талпынған алғашқы кешенді нормативтік-құқықтық акт болып табылады. Осы кодекстің қабылдануымен жоғарыдағы аталған арнайы заңдардың барлығының күші жойылды. Сонымен бір мезгілде оның негізгі нормалары жетілдіріле отырып аталған кодексте сақталды.
Ал, Қазақстан Республикасының құқық жүйесіндегі конституция нормаларына негізделген денсаулық сақтау саласын реттеуге бағытталғын заңдар мен олардың нормаларын реттеу бағыттарына қарай келесідей топтарға жіктеуге болады деп ойлаймыз. Бірінші топқа жататын нормаларды шартты түрде «қадағалаушы актілер мен ережелер» деп атап, олар адамның өмірі мен қоршаған ортасының қауіпсізідігі жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған нормалар, мәселен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы жөніндегі, атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі, азық түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасы жөніндегі заңдар мен нормалар, экологиялық кодекстің нормалары. Екінші топқа жататындар, алдын-алу және сауықтыруға бағытталған нормалар. Олар: жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі, темекі шегушіліктің алдын алу мен оны шектеу жөніндегі, табиғи емдеу ресурстары мен емдеу-сауықтыру орындары мен курорттар жөніндегі, адамның иммундық тапшылығы ауруларының алдын алу жөніндегі, тубуркулез ауруларының алдын алу жөніндегі, есірткі және осы секілді заттарды қолдаудың алдың алу жөніндегі, дене шынықтыру және спорт туралы, алкоголизммен күрес жөніндегі және т.б. нормалар. Үшінші топқа жататын ережелер: емделушілердің құқықтары жөніндегі, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі, медициналық өнімдер мен дәрілік заттар жөніндегі нормалар. Төртінші топқа медицина қызметкерлерінің құқықтары мен жауапкершілігін анықтайтын заңдар мен заң нормаларының ережелері, олар: медицина қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттерін анықтайтын нормалар, Қазақстан Республикасы Кылмыстық кодексінің, Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің сәйкес баптары, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін жөніндегі, кәсіптік медициналық этика жөніндегі және медицина қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуы жөніндегі нормалар. Бесінші, ұлттық медицина жүйесінің қызметін реттеуге бағытталған нормалар, олар еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің құрылымы мен ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің ұйымдастырылуын анықтайтын нормалар. Алтыншы, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруды реттеуге бағытталған нормалар. Оларға Халық денсаулығы және денсаулық сақтау кодексінің қаржыландыру мәселелерін реттеген нормалары, Бюджет жүйесі туралы Кодекстің сәйкес нормалары, сақтандыру заңдарының нормалары, Салық кодексі мен Кеден заңнамасының нормалары. Жетінші топқа негізінен Халық денсаулығы және денсаулық сақтау кодексінде бекітілген, психиатрлық көмек жөніндегі, адам органдары мен тіндерінің трансплантациясы жөніндегі, қан және оның компоненттерінің донорлығы жөнідегі нормалар.
Қолданыстағы Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің қабылдануы денсаулық сақтау саласындағы заңнамны жетілдіру мен халық денсаулығын құқықтық қорғау және денсаулық саласын мемлекеттік реттеудегі үлкен қадам болды. Бұл кодекс денсаулық сақтау жүйесін ғана емес, қоғамдық қатынастардың кең шеңберін қамтыды. Онда халық денсаулығы мемлекеттік маңызы бар проблема ретінде бекітілді.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 2-бабында алғаш рет бұл кодекстің «азаматтардың денсаулық сақтауға конституциялық құқығын іске асыру мақсатында денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдіндігі» жарияланады. Кодекс екі бөлімнен тұрады: Жалпы бөлім және Ерекше бөлім. Жалпы бөлімде денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік реттеу мен басқарудың құқықтық негіздері, денсаулық сақтау саласындағы лицензиялау, аккредиттеу және аттестаттау мәселелері, денсаулық сақтау саласындағы стандарттар, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сәйкестігін растау және жарнама мәселелері, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау мәселелері, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру мәселелері, денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру мәселелері, денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері секілді ұйымдастырушылық-құқықтық мәселелері реттелінеді. Ал Ерекше бөлімде: еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің құрылымы және медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелері, медициналық қызметтің мазмұны мен түрлері, медициналық көмектің мазмұны, денсаулық сақтау саласындағы сараптама мәселелері, фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысының мәселелері, денсаулық сақтау саласындағы құқықтар мен міндеттер және оларды қамтамасыз етудің кепілдіктері, адамның ұрпақты болу құқықтары, туберкулезбен ауыратын науқастарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету мәселелері, АИТВ инфекциясын жұқтырғандпрға және ЖИТС-пен ауыратын науқастарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету мәселелері, психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету мәселелері, алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратындарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету мәселелері, азаматтардың жекелеген санаттарына медициналық көмек көрсету мәселелері, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтің мәселелері, қоғамдық денсаулықты сақтау мәселелері, донорлық және транспланттантау мәселелері, денсаулық сақтау саласындағы білім беру мен ғылым мәселелері, медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері, олардың еңбек қатынастары айқындалып, реттелінеді және медицина және фармацевтика қызметкерлерінің ар-намыс кодексі бекітіледі.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің басты мақсаты біртұтас ұлттық денсаулық сақтау жүйесін қалыптастырып, денсаулық сақтау саласын тиімді әрі ұтымды мемлекеттік реттеу және басқару болды деуге болады. Енді осы аталған мәселелердің негізгілеріне тоқталып өтсек. Алдымен кодекстің ерекше тұстарына сипаттама беріп, алдынғы заңдарға қарағандағы жетістіктері туралы өз пікірімзді айтып, артынан жетілдірілуі керек жерлері туралы ойларымызды білдірсек.
Бұл кодекстің ең бірінші жетістігі денсаулық сақтау саласындағы құқықтық реттеу мен мемлекеттік басқару үшін маңызды рөл атқаратын ұғымдарға жан-жақты, әрі нақты, кейбіреулеріне алғаш рет заңнамалық тұрғыда түсінік беру болды (1-бап). Мәселен, «денсаулық сақтау», «денсаулық сақтау жүйесі», «денсаулық сақтау саласындағы стандарт», «медициналық көмек», «медициналық көмектің сапасы», «медициналық қызмет» секілді бірқатар ұғымдарың мәні ашылып берілді. Осылардың бірқатарына тоқталып өтсек, берілген анықтамаға сәйкес: «денсаулық сақтау дегеніміз - аурулардың алдын алуға және оларды емдеуге, қоғамдық гигиена мен санитарияны қолдауға, әрбір адамның тәни және психикалық саулығын сақтап, нығайтуға, оның ұзақ жыл белсенді өмір сүруін қолдауға, денсаулығынан айырылған жағдайда оған медициналық көмек ұсынуға бағытталған саяси, экономикалық, құқықтық, әлеуметтiк, мәдени, медициналық сипаттағы шаралар жүйесі» [11, 1-бап, 1-тармақ]. Байқап отырғанымыздай алғаш рет денсаулық сақтау ұғымына құқықтық тұрғыда, оның тек медициналық сипаттағы ғана емес, саяси, экономикалық, құқықтық, әлеуметтік, мәдени сипаттағы шаралар кешенің қамтитын ұғым екендігін бекітеді. Сондай-ақ, «денсаулық сақтау жүйесі - қызметi азаматтардың денсаулық сақтау құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттiк органдар мен денсаулық сақтау субъектiлерiнiң жиынтығы», деп анықтама беріп, денсаулық сақтау жүйесінің түсінігін, оның мақсаты және субъектілерімен қатар айқындап береді [11, 1-бап, 1-тармақ]. Ал, медициналық көмектің түсінігін былайша береді: «халықтың денсаулығын сақтауға және қалпына келтiруге бағытталған медициналық қызметтер көрсетудің дәрілік көмекті қамтитын кешенi» [11, 1-бап, 1-тармақ]. Мұндай ұғымдардың заңда нақтылы және жан-жақты бекітіліп беруі, заң нормаларын қолдау мен іске асырылуында үлкен көмек болады деп ойлаймыз.
Кодекстің 2-тарауы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік реттеу мен басқару мәселелеріне арналған. Осы тараудағы 4-бапта денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік реттеудің принциптері бекітілген. Біз бұл принциптерге кеңінен зерттеу жұмысымыздың келесі параграфында арнайы тоқталамыз. Алайда атап өтетін маңызды жағдай, осы кодекстің алдында қолданыста болған «Денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2003 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында негізгі және басты принцип, «халықтың денсаулығын ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету факторларына жатқызу» болды [75]. Шын мәнісінде халық денсаулығы ұлттық қауіпсіздіктің басты факторларының бірі болып табылатындығы ақиқат, «дені сау ұрпақ-ұлт болашағы», деген халық даналығынан туындаған сөз босқа айтылмаған болса керек. Ал қазіргі қолданыстағы кодексте бұл қағида бекітлмеген. Халық денсаулығы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің факторы принципін мемлекеттік осы саладағы саясатының қатарынан алып тастау үлкен қателік болды. Өйткені заң шығарушы да, мемлекеттік органдар да, осы саладағы мамандар да халық денсаулығын ұлттық қауіпсіздіктің басты факторларының бірі деген принцип заңда нақтылы жарияланған болса, жауакершілікті артығынан сезініп, бұл мәселеге көңілді баса бөлер еді деген пікірдеміз. Сондықтан Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске бұл принципті осы саладағы басты және негізгі принцип ретінде қайта енгізу керек.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте сонымен қатар алғаш рет, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік реттеудің қандай бағыттар бойынша жүргізілетіндігі нақтылы айқындалады. Ол реттеудің бағыттары мен жолдары былайша белгіленеді: медициналық, фармацевтикалық қызметті бақылау мен мемлекеттік санитарлық-эпидемологиялық қадағалау, денсаулық сақтау саласындағы аттестаттау, медициналық және фармацевтикалық қызметті лицензиялау, денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу, денсаулық сақтау саласындағы тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің, техникалық регламенттерінде, стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарда және шарттар мен талаптарға сәйкестігін растау, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және олардың тіркеу деректемесіне өзгерістер енгізу, дәрілік заттардың және мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары көрсететін медициналық қызметтердің бағаларын реттеу. Сондай-ақ осы мәселелердегі Үкімет пен уәкілетті мемлекеттік органның, жергілікті атқару органдарының, ұлттық холдингтің құзіреті айқындалып, олардың денсаулық сақтау саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылы мен өкілеттіліктерінің ара-жігі ашылып, құзіреттерінің тізімі алғаш рет толықтай бекітілген.
Жоғарыда атап кеттік, Кеңес одағы кезеңінде денсаулық сақтау жүйесін «қалдық» принципі бойынша қаржыландырылды деп. Осындай кемшіліктің алдын алу үшін, қарастырылып отырған кодексе денсаулық саласын қаржыландырудың көздері нақтылы анықталды. Олар 23-баптың 1-тармағында былайша белгіленді: республикалық және жергілікті бюджет қаражаттары, ерікті сақтандыру қаражаттары, ақылы қызметтерден алынатын қаражат, сондай-ақ еліміздің заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер. Бұл қаржылардың қандай бағыттарға бағытталатыны «Денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2003 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңының 18-бабындағыдай еш өзегеріссіз бекітілді деуге болады. Атап өтер болсақ бұл кодекстің 25- бабының 1-тармағына сәйкес, денсаулық жүйесін қаржыландыру мынадай бағыттар бойынша жүргізілетін болып шешілді: «тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берілген көлемiн көрсету жөнiндегi шығындарды өтеуге; денсаулық сақтау саласындағы бағдарламаларды iске асыруға; денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жағынан жарақтандыруға; дәрiлiк заттарды, орфандық препараттарды, қан мен оның компоненттерiн, вакциналарды және басқа да медициналық иммундық-биологиялық препараттарды, сондай-ақ медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сатып алуға; инфекциялық аурулардың көрiнiстерi мен эпидемияларын жоюға; медицина және фармацевтика кадрларын даярлауға, олардың бiлiктiлiгiн арттыру мен қайта даярлауға; медицина ғылымының жетiстiктерiн дамытуға және енгiзуге; Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де шығыстарға бағытталады» [11, 25-бап,1-тарау]. Біздің ойымызша қаржыландыру бағыттары заңда толық бекітілмеген. Көп мәселелерді мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландырылады деп есептегенімен, ол бағдарламалар белгілі бір мезімге арналатындығы белгілі.
Сонымен денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға байланысты өзіміздің бірқатар ойларымызды білдіре кетсек. Жоспарлы кеңестік жүйеде барлық сала, соның ішнде денсаулық сақтау саласы аурухана мен емханаларға дейін мемлекетпен қаржыландырылып, мемлекеттік органдармен қатаң реттелініп отырды. Осы себепті бас дәрігерлер пайда, бәсекелестік, жоспарлау секілді мәселелерге «бас қатырған» жоқ. Ал қазіргі нарықтық жағдайда барлық сала бәсекелестікке құрылғандығы белгілі, соның ішінде дәрігерлердің адам емдеу сапасына қарай ақы алу жүйесі жеке меншік қана емес мемлекеттік мекемелерге де енгізілуде. Сондықтан медициналық мекемелерге қаржылық мәселелерді шешуде бірқатар автономия бере отырып, оларды мемлекеттік бюрократиядан босатуға ұмтылу қажет. Өйткені бәрімізге белгілі, соңғы кездері кейбір ауру түрлерін емдеу үшін бөлінетін дәрі-дәрмектің емханалар мен ауруханаларға уақытша жеткізілмеуі, оның себебі тендердің уақытылы өткізілмеуі немесе басқа бюрократиялық кедергілерден болып жататындығы бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылып, дау тудырып жатады. Сондықтан оларға бірқатар автономия беру керек деген ойымызға осындай жағдайлар негіз болады. Алайда, олар мемлекетпен бөлінген қаржыға толықтай әлеуметтік және қаржылық тұрғыда жауап беруі тиіс және медициналық қызметтердің сапасын қамтамасыз етуі қажет.
Қарастырылып отырған заңның тағы бір жаңалығы, бұл заңда алғаш рет денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру мәселесіне кеңінен көңіл бөлінді. Кодекстің 7-тарауы толықтай ақпараттандыру мәселесіне арналық, ақпараттандырудың обеъектілері мен субъектілерінің шеңбері бекітілді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандырудың прициптері бекітілді. Атап айтар болсақ ол принциптер: «басқарудың барлық деңгейлеріндегі әкімшілік процестерді стандарттау мен ресмилендіру, денсаулық сақтауды басқарудың бірыңғай саясатын әзірлеу мен іске асыру, медициналық ақпараттың пациентпен ілесе жүруін қамтамасыз ету, әрбір пациент туралы ақпараттық ресурстарды персоналдауды және пациенттің персоналдық ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету, денсаулық сақтаудың ақпараттық ресурстары деректерінің сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолжетімділігі шектелген электрондық ақпараттық ресурстарды қоспағанда, денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының қызметі туралы ақпаратты қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету, осы саладағы халықаралық стандарттарды кеңінен пайдалану» [11, 7-тарау]. Біз бұл приципердің барығымен толықтай келіспейміз. Мәселен, басқарудың барлық деңгейлеріндегі әкімшілік процестерді стандарттау мен ресмилендіру денсаулық сақтау саласын толықтай және қатаң түрде мемлекеттік реттеуге алып келуі мүмкін. Ал мұндай жағдай өз кезегінде біздің жоғарыда айтқан «медициналық мекемелердің автономдығы» қажет деген ойымызға қайшы келеді. Бұл мәселеге денсаулық сақтау саласын мемлекеттік басқару мәселелерін қарастырғанда толығырақ тоқталып өтеміз. Жалпы алғанда кодекстің жалпы бөлімінде негізінен осындай мәселелер бекітілген.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің ерекше бөлімі «Денсаулық сақтау жүйесі және медициналық көмекті ұйымдастыру» (2-бөлім), «медициналық қызмет» (3-бөлім), «Фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы» (4-бөлім), «Азаматтардың денсаулығын сақтау» (5-бөлім), «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызмет және қоғамдық денсаулықты сақтау» (6-бөлім), «Донорлық және транспланттау» (7-бөлім), «Денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылыми қызмет» (8-бөлім), «Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтық мәртебесі, оларды әлеуметтік қорғау» (9-бөлім), «Қорытынды және өтпелі ережелер» (10-бөлім). Бұл бөлімдердің барлығының тізімін беріп отырғанымыздың мәні мынада. Байқап отырғанымыздай денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық қатынастардың белгілі бір бағыттарын реттеуге бағытталған нормаларын топтастырған бөлімдер бұрын жеке жеке заңдардың нормалары болған. Мәселен, «Дәрілік заттар туралы» 2004 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының нормаларын «Фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы», деп аталатын 4-бөлімнің нормалары, «АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу туралы» 1994 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңының нормаларын 5-бөлімнің нормалары, «Темекі шегушіліктің алдын алу және оны шектеу туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі ҚР Заңының, «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы» 2002 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңының нормаларын 6-бөлімнің нормалары қамтып отыр. Тіпті бұрын бес заңмен реттелінген қоғамдық қатынастардың тобы кодекстің 6-бөлімімен реттелінген. Мұндай жағдайды осы кодекстің жетістігі ретінде қарастыруға болады. Енді осы заңның аталған бөлімдерімен денсаулық сақтау саласының қандай қатынастары реттелінгендігіне талдау жасасақ.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің ерекше бөлімі денсаулық сақтау жүйесі және медициналық көмекті ұйымдастыру, медициналық қызмет, фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы, азаматтардың денсаулығын сақтау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттығы саласындағы қызмет және қоғамдық денсаулық сақтау, донорлық және транспланттау, денсаулық сақтау саласындағы білім беру мен ғылыми қызмет, медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтық мәртебесі, оларды әлеуметтік қорғау, қорытынды және өтпелі ережелер деп аталатын, денсаулық сақтау медициналық қызмет көрсету салаларын жан-жақты реттеген тоғыз бөлімнен тұрады.
«Денсаулық сақтау жүйесі және медициналық көмекті ұйымдастыру», деп аталатын 2-бөлімде денсаулық сақтау жүйесінің құрылымы, денсаулық сақтау субъектілері, медициналық көмекті ұйымдастыру, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, ақылы медициналық қызметтер алудың негіздері мен тәртібі бекітілсе, үшінші бөлімде медициналық қызметтің мазмұны мен түрлері, медициналық көмектің түрлері, денсаулық сақтау саласындағы сараптаманың түрлері қарастырылған. 4-бөлімде фармацевтикалық қызмет саласындағы дәрілік заттар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы құқықтық реттеу, соның ішінде медициналық мақсаттағы бұйымдар мен дәрілік заттардың сапасына қойылатын талаптар бекітілген.
Талданып отырған кодекстің маңызды бөлімі, азаматтардың денсаулыққа құқықтарын қамтамасыз етудің тетіктерін айқындаған бесінші бөлімі болып табылады. Бұл бөлімде, адамдардың денсаулық саласындағы құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ оларды қамтамасыз етудің кепілдіктері, адамдардың ұрпақты болу құқықтарын қорғау, тубуркулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік қолдау мен медициналық көмек көрсету, адамның иммун тапшылығы вирусы мен жұқтырылған иммун тапшылығы синдромымен ауыратын науқастарға әлеуметтік қолдау мен медициналық көмек көрсету, психикасының бұзылуынан зардап шегуші адамдарға әлеуметтік қолдау және медициналық көмек көрсету, алкоголизммен және нашақорлықпен, сонымен қатар уытқұмарлықпен ауыратындарға әлеуметтік қолдау мен медициналық көмек көрсету, азаматтардың жекелеген санаттарына медициналық көмек көрсету (ішкі істер органдарының, ұлттық қауіпсіздік органдарының, әскери қызметшілерге және өзге де жедел іздестіру қызметінің қызметкерлеріне, олардың отбасы мүшелері мен осы ведомствалардың зейнеткерлеріне медициналық көмек көрсету, иондаушы сәулеленудің әсеріне ұшыраған азаматтарға медициналық көмек көрсету, экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккен азаматтарға медициналық көмек көрсету, бас бостандығы шектеулі азаматтарға медициналық көмек көрсету). Сонымен бірге, биологиялық өлімді анықтау, өмірге дем беру жөніндегі жасанды шараларды тоқтату, хирургиялық араласу, қан және оның компоненттерін құю мен диагностикалық инвазиялық әдістерді қолдану тәртібін, эвтаназия, анатомиялық сый секілді денсаулық саласындағы жекелеген қатынастарды құқықтық реттеу мәселелері анықталған. Айта өтерлік жайт, бұндай жекелеген қатынастар біздің заңнамамызда алғаш рет бекітіліп,оларға құқықтық түсініктеме беріліп отыр.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 6-бөлімі халықтың саниталық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызмет және қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерін реттеуге бағытталған. Бұл бөліммен реттелінетін қоғамдық қатынастар тобы мен құқықтық реттелу ерекшеліктеріне біз зерттеуіміздің келесі тарауында кеңінен талдау жасаймыз.
Байқап отырғанымыздай, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексі денсаулық сақтау саласын құқықтық реттеуге бағытталған жүйеленген заң нормаларынан құралып отыр. Сондықтан осы кодексті саланын негізгі заңы деп атай аламыз. Сонымен қатар кейбір нормалары осы саланы реттеуге бағытталған заңдар да бар. Олар: ҚР-ның Бюджет кодексі, ҚР-ның Еңбек кодексі, ҚР Экологиялық кодексі, Дене шынықтыру және спорт туралы, Ең төменгі әлеуметтік стандарттар және олардың кпілдіктері туралы Заң, ҚР мүгедектерді әлеуметтік қоғау туралы Заңы, ҚР –ның арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы Заңы, ҚР-ның тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы Заң, Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңы, ҚР ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы Заңы.
Енді осы аталған заңдардың денсаулық сақтауға бағытталған нормаларына тоқталып өтсек. Бюджет туралы кодексте бюджеттік бағдарламалар деген ұғым бар, еліміздің денсаулық сақтау саласына бөлінентін қаржысы осы бюджеттік бағдарламалардың негізгілерінің бірі болып табылады [76]. Ал тиісті қаржы жылдарына арналған Республикалық бюджет туралы Заңды қабылдағанда денсаулық сақтау саласына нақтылы қанша қаржы бөлінетіндігі бекітіледі. Қазақстан республикасының еңбек кодексі азаматтардың денсаулығына байланысты көптеген нормаларды қамтиды. Бұл кодексте адам денсаулығына қатысты «ауыр жұмыстар», «еңбек гигенасы», «еңбек жағдайлары», «еңбек қауіпсіздігі», «еңбек қауіпсіздігі жағдайлары», «еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтер», «еңбекті қорғау», «зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайлары», «зиянды өндірістік фактор», «кәсіптік ауру», «қауіпсіздік нормалары», «қауіпті еңбек жағдайлары», «қауіпті өндірістік фактор», «өндірістегі жазатайым оқиға», «өндірістік жарақат», «өндірістік санитария», «өтемақы төлемдері» ұғымдары айқындалған [77]. Сонымен қатар осы ұғымдарға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар реттелінген.
Еліміздің Конституциясының 31-бабының 1-тармағында, «Мемлекет адамның өмiр сүруi мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етiп қояды», деп бекітілген [64, 31-бап, 1-тармақ]. Осындағы адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы ортаның түсінгі ҚР-ның Экологиялық кодексінде берілген. Оған сәйкес, «қолайлы қоршаған орта - жай-күйi экологиялық қауiпсiздiктi және халықтың денсаулығын сақтауды, биоәртүрлiлiктi сақтауды, ластануды болғызбауды, экологиялық жүйелердiң тұрақты жұмыс iстеуiн, табиғи ресурстарды молықтыруды және тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ететiн қоршаған орта» [78].
Сондай-ақ «адамның өмірі мен денсаулығына қатысты қалдықтарды сыныптау», «қауiптi қалдықтар», «қоршаған ортаға келтiрiлетiн залал», «қоршаған орта сапасының нормативтерi», «қоршаған ортаның авариялық ластануы», «қоршаған ортаны ластау», «қоршаған ортаның сапасы, экологиялық қауiпсiздiк», «экологиялық сараптама» ұғымдарына анықтама беріліп, осыларға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар реттелінген.
Қазақстан Республикасының 19 мамыр 2015 жылы қабылданған «Ең төменгі әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Заңы әлеуметтік қорғау саласы, соның ішінде денсаулық сақтау саласы заңнамсы жүйесінде ерекше орын алады деуге болады. Осы заңға сәйкес ең төменгі әлеуметтік стандарттар жүйесін «...еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, отбасы және балалар, денсаулық сақтау, мәдение, дене шынықтыру және спорт, тегін заң көмегін көрсету салаларындағы ең төменгі әлеуметтік стандарттар жиынтығы құрайды» [79]. Заңның 29-бабына сәйкес, «денсаулық сақтау саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарт тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен денсаулық сақтаудың көрсетілетін қызметтерінің халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз етуді қамтиды» [79, 29-бап].
Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы Заң біздің еліміздің әлеуметтік бағдар алған әлеуметтік мемлекет құруының айқын дәлелінің бірі болып табылады десек, артық айтқандық емес. 2005 жылдың 13 сәуірінде қабылданған Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңы: «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және мүгедектерді әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етудің, олардың тіршілік-тынысы мен қоғаммен етене араласуы»үшін тең мүмкіндіктер жасаудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шарттарын айқындайды» [80].
Елімізде орын алған орасан зор табиғит апат Арал теңізінің тартылып кетуі, осы саладағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді талап етті. Осындай мақсатта қабылданған арнайы заңның бірі «Арал өңіріндегі экологиялық қасіретшеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» 1992 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы. Бұл заңның мақсаты, «Арал экологиялық апаты салдарынан зардап шеккен азаматтардың қорғалуын қамтамасыз етуге тиіс және олардың статусын, аумақтардың топталуын айқындайды, әлеуметтік оңалту шараларына мұқтаж адамдарға өтем мен жеңілдіктер белгілейді, экологиялық қолайсыз аудандарда тұратын халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау, тұрақты тіршілік жағдайын қамтамасыз ету, халықты экологиялық таза тамақ өнімдерімен, медицина құралдарымен, ауыз сумен басым жабдықтау, санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту жүйесін қалыптастыруға принципті көзқарастарды баянды ету» болды [81].
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс пен жоғарыда қарастырылып өткен заңдар денсаулық сақтаудың барлық жақтарын реттейді дегенімен, болашақта жеке меншік денсаулық сақтау жүйесінің басқару қатынастарын, халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған топтары, балаларға, жасөспірімдерге, ана болушылыққа, қарт адамдарға емдеу-сауықтыру және диагностикалық көмек көрсетуге, топырақтың, атмосфералық ауаның санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тар бағыттағы, арнайы заңдардың қабылдануы қажет. Мысалы Финляндия Республикасында қарт адамдарды әлеуметтік қорғауға арналған арнайы заң бар. Сондай-ақ, жеке меншікке негізделген медициналық қызметтің үлесінің күн сайын өсіп келе жатуына орай, мемлекеттік емес денсаулық сақтау жүйесін реттеу жөніндегі заң қабылдаудың қажеттілігі туындап отыр. Біздің ойымызша бұл заңда мынадай мәселелер қамтылуы тиіс: мемлекеттік емес денсаулық сақтау жүйесі ұйымдарының құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік емес денсаулық сақтау жүйесінің мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесімен ара-қатынасы, мемлекеттік емес денсаулық сақтау жүйесінің мемлекетпен кепілдік берілген медициналық көмекке қатысуы және оның қаржыландырылуы, мемлекеттік емес денсаулық сақтау жүйесіне мемлекеттік қодаудың мәселелері.
Сонымен қатар, біздің ойымызша, денсаулыққа қатысты мынадай арнайы заңдар қабылдану қажет: «Пациенттердің құқықтары туралы» және «Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы». Қазіргі таңда еліміздің азаматтары өздерінің денсаулық сақтау саласындағы құқықтарын білмейді. Олардың кодексте берілген құқықтары жалпы нормалармен араласып, тек негізгі мәселелерді қамтиды, азаматтардың медициналық ем алуы мен оның салдарларына байланысты мәселелерді жан-жақты реттейтін арнайы заң қажет, мұндай арнайы заң пациенттердің «қойын дәптеріне» айналар еді. Ал, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның қабылдауы қажеттігі туралы қанша айтылып келе жатса да, бұл қатынастар сақтандыру қатынастарын реттейтін жалпы заңмен қамтылып отыр. Ал медицина саласында сақтандырудың өзіндік ерекшеліктерінің болатындығы белгілі.
Денсаулық сақтау қатынастарын реттеген еліміздің заңнамасын талдауды қорытындылай келе, қазіргі таңда еліміздің денсаулық сақтау саласындағы заңнамасы белгілі бір деңгейде қалыптасты және ол азаматтардың құқықтарының кеңеюі мен қорғалуын қамтамасыз ету, осы саладағы мемлекеттік басқаруды жетілдіру, мемлекеттің әлеуметтік функциясын одан әрі жүзеге асыру бағытында даму үстінде. Себебі денсаулық сақтау саласындағы заңнама денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуінің құқықтық бастауы болып табылады, ол денсаулық сақтау саласын ғана емес, әлеуметтік саланы реттеудің негізгі механизмі рөлін атқарады. Сондықтан денсаулық сақтау саласының заңнамасын жетілдіру арқылы салада қалыптасып отырған дағдарыстан шыға аламыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет