ӨЗГЕГЕ, КӨҢІЛІМ, ТОЯРСЫҢ
Өзгеге, көңілім, тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың.
Сайра да зарла, қызыл тіл,
Қара көңілім оянсын.
Жыласын, көзден жас ақсын,
Омырауым боялсын.
Қара басқан, қаңғыған,
Хас надан нені ұға алсын?
Көкірегінде оты бар,
Құлағын ойлы ер салсын.
Тыңдамаса еш адам,
Өз жүрегім толғансын.
Әр сөзіне қарасын,
Іштегі дертім қозғалсын.
Әуелесін, қалқысын,
От-жалын боп шалқысын.
Жылай-жырлай өлгенде,
Арттағыға сөз қалсын.
Мендей ғаріп кез болса,
Мойын салсын, ойлансын.
Қабыл көрсе сөзімді,
Кім таныса, сол алсын.
Не пайда бар - мың надан
Сырттан естіп таңдансын.
Онан дағы бір есті
Ішкі сырын аңғарсын.
Өздерің де ойлаңдар,
Неше түрлі жан барсың.
Ғылым да жоқ, ми да жоқ,
Даладағы аңдарсың.
Жүрегіңмен тыңдамай,
Құлағыңмен қармарсың.
Соны көріп, соларға
Қайтіп қана сарнарсың?!
ЖАСЫМДА ҒЫЛЫМ БАР ДЕП ЕСКЕРМЕДІМ
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?
Адамның бір қызығы - бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.
Өзім де баска шауып, төске өрледім,
Қазаққа қара сөзге дес бермедім.
Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,
Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім.
ЕСЕК
Қырық-елу қос бір жерден
Қайтқан екен керуендер.
Мал айдап барып әр елден
Сауда қылып жүргендер.
Алтын артқан бір есек
Соларменен келеді.
Ол жай жүрсе, жұрт та жай,
Ол желсе, жұрт желеді.
Тамам қостың байлары
Маңайынан кетпейді.
Қошемет қылып бәрлері
Шомын да жөндеп ерттейді.
Ортаға алып әлгіні
Бәрі бірдей сыйлайды.
Бірі сүйіп құлақтан,
Бірі жүнін сыйпайды.
Сылап-сыйпап, қадірлеп,
Беретұғын жем де артық.
Есер шіркін есіріп,
Болып алды тым тантық.
Көш бойы жұрт қасында,
Өзгеменен жұмыс жоқ.
Атты теуіп, адамды
Тістесе де сөгіс жоқ.
"Құдай аман сақта,- деп -
Жарда, суда!"- бата алған.
Еркелетіп ат қойып,
"Жаппарқұл мырза" аталған.
Алтын үсте жүргенде,
Сол қадірмен көп жүрген.
Өз ойында көк есек
Өзгеше тудым деп жүрген.
Алтынды бір күн бай алды,
Есектен жұрт та түңілді.
"Жаппарқұл" аты жоғалды,
Боқ тасуға жегілді.
Қарасаңшы бойыңа,
Ұзын құлақ қалпың ғой.
Жұрт ергені соңыңа -
Үстіндегі алтын ғой.
Достарыңызбен бөлісу: |