Ойын дегеніміз ұшқын, білімге құштарлық пен
еліктеудің маздап жанған оты.
Ойынсыз, музыкасыз, творчествосыз, фантазиясыз
толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды.
В.М. Сухомлинский Кіріспе Ойын - бала өміріндегі тәрбиенің шешуші шарты. Бала өзін қоршаған ортаны, өмір сүріп отырған айналасындағы құбылыстар мен заттарды ойын арқылы түсініп, ұғынады. Алайда жақсы, дұрыс ұйымдастырылған ойын ғана тиісті, қалағаныңдай нәтиже бере алады. Ойын мектепке дейінгі тәрбиешілердің бірден - бір көмекшісі десек те болады.
Дидактика - термині гректің «дидактос», яғни үйрететін деген сөзден шыққан. Дидактикалық құралдар оқу міндеттеріне сай арнайы әзірленеді. К. Д. Ушинский мектеп жасына дейінгі балалардың ерекшеліктерін ескеріп, былай деп жазады: «Бала табиғаты көрнекілікті аса қажетсінеді. Балаға өзіне белгісіз бес сөзді жалаң үйрете бастасаңыз, көп уақытты зая кетіріп, босқа қиналасыз. Ал енді жиырма сөзді суреттермен байланыстыра үйретсеңіз, бала оны лезде қағып алады. Сіз балаға қарапайым ғана ойыңызды қанша түсіндірсеңіз де, оңай ұға қоймайды. Дәл сол ойды күрделі суреттер көрсете баяндасаңыз, ол сізді тез түсінеді».
Дидактикалық ойын – оның аты айтып тұрғандай, баланың ақыл - ойын дамытып, таным түсініктерді ажыратудағы әдістердің бірі. Ойын арқылы оқыту – мектеп жасына дейінгі кезеңнің, негізгі ерекшелігі. Бала әрбір затты ұстап, дәмін татып, сан рет байқап көреді. Балабақшада бала психикасының дамуына ойын әрекеті шешуші рөл атқаратындығы туралы белгілі ғалымдар (Ж. Аймауытұлы, М. Жұмабаев,Ш. Құдайбердіұлы, С. Торайғыров, т. б) өз еңбектерінде айтып кеткен. Педагогикалық үрдісті жетілдіруде ойынның алар орны жөнінде қазақстандық ғалым Н. Құлжанова да зерттеген. Дидактикалық ойындар арқылы баланың математикалық қабілеттерін оятудың әсерін Ресей ғалымдары Т. В. Лодкина, А. И. Захаров, В. С. Мухина, А. М. Леушина, Е. И. Щербакова, Е. О. Смирновалар атап көрсеткен. Дидактикалық ойындардың ықпалын баланың сезініп, түйсінуі және сөз түрінде бейнелеуінің маңызын А. В. Запорожец, А. Д. Кошелева және т. б. белгілеген. Дидактикалық ойын баланың қоршаған дүние туралы түсінігін кеңейтіп және оны бекітіп нақтылайды және ойлай білуге баулып, сөздік қорын өсіреді, ақыл - ой қызметін қалыптастырады. Дидактикалық ойын – балалар үшін оқу да, еңбек те.. Педагогикада дидактикалық ойындарға былай анықтама беріледі: дидактикалық ойындар дегеніміз – балаларға белгілі – бір білім беріп, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру мақсатын көздейтін іс -әрекет.