Нұржан Наушабаев (1859-1919). Қостанай облысында туып-өскен.
“Манзұмат қазақия“ (1903), “Алаш“ (1910) атты кітаптарының ХХ
ғасыр басындағы әдебиетте өзіндік орны бар. Нұржанның
Сапарғалимен айтысы негізінде “Жұмбақ айтысы“ (1903) кітабы да
басылып шыққан. Бұл айтыста ақындардың білімі, ой-өріс кеңдігі
көрініс тапқан. Нұржан поэзиясындағы шағын жанрлардың әрқилы
түрлері молынан кездеседі. Нұржан назым, терме, тақпақ т.б.
жанрларда елеулі еңбек еткен. Шығармаларында заманаға деген
өзіндік көзқарастары молынан көрініс тапқан. Өлеңдеріне тақырып
қоймай, бірінші назым, екінші назым деп атаған. Замана құбылысын
жалпылама сипаттамай, өлеңдерін нақтылыққа бейімдей білген. Оның
жеке мінез-құлықты, жағымсыз адами пендешілікті сынау
тақырыптарындағы және әзіл-сықақ өлеңдерінде қазақ әдебиетінің бай
дәстүрі, ауыз әдебиеті үлгілерінің сипаты басымдау келеді. Нұржан
“Назымдары“
–
дарынды
ақынның
өзіндік
ізденістері.
Шығармашылығының өнбойына діндарлық арқау болған. Көбіне
“заман азды“ деген ойды өзек етіп, соның мән-мағынасын ұғынуға
ұмтылады. Кейде өмір шындығына терең бойлай алмай қалатын
сәттері де кездеседі. Мәселен “Манзұмат қазақия“ атты кітабында
қазақтың шығу тегі туралы ел аузындағы аңыздарды кейінгі діни
шежіремен өзектес алып, қайшылыққа ұрынады. Н.Наушабаев
шығармаларында өз дәуіріне сай жетістіктер де, кемшіліктер де бар.
Олардың ара салмағын алдағы уақыт айқындайды.