Көркемдік әдіс көріністері. Әдебиет тарихын, ондағы кезеңдерді
сөз еткенде көркемдік әдіс мәселесін айтпай кетуге болмайды.
Шығармашылық әдіс - өмір-болмысты өзіне ғана тән ерекшелікпен
емес, қалыптасқан жүйе, сала бойынша бейнелеу, өмір шындығынан
көркемдік өнерге тән көркемдік шындық жасау әдісі.
Әрине, әдістердің өзіне ғана тән ерекшеліктері мен қолданыс-
тәсілдері жетерлік. Бірінде алдыңғы қатарға кейіпкерлердің биік
рухын, асқақ арманын биіктете көрсету шықса, екіншісі де нақтылық –
өмірдегі қарапайымдылық пен шындықтың астасып келуі, осыдан
кейін көркемдік шындықтың тууы негізге алынады. Қалай болғанда да
бұл екі әдіс жазушының, ақынның өмірді өзінше көріп, өзінше
түйіндеуінен мұрат табары анық.
Алайда, академик З.Ахметовтің пайымдауынша екі әдісті “бір-
біріне түгелдей қарама-қайшы нәрсе” деп қарауға болмайды, “оның
бірі бар жерде, екіншісі жалғаса жүреді”. Олар үнемі бір-бірімен
жалғасып жатады. Бір творчестволық тұлғаның шығармаларынан
романтизмнің де, реализмнің де іздерін тануға әбден болады. ХХ ғасыр
басындағы әдеби бағыттардан да осындай бірлікті таба аламыз.
Жаңа ғасыр басындағы әдебиетте осы екі әдіс қабаттаса, қанаттаса
көрініс тапты. Бірқатар ақын-жазушылар өткен баба ерліктерін асқақ
рухпен жырлап, болашақ күнге қиялшыл сезіммен қараса, екінші бір
топ өз дәуіріндегі өмір шындығын нақты сипаттап, өткір сынай білді.
Ш.Құдайбердиев, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, М.Дулатов т.б.
шығармалары бұған нақты дәлел бола алады. Махамбет, Шәңгерей
шығармашылығынан айқын көрінген романтизм рухында Мағжан
өзінің сыршыл да сұлу жырларын туғызып, әсем де асқақ ойларының
ажарын аштыРомантизм Шәкәрім, Міржақып, Сұртанмахмұт, Ахмет
шығармашылықтарынан да көрініс тапты. Романтизм әдісінде
жазылған деп Шәкәрім поэмаларын, Міржақып, Ахметтің,
Сұлтанмахмұттың азаматтық лирикаларын атай аламыз.
Қандай бір әдебиетте болмасын, романтизмнің жалпылық ортақ
қасиеттері көрініс табуымен бірге, әр елдің тарихи-ұлттық дамуына
орай өзіндік қалыптасу ерекшеліктері болатынын естен шығарып
алған тұстарымыз болғанын жоққа шығара алмаймыз. Қазақ
әдебиетіндегі романтизмнің пайда болуы жалпы ұлттық қалыптасудың
тарихи негізінен нәр алады. Ол – елдікті, ұлттық тұтастықты сақтау
жолындағы күрес пен отаршылдық езгіге қарсы күрес идеясының
тікелей жемісі. ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушылар жеке тұлға
бостандығын көрсету арқылы, халық бостандығын жырлады. Осы
жолда жеке трагизм арқылы ел қайғысын, ел басындағы қасіретті
көрсетті. Романтик-жазушы өз алдына тарихи шындықты немесе өмір
шындығын дәлме-дәл суреттеуді басты міндет етіп қоймайды. Ол үшін
ең бастысы – тарихқа, өмірге деген өз көзқарасын таныту. Өзі жасаған
өмірдің көркем образдары арқылы өз идеялын, өзі қабылдамаған
ортаның болмысын жеткізу. Автордың өмір шындығына, айнала
қоршаған ортаға өзіндік қатынасын білдіретін мұндай кейіпкерлер
ерекше өткір сезімдерімен, өзі өмір сүрген қоғамдық-әлеуметтік
заңдылықтарға өзгелердей мойынұсына қоймайтын жігер-қайратымен
ерекшеленеді. Олар айналасындағылардан үнемі жоғары тұрады.
М.Сералиннің “Топ жарғанындағы” Адай жігіт, Шәкәрімнің “Еңлік-
Кебегіндегі” Еңлік, Міржақыптың “Бақытсыз Жамалындағы” Жамал,
Мағжанның “Батыр Баянындағы” Баян – міне, осындай кейіпкерлер.
Олар көбіне жалғыз күреседі. Жалғыздық мәселесі ірі жанрлар емес,
майда жанр-ларда да көрініс тауып, автордың ішкі жан-дүниесімен
қабысып жатады. Әрине, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде
романтизм түгелдей бір әдеби бағыт ретінде бой көрсеткен жоқ, ол
жеке ақын-жазушылардың жеке шығармаларында, тіпті жеке образдар
бойынан бейнелі бедер тапты десек, жаңылыспаймыз.
ХІХ ғасырдағы жаңа өзгерістер жұқтырған жат қылықтарды,
ескіліктің өмір көшіне ілесе алмаған кейбір құбылыстарды сынаудан
бастау алған қазақ әдебиетіндегі сыншыл реализм сипаты Абай
шығармашылығы арқылы биік көркемдік әдіс ретінде қалыптасты. Бұл
әдістің басты ерекшелігі – адам характерінің әлеуметтік
жағдайларымен тығыз байланыста ашылуы. Мұнда әлеуметтік өмірді
талдау адам жан дүниесіне тереңдеп бойлау арқылы жүзеге
асырылады. Бұл тұрғыдан алғанда романтизм мен сыншыл реализм
арасын-дағы байланыс барлығы айқын. Яғни сыншыл реализмнің
пайда болуының негізгі романтизм арқылы жүзеге асты. Жеке адам
тұлғасының ішкі болмысына ену, оны өмірмен тығыз байланыста
көрсетуге итермеледі.
ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік өзгерістерге байланысты жаңа
сатыға көтерілген қазақ жазба әдебиеті өмірдің қат-қабатына терең
бойлап, қоғамдық әлеуметтік қайшылықтарды ашуға ұмтылды.
Россиядағы
саяси
хал-ахуал,
қазақ
зиялыларының
саяси
көзқарастарының қалыптасуы сыншыл реалистік әдістің әдебиетте
жетекші әдіске айналуына әсер етіп қана қоймай, осы саладағы әдеби
дамуға негіз қалады.
Сөйтіп, сыншыл реализм ХХ ғасыр бас кезіндегі әдебиеттің
көрнекті өкілдері Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мұхамеджан,
Сұлтанмахмұт, Мағжан т.б. дарынды өкілдерінің өнерпаздық-
шығармашылық қызметіндегі басты көркемдік әдіс болды. Олардың
барлығы да қазақ елінің дертті мәселелерін тілге тиек етіп, қоғамдық
өмірдің көлеңкелі тұстарын ашып көрсетті.
ХХ ғасыр басындағы сыншыл реализм оқу-тоқусыз, мал соңынан
ерген қазақ жастарының, елге тұлға бола алмай, ел тұлғаларын көре
алмай, жез түйме мен шенге мәз болып, елін сатқан болыстарының,
батыстың ұлттық болмысқа тән емес ерсі қасиеттерін бойына
жұқтырғанына мәз болған оқыған-зиялыларының сан-қырлы
образдарын жасады. Кесепатты, кесірлі, жағымсыз мінез-құлықтарды
аямай сынады. Ащы да болса, шындықты айтты.
Сыншыл реализм әдісінде “Гүлкәшима”, “Қалың мал”, “Кім
жазықты?” сынды шығармалар жазылды. Тек тың жанрлар ғана емес,
төл жанр іспетті өлең-жырларда да жоғары дәрежедегі дүниелер туды.
Шағын жанрдағы реализм көбіне саяси, азаматтық лирикада көрінді.
Бұл әсіресе Шәкәрімнің, Ахметтің, Міржақыптың қазақты “ояту”
идеясы тұрғысынан жазылған өлеңдерінен айқын көрініс тапты. Жері
тәркіленіп, санасын қараңғылық орап, отаршылдық торына шырмалған
қазақ тағдыры бұрмасыз шындықпен жырланды:
Сұлтанмахмұт қаламынан көбіне әлеуметтік теңсіздік зардаптарын
ащы айта білген шығармалар туса, Шәкәрім адамдық болмыстың сан-
қырлы құпиясын аршып, адамдық белгісін әркімнің өз бойынан
табуына үндеген тәрбиелік мәнді, өткір сынды шығармалар жасады.
Мұны “Ашу мен ынсап”, “Анық пен танық”, “Сәнқойлар”,
“Ызақорлар”, “Мақтау мен сөгіс”, “Талап пен ақыл”, “Бай мен қонақ”,
“Еріншек”, “Қалжыңшыл қылжақпас”, “Құмарлық”, т.б. өлеңдерінің
тақырыптары-ақ танытып тұр.
Жалпы ХХ ғасырдың басындағы әдебиет өкілдері Абай негізін
қалаған сыншыл реализмді одан әрі дамытып, тың табыстарға жетті.
Ұлы ақынның қазақ қоғамындағы келеңсіз жайттарды сынай отырып
жасаған өлмес образдарын өз заманында пайда болған тың
бейнелермен толықтырды.
Сонымен, ХХ ғасыр басындағы әдебиет романтизм және сыншыл
реализм әдісінде жазылып, ояну, азаттық, күресшілдік сияқты үлкен
идеяларды қозғады, оқу-ағарту, әйел теңсіздігі, надандық, сияқты
қазақ қоғамының дертті мәселелерін тақырып етіп алып, әлемдік
әдебиет жеткен биік өрені бағдарлады.
Қорыта келгенде айтарымыз, ХХ ғасыр басындағы әдебиет өкілдері
жазба әдебиеттің дамып, әлемдік әдебиеттер қатарына қосылуына,
жаңа жанрлардың игеріліп, мазмұн мен пішіннің бір-біріне сай
бірлікте болуы жолында аянбай еңбек етті. Қазақ ақын-жазушылары
көркемдік деңгейі жоғары туындылар тудырып, олар кейінгі асқар
биіктерге жол ашқан шығармалар болды.
Достарыңызбен бөлісу: |