Қожабек қанат мұратұлы қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын мемлекеттік басқаруды құқықтық реттеу


Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесі және оның ұйымдастырылуы



бет6/18
Дата14.09.2023
өлшемі1,29 Mb.
#107090
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
Байланысты:
treatise175770 (1)

1.3 Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесі және оның ұйымдастырылуы
Елімізде жүргізіліп жатқан реформалармен бірге денсаулық сақтау жүйесі де елеулі ұйымдық-құқықтық және мазмұндық сипаттағы өзгерістерді өткеруде. «Денсаулық сақтау саласын реформалау үшін заңнамалық база құрылды, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге әрекеттер жасалуда, салада түбірлі түрдегі қайта құрулар жүргізілуде, денсаулық сақтау саласындағы жеке меншік нысанға негізделген медициналық қызметтер көрсету дамуда» [36].
«Қазақстан тәуелсіздік алуымен бірге, қалдық қағидасы бойынша қамтамасыз етілген, ескі техникалармен жарақтандырылған емханалар мен ауруханаларды мұраға алғандығы белгілі, алайда сол кездің өзінде бүгінгі күнге дейін пайдаланылып отырған материалдық және кадрлық әлеуеті бар болатын» [37].
1991 жылдан 1996 жылға дейін денсаулық сақтау саласындағы басқару, арнайы министрлік - Денсаулық сақтау министрлігімен жүзеге асырылды, аталған министрлік өте қиын материалдық жағдайда, толыққанды қаржыландырусыз, медицина кадрларының едәуір бөлігінің шетелдерге кетіп қалуы жағдайында халықты медициналық көмекпен қамтамасыз етуге тырысты. Мұндай жағдайда сапалы медициналық көмек туралы айтудың өзі қиын болатын, себебі, осы кезең балалар мен ересектердің арасындағы жоғары өлім деңгейімен ерекшеленеді. Сол уақытта денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру саясатының негізіне, оның нарықтық механизмдерге бейімделуі қажеттілігі қағидасы қаланды.
Елімізде 1996 жылы сақтандыру жүйесін реформалау басталып, бұл денсаулық сақтау саласын айналып өте алмады. 1996-1998 жылдар бюджеттік-сақтандыру жүйесіне өтумен белгілі. ҚР Президентінің 1995 жылғы 15 маусымдағы № 2329 «Азаматтарды медициналық сақтандыру туралы» Заң күші бар Жарлығы Міндетті медициналық сақтандыру қоры арқылы міндетті және ерікті сақтандыруды қарастырды. Бұл қор мемлекеттік коммерциялық емес ұйым ретінде құрылып, ҚР денсаулық сақтау министрлігімен әзірленген Міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасын құратын болды.
Бұл бағдарламаның жемқорлық әрекеттерге байланысты іске аспай қалғаны белгілі, дегенмен ол қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізу мен сақтандырудың жаңа қаржылық институттарының құрылуында белгілі бір рөл атқарды. Айта өтетін жайт, бүгінде мемлекет медициналық мекемелердің қызметін қаржыландырудың маңызды механизмі ретінде міндетті медициналық сақтандыру идеясына қайта оралуда.
Қазақстан Республикасы дамуының «Қазақстан-2030» Стратегиясы аясында 1999 жылы Денсаулық сақтау, білім беру және спорт министрлігі алғаш рет денсаулық сақтау жүйесінде «Халық денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп, іске қосты, оның ең басты ұзақ мерзімді басымдылығы ретінде азаматтардың денсаулығын сақтау мен әл-ауқатын қамтамасыз ету болды.
«Халық денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты Қазахстан халқының денсаулық жағдайын жақсарту, денсаулық сақтау саласы мен халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге жәрдемдесетін орта мерзімді және ұзақ мерзімді іс-шаралар жоспарын әзірлеу болды. Ол 1998-2008 жылдарға жоспарланып, үш базалық кезеңнен тұрды. Бағдарлама мынадай қағидаларға негізделді:
1. Халыққа медициналық қызмет көрсетудің қолда бар деңгейін сақтау мен қолдауға және денсаулық сақтау жүйесін нарықтық жағдайларда дұрыс жұмыс істеуге бейімдеуге бағытталған экономикалық, құқықтық, ұйымдық шаралар кешенің жүзеге асыру.
2. Медициналық қызметтің ішкі нарығын қалыптастырудың экономикалық-құқықтық алғышарттарын құру.
3. Медициналық мекемелер қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету, медициналық көмектің сапасын көтеру.
4. Мемлекеттің жауапкершілігі, жұмыс берушілердің және азаматтардың халық денсаулығын нығайту мен сақтауға қатысушылығы [38].
Бұл бағдарламаны жүзеге асыру денсаулық сақтау жүйесінің ғана емес, оған іргелес салалардағы елеулі проблемаларды анықтады, мысалы, сумен қамтамасыз етудің, әкелінетін және өндірілетін тауарлардың сапасына бақылау жүргізудің, қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізудін және т.б. Нәтижесінде «иммунизация», «ана денсаулығын қорғау», «АҚТҚ таралуының алдын алу», «отбасыны жоспарлау», «қоршаған орта және ұлт денсаулығы», «балалар тағамы» және т.б. бағыттар бойынша жобалар кешені әзірленді. Осы мәселелерді шешудің шаралар жүйесі жасалды, бірақ бұл бағдарлама бағыттарының ешқайсысы жеткілікті деңгейдегі нәтижесіне жеткен жоқ. Алайда елімізде осындай ұзамерзімді бағдарламаның жүргізілуінің өзі назар аударуға тұрарлық.
Денсаулық сақтау жүйесін реформалаудың келесі кезеңі, бұл уақытта жеке министрлік болған ҚР денсаулық сақтау министрлігімен әзірленген Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы болды. Бұл бағдарлама бөлінетін қаражатқа сәйкес қорытынды нәтижеге сай бағдарламалық қаржыландыруды көздеді. Осы бағдарлама шеңберінде медициналық мекемелермен халыққа көрсетілерін тегін медициналық қызметтердін тобы анықталды, бұл қағида әлі күнге дейін сақталуда. Сонымен бір мезгілде талдау көрсетіп отырғандай, реформа елеулі қайта құруларға бағытталмады, түпкі мақсатына жетпеді және денсаулық сақтау жүйесіндегі жағдайларды түбірлі өзгерте алмады. Дегенмен, бұл бағдарлама ұлттық денсаулық сақтау жүйесін реформалауда шешуші рөл атқарды, өйткені ол мемлекет пен адам арасындағы жауапкершілікті бөлуге бағытталған, денсаулық сақтауды басқарудың жаңа үлгісін құруға бағыт алды [39].
Аталған бағдарлама медициналық мекемелерге бекітілген адамдарды жан басына қаржыландыру жолымен денсаулық сақтау жүйесін материалдық қамтамасыз етудің жаңа механизмдерін енгізуге мүмкіндік берді.
Бұл бағдарлама халыққа медициналық көмек көрсетудің сапасын бағалау жүйесін енгізуді жалғастырды. Міндетті медициналық сақтандыруды енгізуде медициналық көмек сапасын бақылау құралдары, айыппұлдық санкциялар жүйесі әзірленіп, медициналық көмекті бағалаудың әртүрлі параметрлері анықталды. Кейіннен көрсетілген медициналық көмек көлеміне бақылаудың айыппұлдық санкциялар жүйесі объективтік себептерге байланысты көрсетілген медициналық көмектің медициналық стандарттарға сәйкестілігі, медициналық қызметтердің сапасын бағалауды жүргізу, пациенттердің пікірін білу секілді жағдайларды талдау мен бағалаумен алмастырылды.
2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама Қазақстан медицинасының дамуына елеулі үлес қосты. Ұлт-көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы» - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында былайша атап өтілген болатын: «Біз ұлт денсаулығын жақсартуда елеулі жетістіктерге қол жеткіздік. Денсаулық сақтау саласы тиімділігін жоғарылатуда оны ұйымдастыру, басқару және қаржыландыру жүйесі реформаланды» [1]. Жолдауда сонымен қатар жыл сайын денсаулық сақтауға қаржыландыруды ұлғайту, тегін және жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін енгізу, қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұлғайту, балалардың оңалту орталықтарымен, ана және баланы қорғау, нейрохирургия, жылдам медициналық көмек және кардиология орталықтар кластерлік жүйелерін енгізу секілді мәселелер де қарастырылған. Мұнда бірқатар мамандандырылған медициналық мекемелердің құрылысын, қолдан ұрықтандыруды (ЭКО) квоталаудың жыл сайынғы бағдарламасын қосуға болады, сондай-ақ қоғамға қауіпті ауруларды мәжбүрлі түрде емдеу жүйесіне елеулі өзгерістердін енгізілгенін және т.б. қосуды болады. Денсаулық сақтау туралы заңнама елеулі өзгерістерге ұшырады. Азаматтардың денсаулыққа конституциялық құқықтарын жүзеге асыру мақсатындағы денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу функциясын өзіне алатын «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексі әзірленді және қабылданды. Бұл құжат елдегі денсаулық сақтауды ұйымдастырудың барлық жақтарын реттеп, осы саладағы мемлекеттік басқарудың құралдарын бекітті.
Халық денсаулығы мәселесі тек жеке адамның мәселесі емес, өйткені бұл мәселені ол жеке шеше алмайды. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодекстің 4-бабында «қоғамдық денсаулықтың сақталуы мен нығаюы үшін мемлекеттің, жұмыс берушінің және азаматтың бірлескен жауапкершілігі», бекітілген. Сонымен бірге аталған акт «азаматтардың өз денсаулығын сақтауға міндеттілігін» (90-бап), «азаматтардың өз денсаулығын сақтау мен нығайтуға шаралар қабылдауға міндеттілігі» (96-бап) бекітілді. Айтып өтер жәйт, аталған құжат Қазақстан азаматтарының өз денсаулығы үшін жауапкершілігін анықтай отырып, мемлекет пен өзге де құрылымдардың азаматтардың денсаулығын нығайтудағы рөлін анықтайды.
Сондай-ақ, Кодекс алғаш рет Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының медициналық ұйымдары мен медициналық білім беру ұйымдарында инновациялық медициналық технологияларды енгізуді міндеттеді, осы үшін денсаулық сақтау саласындағы Ұлттық холдинг құрылды. Сонымен қатар, алғаш рет заңнамалық деңгейде денсаулық сақтау саласындағы лицензиялаудың, аккредиттеудің және аттестацияның жүргізілуінің негіздері мен тәртіптері бекітілді.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында Мемлекет басшысымен жаңа міндеттер койылды: сапалы және қолжетімді медициналық қызметтер ұсыну; аурулардың кең көлемін қамтитын диагностикалау мен емдеу; сауықтыру медицинасын дамыту; қашықтықтан сауықтыру мен емдеуді, «смарт-медицина» қызметін, «электронды медицинаны» енгізу; 16 жасқа дейінгі балаларды медициналық қызмет көрсетудің толық көлемімен қамтамасыз ету; төменгі өмір сүру стандарттарын заңмен бекіту.
2011 жылдан елімізде Денсаулық сақтаудың біріңғай ұлттық жүйесі сенімді түрде енгізіледі. Денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасы енгізіліп, іске асырылды. Бұл жүйе денсаулық сақтаудың екі маңызды көрсеткіші – сапа мен қол жетімділікке негізделген, бұлар өз кезегінде адам дамуының тұжырымдамасы көрсеткіштеріне сәйкес келеді.
Аталған бағдарлама Денсаулық сақтаудың Біртұтас Ұлттық жүйесі шеңберінде жүргізілуде. «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 300 млрд. тенгеден (шамамен 2400 млн. АҚШ доллары) аса қаржы бөлінді. Бұл қаржылар– өмір жасын ұзарту, жалпы және балалар өлімін азайту, туберкулезбен аурудын денгейін төмендету және АҚТҚ таралуы мен өзге де қауіпті аурулардың алдын алуға қол жеткізу секілді мақсатты индикаторларға бағытталды.
Сапа мен қол жетімділік медициналық көмектің ғана емес, адамзаттық идикативтер, сондықтан «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің шалғай ауылдардағы халық үшін де медициналық қызметкерлер үшін қол жетімді болуына назар аударуына бағытталған бағдарлама болды. Өйткені бүгінгі таңда елімізде 6000 аса объектілер (фельдшерлік пункттер, акушерлік-фельдшерлік пункттер мен амбулаториялар) жұмыс істеуде. Бұлар Қазақстан халқының орналасы тығыздығының аздығынан қол жетімділік проблемасын шеше алмауда. Сондықтан көліктік медицинаның дамуына назар аударылуда.
Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік реформалаудың нәтижесі ретінде, туу көрсеткішінің 25 пайызға өсуін, өлімнің 11 пайызға кемуін, халықтың табиғи өсімінің 1,7 есеге артуын айтуға болады. Ал өмір сүру ұзақтығы 2012 жылы 69,61 болса, 2013 жылы 70 жас болды [40].
ҚР денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтердің сапасы жөніндегі бірлескен комиссия құру бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл жұмыстар мемлекет басшысының 5 институционалдық реформасы жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспары – нақтылы 100 қадам жоспарын жүзеге асыруға байланысты атқарылуды (82)-қадам) [41]. Оның басты мақсаты медициналық қызмет көрсетудің алдыңғы қатарлы стандарттарын енгізу (емдеу хаттамаларын, кадрлар әзірлеуді, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, сапаны және қолжетімділікті бақылауды жетілдіру жолымен).
ҚР ДӘҚМ-нің мәліметі бойынша: «бүгінгі күні елімізде медициналық көмекті 911 аурухана және 3164 амбулаториялық-емханалық ұйымдар көрсетуде, оның ішінде 729 аурухана мен 2175 амбулаториялық-емхана мемлекеттік меншік нысанында. Республика бойынша 229 мың медицина қызметкері болса, олардың 70 мыңы дәрігерлер, 160 мыңы орта медициналық құрам. Тәуелсіздік жыларында өмір сүру деңгейі 8 жылға ұзарып, 71,62 жасты құрап отыр. Қан айналымы жүйесі ауруларыныан өлім 5 есеге, ана өлімі 6,6 есеге, бала өлімі 2,8 есеге, қатерлі ісіктерден өлім 1,5 есеге кеміді» [42].
Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін реформалаудың маңызды бағыты мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті жетілдіру болып табылады.
Қазіргі таңда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік ҚР-ның 7.07.2006 жылғы «Концессиялар туралы» №167-III Заңымен, сондай-ақ ҚР Үкіметінің 10 желтоқсан 2010 жылығы № 1343 «Концессиялық жобаларды ұсыну, қарау және таңдау, концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу, концессия шарттарына мониторинг жүргізу, бюджеттен қосарлы қаржыландыру кезіндегі концессиялық жобалардың мониторингі мен оны бағалаудың, мемлекеттің кепілдігі лимитін көлемін ұсыну және ұлғайту үшін концессиялық жобаларды таңдаудың Ережесін бекіту туралы» Қаулысымен реттелінеді.
Бағдарламалық құжаттардың ішінде медицина саласы мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің болашағы зор сала ретінде қарастырылады. Сонымен бірге, мемлекеттпен қосарлы қаржыландыру кезінде жеке сектор клиникалар, медициналық орталықтар, білім беру мекемелері мен т.б құрылысын өркендетеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, медицина жеке инвестициялар үшін өте тартымды сектор болып табылады, оның үстіне елімізде қолайлы рұқсат беру және бақылау механизмдері жасалынған.
Бүгінде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге орасан зор қаржы бөлінуде.
Осыған байланысты, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аяқталуымен, Денсаулық сақтаудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын әзірленіп, іске асырылуда.
Оның негізгі бағыттары:
- «халық денсаулығын сақтаудың негізі ретінде қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту;
- МСАК-ты жаңғырту және басым дамытудың негізінде барлық денсаулық сақтау қызметтерін халықтың мұқтаждықтары айналасында интеграциялау;
- медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ету;
- ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын іске асыру;
-ынтымақтастықты енгізу және жүйенің қаржылық тұрақтылығын арттыру негізінде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру;
- денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру;
- мемлекеттік-жекешелік әріптестік және қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету болып табылады» [2, 5-тармақ].
Алайда денсаулық сақтау саласының бүгінгі таңда шешілмей отырған бірқатар өзекті мәселелері де бар, олар: ауылды жерлердегі білікті мамандардың жетіспеушілігі; денсаулық сақтау саласындағы мамандар әзірлеудің әлсіздігі; медицина қызметкерлерінің еңбекақысының төмендігі мен әлеуметтік қорғаудың аздығы; аймақтық медициналық мекемелердің аспаптармен аз қамтылуы; мемлекеттік басқару органдарындағы жемқорлық; дәрігерлердің жіберген дәрігерлік қателіктері үшін жауапкершіліктің төмендігі; азаматтардың өзінің тұрғылықты жерінен тыс жерде медициналық көмекті ала алмауы; жергілікті бюджеттердің деңгейінің әртүрлі болуына байланысты медициналық көмекті көрсетудің көлемі мен сапасындағы аймақтар бойынша дифференциациясы; денсаулық сақтауды бюджеттік қаржыландыру үлгісі азаматтардың кепілдік берілген тегін медициналық көмектің ҚР заңдарымен анықталған мұқтаж көлемін жаба алмауда; медициналық көмек көрсеткені үшін біріңғай тарифтік саясаттың болмауы.
Денсаулық сақтау саласындағы осы аталған мәселелерді ары қарай дамыту үшін, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» бағдарламасында медицина саласында атқарылуы тиіс нақтылы мәселелер айқындаған: «80-қадам. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруларды енгізу. Мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың ынтымақтасқан жауапкершілігі қағидаты негізінде денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық орнықтылығын күшейту. Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті (БМСК) басымдықпен қаржыландыру. Бастапқы көмек аурудың алдын алу және ерте бастан күресу үшін ұлттық денсаулық сақтаудың орталық буынына айналады»; «81-қадам. Жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу. Бәсекелестік есебінен қызметтің қолжетімділігі мен сапасын көтеру мақсатында әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайындағы бастапқы медициналық әлеуметтік көмекті қаржыландыру - бәсеке есебінен медициналық ұйымдардың корпоративтік басқару қағидаттарына көшуін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін беруді кеңейту»; «82-қадам. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қасынан медициналық қызмет сапасы бойынша бірлескен комиссияны құру. Басты мақсат: медициналық қызмет көрсетудің алдыңғы қатарлы стандарттарын енгізу (емдеу хаттамалары, кадрлар әзірлеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сапаны және қолжетімділікті бақылау)» [43].
Алайда, қазіргі таңда денсаулық сақтау саласының айтарлықтай шешімін таппаған мәселелері бар екендігі жасырын емес. Бұған негізінен денсаулық сақтау саласын реформалаудың алғашқы кезеңдерінде жіберілген қателіктер, міндеттерді дұрыс айқындамау, ұлт денсаулығын қорғау саласындағы анық, жүйелі емес және құқықтық, ұйымдастырушылық, қаржылық тұрғыда қажетті деңгейде қамтамасыз етілмеген мемлекеттік саясаттың әсері әлі тиіп отыр.
Соңғы кездердегі денсаулық сақтау саласына бөлініп отырған қаржы көлемінің артып отырғанына, ірі медициналық орталықтардың салынып, ұлт денсаулығын сауықтыруға арналған бағдарламалар қабылданғанына қарамастан, қазақстандықтардың денсаулығы жақсармай отыр. Сонымен қатар, Гарвард бизнес мектебінің рейтингінде Қазақстан азаматтарының денсаулығы соңғы орындардын бірі 133 орында тұр [44]. Бұл бағалауды жүргізген кезде, елдегі адамдардың өмір сүру жасы, инфекциялық емес аурулардан мезгілсіз қайтыс болу көрсеткіштері, артық салмақтын әсері, атмосфералық ауаның ластануымен байланысты өлім деңгейі, өзіне өзі қол жұмсау көрсеткіштері есепке алынған.
Сонымен қатар, еліміздің азаматтары денсаулық үшін алдымен медициналық қызметкерлер, қала берді мемлекет жауапты деген түсінікті бойларына терең сіңіріп алған. Әркімде өз денсаулығын сақтау және нығайтуға деген мәдениеттілік те жетісе бермейді. Сауықтыру шараларына, тіпті жыл сайын көлемі ұлғайып келе жатқан, тегін жүргізілетін алдын алу –тексерілу шараларына да енжарлықпен қарауда. Екінші жағынан, біздің азаматтар мен медицина қызметкерлерінің денсаулық сақтауға құқыққа Конституциямен кепілдік берілгенін, мемлекет өзіне белгілі бір деңгейде медициналық көмектің, дәрілермен қамтамасыз етудің, медициналық- сауықтыру тексерулеріне кепілдік берген көлемін міндеттемесіне алғанын толығымен түсіне бермейтіндігі жасырын емес.
Бұлардың негізгі себептері денсаулық сақтау саласының дамуы мен ұйымдастырылуы барысында жіберілген қателіктерден деп ойлаймыз. Мәселен, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, яғни жаппай жұмыссыздық, экономикалық құлдыру кезеңінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізіліп, Міндетті медициналық сақтандыру қорының ақшасы талан-таражға түскені белгілі, одан кейін 2000 жылы еліміздің екі аймағында отбасылық медициналық көмекті енгізу мен медициналық мекемелерді сенім басқаруына беру арқылы жеке меншік медициналық көмекті енгізу жобасын байқап көрдік. Елімізде дербес мекеме ретінде 1500 отбасылық амбулатория құрылды. Алайда кейіннен бұл жобалардың бәрін дұрыс емес деп танылып, тоқтатып тасталды. Одан кейін, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржылардың ұлғаюы барысында, алғашқы және амбулаториялық көмекке нұқсан келтіре отырып, стационарлық көмекке басым көңіл бөліне бастады. Жемқорлық жағдайының денсаулық сақтау саласына да келгені жасырын емес: өте қымбат, негізсіз алынған және салынған. бірақ сәйкес мамандары жоқ болғандықтан жұмыс істемейтін құрал-жабдықтар, ірі орталықтар, бітпейтін жөндеу жұмыстары, аяқталмаған құрылыстар. Сонымен бірге, еліміздің денсаулық саласының белді өкілдерінің бірі А.Ақанов «бүгінгі таңдағы проблемалардың бірсыпрасы біздің медицна қызметкерлерінің өзінен болып отырғаның мойындауымыз керек. Соның біріншісі, кәсіби этика, ар-ұят, професионалдық намыс, ізгілік категорияларын қайтармаса болмайтын шекке жетіп қалғандаймыз. Өтпелі қиын кезең, коммерция... Ақша-ақша деп көпнәрсені, әсіресе, адамгершілік қасиеттерді ұмытып кеткеніміз рас» деп, ащы шындықтың бетін ашады [45].
Мұндай келеңсіздіктердің негізгі зардап шегушілері пациенттер мен медицина қызметкерлері болды. Сондықтан болар бұл саладағы кез келген бастамаларға халықтын сенімсіздікпен қарайтындығы.
Осындай жағдайларға байланысты Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінің қызметі мен әкімшілік-құқықтық реттелуін жетілдіруді маңызды мәселенін бірі болып отыр. Өйткені, қазіргі механизмдері, ұйымдық құрылымдары, басқару нысандары және қолданыстағы заңдар жаңа саяси-қоғамдық қатынастардың, әлеуметтік жағдайлардың дамуынан, елеулі түрде артта қалып отыр. Медициналық қызметтер көрсетуді құқықтық реттеу, әлеуметтік саладағы субъектілердің құқықтық мәртебесін анықтау мәселелері толық шешілмеген.
Осындай келеңсіз құбылыстарды жою үшін, ең алдымен, денсаулық сақтау саласын дұрыс ұйымдастыру және басқару, осы процесті құқықтық реттейтін нормаларды қалыптастыру, медицина органдары мен мекемелерінің жұмысының тиімділігін, сапасын арттырып, демократиялық бастауларды тереңдетіп енгізіп және дамыту қажет.
Денсаулық сақтау мемлекеттік маңызды іс болып табылады. Сондықтан, алдымен денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттің негізігі міндеттерін анықтап алу қажет деп ойлаймыз. Оларға жататындар: медициналық көмектің сапасын жақсарту және қол жетімділігін қамтамасыз ету; халықтың санитарлық-эпидемологиялық ахуалын жақсарту, адам денсаулығына әсер ететін жағымсыз факторлардың тәуекелін төмендететін экономикалық және әлеуметтік жағдай қалыптастыруға бағытталған республикалық және аймақтық, салалық бағдарламаларды жүзеге асыру.
Осы міндеттеріді шешу үшін мемлекет денсаулық сақтаудың біртұтас жүйесін қалыптастыру жөнінде басқаруды жүзеге асырады және оны ұйымдастырады, ұлт денсаулығын нығайту және қорғауға бағытталған мелекеттік бағдарламалар қабылдайды, мемлекеттік және жеке денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөнінде іс-шараларды атқарады, адам денсаулығын нығайтуға жәрдемдесетін дене шынықтыру мен спортты дамытуға, санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды жақсартуға қолдау көрсетеді, денсаулық сақтау жүйесінің біртұтас құқықтық кеңістігін қамтамасыз етеді, азаматтардың денсаулығын қорғауга байланысты билік органдарының пәнін, өкілеттілігін және олардың арасындағы жауапкершілікті құқықтық ресімдейді.
Халықтың денсаулығын қорғау және аурулардан сауықтыру жөніндегі мемлекеттік құрылымдар, ведомствалар және ұйымдар әдістемелік және ұйымдастырушылық тұрғыдан ең белсенді түрде қамтамасыз ететін сала денсаулық сақтау саласы болып табылады. «Денсаулық сақтау жүйесі» категориясын қарастыру үшін алдымен оның бірқатар ерекшеліктерін анықтап алу қажет.
«Денсаулық сақтау» термині азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы, сонымен қатар өзге де әлеуметтік қатынастарды реттеуге бағытталған барлық нормативтік-құқықтық актілерде, мемлекеттік бағдарламаларда, тұжырымдамаларда кездеседі [45]. Соның ішінде, әрине Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте. Осы кодексте алғаш рет бұл түсінікке жан-жақты және толық анықтама берілді, кодекстің 1-бабаның 1-тармағына сәйкес: «денсаулық сақтау – аурулардың алдын алуға және оларды емдеуге, қоғамдық гигена мен санитарияны қолдауға, әрбір адамның тәни және психикалық саулығын сақтап, нығайтуға, оның ұзақ жыл белсенді өмір сүруін қолдауға, денсаулығынан айырылған жағдайда оған медициналық көмек ұсынуға бағытталған саяси, экономикалық, құқықтық, әлеуметтік, мәдени, медициналық сипаттағы шаралар жүйесі». Дегенмен, денсаулық сақтаудың түсінігі осы мағынасында кеңінен қолданыла бермейтіндігі жасырын емес. Көбінесе денсаулық сақтауды тек емдеу деп түсініп, жоғарыда берілген жан-жақты құбылыс ретінде қарастырмаймыз. Сонымен қатар, доктриналық түсіндіру де әрқилы. «Денсаулық сақтау жүйесі» ұғымының құқықтық әдебиеттерде әртүрлі анықтамаларын кездестіруге болады.
Мемлекет және құқық териясында денсаулық сақтау ең алдымен мемлекеттің функциясы [46]. Ал мемлекет және құқық теориясында функция белгілі бір саяси-құқықтық институттың қызметінің пәні, осы қызметтің мазмұны мен оны қамтамасыз етуді білдіреді. Сондықтан, тұтасымен алғанда мемлекеттің, үкіметтің, министрліктің, өзге де мемлекеттік органдардың фукциялары осы мағынады айтылады. Мұнда халықтың денсаулығын қорғау жөніндегі мемлекеттің функциясы екі мағынады түсініледі. Біріншісі, әлеуметтік-ұйымдастырушылық тұрғыдағы кең мағынада, екіншісі салалық тар мағынада [47].
Ал кейбір медициналық және құқықтық әдебиеттерде денсаулық сақтау халықтың денсаулығын қорғауды және жақсартуды жоғарғы деңгейде қамтамасыз ететін, қоғамдық және мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік іс-шаралардың жүйесі ретінде қарастырылады [48].
Белгілі ғалымдар Ю. М. Козлов, Д. М. Овсянко, Л. Л. Поповтар денсаулық сақтауды таза медициналық сипаттағы мемлекеттік және қоғамдық іс-шаралардың жиынтығы ретінде анықтайды. Олар: медициналық көмек көрсету және дәрі-дәрмектер ұсыну, емдеу және сауықтыру орындарындағы демалыс. Бұлардың қатарына жалпы сипаттағы, материалдық ахуалды көтеру, қоршаған ортаны сауықтыру және адамдардың дене және психикалық денсаулығын сақтау мен нығайтуға, олардың ұзақ және белсенді өмір сүруін қолдауға бағытталған іс-шаралар мен денсаулығын жоғалтқан жағдайда медициналық көмек ұсынулар кіреді дейді [33,с. 606].
Денсаулық сақтаудың әлеуметтік салаға жататындығы белгілі. Алайда кейбір ғалымдар бұнымен келіспейді, олар денсаулық сақтауды мәдениет, білім беру, спорт секілді әлеуметтік салалармен қатар қоюға болмайды, ол өмірді қамтамасыз етудің ұлттың қауіпсіздігі институтының жүйесі, өйткені денсаулық пен адам өмірі жаратылыстын ең баға жетпес құндылығы дейді [49, с. 20–25]. Бұл пікірмен толық келісуге болмайды.
Айталық, Д.В. Валов бастаған бірқатар ғалымдар денсаулық сақтау институты әлеуметтік институт бола отырып, өмірді қамтамасыз ету жүйесіне кіреді, сондықтан оны елдің ұлттық қауіпсіздігінің маңызды факторы деп қарауымыз қажет дейді [50]. Бұл тұжырым, қарастырылып отырған саланы мемлекеттік құрылымдармен ұйымдастыру мен методикалық қамтамасыз етудің маңыздылығын көрсетеді.
Ю.П. Лисицын мен Н.В. Полуниналар: «денсаулық сақтау әлеуметтік салаға жатады және емдеу-сауықтыру, эпидемологияға қарсы, сауықтыру, сондай-ақ медициналық шаралар мен мемлекеттік, муниципалдық мекемелер жүйесін құрайды, сонымен бірге өзінің салалық құрылымы болады», дейді [51, с. 655]. Кейбір авторлар денсаулық сақтау әлеуметтік бағытталған нарықтық экономикада ерекше орынға ие әлеуметтік саланың бірі [52], денсаулық сақтауды агроөнеркәсіптік кешен, отын-энергетикалық, әскери-өндірістік, медициналық-өндірістік кешен салалары секілді сала ретінде тану қажет дейді [53]. Осы жерде бұл мәселенің шешімін шешудің бір жолын А.Қ.Исабеков пен Д.О. Құсайынов былайша шешуді ұсынады министрліктер белгілі бір салаға ғана басшылықты атқарып қана қоймай, «...заңдарда көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзе асырады», дейді [54]. Бұл пікірмен біз де ішінара келісеміз.
Жоғарыда аталғандарды және өз ойымызды қорытындылай келе, «денсаулық сақтау» мемлекеттік басқарудың және реттеудің объектісі бола отырып, ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекстің негізгі ұғымдарға анықтама берген 1-бабының 1-тармағына сәйкес, «аурулардың алдын алу және оларды емдеуге, қоғамдық гигиена мен санитарияны қолдауға, әрбір адамның тәни және психикалық саулығын сақтап, нығайтуға, оның ұзақ жыл белсенді өмір сүруін қолдауға, денсаулығынан айырылған жағдайда оған медициналық көмек ұсынуға бағытталған саяси, экономикалық, құқықтық, әлеуметтiк, мәдени, медициналық сипаттағы шаралар жүйесі мен осы саладағы мемлекет пен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін құрайды» [11, 1-бап, 1-тармақ].
Ал, жүргізіп отырған зерттеуіміздің мақсатына орай, денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың саласы ретінде төмендегідей белгілермен нақтылай түсеміз:
1) денсаулық сақтау басқарудың әлеуметтік саласының бір бөлігі болып табылады;
2) денсаулық сақтаудың мақсаты осы салада тиімді мемлекеттік саясат жүргізу, сонымен бірге сауықтыру, емдеу және медициналық ұйымдардың өзге қызметтері арқылы халықтың денсаулығын сақтау және нығайту болып табылады;
3) денсаулық сақтаудың негізгі міндеттері болып: сапалы және қол жетімді медициналық көмекке халықтың мұқтаждықтарын барынша қанағаттандыру; адамдардың дені сау және белсенді өмір сүруіне жағдайлар жасау; меншік нысандарына қарамастан емдеу-сауықтыру мекемелерінің бәсекелестігі; азаматтардың медициналық мекемелерді еркін таңдауы.
4) денсаулық сақтауды әкімшілік-құқықтық реттеу аясына, қызметi азаматтардың денсаулық сақтау құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған денсаулық сақтау саласының мемлекеттiк органдары мен денсаулық сақтау субъектiлерi жатады.
Осы саланың белді өкілі А.В. Тихомировтың пікірінше, «мазмұны бойынша денсаулық сақтау дегеніміз – ұйымдық-құқықтық көзқарас тұрғысынан біртекті емес жүйені құрайтын, құрылымының жүйелі нысаны арқылы денсаулық сақтаудағы мемлекеттік кепілдіктерді жүзеге асыру институты» [18,с. 11–18].
ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекстің негізгі ұғымдарға анықтама берген 1-бабының 1-тармағына сәйкес, «денсаулық сақтау жүйесi дегеніміз - қызметi азаматтардың денсаулық сақтау құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттiк органдар мен денсаулық сақтау субъектiлерiнiң жиынтығы». Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекспен «денсаулық сақтау жүйесіне» берілген анықтаманың осы терминнің мәніне толық сәйкестігін анықтау үшін қолданыстағы заңнама мен құқықтық әдебиеттерге талдау жасау керек деп ойлаймыз.
Құқықтық әдебиеттерде денсаулық сақтау жүйесіне емдеу, емдеу-сауықтыру, ғылыми-зерттеу, санитарлық-эпидемологиялық, дәріханалар, перзетханалар мен білу беру мекемелері, медициналық техникаларды шығару кәсіпорындары және денсаулық сақтауды басқару органдары жатады дейді [54].
ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекстің 31-бабымен еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің құрылымы, мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторларынан тұратындығы бекітілген. Сонымен бірге, мемлекеттік денсаулық сақтау секторының денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдардан, мемлекеттік меншікке негізделген денсаулық сақтау ұйымдарынан тұратындағы, ал мемлекеттік емес сектордың, жеке меншікке негізделген денсаулық сақтау ұйымдарынан, сондай-ақ жекеше медициналық қызметпен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалардан тұратындығы айқындалған [11, 31-бап]. Осы анықтама ережесіне сәйкес, жеке меншікке негізделген денсаулық сақтау субъектілеріне мемлекеттік басқару органдарының еш қатысы жоқ екен деген ой тумауы тиіс, олар мемлекеттік басқарудың объектісі болып қала берді. Бұл мәселеге біз денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік басқарудың мәселелерін қарастырған зерттеуімізде жан-жақты тоқталамыз.
Ал, денсаулық сақтау жүйесінің өзегін құрайтын денсаулық сақтау субъектілерінің қатарына, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекстің 31-бабының 1-тармағымен денсаулық сақтау ұйымдарының, жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалардың жататындығы анықталған.
Аталған кодекстің 31-бабының 2-тармағына сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарының қатарына мыналар жатқызылған:
1) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдар;
2) стационарлық көмек көрсететiн ұйымдар;
3) жедел медициналық көмек және санитарлық авиация ұйымдары;
4) апаттар медицинасы ұйымдары;
5) қалпына келтіру емі мен медициналық оңалту ұйымдары;
6) паллиативтік көмек және мейірбике күтімін көрсететін ұйымдар;
7) қан қызметі саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;
8) сот медицинасы және патологиялық анатомия саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;
9) фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;
10) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауттылығы саласындағы қызметті жжүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;
11) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар;
12) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары;
13) салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтануды қалыптастыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;
14) АИТВ/ЖИТС профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;
15) Ұлттық холдингтер [11,32-бап, 2-тармақ].
Бүгінгі таңдағы еліміздің мемлекеттік денсаулық сақтау жүейесінің құрамына кіретін ауруханалар санын (қосымша А) А1-кестеде ұсынып отырмыз. Ал денсаулық сақтаудың негізігі көрсеткіштері болып табылатын еліміздегі қазіргі күнгі барлық мамандықтағы дәрігерлер санын, орта медициналық қызметкерлер санын, ауруханалық ұйымдар санын, ауруханалық төсектер санын (қосымша А) А2-кестеде беріп отырмыз.
Жеке тұлғалардың мамандық бойынша маман сертификаты, кемінде бес жыл жұмыс стажы мен тиісті лицензиясы болған ретте денсаулық сақтау жүйесінде жекеше медициналық практикамен айналысуға құқығы бар [11, 32-бап, 4-тармақ].
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 33-бабы 1-тармағында, медициналық көмекті осы субъектілерідің қатысуымен, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган, астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асыратындығы бекітілген. Демек, осы аталған мемлекеттік органдар мен субъектілер денсаулық сақтау жүйесін құрайды деп тұжырымдауға болады.
Өз кезегінде мемлекеттік денаулық сақтау жүйесін төмендегідей жіктеуге болады:
1) денсаулық сақтау саласындағы атқару билігінің орталық органы- денсаулық саласындағы уәкілетті орган; астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары; өз құзіреті шегінде денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатыса алатын ұлттық холдинг;
2) мемлекеттік меншіктегі және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға немесе жергілікті атқару органдарына бағынышты емдеу-сауықтыру, ғылыми-зерттеу, білім беру мекемелері, фармацевтикалық кәсіпорындар мен ұйымдар, дәріханалар, санитарлық-профилактикалық мекемелер, бекітілген тәртіпте құрылған санитарлық-эпидемологиялық қадағалауды жүзеге асыратын аймақтық мекемелер, сот-медициналық сараптама мекемелері, медициналық препараттар мен медициналық техникаларды өндіруші кәсіпорындар, материалдық-техникалық қамтамасыз ету қызметтері және өзге де кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар болуы мүмкін.
3) мемлекеттік меншіктегі, бірақ бағыныштылығы бойынша өзге мемлекеттік органдардың қарамағында болатын медициналық ұйымдар, соның ішінде емдеу-сауықтыру мекемелері, фармацевтикалық кәсіпорындар мен ұйымдар, дәріханалар. Бұларды ведмоствалық мекемелер деп те атайтындығы белгілі. Мысалы: Ішкі істер министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің денсаулық сақтау мекемелері.
Айта өтер жайт, мұндай ведмоствалық мекемелердің құқықтық мәртебесі жеткілікті реттелінбеген және олардың болуы қоғамда көптеген даулар туғызып отырғандығы белгілі.
Елімізде мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесімен қатар, жеке меншікке негізделген, яғни мемлекеттік емес денсаулық жүйесі де кеңінен өрістеуде. Өз кезегінде денсаулық сақтау саласындағы адамдардың таңдау құқығына мүмкіндік беретін бұл конституциялық институт денсаулық сақтау жүйесінің дамуына өз үлесін қосуда.
Мемлекеттік емес денсаулық сақтау жүйесіне мүлкі жеке меншік құқығындағы емдеу-сауықтыру және дәріханалық мекемелері, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар кіреді. Осы жерде айта кететін маңызды мәселе, жеке меншік негізделген мемлекеттік емес денсаулық сақтау мекемелерінің кейбір ауру туралын емдеуіне тиым салынуы мүмкін. Мұндай аурулардың тізімін Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 31-бабы 3-тармағына сәйкес ҚР Үкіметі айқындайды.
Мемлекеттік емес денсаулық сақтау жүйесінің негізгі мақсаты ақылы түрде халыққа медициналық көмек көрсету болып табылады. Демек, мемлекеттік емес сектордағы денсаулық сақтау жүйесін қарастырғанда жеке меншікке негізделген субъектілер жүйесін емес, денсаулық сақтау саласындағы азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыру мақсатында туындаған ақылы медициналық қызметтерден туындаған қатынастар жүйесін түсіну қажет. Өйткені олардың бірінші мақсаты пайда табу емес, медициналық қызмет көрсету деп танылып, мекеме нысанындағы заңды тұлға ретінде өз қызметін жүзеге асыруға мүмкіншілік беріледі. Сондықтан көптеген жеке меншікке негізделген медициналық ұйымдар коммерциялық емес мақасттағы мекемелер ретінде құрылады. Бұл туралы профессор А.Шарман: «Халықаралық тәжірибеде оларды non-for-profit organizations деп атайды. Денсаулық сақтау саласының мұндай ұйымдары мемлекетпен аккредиттеліп, конрус негізінде мемлекеттік бюджет қаржыландырылады. Мемлекеттік емес ұйым бола отырып олардың бтзнес-процестері мен корпоративтік басқаруы тиімді жолға қойылған. Бұл медициналық қызметкерлердің сапалы медициналық қызметтер көрсетуін көтермелей түседі», дейді [56]. Елімізде азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру, бәсекелестік орта қалыптастыру және азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы конституциялық құқықтарын жүзеге асыру үшін мемлекеттік емес денсаулық сақтау ұйымдарына мемлекеттік қолдау шараларын одан әрі жетілдіре түсу қажет. Оларға салықтық жеңілдіктермен қатар, мемлекеттік тапсырыс бойынша адамдарды емдеу мүмкіндігіне жол ашу қажет деп ойлаймыз.
Сонымен бірге ақылы қызмет тек мемлекеттік емес сектордағы денсаулық сақтау жүйесіне ғана тән деген ой туындамауы қажет. ҚР Конституциясының 29-бабының 3-тармағында жеке меншік емдеу мекемелерімен бірге, мемлекеттік емдеу мекемелерінде де ақылы медициналық жәрдем алудың заңда белгіленген негіздер мен тәртіптер бойынша жүргізілетіндігі бекітілген.
Жоғарыда аталған жағдайларға орай мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторының жүйесі әлі көптеген мәселелерді жан-жақты шешуді талап етеді. Байқап отырғанымыздай қолданыстағы Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте денсаулық сақтау жүйесі субъектілерінің өзара қарым-қатынасы мен ара-жіктері толық ашылмаған.
Сондықтан ондағы денсаулық сақтау жүйесі ұғымы қазіргі және болашақта туындайтын жағдайларға орай нақтылауды және толықтыруды талап етеді. Қолданыстағы аталып отырған кодекс, денсаулық сақтау жүйесі ретінде - қызметі азаматтардың денсаулық сақтау құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған денсаулық сақтау субъектілері мен мемлекеттік органдардың жиынтығын бекітеді. Алайда, денсаулық сақтау жүйесінің маңыздылығы құқықтық, экономикалық және ізгілік позицияларымен де сипатталуы тиіс. Денсаулық сақтау жүйесінің құқықтық сипаты Конституция нормаларының жоғарылылығымен, халықаралық құқықтық озық нормаларын танумен байланысты болса, әлеуметтік сипаты халықтың денсаулығын қорғау саласындағы әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етумен, отбасыны, ана болуды және баланы, мүгедектер мен қарт адамдарды мемлекеттік қолдаумен байланысты. Ал экономикалық тұрғыда - қоғамдық ұдайы өндірістегі денсаулық сақтаудың рөлімен, оның оның өндірістік күштерін ресурстық қамтамасыз етілуімен сипатталса, денсаулық сақтаудың ізгілік сипаты пациент пен оның құқықтары осы жүйенің ең жоғары құндылығы, ал оны тану, сақтау және қорғау қарастырылып отырған жүйенің міндеті дегенді білдіреді.
Жасыратыны жоқ, ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жай-күйі сын көтере бермейді. Соңғы он жылда денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы бірнеше есе өсіп отыр. Алайда мұншама бөлініп отырған мол қаражаттын өзі денсаулық сақтау жүйесінің көптеген мәселелерін шеше алмай отыр. Академик Т.Шармановтың айтуынша: «облыстық департаменттер, ірі ауруханалар мен ғылыми орталықтардың барлығы орталықтан бөлінетін қаржыларға, мемлекеттік дотацияларға тікелей тәуелді. Осындай тәуелділік жағдайларына орай олар мәліметтерді дұрыс бермейді. Денсаулық сақтау министрлігі барлық билікті өз қолына шоғырландырып алған, министрлік денсаулық сақтауға бөлінген барлық ақшаны толық бақылайды. Біздің денсаулық сақтау жүйеміз субъективтік фрагментарлықтың нәтижесінде өз жолынан адасып, құзіреттсіз болып қалған секілді. Енді алғашқы медициналық-санитарлық көмекті бірінші қатарға қойып қолға алған, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жаңа басшылығынан үміт күтеміз», дейді [57].
Т.Шормановтың ойын тұжырымдасақ, бүгінде денсаулық сақтау жүйесі халықты емдеу мақсатын емес, осы орасан зор қаржыны қалай игеруді ғана көздейді (қолданылмай тұрған қымбат аспаптар, өте ірі бірақ толық көлемде жұмыс істемеу тұрған орталықтар және т.с.с.).
Байқап отырғанымыздай, денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемалар, бұрынғы монополиялық экономикадан қалған жүйелі түрдегі бұрмалаушылықтар мен шектеулермен әлі де байланысты екен: емдеу мекемелері инфрақұрылымының толықтай дотациялылығы, шаруашылық жүргізу мен басқарудың пирамидалық жүйемен унитарлық түрде ұйымдастырылуы, корпоративтік емес жеке басқарушылықты сақтап отыра беру, сыбайластық пен жемқорлық. Бұл жөнінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев та бірнеше рет, «дәрігерлер мен мұғалімдер қағаз толтырумен, жоғары жаққа есеп берумен емес, адам емдеумен және оқытумен айналыссын», деп айтқан болатын.
Нәтижесінде денсаулық сақтау саласы төмендегідей бірқатар мәселелермен бетпе бет келіп отыр: медициналық қызметтің сапасының төмендеуі; бөлініп жатқан қаражаттардың тиімді пайдаланбауы мен медициналық көмек көрсетуші құрылымдарға сәйкесінше бөлінбеуі; мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмектің жүзеге асырылуы механизмдерінің дұрыс болмауы; еліміздің әр аймағындағы халыққа медициналық көмектің бірдей қолжетімділігінің қамтамасыз етілмеуі, әсіресе шалғайдағы елді мекендердегі; бюджеттен бөлініп жатқан қаражаттар да әр облыста адам басына шаққанда елеулі айырмашылыққа ие, бұның өзі әлеуметтік әділеттілік қағидасына қайшы келеді; емдеу-сауықтыру мекемелерінің қанағаттанарлықсыз материалдық-техникалық базасы. Жалпы айтқанда, еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің негізгі мәселелері осылар болып отыр. Денсаулық сақтау жүйесінің осындай төменгі деңгейдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайы бұл саланы одан әрі жаңғыртуды талап етеді. Сонымен бірге, ең басты назар аударатын мәселе, денсаулық сақтау жүйесінің негізгі буыны алғашқы санитарлық-медициналық көмекке басымдылық беру қажет. Әлемнің бірқатар елінде, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті арнайы заңдармен реттейді. Мәселен аймақтардың табиғи, географиялық, экологиялық, әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып, Финляндия Республикасында 1972 жылы «Алғашқы санитарлық-медициналық көмек туралы» заң қабылданған болаты.
Экономиканың қай саласын болмасын, жаңғырту үшін алдымен оның мақсаты мен міндеттерін, сондай-ақ іске асырылуы тиіс іс-шараларды анықтап алу қажет.
Денсаулық сақтау саласындағы жаңғыртулардың негізгі мақсаты жалпы халыққа медициналық көмектің қол жетімділігі мен сапалылығын көтеру болуы қажет. Елімізде осы мақсатқа жету үшін бірқатар шаралар атқарылды. Олар негізінен «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау iсiн реформалау мен дамытудың 2005 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы», «2016 - 2020 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы, «Қазақстан Республикасында қан қызметiн жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы 2008 - 2010 жылдарға арналған», «Қазақстан Республикасында ана мен бала өлiм-жiтiмiн төмендету жөнiндегi 2008 - 2010 жылдарға арналған», «Қазақстан Республикасында кардиологиялық және кардиохирургиялық көмектi дамытудың 2008 - 2016 жылдарға арналған» «Қазақстан Республикасында ЖҚТБ iндетiне қарсы iс-қимыл жөнiндегi 2006 - 2010 жылдарға арналған» салалық бағдарламалары негіздерінде іске асырылды және асырылуда.
Қазіргі таңда еліміздің денсаулық сақтау саласын дамыту ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы, «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары», Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» бағдарламасы, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы, «ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 5 желтоқсан 2015 жылғы бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспарымен», «Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі міндетті медициналық сақтандыруды енгізу» Тұжырымдамасы негіздерінде жүргізілуде. Енді осы аталған құжаттарда бекітілген денсаулық сақтау жүйесін дамытуға байланысты мәселелерге, олардың мақсаттары мен міндеттеріне талдау жасасақ.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1 ақпан 2010 жылғы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі даму жоспарында: «азаматтар өмірінің межеленген ұзақтығын арттыру мақсатында азаматтар денсаулығын нығайту саясаты жүргізілетін болады, бұл түпкі нәтижесінде бәсекеге қабілетті дені сау ұлттың қалыптасуына алып келеді. Медициналық қызметтер көрсету сапасының бірыңғай стандарттарын енгізу, медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту, кадр әлеуетін дамытуды ынталандыру, балалар денсаулығын қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін енгізу, жеке медицинаны дамыту үшін жағдайлар жасау жөнінде шаралар қабылданады», деп денсаулық сақтау жүйесінің де 2020 жылға дейінгі мақсаттары мен міндеттері айқындалған [58].
Бұл стратегиялық жоспарда сапалы және қолжетімді медициналық қызметтер көрсету денсаулық сақтау жүйесінің бірінші кезектегі міндеті болады деп анықталып, денсаулық сақтау жүйесінің мақсаттары бес стратегиялық топқа бөлінген. Олар: халықтың денсаулық жағдайына байланысты стратегиялық мақсаттар (халықтың өмір сүруінің межеленген жасын 73 жасқа дейін ұзарты, аналар өлімін 3 есеге азайту, бала өлімін 2 есеге азайту, жалпы өлімді 30 пайызға азайту, тубуркулезбен ауыратындарды 20 пайызға азайту); денсаулық сақтаудағы қаржыландыру және басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі стратегиялық мақсаттар (әлеуметтік бағдарлы алғашқы медициналық-санитарлық көмекті басым дамытуға негізделген, денсаулық сақтауды қаржыландырудың және медициналық қызметтерге ақы төлеудің тиімді жүйесін құру, денсаулық сақтауды басқарудың халықаралық стандарттарға сай келетін жүйесін құру, азаматтардың өз денсаулықтары үшін жауапкершілігін арттырудың жаңа тетіктерін енгізу, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жеке медициналық қызметкөрсетушілердің үлесінің 20 пайыздан кем болмауы); медициналық қызметтер көрсетуді жетілдіру жөніндегі стратегиялық мақсаттар (МСАК жұмсалатын шығыстар деңгейі ТМККК-ге бөлінетін қаражат жалпы көлемінің 40 пайызына дейін жеткізу, стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары жұмысының негізгі көрсеткіштерін тиімділіктің халықаралық стандарттарына сәйкес келу, 16 жасқа дейінгі балаларды медициналық қызметкөрсетудің бүкіл спектрімен 100 пайыздық қамту); дәрілік заттардың қолжетімділігі мен сапасын арттыру жөніндегі стратегиялық мақсаттар (ТМККК шеңберінде дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етудің тиімді жүйесі енгізу); Саламатты өмір салты саласындағы стратегиялық мақсаттар (қоғамда саламатты өмір салтын қалыптастыру идеологиясын қалыптастыру, денешынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтарды 30 пайызға дейін ұлғайту, денешынықтыру және спортпен айналысатын балалар мен жасөспірімдерді 15 пайызға дейін қамтып ұлғайту [58].
Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі даму жоспарының денсаулық сақтау жүйесіне қатысты бөлігін жүзеге асыруды нақтылаған «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы», одан кейін «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламалардың мақсаты «еліміздің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту», деп айқындалып, бұл мақсатқа жетудің міндеттері ретінде: «азаматтардың денсаулығын сақтау және санитарлық-эпидемологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша сектораралық және ведмоствааралық өзара іс-қимылды күшейту; біріңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамыту және жетілдіру; медициналық және фармацевтикалық білімді жетілдіру, медицина ғылымын және фармацевтикалық қызметті дамыту», қойылды [59].
Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында, «денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту аясында біз елдің барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының біріңғай стандарттарын енгізуге, сондай-ақ медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыруға тиіспіз», дей келе, денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс істеуіндегі мынадай басымдылықтарды айқындап берді:

  1. Сапалы және қолжетімді медициналық қызметтер көрсетумен қамтамасыз ету;

  2. Аурулар түрінің барынша кең спектрін диагностикалау және емдеумен қамтамасыз ету;

  3. Профилактикалық медицина аурудың алдын алудағы басты құралға айналуы тиіс. Халықпен ақпараттық-түсіндірмелік жұмыс жүргізуге барынша ден қою;

  4. «Смарт-медицина», қашықтықтан профилактика және емдеу, «электорндық медицина» қызметтерін енгізу.

  5. Біз балаларымыздың денсаулығын қамтамасыз етуге жаңа тәсілдер енгізу мәселесімен дұрыс жұмыс жүргізуіміз қажет. Барлық 16 жасқа дейінгі балаларды медициналық қызметтің барлық спектрімен қамту қажет. Оны ең төменгі өмір стандарттарына заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет. Бұл қадам ұлт денсаулығын қамтамасыз етуде маңызды үлес болады.

  6. Медициналық білім беру жүйесін түбірімен жақсарту. Медициналық жоғарғы оқу орындары жүйесі мамандандырылған орта деңгейдегі білім беру мекемелері желісі арқылы нығайтылуы тиіс.

  7. Медициналық жоғары оқу орындары жұмысының тәжірибелік ғылыми-зерттеушілік бөлігіне басты маңыз беру. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту.

  8. Жеке медицинаның дамуына жағдай жасау;

  9. Заңнамалық деңгейде медициналық оқу орындары мен мекемелердің халықаралық аккредитациясын өткізуді бекіту [1].

Аталған басымдылықтардың алғашқысы, яғни сапалы және қолжетімді медициналық қызметтер көрсетумен қамтамасыз ету, біз қарастырып отырған денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудың мақсаты болып табылуы тиіс. Алдыңғы қарастырған стратегиялық жоспарда бұл қатардағы шешілуі тиіс міндеттердің бірі ретінде қарастырылған. Сондықтан, біздің ойымызша денсаулық сақтау жүйесінің мақсатын «сапалы және қол жетімді медициналық қызметтер көрсету арқылы халық денсаулығын жақсарту» деп толықтырып анықтау дұрыс болар еді. Бұл анықтама Елбасының қойып отырған басымдылықтарының мәні мен олардың жүзеге асырылуына толық сәйкес келеді деп ойлаймыз.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспары халықтың қажеттілігіне сай келетін тиімді және қолжетімді денсаулық сақтау жүйесін құру үшін министрліктің стратегиялық бағыттарын белгілеп, осы бағыттардың мақсаттары мен міндеттерін, нысаналы индикаторлары мен атқарылатын іс-шаралар кешенін және нәтижелер көрсеткіштерін айқындаған [30]. Онда бірінші стратегиялық бағыт ретінде азаматтардың денсаулығын нығайту және өлім-жітім деңгейін төмендету белгіленіп, оның мақсаттары ретінде аурулар профилактикасының, емдеудің және оңалтудың тиімді жүйесіне қол жеткізу (міндеттері: аурулардың профилактикасы және саламатты өмір салтын қалыптастыру әдістемелерін жетілдіру, негізгі әлеуметтік мәні бар ауруларды және жарақаттардың диагностикасын, емдеуді және оңалтуды жетілдіру, инфекциялық сырқаттанушылықтың өсуіне жол бермеу); ана мен баланы қорғау қызметін жетілдіру анықталады. Екінші стратегиялық бағыт ретінде денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру белгінеді. Бұл бағыттың мақсаттары: денсаулық сақтау ұйымдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру (осы мақсатқа жету үшін шешу үшін денсаулық сақтау ұйымдарын басқаруды және қаржыландыруды жетілдіру міндеті қойылған); денсаулық сақтау саласында білім беру, ғылым жүйесін жетілдіру және инновациялық технологияларды енгізу (ғылым және кадр ресуртарын дамыту міндетін шешу) [30].
Алайда, ескеретін жайт осындай қысқа мерзім ішінде жоғарыда аталған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу оңай шаруа емес. Елімізде мемлекеттік билік органдарының қызметін жетілдіру процесі әлі де жалғасуда, орталық атқару органдары мен жергілікті басқару органдарының өкілеттіліктерінің ара-жігін ажырату әлі жүргізіуде, жергілікті органдарға қаржылық ресурстармен қатар қосымша өкілеттіліктер беру көзелуде. Ол өзгерістердің денсаулық сақтау саласына да әсерін тиізбей қоймайтындығы даусыз.
Біздің ойымызша алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді шешу үшін бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Ол шаралардың көпшілігі ДСМ-нің стратегиялық жоспарында орындалу мерзімдерімен бірге айқындалған. Біз оларды және өзіміздің ұсынысымыз бойынша атқарылуы тиіс іс-шараларды төмендегідей топтарға бөліп отырмыз.
Біріншіден, азаматтардың денсаулығын нығайту және өлім-жітімді төмендету бойынша: халықты қолжетімді және сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету және денсаулық сақтаудың аурулардың алдын алу бағытында дамуы жөніндегі іс-шаралар кешені; Ұлттық скринингілік бағдарламаны жетілдіру және мониторингілеу; жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерін көрсететін ұлттық орталықтар құру жөніндегі инвестициялық жобалар; мемлекеттік әлеуметтік көмек алуға құқылы азаматтардың жекелеген санаттарын дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді жақсарту жөніндегі іс-шаралар; ауруларды басқару бағдарламасын енгізу және азаматтарды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді бақылау мен оның мониторингінің механизмдерін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар; денсаулық сақтауға мемлекеттік емес инвестициялар тарту жөніндегі іс-шаралар; жастардың денсаулық орталықтарында саламатты өмір салты аспектілері және аурулардың профилактикасы бойынша таралған ақпараттық-оқу шаралары, әсіресе балалардың ауруларын алдын алу, диагностикалау және емдеу, олардың құқықтарын қорғау жөніндегі іс-шаралар; амбулаториялық деңгейде науқастарды диагностикалау және емдеу хаттамаларын әзірлеу және жетілдіру; азаматтардың өз денсаулығына ортақ жауапкершілігін арттыру механизмдерін әзірлеу; әлеуметтік мәні бар ауруларды диагностикалау және емдеу стандарттарын жетілдіру және енгізу;
Екіншіден, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру бағыты бойынша атқарылуы тиіс іс-шаралар: бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру; республикалық бюджеттің деңгейінде амбулаториялық-емханалық көмекке шығыстарды шоғырландыру; міндетті медициналық сақтандыру туралы заңның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету; медициналық техникалардың айналымын және МСАК қызметінің жұмысын регламенттейтін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру; Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің нақтыланған тізбесін енгізу; Медициналық қызметтерге ақы төлеу және денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру тетіктерін жетілдіру; Мамандандырылған көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының, зертханалар мен қан қызметтерінің материалдық-техникалық базасын нығайту; Медициналық қызмет сапасының сыртқы мониторингі жүйесін жетілдіру; Денсаулық сақтау саласында аккредиттеуге қатысуға уәждеме жүйесін әзірлеуді қоса алғанда, денсаулық сақтау саласында аккредиттеу рәсімдерін жетілдіру; Ауылдық жерлерде дәріханалық ұйымдарды, оның ішінде жылжымалы дәріханалық пункттерді қоса алғанда, МСАК объектілерінің базасында дәріханалық ұйымдарды ашу; Түпкілікті нәтижеге бағдарланған медицина қызметкерлерінің еңбек ақысын саралау жүйесін жетілдіру; Денсаулық сақтаудағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту; Медицина қызметкерлерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды енгізу мәселесін қарастыру және т.б.
Үшіншіден, әлемде соңғы кезде емі табылмай отырған жұқпалы ауруларға (Африка мемлекеттерінде орын алған эбола, тіпті медицинасы мен әлеуметтік жағдайы өте жоғары Оңтүстік Кореяда орын алып отырған MERS вирусы ауруы, құс тұмауы және т.б.) байланысты төмендегідей іс-шаралар кешенін тыңғылықты атқару қажет: Қазақстан аумағында аса қауіпті және жалпы инфекциялық аурулардың, улы заттардың, қауіпті өнімдердің таралмауы, алдын алу, олардың пайда болуын болдырмау жөніндегі іс-шаралар кешені; жұқпалы және паразитарлық аурулардың деңгейін төмендету, қызылша ауруын жою, полиомиелтсіз ел мәртебесін сақтап қалу; мектептер мен орта арнаулы және жоғарғы оқу орындарында адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясынан, нашақорлықтан сауықтыру мен алдын алу секілді жасөспірімдерді денсаулығын қорғауға бағыттайтын бағдарламалар енгізу.
Төртіншіден, ғылым мен кадрлар әзірлеу мәселелері жөніндегі іс-шаралар: медициналық және фармацевтикалық білім беру саласының нормативтік құқықтық базасын жетілдіру; мамандардын ел ішінде және шетелдерде біліктіліктерін арттыру және қайта даярлау курстарында оқыту; медициналық білім ұйымдарына аккредиттеу өткізу; медициналық білім және ғылым ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту; ғылыми-техникалық бағдарламаларды қаржыландыруды ұлғайту; шетелдік жетекші орталықтармен білім және ғылым ұйымдардың халықаралық ынтымақтастығын дамыту және т.б.
Жоғарыда атап өткеніміздей денсаулық сақтау саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспары негізінде жүзеге асырылуда. Бұл жоспарда денсаулық сақтау саласы үш стратегиялық бағыт бойынша дамитындығы анықталған. Жоспарда МСАК-тың қолжетімділігін, тиімділігін, сапасы мен дамуын арттыру мақсатында медициналық-әлеуметтік бағыттылықты қоса алғанда МСАК-ты одан әрі жетілдіруге баса мән беріледі. Сонымен бірге, біздің ұсынған тұжырымымызда негізделгендейғ «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы» арнайы заң қабылдау қажет. Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамсыз ету мен денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық, қаржылық, кадрлық ресурстармен қамтамасыз етілудің нақтылы іс-шаралары бекітілген.
Біздің байқауымызша бұл мемлекеттік бағдарлама мен стратегиялық жоспар медицина саласында тәжірибелік жұмыс істейтін мамандармен емес, басқарушы мамандармен, дәлірек айтсақ қаржыларды бөлетін лауазымды тұлғалармен жасалған секілді. Өйткені оның зиянды салдарларын қазірден көріп отырмыз. Алғашқы медициналық көмек буынына жалақыны көтеру, осы салаға арнайы мамандықтағы алдыңғы қатарлы мамандардың кетуіне себеп болуда.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына орасан зор қаржы бөлінгені белгілі (359 358,9 млн тенге), алайда бұл ұлттық жоспарда медицина өнеркәсібі, жаңа дәрілер өндіруге байланысты, фармакология өндірісін дамытуға байланысты мәселелер шешімін таппады. «Дәрілік преператтардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жұмыстарын жүргізу қажет» деген декларативтік ниетпен ұсыныс айтылып қана қояды, ал нақтылы әрекеттер қарастырылмаған. Осыған байланысты ірі көлемді ақша сомалары импорттық дәрі-дәрмектерді сатып алуға жұмсалуда. Ал Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 969 729 500 мың теңге бөліну жоспарлануда [2, 1-бөлім]. Сондықтан бөлінген қаражаттарды жоғарыда қарастырылған мақсаттарға жету үшін тиімді пайдаланудың жолдарын анықтау қажет.
Демек, денсаулық сақтау саласын реформалауда ең алдымен медициналық көмектің қолжетімділігі мен жоғары сапалылығын қамтамасыз ету, аурулардын алдын алуды дәстүрге айналдыру, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі баршаға белгілі және түсінікті болуы керек. Әрбір аурудың түрі бойынша міндетті емдеу сауықтыру рәсімдері мен дәрілері тізімдері медициналық көмек көрсету жағдайларының талаптары әзірленіп және бекітілуі тиіс. Стандарттарды жекелеп жіктеу қажет, өйткені бұл көрсетілген қызметтердің нақтылы құнын есептеуге және медицина мекемелерін сметалық қаржыландырудан көрсетілген қызметтердің көлемі мен сапасына қарай қаржыландыруға өтуге мүмкіндік береді. Ал бұл төлем міндетті сақтандырудың қағидаларына сәйкес жүргізілуі тиіс деп ойлаймыз. Сонымен бір мезгілде ерікті медициналық сақтандырудын дамуын барынша қолдау қажет. Парламент пен үкімет міндетті медициналық сақтандыруды, медициналық көмекке мемлекеттік кепілдікті, жеке медициналық практиканы, ақылы медициналық қызметтер көрсетуді құқықтық қамтамасыз етуі тиіс.
Денсаулық сақтау саласын реформалау жүктелген мемлекеттік басқару органдары қызметтерін тиімді, мақсатты, анық, үйлестіре және тиімді ұйымдастыра отырып жүргізулері қажет. Өйткені оларға мемлекет тарапынан кең көлемді өкілеттіліктер беріліп отыр. Мәселен «Денсаулық» бағдарламасын іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар ретінде барлық дерлік министрліктер мен облыстар және Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері бекітілген. Ал үйлестіруші функцияны Денсаулық сақтау министрлігі жүргізетіндігі белгілі. Алайда жоғарыда аталған мәселелердің барлығын тез арада және толықтай шеше салу мүмкін емес шығар, бірақ мемлекеттік органдар оны тез және тиімді шешкісі келсе оларға көбірек көңіл бөлулері тиіс.
Денсаулық сақтау саласын реформалау мәселесін қарастырғанада оған төмендегідей факторлардың кедергі келтіріп отырғандығын атауға болады:
- осы процесіне қатысушылардың қызметтерінің жеткілікті деңгейде үйлестірілмеуі;
- мемлекеттің, жеке тұлғалардың, үкіметтік емес ұйымдардың, жұмыс берушілердің осы саладағы рөлдерінің жеткілікті және нақты айқындалмауы;
- жоғары білікті мамандардың жетіспеушілігі, олардың өздерінің қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде орындауына материалдық қызығушылықтардың болмауы; медицина мамандарын даярлау сапасы; әсіресе ауылды жерлердегі білікті мамандармен қамтамасыз мәселелері;
- аймақтар мен ірі қалалар арасындағы медициналық қызметтер ұсынудың сапасындағы айырмашылықтар;
- мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторының жеткілікті деңгейде дамымауы осы сектор субъектілеріне мемлекет тарапынан медициналық қызметтер көрсету жөніндегі тапсырыстар беруге;
- денсаулық сақтау саласындағы ұйымдастырушылық жұмыстарды атқаратын менеджерлер институтының нашар дамуы;
- медицина қызметкерлері мен пациенттедің құқықтарын қорғау жүйесінің жеткілікті дамымай отырғандығы;
- шалғай ауылдардағы, әсіресе әлеуметтік жағынан аз қамтылған әлеуметтің сапалы медициналық көмекке қолжетімділігінің төмендігі.
Аталған кедергілерді жою үшін алдымен мына мәселелерді шешу керек деп ойлаймыз: медициналық мамандықтың беделін көтеру; денсаулық сақтауды басқарудың өзін-өзі түзетіп отыруы үшін кері байланыс жүйесін енгізу қажет; басқарк органдары, медицина мекемелері және халық арасындағы өзара қатынастардың жаңа деңгейге өтуін қамтамасыз ету; мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторында туындайтын қатынастарды реттейтін заңдар қабылдау.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай денсаулық сақтау саласының алдында тұрған өзгерістер мен жаңа заңдар халық пен медицина қызметкерлері арасында түсінбеушілікпен қабылдануда. Сондықтан денсаулық сақтау саласында елеулі өзгерістер енгізу үшін оның адамдарға қалай әсер ететіндігін, олардың мұндай жаңалықтарды қажет ететіндігін не қажет етпейтіндігі туралы ойлану қажет. Нәтижесінде халық көбінесе стихиялы сипатпен келетін ірі өзгерістерге дайын болмай шығады. Бұл мәселелерді шешу үшін болғалы жатқан өзгерістерге қатысты қоғамдық тыңдаулар өткізу, ҚР ДС министрлігінің телефон арқылы түсіндіру желісін ашу, азаматтарды мемлекеттік орган лауазымды тұлғаларымен осы мәселелер бойынша қабылдаулар жүргізуін ұйымдастыру қажет деп ойлаймыз. Сондықтан денсаулық сақтау саласындағы кез келген өзгеріс бұл жаңалықтардың болашақтағы салдарларын жан-жақты талдағаннан кейін енгізілуі тиіс.
Денсаулық сақтау жүйесін реформалау осы саладағы мемлекеттік саясаттың мақсаттарына сәйкес жүргізіледі, сондықтан денсаулық сақтау аясындағы мемлекеттік саясаттың бірқатар аспектілерін қарастырып өтсек.
К. Блейкмор өзінің «Социальная политика: введение» атты кітабында денсаулық сақтау саясаты түсінігін екі аспектіде қарастырады. Тар мағынада, денсаулық сақтау қызметтері мен медициналық емдеуге бағытталған үкіметтің қызметтерінің жиынтығы ретінде, кең мағынада – денсаулық сақтау департаменттері және мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінің, мамандарының әрекеттері мен медициналық қызметтері ғана емес, үкіметтің адамдардың денсаулығына және ауруларына әсер ететін кез келген қызметі [60].
Бұл мәселеге кең тұрғыда қарасақ, денсаулық сақтау саласындағы саясат мемлекеттің жалпы саясатының өзге де бағыттарымен тығыз байланыста жүргізілуі тиіс. Мысалы, Кеден одағы құрылғанда оның тек экономикалық пайдасын көземей, халық денсаулығына әсерін де зерттеу қажет еді, Кеден одағының біріңғай кедендік тарифтеріне сәйкес дәрі-дәрмектерге, халық денсаулығы үшін өте маңызды йоды көп өнімдер балық және теңіз өнімдеріне кеден бажы өте жоғарылап кетті [61], нәтижесінде бұл заттардың бағасы да қымбаттады, Түрікменстанда темекі өнімдеріне қатысты салық заңнамасындағы өзгеріс халықтың темекі тартушылығын әлемдегі ең төменгі елдің қатарына қосты, ДДСҰ-ның мәліметінше қазір онда халықтың 8 пайызы ғана темекі шегеді [62], сондай-ақ құзіретті органдар тарапынан жүргізілетін экологиялық, санитарлық-эпидемологиялық, еңбек бақылаулары мен қадағалаулары да халық денсаулығына тікелей немесе жанама әсер етулері мүмкін. Бұл процесте адамдардың санасына әртүрлі ұрандар, шақырулар, саяси бағдарламалар, әлеуметтік тұжырымдамалар және өзге құралдар арқылы мемлекеттік әсер етуге әсер етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың идеологиялық әдістері де ерекше рөл атқарады.
Тіпті тар мағынадығы денсаулық сақтау саясатының өзі, медициналық қызметтер көрсетумен бірге превентивтік, алдын-алу шараларын, адамның қоршаған ортасын жақсартуға қарай өзгерту, фармацевтикалық және кеңесшілік қызметтер көрсету, дәстүрлі емес медициналық қызметтерге бағаны реттеу секілді мәселелерді қамтуы тиіс [63].
Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясат міндеттердің бірнеше тобын шешуге бағытталған деуге болады. Мәселен, А. Пидде, Г. Кривошеев, А. Киселев оларды саяси, экономикалық және әлеуметтік топтарға бөледі. «Олардың дұрыс шешілуі арқылы ғана халықтың денсаулығын сақтаудың жалпыұлттық жүйесі құрылып, оның қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді», дейді. Осы авторлардың пікірінше саяси міндеттерге жататындар: денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің және халықтың пікірін ескере отырып денсаулық сақтау саласын әрі қарай даму жолдарын анықтау; мемлекеттік басқару органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының денсаулық сақтау саласының даму стратегиясын әзірлеу және жүзеге асыру; денсаулық сақтау саласының құқықтық базасын қалыптастыру және олардың орындалуына бақылаудың жүйесін құру; республикалық және жергілікті деңгейлерде медицина қызметкерлерінің корпоративтік мүдделерін білдіретін құрылымдардың құрылуы мен жұмыс істеуін саяси қолдау. Экономикалыққа жататындар: медициналық қызметті экономикалық категория сапасында нақтылы тану; медициналық қызмет нарығын түпкілікті құру және мемлекеттік реттеу; міндетті медициналық сақтандыруды бүкіл елге біріңғай ұйымдық шеңберге келтіру; сақтандыру процесі қатысушыларының қатынастарын тұрақтандыру; денсаулық сақтау саласындағы орталық атқару органдары мен жергілікті басқару органдары арасындағы бюджетаралық қатынастарды реттеу; Ал мемлекеттің денсаулық сақтау саласындағы саясатының мынадай әлеуметтік міндеттерін бөліп қарастыруға болады: «дәрігер-пациент» патерналистік үлгідегі қатынасты еңсеру; денсаулық сақтауды институционализациялау; халықты әрі қарай құқықтық әлуметтендіру; медициналық қызметкерлерді кәсіптік әлеуметтендіру; медициналық қызметкерлердің корпоративтік мүдделерін білдіретін ұйымдардың қызметін белсендендіру [64].
Келтірілген міндеттерге халықтың санитарлық сауаттылығын арттыруға, аурулардың алдын алуға, азаматтарға сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге, денсаулық сақтау саласында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге, медицина және фармацевтика қызметкерлерін әзірлеуге, денсаулық сақтау жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жағдайлар жасау жөніндегі міндеттерді қосуымыз қажет.
Денсаулық сақтау саласындағы құрылымдылық және ұйымдастырушылық тұрғыдағы шешімдер қабылдау және негізгі көңілді алдын алу мен халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған іс-шараларға бөлуді көздейтін бірқатар медициналық қызметтердің функцияларын өзгерту кезек күттірмейтін мәселелер.
Денсаулық сақтау саласындағы саясатты жүргізудің ажырамас элементінің бірі денсаулық сақтау аясындағы ағымдағы және болашақтағы міндеттері мен оларды іске асыру шаралары айқындалатын ұлттық, салалық, жергілікті бағдарламалар болып табылады. Біз олардың бірқатарын жоғарыда қарастырып өттік.
Демек, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясат - билік органдарымен денсаулық сақтау жүйесіндегі, халықтың денсаулығын жақсарту жөніндегі алдыға қойылған міндеттерді шешу мен мақсаттарға жету жолындағы үйлестірілген әрекеттері бойынша жүргізілетін мемлекеттік іс-шаралардың жиынтығы.
Осы анықтамаға сәйкес, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағытттары төмендегілерді қамтуы тиіс:
- қолжетімді, сапалы және жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетудің деңгейін көтеру үшін денсаулық сақтау саласының барлық бағыттары бойынша қаржыландыруды ұлғайту;
- алдыға қойылған міндеттерді шешу үшін нормативітік және қаржылық базаны жетілдіру және нығайту;
-медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру (міндетті сақтандыруды да, ерікті сақтандыруды да);
- саламатты өмір салтын насихаттаушы мамандарды әзірлеу;
Ал бұларды жүзеге асыру үшін келесідей кезек күттірмейтін іс-шараларды атқару қажет:
-өмір сапасын арттыру, еңбек, халықтың тұрмысы мен демалысы жағдайларын жақсарту, саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелерін шешуді ведмоствааралық және көпдеңгейлі тұрғыда қарастыруды қамтамасыз ету [65];
- саламатты өмір салтын қалыптастыруға, аурулардың алдын алуға бағытталған тұрақты жұмыс істейтін ақпараттық-үгіттік жүйені қалыптастыру;
- халықтың әртүрлі топтарын дене шынықтырумен және спортпен белсенді шұғылдануға тарту және оған жағдайлар жасау;
- мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмектің шеңберінде халықты сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету;
Жоғарыда айтқандарымызды тұжырымдасақ, денсаулықты қорғау мемлекеттің конституциялық міндеті және маңызды функциясы деуге болады. Мемлекеттік құрылымдар, ведомствалар және ұйымдар денсаулықты қорғау және аурулардың алдын алу жөніндегі іс-шараларға ұйымдастыршылық және әдістемелік тұрғыда барынша көңіл бөлетін сала, денсаулық сақтау саласы болуы тиіс, өйткені ол өмір сүруді қамтамасыз етуші жүйе, осы мағынада денсаулық сақтауды елдің ұлттық қауіпсіздігінің маңызды факторы деп қарастыруға болады. Ұлттық денсаулық сақтау жүйесіндегі мәселелер кешені осы саладағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың қозғаушы күші болуы тиіс. Алайда бүгінгі денсаулық сақтау саясатын мемлекеттік басқару жүйесі өз функцияларын толығымен іске асыра алмай отыр. Оның негізгі себептерінің бірі біртұтас басқару жүйесінің болмауында, ал бұл өз кезегінде бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне зардаптарын тигізуде. Сондықтан денсаулық сақтау саласындағы, тіпті жалпымемлекеттік саясаттың маңызды міндеті мемлекеттік органдардың позицияларын нақтылау қажет, өйткені азаматтардың денсаулығын қорғау аясындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың тиімділігі денсаулық сақтау саласын тиімді мемлекеттік басқаруға тікелей байланысты.
Денсаулық сақтау саласындағы саясаттың заң шығармашылық функциясыныз жүруі де мүмкін емес. Жоғарыда аталып өткендей денсаулық сақтау саясаты мемлекеттің ішкі бір-бірімен байланысты салаларымен бірге жүргізіледі. Сондықтан, денсаулық сақтау саласы заңнамалық қамтамасыз етілумен бірге, әрқашан көлемін ұлғайтуды талап етіп отыратын қаржылық саясатты да қажет етеді. Жұмысшыларының денсаулығын нығайту және аурулардын алдын алу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырушы ұйымдар үшін, сондай-ақ әлеуметтік жағдайлар мен қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз қаражаттарын жұмсаушы инесторларға заңнамалық тұрғыда қолайлы экономикалық жағдайлар қарастыру қажет. Еңбек қорғау, қоршаған ортаны қорғау, дене шынықтыру мен спортты насихаттау, темекі және алкогольді ішімдіктердің жарнамасы мен сатылуы жөніндегі заңнамалық базаны да жетілдіре түсу қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет