Әдеби сынның өркендеуі. ХХ ғасырдың бас кезіндегі жазба
әдебиетіміз күрт алға дамып, жанрлық жағынан да, көркемдік
тұрғыдан да жетіле түскен тұста әдебиетке деген талғам мен
танымның жаңа бір белеске көтерілгені талассыз шындық. Өскелең
елдердің өркениетті әдебиетінің өкшесін басып, өзіндік бетін
айқындай бастаған әдебиетіміздегі жетістіктерді бағалап, кемшін
тұстарын көрсету мерзімі өзінен-өзі келіп туындаған-ды. Мұнда қазақ
баспасөзінің орны ерекше болғанын ешкім жоққа шығара алмаса
керек. Онда жарияланған әдебиетке қатысты дүниелер насихаттық
қалыпта қалып қоймай, әдебиетімізге қатысты күрделі мәселелерді
көтерген көлемді мақалалар түрінде де көрініс тауып, әдеби танымның
маңызын арттырып, жанрлық жақтан салалана түсті.
Жазба әдеби сынымыздың қалыптасып, дамуы “Айқап” журналы
мен “Қазақ” газетіне тығыз байланысты. Бұған дәлел ретінде “Айқап”
бетінде 1912-1914 жылдардың аралығында отызға тарта өлең
жинақтары мен оқу құралдарына шағын рецензиялар, әдебиеттің түрлі
мәселелерін арқау еткен мақалалар, “Қазақтың” бетінде көрнекті сыни
мақалалар көптеп жарияланғанын атап айтсақ та жеткілікті. “Айқап”
мен “Қазақ” бетінде жарық көрген әдеби мақалалардың ішіндегі ең
көлемді де көрнектілеріне тоқтала отырып, сол тұстағы әдеби сын мен
әдеби танымның орнын бағалауға болады.
“Айқаптағы” қазақ әдебиетінің хал-жағдайын, дәстүрлі әдебиетіміз
бен жазба әдебиетіміздегі дәстүр мен жаңашылдық туралы ой қозғап,
ақындарымызға өткір талап қоя білген көрнекті әдеби мақала
Сұлтанмахмұттың қаламына тиесілі. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың
аса бағалы мақаласы – 1913 жылғы “Айқаптың” 19, 20, 22, 23 санында
жарияланған “Қазақ тіліндегі өлең кітаптарының жайынан”. Осында
жаңа сипатты әдебиеттің оқырман ойына ой салып, көкірек көзін аша
бастағанына нақты дәлел табамыз. Жаңа жинақтардың оқырманды
жаңа ойға бастаған міндетін әдебиетші-ақын тап басып таниды. Қазақ
ұлтының “оянып”, алға қарай ұмтылып келе жатқаны, жаңалық исін
сезіне бастағаны ақын-сыншыны қуаныш сезіміне бөлейтіндігін
байқау қиын емес. Ол кейбір жинақтардың көркемдік қуатын құрғақ
ойбай басып кеткендігін ашық айтып, замана өзгерісін ақындық
жүрекпен сезініп, жан тербейтін өрелі ойлармен өрілген өлең тудыру
керектігін түйіндейді. Өлеңнің басты шарты көркемдік, сондықтан да
сыртқы түр мен ішкі мазмұнының құйылып түсуі қажет екендігін
Сұлтанмахмұт басты талап ретінде қояды. Оның пікірінше,
шығарманың көркемділігіне орай айтар ойы, көтерер проблемасы
терең де нақты болуы керек. Сонда ғана ақын өлеңі діттеген жеріне
жетпек. Мақаладағы өлеңге қойылар талаптар поэзия тілімен
мөлдірете жеткізген Абайдың өлең туралы толғамымен ұштасып
жатқанын аңғару қиын емес.
Осы мақаласында Сұлтанмахмұт пікір айқындылығына қоса тіл
тазалығы үшін де күреседі. “Мен тілімізге шата тілдердің
шалмасуынан бегірек тілдің ағыны теріс бейімделіп, өріс алып бара
жатуынан қорқамын”, – деп қазақ тілі үшін дәл бүгін де өзекті болып
отырған мәселенің ұшығын шығарады. Қазақ поэзиясының сол кездегі
дамуы жайында сөз қозғай отырып, әрбір туындының соны әуен, тың
идеямен көрінуі шарт екенін айтады. Қазақ қаламгерлеріне Абай
поэзиясын үлгі етіп ұсынады.
Сұлтанмахмұт екінші мақаласы “Өлең мен айтушылар” да алғашқы
мақаласын толықтыра, әдебиет пен өнер жайлы пікірлерін бекіте
түседі. Ол көркемөнердің мәдениетке, үлгі-өнегеге баулудың ғылым-
білім сияқты маңызды құралы екенін айтады. Өнер мен өнерпаздың
қоғам өмірінде алар орнын белгілеп береді.
Сұлтанмахмұттың “Жаңа кітап” атты үшінші бір мақаласы 1913
“Айқаптың”
17санында
жарияланады.
Онда
ақын-сыншы
М.Дулатовтың “Азамат” жинағына сын жазып, ендігі әдебиетті сын
тезіне сап түзетудің, талғап-талдаудың бағыт-бағдарын ұсынады.
Сұлтанмахмұт мақалалары – сол кездің өзінде бүгінгі күнге дейін
өзекті болып отырған мәселелерді өткір қоюымен, насихаттаған
идеясын дәлелдеуімен бағалы да құнды.
“Айқап” журналында қарақыпшақ Қобыланды жырына рецензия,
М.Ғ. деген автордың “Тіл әдебиет”, Ғ.Мәмековтің “Өлең
жырларымыз” Ж.Әубәкірдің “Тіл уә әдебиетімізді сақтарға керек”,
Ж.Тілеулиннің “Баспасөз”, Е.Қасболатовтың “Баспасөзге қарсы”,
М.Тұяқовтың “Кітаптар жайынан”, “Роман жарысы туралы” тағы басқа
мақалалар жарық көрді. Бұлар жаңа да өскелең әдебиетімізге қатысты
көп мәселелерді әр қырынан қарастырып, кейбірі өрелі ойларымен,
салихалы пікірлерімен өзекті мәселелерді көтерсе, кейбірі биік
межеден көріне алмады.
“Айқап” журналымен қатар ”Қазақ” газеті де әдеби танымның
қалыптасуына зор үлес қосты. “Қазақ” газеті – шыққан күнінен бастап,
қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жанашыры ретінде үлкен эстетикалық
өреге көтеріле білген бірден бір басылым. Ондағы қазақ әдебиеті
жайынан жарияланған мақалалардың авторлары – Ахмет Байтұрсынов,
Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов т.б. ірі тұлғалар. “Қазақтағы”
әдебиет жайлы мақалалардың басты жетістігі – әдебиеттің күрделі
мәселелерін көтерумен бірге сол әдебиетті қалыптастырған басты
тарихи тұлғалар жөнінде де кейінгі ұрпаққа құнды мәліметтер
қалдыруы. Осы ретте Ахмет Байтұрсыновтың ұлы Абай жайлы жазған
“Қазақтың бас ақыны” атты мақаласы (“Қазақ”, 1913, N39, 40, 43)
әдеби ой-пікірдің ең озығы ретінде көзге түсетіндігін атап өткен жөн.
Бұл – қазақ сөз өнерінің ұлы тұлғасы Абай арқылы қазақ
әдебиетінің өткені мен бүгіні жайлы сөз қозғап, өлең сөздің қадір-
қасиеті жайлы толғаулы ой қозғаған алғашқы мақала. Онда Абай
шығармашылығына көркемдік-эстетикалық баға беріліп, қазақ
әдебиетіндегі болашақ Абайтанушыларға бағыт-бағдар, жөн-жосық
көрсетіледі.
Әрине, Ахметке дейін де баспасөз бетінде, кейбір жинақтарда Абай
туралы пікірлер жарияланып тұрды. 1909 жылы Абайдың Петербургте
шыққан өлеңдер жинағына Кәкітай Ысқақов “Абай (Ибраһим)
Құнанбай ұлының өмірі” атты алғысөз жазды. Бұл Абайды қазақ
оқырманына алғаш кеңінен таныстырған сөз еді. Ал ұлы ақын орыс
зиялыларына бұдан сәл ертерек танылды. Абай өмірі мен
шығармашылығының білгірі Қайым Мұхамедханов “Абайдың көзі
тірісінде оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған
адам – Әлихан Бөкейханов” екенін ерекше атап өтеді. Себебі “Россия.
Полное географическое описание нашего отчество” атты көп томдық
кітаптың 1903 жылы “Киргизский край” деген 18-томы жарық көреді.
Оның авторларының бірі – Әлихан Бөкейханов қазақ әдебиеті мен
өнері жайлы жазғанда “Абайға ерекше тоқтап, қазақ жазба әдебиетінің
көшбасшысы” атаған. 1905 жылы “Семипалатинский листок”
газетінде, 1907 жылы басылып шыққан “Записи Семипалатинского
Подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского русского
географического общества” деп аталатын кітапта Абай өмірбаяны
басылып шыққан, авторы – Бөкейханов. Абай туралы және бір мақала
1908 жылы татар тіліндегі “Уақыт” газетінің 393 санында
жарияланғанды. Мақала авторы Міржақып Дулатов болатын.
Жоғарыдағы мақалалардың қай-қайсы да өз кезеңінде Абайдың
ақындық жасампаздығын тануда біршама қызмет атқарғаны талассыз.
Абай творчествосын тану мен танытуда өзіндік орны бар
мақаланың бірі – Міржақыптың “Абай” атты мақаласы (“Қазақ”, 1914,
N67
). Ұлы Абайдың қайтыс болуына 10 жыл толғанына орай жазылған
бұл мақаланың мынадай басты құндылықтары бар. Бірінші – Абай
ақындығын, Абай мұрасын, Абайдың ұлылығын ұғынудың алғашқы
соқпағын салушылардың еңбегін көрсетіп, зерттеушілер есімін нақты
атауымен бағалы. Екінші – Абайдың қазақ әдебиетіндегі төрден алар
орнын көрсетудегі өзіндік пайымдауларымен бағалы.
Қашанда әділдік жақтаушысы, өзгенің еңбегін бағалауда тура
жолдан таймайтын Міржақып, осы мақаласында Абайды алғаш елге
танытушы Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов екенін баса
айтып, олардың Абайтанудағы тұңғыштық орынын нақтылай кетеді.
Қазақ жазба әдебиетіндегі көркем шығарманы бағалауға ұмтылып,
творчество адамының жетістігін танып, кемшін тұсын байқап,
оқушыға жөн-жоба сілтеуді мақсат тұтқан мақаланың бірі – “Сын”
(“Қазақ”, 1915, N121). Шәкәрім Құдайбердиевтің “Қалқаман-Мамыр”
поэмасын жан-жақты талдауға бағытталған Әлихан мақаласы –
Шәкәрім творчествосын танудағы бір белес. Бұл – сын жанрының
тууы көбінесе құнды көркем шығармалардың дүниеге келуімен
сабақтас болатындығының бір көрінісі. Мақалада “Қалқаман-
Мамырды” негізге ала отырып, ақындық творчество туралы, Абайдың
ақындық ерекшелігі жайлы орайлас ой да қозғалады. Автор
Шәкәрімнің ірі ақын, Абайдың орнын басар үмітті шәкірті екенін сөз
арасында білдіре кетеді. Әлихан Бөкейханов, ең алдымен, Шәкәрім
ақындығына жоғары баға бере отырып, шығармадағы тарихи шындық
пен көркемдік шындықтың жанасымдылығына біраз сын айтады.
Автор кейіпкер психологиясы, кейіпкер характерін ашудағы сезім
мен іс-әрекеттің байланысын түсіндіруге тырысып, Шәкәрім жырын
өз ойына өзек етеді.
“Қазақтағы” Әлихан “Сыны” – өз уақытына сай айтар ойы, берер
ғибраты мол мақала. Бұл – жалғыз “Қалқаман-Мамыр” ғана емес,
жалпы өлеңмен жазылған көркемсөз өнеріне деген өскелең талап
белгісі.
“Қазақта” жарияланған әдеби-сын мақалалардың ішіндегі
көріктісінің бірі – Міржақыптың “Манап” драмасы (“Қазақ”, 1914,
N82). Мақалада әдеби шығармаға қатысты екі мәселе қозғалып,
орынды пікір айтылады. Екеуі де өте керекті мәселелер, бірі –
шығармадағы шындық, екіншісі – аударманың тілі хақында. Автор
“Айқап” журналында жарияланған Лихановтың “Манап” атты
драмасының (1913, N14-21) аудармасын (аударған Мұхамедғали
Есенгелдин) талдау арқылы, осы екі мәселеге өзінің көзқарасын
білдіреді. Осы мақалада көзге түсетін тағы бір құндылық – автордың
газет-журналдың әдеби шығармаларды насихаттаудағы ролі жайлы
түйінді ойы. Міржақып газет-журнал тек көркемдігі жоғары
шығармаларға ғана орын беруі керек деп санайды. Әрбір көркем
шығармаға тән артық қасиет оның өмір шындығын көркемдік шындық
ретінде бере алуы десек, Міржақып “Манап” драмасына талапты осы
тұрғыдан қоя білген. Шығарма жазушының өзі жеткілікті білмейтін,
өзіне таныс емес халық туралы терең зерттеп, әбден танып-біліп
алмай, шығарма жазуын Міржақып қатты айыптайды.
Мақала авторы көркем шығарма мен жазушыға қояр сапалық
шеберлік талаптары арқылы жазба әдебиетінде драма жанры жаңа
қалыптаса бастаған қазақтың сөз өнерін игере бастаған жазушыларына
нақты кеңестер беріп, жөн сілтейді. Автор “Манапты” аударушының
тіліндегі түйткілдерді шеней отырып, жалпы аударма мәселесіне
қатысты ойларын да ортаға салады.
Бір сөзбен айтқанда, Міржақыптың “Манап драмасы” мақаласы –
қазақ әдебиетінің көкейтесті көп мәселесін көтерген, оның шешуін
табуға ұмтылған көрнекті мақалалардың бірі. “Қазақта” жарияланған
Міржақып сынымен “Айқапта” жарияланған Сәкен сынындағы
(1914, N23)
бұл драма жайлы ой-пікірлердің үндес, орайлас шығып
жатуы қазақ әдебиетіндегі сын жанрының қалыптаса бастағанын
танытса керек.
Райымжан Марсековтің “Қазақ” газетінің 1915 жылғы 15 және 19
марттағы сандарында “Қазақ әдебиеті жайынан” деген атпен басылған
мақаласы жалпы қазақ әдебиетінің тарихына шолу іспетті. Яғни қазақ
әдебиетінің өткен жолы мен бүгінгісін саралай, сараптай көрсетуді
мақсат тұтқан. Мақаланың басты құндылығы да қазақ әдебиетін
дәуірлеуге алғаш қадам жасауы. Марсеков қазақ әдебиетін үш дәуірге
жіктеп алып, әр дәуір ерекшелігін тануға тырысады.
Қазақ әдебиетіндегі драмалық шығармаға жазылған алғашқы
сынның бірі – Міржақыптың “Надандық құрбаны” (“Қазақ”, 1916,
N177). М.Дулатовтың пікірлері орындылығымен, Көлбай драмасының
осал соғар тұстарын көрсете алумен құнды. Сонымен бірге автор
Көлбай драмасының негізгі кемшілігі оқиғалар сенімсіздігінде деп
біледі. Бұған бірнеше дәлелдер келтіргенмен, осы дәлелдер кейде
орнын таппай жатады. К.Тоғысовтың бұл драманы өмірден алынған
оқиға негізінде жазғаны талассыз. Ал өмір шындығы қаншалықты
нанымды шықты, ол – өз алдына басқа әңгіме. Міржақыптың бұл
мақаласы – “Қазақ” газетінде кей-кейде сыңаржақ пікірлі сындардың
болып тұратынының көрінісі.
Әдебиет жайлы таным-талғамның қалыптасуына бастау болатын
құнарлы мақаланың бірі – Арысұлының “Роман не нәрсе?” атты
мақаласы (“Қазақ”, 1914, N48). Бұл – қазақ әдебиеттану
ғылымындағы Шоқан Уәлихановтың қазақ өлеңдерінің түрін
қарастырған ізденісінен кейінгі қазақ әдебиетіндегі жанр жайын сөз
еткен мақала.
Мұнда автор роман жанрының ерекшелігіне, оның жанр
табиғатынан туындайтын көркемдік шарттарына тоқталады. Осынау
жанрдың өзге, озық кеткен елдердегі дамуына көз салып, осы саладағы
үлкен жетістіктерге жеткен атақты жазушыларды, олардың
шығармаларын мысалға келтіреді. Европа, орыс жазушыларының
шығармаларымен жақсы таныс автор Вальтер Скотт, Чарльз Диккенс,
Теккерей, Пушкин, Гоголь есімдерін атап қана қоймай, олардың
шығармаларын сөз ете отырып, роман жанрының қалыптасу тарихын
саралайды. Сонымен қатар, бұл жанрдың қазақ то-пырағында туа
бастағанын қуана құптайды. Қазір бүркеншік есіммен жазылған
мақала кімдікі екендігі туралы әрқилы пікірлер болғанымен, біз мақала
авторы қазақ әдебиетінің білгірі Ахмет Байтұрсынов деп білеміз.
ХХ ғасырдың бас кезінде ауыз әдебиетінің асыл мұраларын жинап
бастыру ісі де күрт жандана бастады. Соның алғашқы
қарлығаштарының бірі – Махмұтсұлтан Тұяқбаев шығарған “Қара
қыпшақ Қобыланды” жыры. Кітаптың жарық көргенін “Қазақ” газеті
қуана хабарлайды. Сонан соң осы кітапқа арналған Әлихан
Бөкейхановтың мақаласын жариялады.
“Қазақтың” 1915 жылғы 126-129 сандарында жарияланған “Қара
қыпшақ Қобыланды” атты көлемді мақала қазақ ауыз әдебиетіне
қатысты көп мәселелерді қамтыған. Сондықтан да бұл – белгілі
шығарма сынынан гөрі зерттеушілігі басым мақала. Мақала авторы
“тасқа басылған” жырды негізсіз даттаудан аулақ. Ол
“Қобыландының” көркем тұстарын жырдың қазақ өмірі мен тұрмыс
салтының айнасы іспетті көркем суретті жолдары арқылы көрсете
білген. Әлиханның осы мақалада кітап бастыру ісін арнайы көңіл
бөліп қарастыруы, өркениеттікке қадам басқандық белгісін танытады.
Осы тұрғыдан қарасақ, Ә.Бөкейханов қозғаған мәселелер – осы
жырға ғана қатысты емес, кейінгі басылар сан кітапқа бағыт-бағдар
сілтеп, жөн-жоба ұсынған нақты бағдарлама іспеттес.
“Қазақ” газетіндегі әдеби-сыни материалдарды жинақтай келе, бір
мақалаға айырықша көңіл аудару қажет-ақ. Ол – “Әдебиетімізге көз
салу” атты мақала (“Қазақ”, 1916, N164). Мақала авторы “Н” деген,
бүркеншік есіммен қол қойған.
“Әдебиетімізге көз салу” кең көлемдегі мақала деуге болады.
Мұнда әдебиеттер байланысы, бір-біріне әсері, үйрену, тәжірибе
мектебі, дәстүр мен жаңашылдық жан-жақты сөз болып, қазақ
әдебиетінің бағыты қандай болуы керек деген өткір сұрақ төңірегінде
ой қозғалады. Қазақтың жазба әдебиеті жаңа қалыптасып келе жатқан
жас әдебиет, ендеше ол кімнен үйрену керек, кімге қарап түзелу керек
деген мәселеде автор ойы айқын. “Әдебиетімізге көз салу” қазақ
әдебиетінің келешекте жүрер жолын саралай келіп, әдебиет
турасындағы “Қазақ” газетінің ұстанған бағытын көрсетуге тырысқан
мақала болғандықтан, программалық міндет атқарып, әдебиеттің
өрлеу, өсу, даму жолын бағдарлап, ұлттық дәстүрін сақтап, жаңа-
шылдығын арттыруға жөн сілтегендей мақсатта жазылған.
Жалпы алғанда, “Айқап” журналы мен “Қазақ” газеті бетіндегі
әдебиетке қатысты материалдар қазақ әдебиетін қай қырынан сөз
етпесін, төл әдебиетіміздің ұлттық табиғатын жоғалтпай, өзіндік
болмысын сақтауын көздегені, әдеби шығармаларды бостандық пен
азаттықтың шамшырағына айналдыруға талаптанғаны сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |