Аударма мектебі. ХХ ғасыр басында қазақ ақын-жазушылары
томаға-тұйық күйде қалмай, жазба әдебиеті биікке көтерілген алдыңғы
қатарлы елдердің тәжірибесіне көз салып, әдеби байланысқа түсе
бастады. Әсіресе, орыс әдебиетінен үйрену кең етек жайғанын жоққа
шығара алмаймыз. Оның ең бір жанды көрінісі аударма
шығармалардың көптеп пайда бола бастауы болатын. Ендеше, белгілі
бір кезең әдебиетін қарастырғанда, көркем аударманың өрісіне көз
жібермей өту мүмкін емес. Өйткені, аударма – жазба әдебиеттің
өскелеңдігінің белгісі. Ол әдебиеттің биік деңгейде дамуына әсер етіп,
оған өзінің игі ықпалын тигізіп отырады. Аударма төл әдебиетпен
қатар өседі, әрқашан да бірінің жетістігі мен кемшілігіне екіншісі
ортақ, екеуінің тағдыры үнемі тығыз байланыста болып келеді.
ХХ ғасыр басында Ыбырай, Абай, Шәңгерей тәрізді алдыңғы
толқынның осы бір тәржімашылық қырын дамытып, төл
әдебиетіміздің туын жоғары ұстаған аудармашылар дүние жүзілік
әдебиеттің мәңгі тот шалмас асыл қазыналарын, тамаша туындыларын
туған халқына жеткізуге ұмтылды. Олар әлемдік әдебиет пен
мәдениеттің озық үлгілерін қазақ сахарасына асқан шеберлікпен
таратты. А.Пушкин “Әдебиеттің ең бір ауыры, ең бір жақсы атақ
әпермейтін түрі” деп бағалаған аударма саласында Ахмет
Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Сәбит
Дөнентаев, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов сынды шеберлер еселі
еңбек етті. Бұл ретте осы сөз зергерлері тәржімалап шығарған “Қырық
мысал” (1909), “Үлгілі тәржіме” (1910), “Үлгі бала” (1912), “Жиған-
терген” (1914), “Дубровский әңгімесі”, “Боран”, сияқты кітаптар мен
шығармалар әдебиетіміздің асыл қорына қосылған асыл інжу-
маржандар екенін айтуға тиістіміз.
Шәкәрім, Ахмет, Бекет, Спандияр тәрізді озық ойлы
әдебиетшілерді толғандырған заманының залалды мәселелері әлемдік
әдебиет қайраткерлерінің де мұң-арманымен астасып жатты.
Сондықтан да олар әлемдік әде-биеттегі озық үлгілі шығармаларға
назар салып, өз көкейіндегі көп сұраққа жауапты сол шығармалардан
тапты. Сол биік көркемдікпен, терең оймен, асқан шеберлікпен
жазылған шығармалардағы азатшыл ойды, күрескерлік қабілетті,
рухани жан тазалығын өз оқырманына жеткізу үшін қолына қалам
алды. Сөйтіп әлемдік әдебиет пен қазақ әдебиетінің арасына алтын
көпір салды.
ХХ ғасырдың басында “Оян, қазақ!” деп жар сала келген жазба
әдебиетімізге өз мақсатын жүзеге асыру үшін жаңа түрлер, жанрлар
қажет еді. Оларды бірден игеріп кету, әрине, қиын болатын.
Сондықтан бұрыннан дәстүрі қалыптасқан биік межедегі өзге
әдебиетке еліктеу қажеттілігі өзінен-өзі келіп туды. Бірақ бұл құрғақ
еліктеу емес, үйрене отырып, өзіндік жол табуға ұмтылған ізденісті
еліктеу еді. Өзге шығармаларды аудара отырып, әлемдік әдебиетте
қалыптасқан көркемдік әдіс-тәсілдерді игерді, төл әдебиетімізді жаңа
жанр, соны түрлермен молықтырды.
Абай, Ыбырай салып кеткен сара жолды жалғастыруда Абайдың
шәкірт інісі Шәкәрімнің еңбегі өте зор. Ақын 1908-1909 жылдары
орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің “Дубровский” мен “Боранын”
аударды. А.С.Пушкиннің қара сөзді шығармаларын аудару тәжірибесі
бізде бұрыннан бар болатын. Оның алғашқы талпынысы 1903 жылы
жасалған-ды. Осы жылы фольклорист, этнограф, аудармашы
Молданияз Бекімов А.С.Пушкиннің “Капитан қызы” повесін 1901
жылғы басылымнан аударып, Қазандағы Харитоновтар баспасынан
шығарды. Автор өз аудармасына негізінен Петр Гринев пен Мария
Миронова арасындағы махаббат хикаясын арқау етіп, оған Пугачев
қозғалысын қосып ықшамдап аударған. Сөйтіп 48-беттік шағын
шығарма етіп шығарған. Аудармашы бұл көрнекті туындыны әрі
нақты, әрі түпнұсқаға жақын етіп беруге тырысқан. Повесть сол
кездегі қазақ оқырманына түсінікті, қарапайым да көркем тілмен
аударылған.
Шәкәрім аудармалары қазақ тәржімә тәжірибесіндегі өзгеше бір
құбылыс болып саналады. Ол Пушкиннің қара сөзбен жазған
шығармаларын өлеңмен аударып, төл туындыдағы сюжет пен оқиға
құрылымына еш зиян келтірместен, қазақ тілінде өлеңмен әсерлі түрде
өрнектеп берді.
Өлең сөзге жаны жақын, қисса-дастандарды ұйып тыңдайтын қазақ
оқырманы қара сөзді шығармадан дастан жазып шыққан Шәкәрім
шеберлігіне тәнті болмай тұра алмайды. Шығарма кейіпкерлері қазақы
тілмен сөйлеп, қазақ оқырманымен еркін тілдеседі. Ақын
аудармаларында қазақ ұғымына жақын, тұрмысына сай теңеулерді,
тіркестерді қолдана отырып, тың тынысты, көркемдік бедері айқын
шығармалар жасады. Сөйтіп әлемдік Пушкин аудармалары қорын
қазақ елінен келіп қосылған жаңа тұрпатты аудармалармен байытты.
Қара сөзді шығарма, өлең өрнегіне түсіп, жаңаша құлпырды.
Шәкәрімнің орыс ақын-жазушыларының ішінен Л.Н.Толстойды
қадір тұтып, ұстаз санағаны белгілі. Ол әсіресе өмірінің соңғы
жылдарында Толстойдың туындыларымен көбірек сырласып, рухани
жақындық іздеген. Сондықтан да оның шығармашылығына қатты
көңіл бөліп, ертегілерін, әңгімелерін аударды. Орыс әдебиетінен
Шәкәрім жасаған тәржімалар ХХ ғасырдың басындағы ұлт
әдебиеттерінің қарым-қатынасына, өзара әсер байланысына келіп
қосылған жаңа арна болып табылады.
Атап айтар бір жағдай қазақ аудармашылары көбіне мысал жанрын
аударуға ден қойды. Мысалды өлеңмен аударушылар да
(А.Байтұрсынов, Б.Өтетілеуов т.б.), қара сөзбен баяндаушылар да
(Ә.Бөкейханов, С.Көбеев, С.Дөнентаев) болған. Өлеңмен аударудың
хас шебері – Ахмет Байтұрсынов. Ол И.А.Крыловтың мысалдарын
аударып, 1909 жылы Петербургте “Қырық мысал” деген атпен
бастырып шығарды.
Ол көбіне мысалдың ішкі мағына-мәніне назар аударып, өз
ұлтының тұрмыс-тіршілігіне жақын, ұлтының санасын оятудың өзекті
мәселелерін көтеруге жарайтын мысалдарды іріктей отырып таңдады.
Сондықтан ол тәржіма жасаған мысалдар төл туындыдай қабылданып,
ел азаматтарының алдына салауатты сауалдар қойып, көкейдегі көп
сұраққа жауап та берді. Ахмет үшін мысал күрескерлік жолындағы ең
бір өтімді қару ретінде пайдаланылды. Өйткені ондағы айтылар ой,
тұжырымдалған түйін қабылдауға жеңіл, әрі қызғылықты сюжет
арқылы тез оқылып, есте ұзақ сақталады. Ахаң аудармасында Крылов
жасаған түйіннен алшақтап кетіп отыратын, кейде Крыловта
берілмеген тұжырымды өз жанынан қосып, өзгеше бір қорытынды
жасайтын тұстар жетерлік. Мұның себебі қалайда ұлтын
азатшылдыққа үндеген үнін жеткізуге деген ұмтылыс. М.О.Әуезов
“
Қырық мысалды” “қалың қазақ жұртшылығының алғашқы естіген
төңкеріс рухындағы сөзі”, - деп бағалаған. Ұлы жазушы Ахмет
Байтұрсыновтың И.А.Крылов мысалдарын аударғанда азаттықты,
бостандықты насихаттауды көздегенін және ол осы мақсат үдесінен
шыға білгенін тап басып таныған.
Ахмет Байтұрсынов көбіне мазмұн қуып, көркемдік, эстетикалық
мақсұттарды сырт қалдырды деуге болмайды. Ахаң мысалдың тілдік
сапасына, өлең өрнегіне қатты көңіл бөліп, көркемдік бейнелегіш
құралдарын әсте естен шығармаған. И.А.Крыловтан Спандияр Көбеев
те, Бекет Өтетілеуов те аударма жасағаны белгілі. Әртүрлі деңгейде
аударылған аттас мысалдар қазақ аудармашыларында кездесіп
отырады. Мәселен: “Аққу, шортан һәм шаян”, “Ат пен есек”, “Қасқыр
мен тырна”, “Қасқыр мен қозы”, “Шал мен ажал”, “Айна мен маймыл”,
“
Маймыл мен көзілдірік” мысалдарын Спандияр Көбеев те, Ахмет
Байтұрсынов та аударған. Абай тәржімалаған “Ала қойлар”, “Есекпен
бұлбұл”, “Қарға мен түлкі”, “Емен мен қамыс (шілік)”, “Бақа мен өгіз”
мысалдарын Ахаң да аударған.
Бекет Өтетілеуов, Спандияр Көбеевтің мысал аудармалары жайлы
арнайы зерттеулерде қаралып келсе, Ахмет Байтұрсыновтың
аудармашылығы енді ғана әдебиеттану ғылымында сөз бола бастады.
“Қырық мысалды” аударғанда Ахмет күрескерлік, ағартушылық
идеяларды алға тартуына байланысты көбіне еркіндеу кетіп отырса,
Лермонтов, Надсон, Жадовскаядан жасаған аудармаларында ол
көркемдік заңдылықтарға қайшы келмей, түпнұсқаға мейлінше жақын
болуын қалайды. Бәлкім, Ахаң бұл тұста өзге халықтың көркемдік
мұрасын насихаттап, өзінің туған әдебиетінің кәдесіне жарарлық үлгі-
өнеге таратуды да көздеген болар.
Қазақ әдебиетіндегі қайталанбас көркем аудармалар Мағжан
қаламынан да туған. М.Жұмабаев тәржімаларының ауқымы өте кең.
Ол орыс ақындарын ғана емес, өзге жұрт ақындарын да аударған.
“
Орман патшасы” өлеңнің астына “Гете – Жуковскийден” деген
қосымша атау келтірген. Аудармалар – ақынның творчестволық
ізденістерінің айғағы. Гетеден аударған “Айрылдым, сенен жан
сәулем” атты өлеңде Мағжан ұлы неміс ақынының ғашығына арналған
монологындағы трагедиялық лиризмнің шетін сетінетпей жеткізген.
Махабаттың мұңды әуезін Гейненің “Күннің батуы” өлеңінің
аудармасынан да сезінеміз.
Лермонтовтың “Сарғайып келген егін толқынданса” деген өлеңін
аударған Мағжан табиғат пен адам жарастығынан керемет үйлесімдік
тауып, жеріне жеткізе жырлайды. Орыс ақынының өлеңіндегі жанды
сурет қазақ ақынының тәржімасында түпнұсқадан кем түспестей
бейнеленген.
М.Ю.Лермонтовтың “Тұтқын” өлеңінің аудармасы – Мағжанның
орыс тілінің небір қыр-сырын, сан құбылған иірімдерін жетік білетін
және сол тілдің қазақ тіліндегі баламаларын дәл тауып қолданатын
шынайы шебер екендігінің нақты айғағы. Жуковский айтқан өлең
аудармасындағы хас таланттардың дүлділ жарысын осы аудармадан
тануға болады. Түпнұсқа авторының кескінді бейнелері, жанды
суреттері Мағжан аудармаларында қазақ оқырманының көз алдына сол
қалпы келе қалады.
А.Феттің “Шепот, робкое дыханье” деп басталатын атақты өлеңін
М.Жұмабаев еркін аударма үлгісімен аударған. Аудармаға “Біраз
Фетше” деп тақырып қойылуы осыны меңзесе керек. Еркін аударма
болғандықтан да өлең көлемі түпнұсқадан екі есе ұлғайған. Алғашқы
және соңғы шумақтар араластырыла аударылған.
Блок, Фет творчестволарымен таныса, тәржіма жасай отырып,
солардың рухында өлең жазған Мағжан ақын қазақ поэзиясына соны
сипат, европалық үлгімен астасқан өзгеше өрнек әкелді.
Жүсіпбек Аймауытов әйгілі “Мағжанның ақындығы туралы”
мақаласында: “Мағжан еліктегіш ақын, еліктеу – ақынға мін емес,
қандай көрнекті ақындар да алдыңғы ақындарға еліктемей жаза
алмаған. Романтик Мағжан символистерге, кейде сентименталистерге,
орыс ақындарына еліктеп жазса, бұл алданғандық, не адасқандық емес,
іздену соқпағына өзін-өзі салып, сан түрлі сырлы саздарды қазақ
поэзиясына әкелу әрекеттерінің басы еді. Орыс поэзиясындағы сол
кездегі әр түрлі ағымдар бағытын Мағжан жақсы бағдарлап, қазақ
поэзиясына енгізген…” деп жазады. Мағжан аудармалары өлеңмен
ғана шектеліп қалмайды. Ол М.Горькийдің “Сұңқар жыры”, “Жұртын
сүйген жүрек” (“Старуха изергиль”), “Ана”, “Темірді жұмсартқан ана”,
“Хан мен ұлы” әңгімелерінде қазақша тәржімалады.
Мағжан романтизмінің түп төркіні Батыстағы Байрон, Гейне,
А.Мицкевичтен, Ресейдегі Пушкин, Лермонтов, Баратынский, А.Блок,
М.Горькийден келіп шығады деген Жүсіпбек пікірі шындыққа
жанасымды екенін Мағжан шығармашылығы дәлелдеп отыр.
Романтизм демекші, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде
сыншыл реализммен қабаттаса осы әдісте өзіндік деңгейде көрініс
тапты. Кейінгі кезде біз бұл әдісті тек Мағжан шығармашылығына
қатысты сөз қылып жүргенімізбен, ол көптеген творчесвтолық
тұлғалардың шығармашылығынан берік орын тепті. Мәселен
Шәкәрімнің кең құлашты “Еңлік-Кебек”, “Қалқаман-Мамыр”
эпикалары, Сұлтанмахмұттың “Кеш”, “Жазғы қайғы”, “Түсімде”, “Жас
жүрек” өлеңдері асқақ романтизмнің озық үлгілері болып табылады.
ХХ ғасыр басындағы әдебиетіміздің дүниежүзілік әдебиетпен
байланысын айтқанда, Мағжан поэзиясындағы сентиментализм,
символизм сарындарының сол байланыс арқылы енгенін атауымыз
қажет. Аударма жасау барысында Мағжан орыс символистерінен өзіне
жаңа өрнек, үлгі іздеген. Жаңашылдыққа, әсемдікке жаны құмар ақын
өзі аударған шығармалардан қазақ құлағына тосын естілетін жаңа
тараптарды, сөз тіркестерін, ішкі мағынаны іздеп табады. Оны әрлеп,
жаңғыртып, жандандырып оқырманына жатсынбастай етіп ұсынады.
Жүсіпбек Аймауытов бағалағандай, Мағжанның төл шығармалары,
аудармалары қазақта бұрыннан бар әдістер мен тәсілдерге символизм,
сентиментализм ағымдарының элементтерін енгізіп, европалық
әшекейімен безендіре түсті.
Сонымен, тәржімалар арқылы әдебиетшілеріміз орыс және әлем
әдебиетінің озық үлгілерімен қазақ оқырманын таныстыра отырып,
қазақ тілінің мол мүмкіндіктерін де ашуға тырысты. ХХ ғасыр басында
жасалған тәржімалар әдебиетті кең өріске шығарып, өз бетімен
ізденуге жол ашты. Прозадағы сан-салалық тереңдік, суреткерлікке
баса мән беріліп, өлеңдегі әуезділік, ырғақ, ұйқас, айшықтау, құбылту,
бейнелеу тәрізді поэзияның көркемдік құралдары жетілдіріліп, поэзия
құдіретін айқындайтын әдіс-тәсілдердің әлем әдебиеті жеткен өресіне
бағыт ұстау қазақ әдебиетін жаңа бір белеске шығарғандай еді.
Достарыңызбен бөлісу: |