Өмірзақ айтбайұлы


мЕмлЕКЕттіК тіл ЖӘНЕ Ғылым тілі



Pdf көрінісі
бет21/27
Дата05.02.2017
өлшемі1,46 Mb.
#3428
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   27

мЕмлЕКЕттіК тіл ЖӘНЕ Ғылым тілі 
Қазақтың  халық  болып  қалыптасуынан  әлдеқайда 
бұрын  дана  бабамыз  әл-Фараби  кейінгі  ұрпақтары  –  мына 
біздерді  ойлап,  «Аспанды  жерге,  ғылымды  елге  (халыққа) 
жақындатсам  деп  едім»  деп  армандаған  екен.  Осы  арман 
бағамдап  қарасақ,  адамзаттың  үмітін  қоздатып,  адам 
баласын алға сүйреп келе жатқандай. Қазақ, қазақ болғалы 
да,  тарих  тәлкегі  мен  талқысына  түсе  жүріп,  арман  жібін 
үзбей  мына  күнге  жеткен.  Сонда  оның  аракідік  ғылымға 
да  қол  созған  кезі  көп  болған.  Соның  нәтижесінде  әлем 
мәдениетіне  ол  да  өз  үлесін  қосқан.  Орхон-Енесей 
ескерткіштері,  Күлтегін,  Білге  Қаған,  Мұхамед  Хайдар 
Дулати,  Махмұт  Қашқари,  Қадырғали  Жалаири,  Ахмет 
Яссауи,  Бабыр,  Ыбырай  Алтынсарин,  Шоқан  Уәлиханов, 
Абай  Құнанбаев  т.т.  Ал  жаңа  заман  заңғарлары  –  А.  Бай- 
тұрсынұлы, М. Дулатұлы, Х. Досмұхаметұлы, Ә. Бөкейхан-
ұлы, Т. Рысқұлұлы, С. Қожанұлы, С. Садуақасұлы, Н. Төре-
құлұлы,  М.  Жұмабайұлы,  Ш.  Құдайбердіұлы,  Қ.  Қуанұлы,  
М.  Омарханұлы,  Қ.  Имантайұлы  т.т.  толып  жатқан  зиялы-
лардың қай-қайсысы да осы бір арман-үміт атты тұлпардың 
жалынан  мықтап  ұстаған.  Бұлардың  көбі  ғылым  тереңіне 
үңіле отырып, қайтсек тілімізді соның айбынды құралына, 
кемел  қызметшісіне  айналдырамыз  деп  сарсылған  да  түрі 
бар.  Мұны  біз  бұлардың  қалдырған  мұрасына  көз  тіккен 
сайын байқаймыз.

293
Алақұйын  заманалар  алмаса  келе  тілімізді  сан  саққа 
салып,  талай  «тар  жол,  тайғақ  кешуден»  өткізіпті.  Сөйтіп 
әлем  тілдерінің  қай-қайсысымен  де  теңдесе  алар  мәреге 
жеткізіпті.
Бірақ,  өкінішке  орай,  осы  ұлы  мұраны  кейінгі  ұрпағы 
аялап  тұтына  алмай,  қажеттілігін  сезіне  алмай  өгейсіне 
түскен.  Өрелі  әрекеттер,  өресіз  ықыласқа  килігеді  де, 
қазіргі  қазақ  тілінің  орта  жолда  оқтығы  шығып,  дөңгелегі 
сынып  қисайып  қалған  көне  арбадай  шиқылдап  тұрған 
жайы  бар.  Қисайғанды  түзетейік,  сынғанды  салдырайық 
дегендей  нақты  әрекетке  барар  ағайынның  саны  жыл-
дан-жылға  азаймаса,  көбейер  түрі  жоқ.  Тіл  сүйерлер  емес,  
тілден  безерлер  қатарын  дамылсыз  молайтып  отырғаны- 
мызды көрсек те, көрмегендей болу екен ең қиыны.
Міне,  осындай  күйде  күн  кешкен  тіліміздің,  әйтеуір 
әупірімдеп,  мемлекеттік  мәртебеге  жеткеніне  шүкіршілік 
етесің.  Етесің  де,  мәртебеленіп  отырған  тіліміздің  сол 
деңгейдегі  шарттары  түгел  ме  деген  сауалға  жауап  іздеп 
сарсыласың. Мемлекеттік тілдің жалын күдірейтіп көрсетер 
бір тармағы – ғылым тілі дейтін болсақ, мұның да әңгімеге 
арқау болар ауыр жүгі жетерлік! Шешім күтер мәселесі де 
толып  жатыр.  Әрбір  тілдің  айшықтанар  әлденеше  ондаған 
қызметінің ішінде ең күрделі де қиын түрі осы ғылым тіліне 
келіп тіреледі. Ал екінші Ұстаз айтқан ғылымның халыққа 
жақындауы,  ең  алдымен,  осы  тілге  тікелей  байланысты 
екенін ұғар ұрпақ сыңайы әлгіндей.
Баз біреулер ғылым атаулыны қазақтардың пешенесінен 
тыс тылсым дүние есебінде танығысы келеді. Ондайлардың 
түсінуінше,  ғылым  тек  орыс  немесе  Еуропа  тілдерінде 
дамыған,  сондықтан  сол  тілдерде  жасалып,  қалыптасқан 
ұғымдар  мен  түсініктерді,  жеке  сөздер  мен  атауларды 
солардан  мұртын  бұзбай  қабылдаған  тіл  ғана  ғылымға 
қызмет  ете  алады  деп  ұғатын  тәрізді.  Мұның  мүлде  қате 
пиғыл  екенін  біздің  ғылым  тарихы  әлденеше  дәлелдеген. 
Арғы  жағына  бармай-ақ,  бергі  70  жылдың  шамасында 
көрініс берген тіл қолданыс тәжірибеміздің өзі бұл жөнінде 
көптеген оң мысалдар ұстатады. Бір қиыны, зерттеушілердің 

294
дені өз ана тілінде емес, өзге тілде оқып, тәрбиеленгендік-
тен,  осы  жалған  түсінік  жетегінде  кетті.  Тіпті  кешегі 
кеңестік тәрбие пешенесіне мөр боп таңбаланған қайсыбір 
зиялыларымыздың  арасында  да  әлгіндей  қасаң  пиғылдан 
арыла алмай жүргендері бар. Ана тілінде де ғылыми зерттеу 
жұмыстарын  жүргізуге  болатыны  ондайларды  ойландыра 
қоймайды.  Әсіресе,  қоғамдық  ғылымдар,  биология,  ма-
тематика,  медицина  ғылымдары  саласында  еңбек  еткен 
бірен-сарандар  болмаса,  қазақ  ғалымдары  ізденістерін  кө-
бінесе  орыс  тілінде  өрбітті,  өрбітіп  келеді.  Міне,  осының 
салдарынан  өзге  түгілі,  оқымыстыларымыздың  өзі  зерттеу 
жұмыстарын  қазақша  жүргізуді  қиынсынатын  «дәрежеге» 
жетті. Осыдан келеді де қазақта ғылым тілі бар ма, жоқ па 
деген мәселе туындайды.
Баз біреулердің тілге деген «патриоттық сезімі» ерекше 
ойнап,  «бұл  қалай,  қазақ  жазуын  сонау  Орхон–Енисейден 
бастауға талаптанып жүргенде ғылым тілі неге жоқ болсын 
бізде» деп өрепкиді, екіншілер, «бұл жерде түсінісіп алатын 
жайлар  әлі  көп»  деп  дәлел  ұсынғысы  келеді.  Біз  осының 
себеп-салдары ғылыми түрде дәлелдеп шығу жағындамыз.
Шынында,  ғылым  тілінің  қазіргі  жағдайы  қалай  осы? 
Және  мұны  дамытатын,  қалыптастыратын  не?  Міне,  осы 
сауалдардың  жауабын  іздеу  арқылы  біз  біраз  мәселенің 
басын ашуға мүмкіндік алсақ керек.
Сонымен,  қазақ  тілі  ғылым  тіліне  айналды  деп  тұжы-
рымдау үшін, біз ғылым мен білімнің барлық саласы бойын-
ша  талапқа  сай  қанағаттанарлық  жауап  табуымыз  керек. 
Дағды  бойынша  қоғамтану,  жаратылыстану,  техникатану 
деп  санамалап  қарап,  үйірлеп  топтап,  саралайтын  болсақ, 
осылардың  ортасынан  ойып  алып,  қоғамтану  саласы 
бойынша ғана ғылым тілі нышанын әңгіме ете алатын жағ-
дайда екенбіз. Оның өзінде де ауыз толтырып айтарлықтай 
мысалды тек тіл мен әдебиет саласынан ғана таба аласыз. 
Ал  заңтану,  пәлсапа,  педагогика,  психология,  театр, 
кинотану, өнертану, бейнетану т.т., тіпті тарих, этнография, 
археология салаларының өзінде зерттеулеріміз толық қазақ 
тілінде  жүргізіліп  жатыр,  ғылым  тілінің  нышанын  біл- 

295
діретін мынадай еңбектер мол деп ауыз толтырып айта қою 
әзірге  қиын.  Тұнып  тұрған  тундра.  Рас,  ондаған  терми-
нологиялық  сөздіктер,  оқулықтар,  оқу  құралдары  бұл  жө-
нінде әрекетсіз емес екенімізді танытады.
Алайда бұл ғылым тілін қалыптастырды дейтіндей пікір 
жүгін көтере алмайды.
Сонда қазақ тілінің ғылым тіліне айналуы үшін не қажет;
Нендей шарттар мен талаптар қажет?
Бұл біріне-бірі тығыз байланысты, бірінен-бірі туындап 
жататын  бірнеше  мәселенің  басын  қарайтады.  Олар  мы-
налар:
1.  Ғылым  атаулының  барлық  салалары,  тармақтары  бо- 
йынша  ғылыми  зерттеу  жұмыстары  қазақ  тілінде  жүргі-
зілуі  тиіс.  Бұл  жөніндегі  біздің  жағдайымыз  қалай? 
Шындығына  келсек,  ғылымның  қайсыбір  салалары  (тіл 
білімі  мен  әдебиеттану,  кейінірек  биология,  математика) 
бойынша  жүргізілген  кейбір  зерттеу  жұмыстары  болмаса, 
басқа  ауыз  толтырып  айтар  еңбектер  көп  емес.  Тек 
50-60-жылдардан бері қарай ғана тіліміз ғылымның көпте-
ген салаларына қызмет ете бастайды. Алайда мұның ешқай- 
сысының  өзіне  тән  терминологиялық  жүйесі  жасалып, 
қалыптасты деп айта алмаймыз.
2. Білімнің барлық жүйелері бойынша мектеп, орта және 
жоғары  оқу  орындарына  арналған  төл  (аударма  емес)  оқу- 
лықтар  мен  оқу  құралдары  жазылып,  қалыптасуы  тиіс. 
Құдайға шүкір, бар. Алайда мұнда да, біз, жоғарыдағыдай 
ала-құла жайтты байқаймыз. Бірінде тәп-тәуір, екіншісінің 
тілі  не  қазақша,  не  орысша  екені  белгісіз,  үшіншілерінде 
мұндай  да  еңбектер  түзілмеген.  Қазақша  деген  оқулықтар 
мен  оқу  құралдарының  өзді-өзіне  ғана  тән  ерекшеліктерін 
танып-білу тіпті қиын.
3.  Ғылым  тілі  ретінде  қалыптасатын  тіл  –  ғылым  мен 
білімнің  барлық  салаларының  ең  әуелі  құрылымдық  қаң-
қасы  боларлық  терминолгиялық  жүйесі  жасалуға  тиіс.  Ол 
үшін  лексикографиялық  жұмыстар,  яғни  терминологиялық 
сөздіктер  көптеп  түзілуі  керек.  Ал  бұл  жөнінде  не  айта 
аламыз?  Әрине,  сөздік  түзу  жөнінен  құр  алақан  емеспіз. 

296
Сонау  20  жылдан  бері  қарай  түзіліп  келе  жатқан  екі  тілді 
терминологиялық  сөздіктер  тіліміздің  ғылымға  қызмет  ету 
қабілетін едәуір арттыра түскені мәлім. Бірақ мұнда да күні 
бүгінге дейін даулы мәселелер көбейе түспесе, азайған жоқ.
4. Тілдің ғылымдана түсуіне қажетті ең басты шарттың  
бірі  –  ғылыми  ізденістер  мен  сөйленістердің  бәрінің  қазақ 
тілінде жүргізілуі дер болсақ, бұл турасындағы табысымыз 
да шамалы. Сол баяғы тіл білімі мен әдебиеттану ғылымы 
салалары  бойынша  ғана  сұранысқа  жауап  бере  алатын 
үлгілер бар.
5. Бірен-саран болса да жарық көрген ғылыми еңбектер-
ді  саралап  байқасақ,  мынау  мына  ғылымның,  анау  ана 
ғылымның  өзіне  ғана  тән  қалам  сілтесін  баяндау  тәсілін, 
стильдік  өрнегін  танытады  дейтіндей  бұлтартпас  айғақты 
мысалды табу өте қиын. Яғни ғылыми стильдің аражігі әлі 
айқындала қойған жоқ.
6.  Сондай-ақ  ғылым  тілін,  ғылыми  мәтін  (текст)  стилін 
тарам-тарамымен  талдап  беретін  арнайы  ғылыми  барлау 
еңбектері  тағы  жоқ.  Бір  де  бір  ғылым  туралы,  бір  де  бір 
ғылымның  өзіндік  зерттеу  мақамы,  қалам  сілтесі  жайында 
жазылған зерттеу жұмысын қолға шам ұстап табу қиын.
7.  Әдеби  тіліміздің  ғылыми  қолданыс  құралы  ретінде 
барынша  жандана  түсетін  ортасы  –  Ғылым  ордасы.  
Иншалла, бір кезде Ұлттық Ғылым академиямыздың құра- 
мында  отыздан  астам  ғылыми-зерттеу  институт  бар  еді. 
Оның  әрқайсысында  кем  дегенде  бірнеше  жүзден  ғылыми 
қызметкерлер  (сырттан  ізденушілер  мен  аспиранттарды 
қоспағанда)  жұмыс  істейтін,  бұлардың  қазіргі  халы 
екіұдай.  Жаңадан  шаңырақ  көтеріп,  өз  алдына  отау  тігіп 
жатқан  салалық  Академиялар  мен  ғылыми  мекемелер 
қаншама!  Осының  бәрінде  қазақ  тілі  ғылымның  қаже-
тіне  жаратылып  жатыр  ма?  Бұларда  ана  тілге  деген 
мұқтаждық,  қажеттілік  мүлде  сезілмейді.  Айтулы  ғалым- 
дарымыздың  өзі  халқымыздың  абыройын  асқақтатар  жа-
ңалықтар  мен  ой-пікірлерін  қазақ  тілінде  емес,  көбінесе 
орыс  тілінде  жазғанды  артық  санайды.  Өйткені  олардың 
көзін ашқалы бергі көргені қазақ жазуы емес, орыс жазуы. 

297
Сондықтан оларды кінәлаудың де қисыны жоқ. Тиіп-қашып 
қазақша жазылған бірді-екілі ғылыми еңбектер ғылым тілі 
дейтін күрделі де қызық саланың жүгін көтере алмайды.
Сондай-ақ  қазақ  мәдениетінің  тарихында  азғана  мерзім 
ішінде,  атап  айтқанда,  небәрі  он-он  бес  жылдың  айнала- 
сында  үш  жазу  алмасты.  Жазудың  тұрақсыздығы,  сауа-
тымызға  нұқсан  келтіргені  мәлім.  Ол  ғылыми  тілдің  де 
дамуына кері әсерін тигізді.
Міне,  осы  айтылған  мәселелердің  өзі-ақ  біздің  қазақ 
қауымында  өзінің  толық  мәніндегі  ғылым  тілі  қалыптасты 
деп айту қиындау екенін дәлелдесе керек.
Баз  біреулердің  Қазақ  энциклопедиясы,  он  томдық  Тү- 
сіндірме  сөздігі,  бес  томдық  Қазақ  Республикасының 
тарихын,  әр  алуан  монографиялық  еңбектерді,  түрлі  ғы-
лыми басылымдарды т.т. тіліне тиек етіп, бізде ғылым тілі 
әлдеқашан жасалды, оның басы-қасында А. Байтұрсынұлы 
сынды  асқан  тұлғалар  тұрды  деп  өрепкуі  әбден  ықтимал. 
Бар  нәрсені  бағаламай,  табысымызды  тәркілеуден  біз  де 
аулақпыз.  Бұлар  сөз  жоқ,  ғылым  тілінің  жүйелене,  қалып-
тана түсуіне негіз болар орны, жөні бөлек бағалы дүниелер.
Бұл  жерде  арнайы  тоқталуды  қажет  ететін  бір  мәселе 
бар. Ол Ахмет Байтұрсынұлы және оның айналасы жөнінде. 
Қазақ  мәдениеті  мен  ғылымның  тарихында  бұлардың 
есімдері  алтын  әріппен  жазылары  хақ.  Неге  десеңіз,  қазақ 
ғылымының  еңсе  көтеруіне,  саралануына  негіз  болатын 
терминдік сөздер жүйесінің жасалу, қалыптасу тарихын сөз 
еткенде,  әсіресе,  Ахаңды  айналып  өту  тіпті  мүмкін  емес. 
Ана тілінде тұңғыш сауатын ашып, қазақ тілі дейтін пәнді  
оқыған  қазақ  зиялыларының  бір  де  бірі  тайға  таңба  бас-
қандай  анық  та  дәл,  ұғынықты  сипатталатын  терминдік 
жүйені тірек еткен заңдылықтарды ұмыта алмайды. Себебі 
мұнда  әр  алуан  мағынаны  арқалап  тұрған  даралық  сипат- 
тағы  атау  сөздерінің  бәрі  Ахаңның  асқан  білгірлігінің 
нәтижесінде пайда болған. Қаншама сүзгілесең де, қайталап 
соқпайтындай  етіп  мүсінделген  бұл  терминдер  жүйесі, 
шынында  да,  әлі  күнге  мызғымай,  сауатымыздың  жетіле 
беруіне қалтқысыз қызмет етіп келеді. Сонымен бірге елдің 

298
еңсе  көтеруі  жаппай  сауат  ашуға  тікелей  байланысты  деп  
сенген Ә. Ермеков, М. Дулатұлы, Е. Омарұлы, Қ. Жәлелұлы, 
Ж.  Аймауытов,  М.  Жұмабаев,  С.  Қожанов,  Қ.  Жұбанов 
сынды  бекзаттардың  қай-қайсысы  да  А.  Байтұрсынұлы 
үлгісін  жетекшілікке  алып,  әр  алуан  оқулықтар  жазып, 
ғылыми  танымдық  мәні  бар  мақалалар  жариялап  отырған. 
Бұдан  бергі  жерде  де  оқу-ағарту  ісіне  мән  берілуіне  орай 
ғылым  мен  мәдениеттің  өркендеуіне  тікелей  себі  тиген 
әрекеттер болды. Оның бәрі жұртшылыққа мәлім. Дегенмен, 
бұл жерде саралап түсініп алатын тұстар баршылық.
Ғылыми тілдің негізгі тірегі – терминдік жүйенің жасалу  
барысы  ешқандай  талас-тартыссыз  тып-тыныш  өтпейтіні 
мәлім. Мұны да есепке алып отыру керек. Алғашқыда, яғни 
20-30-жылдарда қазақ тілінде термин жасау процесі А. Бай-
тұрсынұлы үлгісінше жүріп жатты. Ол қандай үлгі еді? Ол –  
атау  сөздерді,  яғни  терминдерді  жасап,  тұрақтандыруда 
негізінен қазақ тілінің өз сөз байлығын барынша іске қосу 
болатын.  Ол  кезде  түзілген  сөздіктерге  үңілсек,  біз  осыны 
аңғарамыз.  Өз  байлығымыз  өз  қажетімізді  өтеп  жатыпты. 
Бұл  жерде  тілдің  қауызын  ашып,  тінін  түре  арши  білген 
айрықша  білгірлік  нышаны  байқалады.  Жоғарыда  аталған 
зиялы  қауым  түгелімен  ана  тіліне  осылайша  адал  қызмет 
еткен.  Тіліміздің  бар  қадір-қасиетін  зергерлерше  зерделеп, 
небір ғажайып терминдерді қатарға қосып кеткен. 
Бірақ  осыған  қарамастан,  А.  Байтұрсынұлының  өзін  де  
қазақтың  ғылым  тілін  түбегейлі  жасап  кетті  деп  айта  ал-
маймыз.  Ол  ғылым  тілін  қалыптастыруға  негіз  болатын  
үлгіні ғана жасап үлгерді. Оның өзі жоғарыда аталған екі ғана 
сала  бойынша.  Міне,  осы  үлгіні  негізге  ала  отырып,  қазақ 
қауымы, ғылыми әлеумет ғылым дейтін ауқымы мейлінше 
кең  зәулім  орданың  сала-саласы  бойынша  іліп  әкетіп, 
терминологиялық жүйені жасап жатса және барлық ғылыми 
ізденістер  мен  зерттеулер  жаппай  қазақша  жүргізіліп, 
стильдің  өзіне  ғана  тән  табиғаты  қалыптасатындай  мүм-
кіндік жасалып жатса ғана ғылым тілі жөнінде келелі әңгіме 
қозғауға болар еді. 
Ал патриоттық сезім нәтижесінде анда-санда жарық кө- 
ріп, ел қолына бірде жетіп, бірде жетпей шөліркетіп тұрған 

299
бірен-саран  монографиялық  зерттеулер,  оқулықтар  мен 
оқу  құралдар,  мақала,  баяндамалар  ғылым  тілі  дейтін 
ірі  де  іргелі  проблеманың  жүгін  көтере  алмайды.  Біз  бұл 
пікірімізді  біреудің  шамына  тиіп,  мәселенің  шын  сыйқын 
көрмей-білмей  айтып  отырған  жоқпыз.  Біраз  жылдан  бері 
осы  мәселені  жан-жақты  қарастырып,  не  бар,  не  жоқ,  не 
қажет  деген  жайларды  тексере  келгендегі  тұжырымымыз, 
бұл.  Әрине,  біз  бұл  пікірді  талқылауға  салуға  болмайтын 
ақтық ақиқат ретінде ұсынудан аулақпыз. Зерттеп, шындық 
шегіне жетейік дейтіндерге жол ашық. Бет жыртысуға емес, 
пікірталасына бармыз! Жұртқа өзімдікі жөн дегенді жеткізу 
үшін  біреудің  пікірін  тәлкек  етудің  жөні  жоқ.  Ғылыми 
ізденістер  нәтижесінде,  деректерді  алға  сала  отырып,  дә-
лелденіп жатса, ғылымның да, ғалымның да мерейі үстем!
Сонда  ғылым  тілі  дегеніміз  не  өзі,  ол  әдеби  тіліміздің 
қай  даму  сатысында  көрінетін  сала?  Бұл,  біздіңше,  және 
көптеген  тілдер  тарихынан  байқалатындай,  әдеби  тілдің 
дамыған, кемелдене бастаған тұсына тән құбылыс! Еуропа 
тілдеріне  ертерек,  орыс  тілінде  XIX  ғасырдың  II  жартысы 
т.б.  жағдайлар  бізді  осындай  ойға  жетектейді.  Ал  қазақ 
тілінің  даму  тарихына  үңілсек,  алуан  түрлі  жағдайларды 
байқаймыз.  Ол  үшін  әдеби  тіл  категориясының  өзін  анық-
тап  алуға  тура  келеді.  Бұл  жөнінде  қазақтың  небір  кемел 
сөз  зергерлері  мен  ғалымдары  кейінгі  өрелі  ойларға  өзек 
болар  толғақты  тұжырымдарын  айтып  кеткен.  Олардың 
бәрінен  үзіп-жұлқып  үзінді  алып,  әңгімені  ұзата  берудің 
мәні  болмас.  Сонда  көбінің  тоқтайтыны  қазақтың  жазба 
әдеби тілі Абайдан бері қарай өріс алды деген пікір. Ал екі 
сөзінің бірі ғылым туралы Ұлы Абайды ғылым тілін жасады 
деп  айтуға  тағы  да  ешкімнің  аузы  бара  қойған  жоқ.  Бұл 
кісіден бергі жердегі әдеби тіліміздің шоқтығын биіктеткен 
тұлға, әрине, Ахмет Байтұрсынұлы. Оның өзі және төңірегі 
ғылым тілінің тұғырын тұрғыза бастаған тұсында мақсатты  
мәреге жете алмай, опат болып жатты. 
Әдеби  тіліміздің  шарықтай  түсуі  Ахмет  дәуірімен  тоқ-
тап  қалған  жоқ.  М.  Жұмабаев,  Ж.  Аймауытов,  Б.  Майлин,  
С.  Сейфуллин,  І.  Жансүгіров,  Ж.  Аймауытов,  М.  Әуезов,  
Қ. Жұбанов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, С. Еру-

300
баев сынды халқымыздың ары мен абыройына айналған сөз 
зергерлері әдеби тілді бұрын жетпеген биікке көтерді. Сөйтіп 
көркем әдебиет тілі өзінің шарықтау шегіне жетті. Кезінде 
ғылыми ой-сананы қалыптастыра түсер мақала, кітапшалар 
жазғанмен, бұлар да ғылым тілін жасай алған жоқ және бұл 
мәселе олардың тікелей міндетіне де жатпайтын. Дегенмен 
20-30-жылдары  басталған  әр  алуан  әрекеттер,  оқулықтар, 
оқу құралдары, сөздіктер және сан түрлі шаруашылық пен 
ғылым  салалары  бойынша  түсініктеме  түрінде  жазылған 
әрқилы  сападағы  қазақ  тіліндегі  еңбектер  ғылым  тілі 
ордасына бет түзеген алғашқы нышандар болатын. 
70-80-жылдың  ауқымында  қазақ  тілінің  терминдік  жү-
йесі  неше  алуан  жасалу,  қалыптасу  кезеңдерін  бастан 
кешкені  мәлім.  Қазақ  тілінің  қақпасын  айқара  ашып 
тастағанымыз  соншама,  жат  сөздер  мен  атаулар  легі  күні 
бүгінге дейін толастамай келеді екен. Сонда есептеп қарасақ, 
өз  сөз  байлығымыздан  гөрі  интертерминдердің  қарасы 
көбейіңкіреп кеткенін байқаймыз. Бұл, әрине, бір жағынан, 
сөздік  қорымыздың  байытқанынан  гөрі  тіл  тынысын  та-
рылта түскен, ұлт тілінің даму өрісін тежейтін құбылыс еді.
Ал  80-жылдардың  екінші  жартысынан  бергі  жерде  ру-
хани  тынысты  кеңейте  түскен  жаңа  көктем  лебі,  ғылыми 
ізденістерге  де  жаңа  бір  серпін  әкелгендей  болды.  Біз  өз 
тіліміздің байлығына тереңірек әрі жиірек үңілуге мүмкін- 
дік  алдық.  Сөйтіп,  қазақ  тілінің  қоржынында  қимылсыз 
жатқан атаулар қолданыс қатарына андыздап шыға бастады. 
Сөйтіп,  біз  ғылым  тіліне  қызмет  етерлік,  оның  өрісін 
кеңейтерлік терминологиялық жүйені қалыптастыра түстік. 
Бірақ  сарқылмас  байлығымыз  бен  ашылған  мүмкіндік-
тер  көзін  еркін  пайдаланып  отырған  қазақ  қайсы?  Әрине, 
әлгіндей  мүмкіндік  көзін  ашуға  септігі  тиген  үлкен 
фактордың  бірі,  ол  –  тіліміздің  мемлекеттік  мәртебе  алуы. 
Ісқағаздары әуелі кезде талап бойынша екі тілде жүргізіле 
бастаған болатын. Қазір тек бір ғана орыс тілінде жазылады. 
Тіпті бұрыннан хат-хабарды қазақша жазып келген Тіл білімі 
институты мен Әдебиет және өнер институты да жоғарыға 
жолданатын хат-хабарды орысша түсіруге мәжбүр. Өйткені 
талап осыған ойысып барады. 

301
Ал  біз  болсақ,  ел  қамын,  тіл  қамын  ойлайтын  жастан  
әлдеқашан асып кеткенімізге қарамастан, бір адамға жетер-
лік  атақ-дәрежеміздің  барлығына  қарамастан,  сол  баяғы 
жалтақтықтан  арыла  алмай  «ойбай  анау  түсінбей  қалады» 
деп  жалбақайланып  жатамыз.  Көбіне  қазақша-орысшаны 
араластырып  өткізіп  келе  жатқан  жиындар  әлі  жалғаса 
түсуде. 
Неліктен  бұлай?  Бізге  қазақша  сөйлемеңдер,  қазақша  
жазбаңдар  деген  біреу  бар  ма,  осы.  Осындай  пиғылды 
Елбасынан естіп пе едіңіздер? Қайта, ол кісі кезі келгенде 
қазақша  да,  орысша  да  қатарынан  сөйлеп,  жаңа  бағыт, 
жақсы үлгі көрсетіп жүрген жоқ па?! Осыны неге ары қарай 
ұластырып  алып  кетпейміз?  Неге  күргейлене,  күдіктене 
береміз?  Бұл  біздің  өз  шаруамыз  емес  пе?  Егер  тіл  маған, 
саған, оған керек болмаса, кімге қажет? Ал керек екенін біле 
тұра өз тілімізді өзіміз неге аяқасты етеміз, неге қорлаймыз? 
Қажеттілікті өзіміз жасамасақ, бізге кім жасап бермек?
Осы тұста біздің көбіміздің бойымызды жайлаған масыл-
дық  мінез-қылық  (құлық  емес,  қылық  деп  әдейі  алдым) 
жайлы айта кетпесе болмайды. Біз дайын асқа «міне ауыз» 
деген  тәрбие  түлектеріміз.  Осындай  масылдық  тілге  деген 
көзқарастан да байқалатыны бар. 
Қадірлес,  сыйлас  қайсыбір  ағайын  маған  кездескен  са- 
йын  «Тілің  не  боп  жатыр,  құртатын  болдыңдар  ғой  түге 
бүлдіріп, шұбарлап» деп кінә таға сөйлеп жатады. Олардың 
ойынша,  кейінгі  кезде  қазақ  сөздері  интертерминдерді 
ығыстырып бара жатқан көрінеді. Мұндай жандарға не деп 
жауап берерсің. Олар, әрине, қазақ дейтін халыққа өзінің де 
тікелей қатысы бар екенін білмей отырған жоқ, біледі. Тілдің 
де  өз  мұрасы  екенін,  мұра  болғанда,  ұрпағына  сап  таза 
күйінде аялап жеткізер ұлы қазына екенін де сезеді. Алайда 
ол  кешегі  кеңестік  кезеңде  буын-буынды  алып  қойған  жат 
тілдік теріс тәрбиеден шыға алмайды. Тіпті біреудің қолы-
мен  от  көсеуге  әбден  дағдыланып  қалыптасқан  ол,  бұл 
шаруаны да басқа біреу істеп берсе екен дейді. Ана тілдің  
негізі – отбасынан, ата-ананың өз қасынан басталып жаса-
латынын елемей, өз нәсілін біреу тәрбиелесе, тілді де біреу 
үйретсе,  әйтеуір  бұл  қиын  шаруа  менен  аулақ  болса  деген 

302
пиғыл құрсауынан шыға алмай жүргені. Бүкіл ел, ұлт болып 
кіріспесе,  жуық  арада  арыла  алмайтын  қырсықты  дерттің 
бірі осы. 
Қиындықтың  түйіні  мен  себебін  іздеп,  ұлт  пен  ұрпақ 
парызын өтеудің орнына, әлгіндей дертке шалдыққан жан-
дар, осы дәрменсіздік шырмауынан шығар сылтау іздей бас-
тайды. Ал сөз жоқ, іздеген табады. 
Жұрт  қалауы,  Үкімет  қолдауы  арқылы  қаптап  ашылған 
қазақ  балабақшалары  мен  қазақ  мектептерінде  тәрбие  жұ-
мыстары  мен  білім  беру  сапасы  мүлде  төмен  екен  деген 
желеумен көп ата-ана кейінгі кезде өз балаларын табиғи ұя 
мен ортадан алып қашып жатқандары бар. 
Сол  ата-аналар  бұлай  торығудың  орнына  бір  жағадан  
бас,  бір  жеңнен  қол  шығарып,  ұрпақ  тәрбиесіне  өмірін 
бағыштаған  осынау  ғажайып  жандар  (мұғалімдерді  айтып 
отырмын)  неге  мұқтаж:  оқулықтар,  оқу  құралдары,  осы 
заман  талабына  сай  техникалық  құрал-жабдық,  мектеп 
құрылысы  т.т.  толып  жатқан  қажеттіліктер  жайын  біріге 
отырып  ойластырса  ғой.  Сондай-ақ  олардың  жай-күйі,  ең- 
бекақысы, демалыс жағдайы жөнінде де дабыл қағып отыр-
са.  Оқу  мен  тәрбие  жұмыстарының  құлдырау  себептерін 
айқындап, жұмыла әрекет жасалмаған жерде істің бәрі бе- 
кер.  Жапондарда  бала  тәрбиесін  ойламаған  ата-ана  қыл-
мыскер деген мақал бар екен. Шынында да, солай емес пе?
Тіліміздің  төменшіктеп  жүргені  мына  өз  басымыздың 
немкеттілігі мен немқұрайдылығымызға да байланысты ма 
деймін.  Мұны  Елбасымыз  да  қадап,  қазып  айтқан  жоқ  па, 
кеше. Ойланайық, ағайын!

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет