Ойлау мәдениетінің пайда болуы. Философияның пәні мен әдісі



бет6/33
Дата16.10.2023
өлшемі0,68 Mb.
#116322
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33
Байланысты:
Ойлау мәдениетінің пайда болуы. Философияның пәні мен әдісі-emirsaba.org

2. Сана және тіл 
Ойлау үрдісін тілсіз көзге елестету - өте қиын шаруа. Егер ми сананың физиологиялық
негізі болатын болса, тілді шынайы ойдың “материясы” ретінде түсінуге болады. Айтылған
сөз – дыбыс толқындары – материалдық құбылыс екені ешкімнің дауын тудырмайтын жәйт.
Тіл дегеніміз ойды, адами қатынастарды қамтитын белгілі бір белгі жүйесі. Тіл – ойдың
сыртқы материалдық қабығы, соның арқасында адамдар бір-біріне неше-түрлі
ақпараттарды, өз ойларын жеткізе алады. Сонымен қатар, адамның өзіндік санасының өзі
тілмен берілген – тілсіз ойлау тіпті мүмкін емес. Тіл мен сана – күміс ақшаның оңы мен
астары сияқты – бір-бірінсіз өмір сүре алмайды.


Тарихи қоғамның Дүниеге келуі – тіл мен сананың да пайда болуымен тең. Тілдің


Дүниеге келуінің биологиялық алғышарттары ретінде жоғарғы жануарлардың неше-түрлі
дене қозғалыстары мен дыбыс сигналдарын айтуға болады. Алғашқы тобырда бірігіп аң
аулау барысында ең алдымен “ымдасу тілі”, дене қозғалыстары арқылы адамдар әр-түрлі
хабарларды бір-біріне жеткізеді, сонымен қатар, неше-түрлі сезім толқындары (қуаныш, я
болмаса, қайғы, ауыру т.с.с.) олардың аузынан неше-түрлі дыбыстарды шығарады.
Соңында, еңбек құралдарын жасауға көшкен кезде, ой мен тіл шынайы тез қарқынмен дами
бастайды.
Әр халық өзінің дүниеге келуі мен даму барысында өзіне тән тілін қалыптастырады.
Тілде мыңдаған жылдар бойы жасалған өмір тәжірибелері қорытылып, халықтың рухани
байлығына айналады.
Бүгінгі таңда жер бетінде 2000-ға жуық ұлттық тілдер бар, бірақ, адамзат ой өрісі
бірегей, сондықтан да халықтар арасында түсіністік пайда болады. Оның негізгі себебі – ой
арқылы Дүниенің заңдылықтарының бейнеленуі. Адамзатты жағалай қоршаған орта бір
болғаннан кейін, ойлау формалары да бір.
Бүгінгі таңдағы дамыған адамзат неше-түрлі тілдің жүйелерін жасады. Әрбір
ғылымның өзінің категориялық аппараты бар. Ғылыми ұғымдар бір-бірімен өте тығыз
байланыста болып, сол пәннің жүйесін құрайды. Мысалы, биология ғылымын “тұқым
қуушылық”, “өзгерушілік пен тұрақтылық”, “ассимиляция мен диссимиляция”, “табиғи
таңдау” т.с.с. категорияларсыз көзге елестету мүмкін емес. Философия пәнін құрайтын
жүздеген категориялардың ішінен “материя”, “сана”, “кеңістік пен уақыт”, “қозғалыс”,
“даму”, “ терістеу” т.с.с. атап өтуге болар еді. Жолдағы қозғалысты ретке келтіретін
ережелерді алсақ, оның тілі - өзгеше т.с.с.
Бірақ, қалай дегенде де, барлық ғылым, өнер мен өндірістегі жасанды тілдер тек
халықтық тілдің негізінде ғана өмір сүре алады. Егер ұлттық тілді көркемдеп үлкен ағаштың
діңі ретінде көрсетсек, онда басқа жасанды тілдер – оның бұтақтарын құрайды. Ал
бұтақтарда өсіп тұрған жапырақтар – сол саланы құрайтын ұғымдар болып табылады.
Өз тәуелсіздігін алған Қазақ елінде қазіргі уақытта ана тілімізді дамытуға көп көңіл
бөлінуде. Соның бір кішкентай айғағы ретінде осы оқулықты алсақ та болғаны. Ана тілі –
зор рухани байлық. М.Хайдеггер айтқандай “тіл – болмыстың үйі”. Ал оның әріптесі
Г.Гадамерге келер болсақ, ол “тіл дегеніміз алдын-ала түсіндірілген Дүние”, - деген терең
ой тастаған екен. Олай болса, тек ана тілін терең игеру арқылы ғана адам өз ұлтына тән
дүниесезім мен қабылдау, көзқарасты өз бойында қалыптастыра алады.
Өзіміздің ұлы бабамыз А.Байтұрсынұлы айтып кеткендей, “Тілдің ғұмыры ұзақ. Оның
жолы жылдап емес, жүз жылдап емес, мың жылдап саналады.”. Осы мыңдаған жылдар
шеңберіндегі қалыптасқан ана тіліміздегі інжу-маржанды аса ұқыптылықпен зерттеу, оның
талай-талай ашылмаған сырларын халыққа жеткізу, сонымен қатар, оны жаңа өмір
талаптарымен ұштастыру – бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелерге жатады.
Бір дәуір екіншіге ауысқан жағдайда жаңа мәдени ахуал дүниеге келіп, бұрынғы
көзқарасты, құндылықтарды сынға алған жаңа саяси, моральдық, эстетикалық т.с.с. идеялар
пайда болады. Бірақ, сонымен қатар, әрқашанда белгілі-бір тұрақты ой-өріс қала бермек.
Ол – тіл және оны күрт өзгерту ешкімнің де қолынан келмейді. Тілдегі қалыптасқан
мәдениет үлгілері ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, олардың өмір салтына, іс-әрекетіне, ой-өрісіне өз
ықпалын тигізіп, адамдардың өзара қарым-қатынасына үлкен әсер етеді. Сонымен қатар,
тіл де, басқа әлеуметтік құбылыстар сияқты, үне бойы өзгерісте, дамуда. Тілді тазарту,
тарихи ұмыт қалған сөздерді өмірге қайта еңгізу, жаңа сөздерді тудыру – бұлардың бәрі де
керек нәрселер. Бұл жағынан алып қарағанда біршама жұмыстардың беті қайтарылған
тәрізді.
Сонымен қатар, бұл салада да асыра сілтеушілік жоқ емес сияқты. Әсіресе, бүгінгі
таңда, қазақ елі бүкіл Дүниежүзілік қауымдастықпен тығыз экономикалық, саяси және
мәдени қарым-қатынасқа түсіп жатқан кезде, көп ұлттардың сөздіктеріне кеңінен еңген
сөздерді алып тастап оларды "жаңарту" біздің тілімізді жаңартар ма екен, я болмаса, басқа


қауымдастықтардан алыстатар ма екен? Біріншіден гөрі екінші ақиқатқа жақын ба деп


ойлаймыз.
Мысалы, "цивилизация" деген бүкіл жер шарына кең тараған ұғымның орнына
"өркениет" деген сөз енгіздік. Ал, олардың мазмұндары бір-біріне сәйкес келмейді.
"Цивилизация" ұғымы негізінен алғанда қоғамның заттық, материалдық деңгейін
көрсететін ұғым болса, "өркениет" (түбірі – ниет) адамның, қоғамның рухани өмірін
бейнелейтін, "мәдениет" деген ұғымға жақын сөз. Соңғы жылдары "тексті" - "мәтінге"
(түркі емес араб сөзіне ауыстырғанда не пайда таптық?), "классты" – "сыныпқа", "архивті"
– "мұрағатқа" т.с.с. ауыстырдық. Біз мұндай "тазартулардың" пайдасынан гөрі зияны көп
болмас па екен деген күдіктеміз.
Дегенмен де, қазақ тілінің арнасы бүгінгі таңда кеңеюде. Әрине, оны толыққанды
мемлекеттік тіл дәрежесіне жеткізу үшін біршама уақыт керек. Ол үшін әрбір қазақ азаматы
белсенділік көрсетіп, өз тілін терең меңгеріп, кең түрде қолдануы қажет. Сонда ғана басқа
халықтардың өкілдері де қазақ тіліне деген шынайы бетбұрыс жасайтыны сөзсіз.
Электрондық-есептеу құралдары пайда болысымен-ақ оларды адамның миымен
салыстыру, олардың бір-бірінен айырмашылығын зерттеу үрдістері басталып кетті. Бұл
сала өте тез қарқынмен дами бастаған сайын бұл мәселе де философиядағы өзекті салаға
айналды. Бүгінгі таңда неше-түрлі роботехника пайда болып, тіпті толығынан
автоматизацияланған адамның қатысуынсыз жұмыс істейтін цехтар, тіпті заводтар дүниеге
келді. Бүгінгі таңдағы адам электрондық әуенді тыңдай алады, жобалау институттарын
компьютерлік жабдықтарсыз көзге елестету өте қиын. “Genіus” деген өте күрделі
компьютер Әлем чемпионы Г.Каспаровтың өзін жеңіп кеткені бүкіл адамзат қауымын
таңғалдырған болатын. Аса күрделі компьютерлік бағдарламаларда шығармашылық
тұрғыдан ізденіс жасай алатын жасанды интеллекті де байқауға болады. Американ
фантастика жазушысы А.Азимов болашақта адамның өзіне пара-пар роботтар дүниеге
келіп, адамға қарсы көтеріліс жасап, өз еркіне көндіру әрекетін жасауы мүмкін деген қиял
айтады.
Олай болса, мәселе тікелей қойылып, жасанды интеллект алдағы уақытта адамның
өзін ауыстыруы мүмкін бе? - деген ашық сұрақ пайда болады.
Әрине, адамның миы – бүгінгі таңдағы ашылған ең күрделі биік дәрежеде ұйымдасқан
материя – ол кванттық деңгейде жұмыс істейтін өте нәзік ойлау құралы. Сонымен қатар,
электрондық-есептеу құралдары да жартылай өткізгіштердің негізінде жұмыс істейтін
сандық құрылымдармен байланысты материалдық үрдіс.
Міне, осы жақтарынан ми мен компьютерді салыстыруға болады. Информациялық
қабылдаулар мен байланыстар, басқару мен бақылау жүйелерінің заңдылықтары тірі
организмдер мен автоматикалық құралдарда сандық жағынан алып қарағанда ортақ болуы
мүмкін. Мысалы, компьютердегі информацияны қабылдау, өңдеу және жауап қайтаруы
мидың түйсіктер арқылы деректер алып оларды өңдеп жауап беруіне өте ұқсас. Әрине, тірі
организмде болып жатқан нәзік физика-химиялық үрдістерді өлі табиғаттағымен
толығынан тепе-тең салыстыру мүмкін емес. Бірақ, соған қарамастан олардың ұқсас
жақтары да болғандықтан, математика ғылымының негізінде оларды модельдеуге болады.
Бүгінгі таңда компютерлік техниканың (жасанды интеллектің) мүмкіндіктері жыл
сайын өсуде. Мүмкін, болашақта адамның миын толығынан модельдеуге де жетерміз.
Дегенмен де, жасанды интеллект адамның көмекшісі ретінде кеңінен пайдаланылса да, оны
толығынан ешқашанда ауыстыра алмайды, - деген үзілді-кесілді пікір айтуға болатын
сияқты. Енді осы пікірімізді дәлелдеп көрелік.
Бүгінгі таңда кибернетикалық құралдар өте күрделі өндіріс жүйелерін басқаруға
көмектеседі. Бірақ, сол басқару бағдарламасын компьютердің “жасанды санасына”
еңгізетін сол адамның өзі емес пе? Компьютер миллиондаған ақпараттан ең тиімдісін
бірнеше секундта таңдап алып адамға ұсынады. Ол адамның миын тұрпайы есептеу
үрдістерінен босатып оның шығармашылық мүмкіндіктерін іске асыруға жағдай тудырады.
Әрине, кейбір аса күрделі компьютерлік бағдарламаларда шығармашылық ізденістердің


элементтері еңгізілген. Дегенмен де, жасанды интеллект шынайы шығармашылық ізденіс


жасай алмайды. Бұл мәселеге толығырақ тоқталайық.
Шығармашылық ізденіс шабыттың, сезімдік толғаудың негізінде пайда болатыны
сөзсіз. Адам тек қана ойлай алатын пәнде емес, сонымен қатар ол сүйінеді, күйінеді,
шабыттанады, ізгілікке, әсемдікке ұмтылады т.с.с. Осы факторлардың бәрі келіп адамның
шығармашылық ізденісін тудырады. Жаңғыз ғана салқын ой шығармашылықты, нақтылы
қол астындағы болмысты аттап өтіп жаңа көкжиекті тудыруы екіталай. Олай болса,
кибернетикалық құралдарды адами шығармашылық деңгейіне көтеру үшін, олардың
бағдарламасына сезім толқындарын еңгізу қажет: олар адам сияқты сүюі, ренжуі,
шаттануы, ізгілік пен әсемдікке ұмтылуы керек. Ол үшін оның санасына бүкіладамзат өткен
жолын еңгізу қажеттігі туындайды, ал ол - мүмкін емес.
Еріктік негізіндегі шығармашылық - адамның тектік өзіне ғана тән қасиеті. Егерде ол
компьютерге берілсе, онда адам не істемек? Ол іске асқан жағдайда, расында да, адам өз-
өзін терістеп, тарихтың соңғы беттері жазылып бітер еді. Әрине, ол ешкімге керек емес.
Соңғы кездерде компьютерлік техника мен жаңа білім беру технологиялары
мектептер мен жоғарғы оқу орындарына кеңінен еңгізілуде. Қанша қиындықтар болса да,
жас мемлекет қомақты қаржы шығарып жастардың компьютерлік бағдарламаларды
игеруіне жағдай туғызуда. Оның, әрине, маңызы өте зор. Сонымен қатар, бұл істе асыра
сілтеушілік те жоқ емес. Ауылдық жерлерде мектептерге әкелінген компьютерлік техника
энергия қуаты болмағаннан кейін істемей, шығарылған қаржы ақталмай жатыр. Екінші
жағынан, дәріс беретін мамандар да аз. Көп жағдайларда компьютерлер “қымбат ойыншық”
ретінде пайдаланып оның мүмкіндіктері толығынан іске аспай жатыр. Кейбір жоғарғы оқу
орындарында студенттердің білімін тексеру толығынан компьютерлік тестерге жүктелуде,
ескі жүздеген жылдар бойы сынаудан өткен дәріс әдістемелері жалаң терістелу жолында.
Бұл арада біз бір нәрсені ойдан шығармауымыз керек. Ол – білім беру мен тәрбие
жүйесіндегі оқытушының тұлғасының рөлі – оны ешқандай компьютер ауыстыра алмайды.
Ол әрқашанда негізгі үлгі болып қала беруі керек. Адамға білім беру дегеніміз – оның
тұлғасының қалыптасуына жан-жақты әсер ету деген сөз. Жалаң информация, ол қанша көп
болса да, адамның моральдық қасиеттерін қалыптастыра алмайды – ол тек технократизмге
ғана әкеліп тіреуі мүмкін. Ал ол болса, адамзатты бүгінгі рухани дағдарысқа әкелген жол.
Батыс білім беру жүйесіндегі көп жетістіктерімен қатар, үлкен кемшілігі – біржақты
бейімделген, тек өз мамандығын ғана игерген “бірөлшемді” адамды (Г.Маркузе)
дайындауы. Оның салдары ретінде “дүниеқуушылық”, “сезімдік ләззатқа ұмтылушылық”,
адамдардың бір-бірінен жаттануы, материалдық байлық қанша өссе де өмірдің рухани
жағының азғындауы, соның нәтижесінде “әлеуметтік аномияның” (нашақорлық, ішімдікке
салыну, қылмыстық т.с.с.) өсуін айтсақ та болғаны. Бұл айтылған ойлардан компьютерлік
білім беру жүйесінің керек еместігі туындамайды. Ол, әрине, қажет. Бірақ, оның
мүмкіндіктері асыра бағаланбауы керек. Ол бұрынғы дәстүрлі білім беру жүйесін
толықтыру, оның тиімділігін арттыру және өмірде кеңінен қолдану үшін қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет