Қожабек қанат мұратұлы қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын мемлекеттік басқаруды құқықтық реттеу


Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік және жеке әріптестікті дамытудың мәселелері



бет13/18
Дата05.06.2023
өлшемі1,29 Mb.
#98900
түріМонография
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
Байланысты:
treatise175770

3.2 Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік және жеке әріптестікті дамытудың мәселелері
Соңғы уақытта экономика мен әлеуметтік салаларда мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті, соның ішінде денсаулық саласында кеңінен дамыту қолға алынуда. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті 2017 жылығы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына Жолдауында: «мемлекет-жекеменшік серіктестігінің ықтимал барлық түрі мен нысанын пайдалану қажет. Олар – мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару, қызмет көрсету келісімшарттары, тағы басқалар. Бұл ретте келісімнің барлық рәсімдерін, әсіресе шағын жобаларға қатысты рәсімдерді мейлінше жеңілдету және жеделдету қажет» екендігін атап өткен болатын [107].
Алдымен «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» ұғымының мәнін ашып алсақ. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (Европада РРР (Public-Private Partnership)- деген атаумен, яғни мемлекеттік-жеке, муниципалдық-жеке әріптестік дегенді білдірсе; АҚШ пен Канадада 3Р (P-P- Partnerships) деген қысқартылған атаумен қолданылса, Ұлыбританияда PFI (Private Finanse Initiative), яғни жеке қаржылық бастамашылық дегенді білдіреді [108] ғылыми әдебиеттерде негізінен мынадай анықтамамен анықталады: «бұл – мемлекеттік билік органдары мен жеке сектордың субъектілері арасындағы кешенді әкімшілік-құқықтық, қаржылық-құқықтық, азаматтық-құқықтық және экономикалық механизмдер арқылы қоғам мүддесі үшін, жауакершілікті, сонымен қатар тәуекелдерді бірлесе басқарумен, шығыстар мен пайдаларды серіктестер арасында бөлумен сипатталатын, ұзақмерзімді күрделі-құрылымдым, функционалды-мақсатты, қаржылық, мүліктік, ұйымдастырушылық-басқарушылық, білімдік-құзіреттілік, ғылыми-инновациялық және өзге де материалдық және материалдық емес құндылықтарды әлеуметтік, қоғамдық тиімділікке қол жеткізу мақсатында, негізінен жария биліктің атқаруы тиіс біріккен жобаларға салуы [109,с. 62].
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы арнайы әдебиеттерде оның біртекті анықтамасы берілмейді, негізінен ынтымақтастықтың салаларына байланысты түсініктемелер беріліп отырады. Алайда солардың бірқатарын електен өткізе отырып, олардың барлығына тән белгілерді анықтауға болады. Олар:
-мемлекет пен жеке әріптестің реусрстарды, тәуекелдерді, жауапкершілікті, шығындарды, пайдаларды бөлісуі;
- мемлекет пен бизнестің өзара ынтымақтастығы барысында мемлекеттік және қоғамдық маңызды мәселелерді шешу;
-мемлекет пен бизнестің ұзақ мерзімді өзара қарым-қатынасы;
-мемлекет пен бизнестің өзара қарым-қатынасының құқықтық тұрғыда бекітілуі;
- қатысудың еріктілігі;
-жеке әріптестің атқарған жұмысына бақылау тетіктерінің болуы [110].
Тәжірибеде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің құрылу себептеріне, нарықтың әртүрлі сегменттеріне және мемлекеттің инфрақұрылымға деген әртүрлі қажеттіліктеріне қарай бірнеше үлгісі кездеседі. МЖӘ әлтүрлі үлгілеріннің болғанына қарамастан, оларды екі санатқа бөлуге болады: институционалды МЖӘ, бұлар мемлекет пен жеке қатысушылардың арасындағы бірлескен кәсіпорындардың барлық нысанын қамтиды; келісім-шарттық МЖӘ [111].
Айтып өтетін маңызды нәрсе, мемлекет пен жекеменшіктің экономикадағы барлық қарым-қатынасын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қатарына жатқызуға болмайды, тек, бизнестің мемлекеттің тапсырмасымен және қолдауымен, бұрын мемлекеттің өзіне ғана тиесілі болған фукцияларды, нарықтық алғышарттардың мемлекеттің дәстүрлі қызмет ететін салаларына енуі негізінде атқаруы болып табылады.
Денсаулық сақтау саласының әлемдік тәжірибесінде МЖӘ-нің екі үлгісі кеңінен қолданылады. Біріншісі, BOLB (Buy-Own-Lease Back»- «Алу-Иелену- Объектіні кейіннен жалға алу шартымен сату»), бұл жобаның негізінде серіктесмедициналық мақсаттағы объектіні соғады да, оны мемлекетке кейіннен жалға алу шартымен сатады және оны басқаруды жалғастыра береді. Жеке инвестордың шығындары келісім-шарттың мерзімінде мемлекеттен алатын төлемдердің есебінен немесе халыққа көрсеткен қызметтіңесебінен өтеледі. Екіншісі, Alzira, бұл- жеке инвестор медициналық мақсаттағы объектіні соғады да, оны басқаруды да жүзеге асыра береді, сонымен бір мезгілде халықтың белгілі бір тобына қызметтер көрсету туралы келісім-шартқа отырады. Әріптестің бұл үлгісі алғаш рет Валенсияда (Испания) Альзира атты жеке консорциуммен басқарылатын жүзеге асырылған. Бұл үлгі әр адамның басына мемлекеттен бөлінетін қаржының есебінен халықтың белгілі бір тобына медициналық көмек көрсету жолымен іске асырылды.
Мемлекет пен жеке меншік серіктестігін дамыту Қазақстанның мемлекеттік саясатымен тығыз байланысты, өйткені мемлекет-жекеменшік серіктестік «Қазақтан-2050» Стратегиясында анықталған экономикалық саясаттың бір бөлігі болып табылады. Сондай-ақ, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да денсаулық сақтау саласының басым бағыттары болып табылатын жеке сектордағы медицинаның дамуы, МЖӘ, медициналық ұйымдарға корпоративтік басқаруды енгізу мәселелері де қарасытрылған. Сонымен қатар, мемлекет-жекеменшік серіктестікті жүзеге асырудың механизмдері еліміздің өзге де стратегиялық құжаттары мен бағдарламаларында қарастырылған. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мақсатында Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы жанында жұмыс істейтін Инвестициялық жобалар орталығы құрылды. Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің халықтың медициналық көмекке қажеттіліктеріне, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамысыз етуге, қалықтың денсаулығын сақтау саласындағы басқарудың тиімділігін арттыруға және медициналық көмектің сапасын көтеруге байланысты жүргізіп жатқан денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту мақсатындағы бастамаларында да көрініс табуда.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің негізгі мақсаты қоғам мүддесі үшін мемлекет пен бизнестің ресурстары мен тәжірибесін біріктіре отырып инфрақұрылым мен қызметтер көрсетуді дамыту болып табылады. Айта өтерлік маңызды нәрсе, біздің еліміздегі бюджеттік ресурстардың шектеулі жағдайында мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту мемлекеттің экономикалық саясатының маңызды бағыты болуы тиіс. Осы арқылы әдетте мемлекеттік секторға тиесілі болып табылатын міндеттердің бірқатарын жеке сектордың қолына толықтай немесе бір бөлігін бере отырып, бірақ мемлекеттік бақылауды сақтау шарттарымен олардың арасындағы тәуекелдерді, жауапкершілікті және пайданы сәйкесінше бөле отырып инвестициялар тарту көзделеді.
ҚР мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы Заңында мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің негізгі міндеттері ретінде мыналар анықталған:
-Қазақстан Республикасының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік әріптестік пен жекеше әріптестіктің тиімді өзара іс-қимылы үшін жағдайлар жасау;
-инфрақұрылымды және халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін дамыту үшін мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің ресурстарын біріктіру арқылы мемлекет экономикасына инвестициялар тарту;
-халықтың, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың мүддесі қажеттіліктерін ескере отырып, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі деңгейін және сапасын арттыру;
-Қазақстан Республикасындағы жалпы инновациялық белсенділікті арттыру, оның ішінде жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамытуға жәрдемдесу болып табылады [112].
Сонымен қатар осы заңда мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қағидаттары да бекітілген. Олар:

  • Реттілік қағидаты –мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері арасында өзара қарым-қатынастарды кезең кезеңімен орнату;

  • Конкурстық қағидаты – заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, жеке әріптесті конкурстық негізде айқындау;

  • Теңгерімдік қағидаты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру процесінде мемлекеттік әріптес пен жеке әріптестік жобасын іске асыру процесінде мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасында міндеттерді, кепілдіктерді, тәуекелдер мен кірістерді өзара тиімді бөлу;

Нәтижелік қағидаты – мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің нәтижелеріне қол жеткізуді бағалауға мүмкіндік беретін өлшемшарттар мен көрсеткіштерді белгілеу болып табылады [112]. Байқап отырғанымыздай заңда қағидаттардың атаулары беріліп қана қоймай, олардың әрқайсысына анықтама берілген.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес МЖӘ инфрақұрылымға инвестиция тартудың құралы ғана емес, мемлекеттік қызметтер көрсетудің тиімділігі мен сапасын арттырудың да құралы болуы тиіс. Сондай-ақ, жаңа бюджеттік саясаттың тұжырымдамасына орай, МЖӘ бюджетке түсетін ауыртпашылықты азайтудың да құралы болып табылады. МЖӘ жобаларын ұтымды түрде іске асыру денсаулық сақтау саласын қоса алғанда, ел экономикасының басым салалары үшін әлеуметтік маңызды жаңа объектілерді құруға, жеке инвесторлардың қызметін қолдауға, тәуекелдерді бөлу жолымен олардың тиімділігін арттыруға, ең бастысы жобаларды қаржыландыруда мемлекеттің шығындарын төмендетуге жағдайлар жасайды. Осы аталғандарды негізге ала отырып, біздің ойымызша МЖӘ-тің механизмдерін денсаулық сақтау саласында енгізу төмендегідей жағдайларды қалыптастырады:
-ресурстар мен процестерді тиімді басқаруды;
-инфрақырылды дамытуды, яғни денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын жаңартуды;
-мемлекеттікпен бірге, жеке меншікке негізделген медицина дамытуға;
-көрсетлетін медициналық көмектің сапасын арттыруға.
ҚР Президентінің 28 ақпан 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» және «Болашақты бірге құрамыз» атты 28 ақпан 2011 жылға халыққа Жолдауларын іске асыру барысында елімізде «100 мектеп, жүз аурухана құрылысын салу» және «350 дәрігерлік амбулаторлық, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен емханалар құрылысы» жобалары іске асқандығы белгілі. Алайда, денсаулық сақтау салаларында атқарылып жатқан осындай іс-шараларға қарамастан, денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымындағы жетіспеушіліктер әлі де жоғары күйінде қалып отыр.
Қазіргі таңда еліміздің денсаулық сақтау ұйымдарының «60 пайызы қолданылуы 30 жылдан асқан үй-жайларда орналасқан, олардың жартысына жуығы типтік емес ғимараттарда орналасса, көптеген денсаулық сақтау объектілері қажетті аспаптармен жабдықталмаған» [113]. Мұндай жағдайлар ескірген ғимараттарды ұстап тұру шығындарының елеулі өсуіне, ауруханалар мен емханаларды бақсарудағы кедергілерге, жаңа технологияларды іске қосуға, нәтижесінде медициналық көмектің сапасына алып келеді.
Сонымен қатар Астана, Алматы, шымкент қалалары секілді халқының саны күрт өсіп отырған қалаларда қосымша денсаулық сақтау объектілерін салу қажеттіліктері туындап отыр. Өңірлерден келіп түскен 2016 жылдың 4 тоқсанындағы ақпараттарға сәйкес, қазіргі таңда елімізде МЖӘ шеңберінде 43 жоба іске асырылуда (27 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектісі, 12 стационар, 2 ғимаратты қайта жаңғырту, 2 патологоанатомдық бюро). Осылардың ішінде Ақмола облысында -2, Ақтобе облысында – 6, Алматы облысында -2, Атырау облысында -2, Шығыс Қазақстан облысында -2, Қостанай облысында -2, Қызылорда облысында -1, Маңғыстау облысында -2, Солтүстік Қазақстан облысында-1, Павлодар облысында -2, Оңтүстік Қазақстан облысында -9, Астанада -6, Алматыда -6, Батыс Қазақстан облысында -2 жоба. Концессиялық ұсыныстарды әзірлеу, техникалық экономикалық негіздемелерін сараптамадан өткізу, конкурстық құжаттарды әзірлеу кезеңінде 21 жоба қарасытырлуда (Ақмола облысында -6, Атырау облысында -2, Шығыс Қазақстан облысында -2, Қостанай облысында -2, Қызылорда облысында -2, Маңғыстау облысында -2, Оңтүстік қазақстан облысында-1, Алматы қаласында -6, Алматы облысында -2). Концессионерді таңдау жөніндегі конкурстарды әзірлеу кезеңінде 6 жоба бар (Ақмола облысында -2, Астанада -3, Солтүстік Қазақстанда -1). Ал келісімшартқа қол қою сатысында 4 жоба (Ақтөбе облысында -3, Астана қаласында -1). Жамбыл облысы мен қарағанды облысында МЖӘ аясында ешқандай жоба жоқ. Сенімгерлік басқаруға беруге 46 жоба қарастырылуда. (23 – аурухана, 20 АМСК мекемесі, 3 оқу орыны). Сенімгерлікпен басқаруға 4 жоба берілген: №6 Тараз қалалық емханасы, Батыс Қазақстан обыстық балалардың стоматологиялық емханасы, Алматы қаласындағы экстракорпоральдық ұрықтандыру қызметіне корпус, Ақтөбе қаласындағы жедел медициналық көмек көрсету олыстық станциясы. Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облыстарында мұндай жобалар қарастырылмаған [114].
Денсаулық сақтау саласының дамуының басым бағыттарының бірі алғашқы медициналық-санитарлық көмек, медициналық оңалту және қалпына келтіру жөніндегі қызметтер желісі болып табылады. Осы аталғандардың желісін дамыту үшін медициналық мекемелердің қолданыстағы ғимараттары мен жеке меншіктегі объектілерді де пайдалануға болады деп ойлаймыз. Жоғарыда атап өткеніміздей, медицина саласының инфрақұрылымын дамыту мен оған жаңа технологияларды тарту елеулі бюджеттік қаржыларды талап етеді. Осындай жағдайда МЖӘ қажетті қорларды тартудың негізгі құралын атқара алады.
Айта өтетін маңызды мәселе, қазірдің өзінде мемлекеттік сатып алулар негізінде жеке сектордың мемлекетпен әртүрлі қатынастарға түсуде. Мысалы, жеке жеткізушілермен жыл сайын эксплуатациялық қызметтерге, медициналық техникалар мен дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге, медициналық аспаптарға сервистік қызметтер көрсетуге, ақпараттық жүйелер мен аспаптарды жеткізу мен оларға қызметтер көрсетуге байланысты келісім-шарттар жасалынуда. Жеке меншіктегі медициналық лицензиялары бар және аккредитациядан өткен медициналық ұйымдар мен өзге де ведомствалардың медициналық ұйымдары МКБМК шеңберінде халыққа арнайы медициналық көмек көрсету мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар жеке сектор халыққа клиникалық-диагностикалық қызметтерді кеңінен ұсынуда.
Бүгінгі таңда, МЖӘ саласындағы заңнаманың құқықтық базасын «Концессиялар туралы» Заң мен «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заңдар құрап отыр. «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заңның қабылдануымен мемлекет пен жеке бизнестің арасындағы серіктестіктің аясы мен нысандары жеке қаржылық бастамалар, басқаруға байланысты келісім-шарттар, қызметтер көрсету мен лизингттер, инновацияларды енгізу жолдарымен кеңейе түсті.
Жеке меншікке негізделген медициналық қызметтер көрсету денсаулық сақтау жүйесінде бәсекелестікті дамытып, медициналық көмек көрсету жөніндегі жоғарғы деңгейдегі қызметтер көрсету арқылы елеулі рөл атқарып отыр. Алайда, денсаулық сақтау саласының жеке секторында кедергі болып отырған бірқатар проблемалар бар. Е. Біртановтың пікірінше, олар негізінен «медициналық мекемелерді құруға өте ауқымды қаражаттың қажеттілігі, жобаның өзін-өзі ақтауының ұзақ мерзімі, үкен коммерциялық тәуекелдің болуы, көрсетілетін қызметтердің ақысы туралы даулардың жиі туындап тұратындығы. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласының кез келген қатысушысы мемлекет тарапынан қатаң бақылауда болуы» [5,с. 29]. Бәрімізге белгілі жеке сектордағы негізігі медициналық қызмет стоматолия, урология, гинекология салаларында көрсетіледі де, педриатрия, терапевтік, алғашқы медициналық көмек секілді салаларда сирек жұмыс істейді. Аталған олқылықтардың орнын толтыруда МЖӘ-нің атқарар рөлі зор. Сонымен қатар, жеке сектордың денсаулық сақтаудың аталған салаларына кеңінен қатысуы бәсекелестікті арттырып, қызметтер көрсету мен медициналық көмектің сапасын арттра түсер еді деп ойлаймыз. Сондықтан, «біздің бұл үмітізді ақтаудың жалғыз шарты – мемлекеттің жан-жақты қолдауы. Ол үшін мемлекеттің қолдауымен жеке ұйымдардың бизнес-инкубаторының құрылуы мен жұмыс істеуінің мехзанизмдерін әзірлеп және оларды өзге де өңірлерге тарату қажет» [5,с. 30].
Е. Біртанов мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің мемлекет үшін, жеке сектор мен жалпы халық үшін мынадай артықшылықтарын атап өтеді: «мемлекет үшін: бюджет қорларын үнемдеу; жеке сектордың қорларын жаңа мемлекеттік денсаулық сақтау объектілерін салу үшін тарту; инфрақұрылымның дамуын жеделдету және барынша сапалы қызметтер ұсыну; басқару саласына жеке инвестицияны ғана емес, менеджеметтің жаңа түрлерін енгізу; денсаулық сақтау саласы объектілерін осы салада тәжірибесі мол компаниялардың басқаруы; тәуекелдің бір бөлігін жеке секторға да бөлу; жаңа технологияларды қолданысқа енгізу мен оларды қажетті деңгейде ұстап тұру. жеке сектор үшін: жаңа инвестициялық мүмкіндіктер, сәйкесінше жаңа табыс көздері; рыноктағы беделінің өсуі; жаңа нарықтар мен бизнестің дамуы; капиталды шығындар үшін мемлекеттің қолдауы мен әкімшілік қолдауы. Халық үшін: баға-сапа қатынасының тиімділігін қамтамасыз ету; инфрақұрылымды дамыту және сапаны жоғарылауы; жағымды мультипликативті тиімділік» [5,с.36].
Бүгінде елімізде мемлекеттік-жеке әріптестікті реттейтін нормативтік-құқықтық база қалыптасты. Демек, мемлекет тарапынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестіккті дамытуға бар жағдайлар жасалынып отырған қазіргі таңда, бұл механизмді әлеуметтік салада, соның ішінде денсаулық саласында қолдану жеке сектордың қатысуы арқылы медициналық көмек көрсетудің ауқымын және сапасын арттыра түседі деп ойлаймыз. Өкіншке орай, қоғамдық қатынастардың барлық салалары секілді, денсаулық сақтау саласындағы кездесіп отырған кейбір келеңсіз жағдайларды жасыра алмаймыз. Мәселен мемлекеттік органдардың бюрократиялық кедергілері, көптеген әкімшілік кедергілер, «қағазбастылық» және т.с.с. Біздің қарастырып отырған мәселемізге қатысты ҚР Президенті 3 ақпан 2017 жылы өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде былай деген болатын: «...олар (кәсіпкерлер) қалай дамитын болады, егер бизнесті реттеудегі ауыртпалықты арттыра берсендер. Тісті емдеу бойынша жеке клиникалар жеткілікті, ал неге басқа аурулар бойынша, травматология, гинекология бойынша клиникалар жоқ? Жеке клиникалар ашу мүмкін емес? Бұл сендердің қолдарында», деген болатын [115].
Қарастырылған мәселе бойынша ойымызды қорытындыласақ, жеке сектор мемлекеттікке қарағанда нарықтық қатынастарда барынша икемді болатындығы белгілі, шығындардың бір бөлігін инвесторларға бөлу арқылы мемлекеттік бюджетке түсетін ауыртпалық едәуір азайып, халыққа қызмет көрсетуді жақсарту үшін басқарудың жаңа әдістерін, жаңа техника мен технология енгізуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамуы мемлекеттік органдардың тек өздеріне тән әкімшілік функцияларға баса назар аударуына жағдай жасап, мемлекеттің тәуекелін жеке әріптестермен бөлісу арқылы төмендетеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет