Омонимдер, оның ТҮрлері және жасалу жолдары



Дата15.11.2023
өлшемі31,31 Kb.
#122558
Байланысты:
омонимм


ОМОНИМДЕР, ОНЫҢ ТҮРЛЕРІ ЖӘНЕ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ
« Сөздің шығу этимологиясы (тегі) жағынан да, беретін мағыналары жағынан да бір – біріне ешбір ұқсастығы , жақындығы жоқ, әр мағыналы сөздердің сыртқы т ұлғалық көрінісі, дыбысталуы бір болып келсе, ондай сөздерді омоним сөздер дейді».1
Омоним сөздер мен көп мағыналы сөздерді бірімен – бірін шатастыруға болмайды. Көп мағыналы сөздердің әр сөйлемде, контексте беретін мағыналары әр түрлі болғанмен, негізі бір түбірден, бір ұғымнан шығады. Ал омоним сөздердің мағыналық жағынан және жасалуы, шығуы жағынан түбір туыстығы болмайды.
Жақ – дене мүшесі,сүйек.
Жақ – етістік(от жақ )
Жақ – қару,құрал.оғым жоқ, жағым жоқ(оғым жоқ, жағым жоқ. )
Жақ - бірлік, одақтық (жақ болу, жақтасу ).
Жақ - бағыт.(оң жақ, сол жақ , ық жақ.)
Жақ - етістік( қара бояу жақ.)
Омоним сөздер қазақ тілінде, өзге тілдермен салыстырғанда өте көп деуге болады.Омоним болатын,көбіне ,қазақтың байырғы сөздері.
Дыбысталуы, сыртқы тұлғасы бірдей, бірақ ешбір мағыналық байланысы жоқ сөздер омонимдер деп аталады. Мысалы: Біз 21-ші жылы қысқа қарсы келдік (Ж. Ай.). 2. Етікші бізге жарымайды (мақал).
Осы келтірілген мысалдардағы есімдік біз деген сөз бен құралдың аты, зат есім біз деген сөздің дыбысталуы, тұлғасы бірдей, ал мағыналары әр басқа сөздер.
Омонимдер мен көп мағыналы сөздердің өзара жақындығы бар. Осыдан келіп, кейде оларды бір-бірінен айыру қиындыққа соғады. Бірақ көп мағыналы сөздерден омонимдерді айырудың қиындығы барлық омонимдерге бірдей қатысты емес. Мысалы, — өкпе (өкпесі қабыну) деген сөз бен «реніш» деген мағынаны білдіретін өкпе деген сөздін омонимдес сөздер екені бірден ашық аңғарылады. Көп мағыналы сөздер әр түрлі заттың атауы болғанмен, олардың арасында қанда да мағыналық жақындық, ұқсастық болады. Ал омоним сөздер арасывда ондай мағыналық жақындық, ұқсастық болмайды.
Омоним сөздердің айырықша бір түрі есебінде омофондар мен омографтардың сөз тіркестеріндегі орфографиямен, opфоэпиямен қарым қатынасын ескермей болмайды.
Омофондар дегеніміз — біркелкі айтылып, түрліше жазылатын сөздер. Мысалы, Асшы — ac даярлайтын адам. Ащы — қарсы мағынасы — тұщы. Екеуінің де айтылуы — ашшы. Қарала — қарама-қарсы мағынасы — ақта. Қapa ала — Қapa mүc пен ақ түстің аралас келуі; екеуінің айтылуы — қарала.
Омографтар дегеніміз — біркелкі жазылып, екпіннің алмасып түсуіне байланысты түрліше айтылатын сөздер. Мысалы: бөлме («үйдің бөлігі») бөлме (бөл деген етстіктің болымсыз түрі), mapmna («столдық қағаз салатын жәшігі»), mapmna (тарт деген етістіктің болымсыз түрі). Жұп-жүбымен келген осы секілді ографтардың сыңарлары айтылуда екпін арқылы ажаратылады. Екпін аталған сөздердің зат есім сыңарларының соңғы буынына түседі де, етістік сыңарларының бас буынына түседі.
Басқа түркі тілдері сияқты, қазақ тілінде де, сөздік қорының бір қатарын омонимиялық лексемалар мен мағыналық бірліктер құрайды. Омонимия құбылысы тілдің мағыналық потенциясын, аз сөзбен көп мағына беру мүмкіншілігін арттырудың құнарлы бір бұлағы болып саналатыны жұртшылыққа мәлім. Ғылым жүзінде жалпы омонимия құбылысына тұлға-тұрпаты бірдей, бірақ әр алуан мағына беретін сөздерді жатқызады. Бұл - омонимияның жалпы принципі. Ал, оны тәптіштеп, талдап-таратып қарайтын болсақ, бұл құбылыстың да әр түрлі қыры мен өзіндік сыры бар екендігін көреміз. Бұл проблеманы орыс тілі негізінде көбірек зерттеген ғалым проф. Е.М. Галкина-Федоруктың арнайы жазылған еңбегіне сүйенсек, омонимдерді жасалуына, шығу тегіне және құрылымдық ерекшеліктеріне қарай үлкен үш топқа бөліп қарайтынын көреміз. Олардың:
бірінші тобына сөздердің “омоформалар” деп аталатын, яғни бір-бірімен ды-бысталуы жағынан бірдей, бірақ басқа грамматикалық формаларына қарай ажы-расып кететін сөздер; мысалы: “пасть” (зат есім) және “пасть” (етістік) т.б.;
екінші тобына шығу тегі басқа-басқа, бірақ формалануы жағынан барлық жағдайда бірдей келетін сөздер жатады. Олардың қатарында орыс тілінің сөздері де, шеттен енген ауыс-түйістер де болуы мүмкін;
үшінші тобына бір негізден жасал-ған, яғни шығу тегі бір, мағынасы бөлек-бөлек сөздер жатады делінген.
2.Омонимдердің пайда болу жолдары.
Бұл құбылыс орыс тілінде де, басқа тілдерде де, соның бір тобы түркі тіл-дерінде де қалыптасқан қағида ретінде қабылданады. Демек, омонимия тілдердің бәрінде бар әмбебап (универсалды), жер-жүзілік (глобальды) бір типті (монолитті), ортақ (общий) құбылыс деген сөз.
Біздің қарастырып отырған объек-тіміз осы жіктеудің үшінші тобына жатады да, оның тілдік табиғатына өзек болып, өзгермей тұратын критерий, аяқ тірер принцип - олардың бір негізінен тарауы, не бір түбірден өрбіген түбірлестігі. Омонимдерді ғылыми әдебиетте “гете-рогенді” (әр текті) және “гомогенді” (бір текті) деп бөлу де, міне, осы ортақ түбір мәселесіне байланысты. Айта кету керек, бұл мәселелер жөнінде айтылып, бірін-бірі толықтырып жатқан пікірлер де, бір-біріне кері-қия, тіпті екіұдай, қарама-қарсы ойлар да жоқ емес. Бірақ, қалай болғанда да, гомогенді омоним категориясы осы көр-сетілген статусында қалыптасқан әрбір тіл табиғатынан табылатын, өте көне, әрі жаңа, баяғыдан келе жатқан байырғы құбылыс болса да, тілдік сөздік қорында және күн-делікті қолданысында бар, сөйлеу процесінде проблема тудырмайтын тіл дәстүріне айналған құбылыс қатарына жатады.
Cондықтан да болар, агглютинативті (жалғамалы) түркі тілдерінде, солардың бірі - қазақ тілінде гомогенді омонимдер табиғатын тануда атойлап алдыңнан шығар оның алғашқы мәселесі - жалпы түбір және оның әрбір тілде (қазақ тілінде де) қалыптасқан өзіндік ерекшеліктері.
Әрине, қазақ тілінің сөз қоры мен туынды сөз құрамында кездесетін гомогенді түбір тұлғалардың барлығын бірдей түркі тілдерінің төл элементі деп үзілді-кесілді тұжырымдауға болмайтынын ескерткен ғалымдардың бірі - акад. Ә. Қайдар ескерткен болатын. Аталмыш еңбекте көрсетілген дерек бойынша 2704 қазақ тіліндегі бір буынды түбірлердің тең жартысы (1352 ед.) қазақ тіліне шет тілдерден еніп, сіңіп кеткен элементтер де, сол 1352 единицаның тағы жартысы бүгінде қазақ тілінің өзінде мағынасы күңгірттеніп, жеке-дара қолданылмайтын, қолданылса да сөз құрамында ғана кездесетін томаға-тұйық элементтер екен.
Гомогенді омонимдерді түбір деңгейінде қарастырғанда ең алдымен, міне, осы деректі көз алдына елестетіп алуды ұмытпау керек деген сөз.
Бұл келтірілген деректер ГО түбір-лерін зерттеушілер үшін белгілі дәрежеде қиындық туғызары сөзсіз. Өйткені 1352 бір буынды түбір сөздің жартысындайы мағынасы күңгірттенген, жеке-дара қолданылмайтын, қолданылса тек сөз құрамында ғана қолданылатын түбірлер болғандықтан, оларды айқындау үшін әрқашан этимология жәрдеміне жүгінуге тура келеді. Екінші қиындығы, әрине, түбір сөздердің өзара жіктеліп кеткен мағыналарының арасындағы мотивтік байланысты және даму өрісін айқындауға да қатысты.
Айта кетуіміз керек, тіліміздегі мыңдаған гомоомоним мағыналары ішінен біз тақырыпқа қатысты, талдауға негіз боларлық гомоомонимдерден жарым-жартысы әдеби тілде, екінші жартысы диалектілік қолданыста жүргендерін ғана алғанның өзінде, 390 гомогенді ұя құрып тұрған тірек түбірлердің өздері де құрамы (буын саны) жағынан әр қилы:
бір буындылары-58 единица;
екі буындылары-259 единица;
үш буындылары-75 единица екен.
Тіл дамуының ең өнімді, әрі құнарлы көздерінің бірі ғасырлар бойы қалыптасқан сөзжасам модельдері арқылы негізгі сөздік қорының дамуына ұйытқы болып келе жатқан, қалыптасқан ілкі, көне де байырғы түбірлер екендігі жұртқа мәлім. Сөздердің түбірден өрбуі жалғамалы тілдер үшін cолардың ішкі даму заңдылығына жататын объективті де нәтижелі құбылыс. Қазақ тілінде осы жолмен пайда болатын жүздеген, тіпті мыңдаған гомогенді омоним қатарлары да, міне, осы құбылыстың жемісті бір нәтижесі болып саналады.
Демек, жалпы түркі тілдерінің өз негізінде тосыннан, спонтанды түрде туын-дап, гомогенді омонимдер қатарына қос-ылып, жеке-дара сөз “құқығына” ие болып, әрбір тілдің өзіне қызмет етіп жатқан лексикалық топтың төркінін айқындаудың ең тиімді тәсілі - ретроспективті-морфемалық талдау болып саналады.
Гомогенді омонимдердің табиғатын, түп-төркінін айқындаудың: 1) омонимдік түбірлердің ортақтығын, біртектілігін анықтау; 2) іштей жіктеліп, бір-бірінен біртіндеп қашықтап барып, алшақтап кетуінің себеп-салдарын айқындау; 3) олар-дың жеке-дара сөз ретінде қалыптасып, әр-түрлі тақырыптық топқа қатысты болып өмір сүруін зерделеу; 4) әдеби тіл нормасы мен жергілікті тіл, не жалпыхалықтық тіл аясындағы қолданысын анықтау тәрізді төрт бұлағы, аяқ тірер төрт тұғыры бар десек, солардың ең бастысына омонимдік қатардың түбірлестігін, бір тектілігін, ортақтығын айқындауды жатқызар едік. Бұл мәселенің аныққанығына көзімізді жеткізіп алмай, гомогенді омоним туралы сөз қозғаудың өзі де артық.
Біз осы пікірімізді айқындай түсу үшін қазақ тілінің әдеби нормасы мен жергілікті тіл ерекшелігі (диалектизм) ретінде қалыптасып, қолданылып жүрген біраз омонимдік қатарларды түбір тұр-ғысынан қарастырып, олардың төркінін айқындаудағы ретроспективті-морфемалық (түбір тұлғасын) талдау принцип терінің тиімді екенін дәлелдеуге тырысамыз.
Алдымен түбір тұлғалы гомогенді омонимдер табиғатына байланысты жалпы түркология ауқымында айтылып жүрген кейбір теориялық көзқарастар мен арнайы зерттеулерге назар аударып көрейік.
Бүгінгі таңда түркі тілдерінің өз негізінде пайда болған гомогенді омо-нимдердің қатарына енген туынды атау-ларды тереңірек зерттеуші ғалымдар, олар-дың бәрі болмаса да басым көпшілігі, бір кездегі бір буынды ілкі түбірлерден тарап, әрбір тілдің өзінде, сондай-ақ түркі тілдердің бәрінде болмаса да біразында түбірлес ортақ омонимдік топ құрап тұратындығын ескертеді.
Осы тұрғыдан алып қарағанда проф. Ә. Қайдар мен проф. Е. Қажыбековтің “Гомогенные корни и их лексико-семантическое развитие” атты еңбегі ерекше назар аударады. Онда авторлар Qa=~Qa бір буынды синкретикалық түбірді этимологиялық тұрғыдан талдап-таратып, оның бүкіл түркі тілдерінде ортақ түбір ретінде дүниеге келіп, тұлға жағынан да, мағына жағынан да дамуының кең шеңберге ие болғандығын көрсетеді. Бұл еңбектің де және онда айтылған теориялық тұжырымның да біздің зерттеуімізге тікелей қатысы бар. Онда түркі тілдерінде кең тараған өте көне синкретикалық Qа=~Qa (о баста: 1) “сундук”; “ящик для пищи”; “чехол”; “карман”; “чрево”; 2) “складывать”; “закрывать” т.б. мағынасында қолданылған) түбірден туындаған екінші деңгейдегі (“вторичные производные”) мына сияқты; Qap=~Qap, Qaw=~Qaw, Quw=~Quw, Qay=~Qay, Qag=~Qag, Qas=~Qas, Qaz=~Qaz, Qat=~Qat, т.б. туынды түбір сөздер болып, олардың түркі тілдерінде әрі есімдік, әрі етістік (синкретизм) мағынасын беретін ерекшеліктері көрсетіледі. Жоғарыда келтірілген қатардағы синкретикалық гомогенді омонимдердің жалпы түркі тілдері бойынша осыншама көп этимологиялық тіларалық инварианттарға ие болуының басты себебі мына дыбыс-тардың [p~w~s~z~y~g~t]- сәйкестігі екендігі сөз болады. Екінші және одан кейінгі даму деңгейде бұл келтірілген гомогенді синкретикалық түбірлерден туындаған жеке-дара сөздер ендігі жерде әрбір түркі тілінде бір текті мағына шеңберінде қалыптасып, қолданыс өрісін кеңейте түсетіні бұл аталған еңбекте анық көрсетілген. Олар, әрине, гомогенді омонимдердің тіларалық этимологиялық инварианттарын құрап, қалыптастырады.
Енді осы айтқанымызды нақтылы мысалдармен дәлелдеп көрейік. Мәселен, қазақ тіліндегі: қап, қапша, қапшық, қақпа (о баста- қапқа), қақпан (о баста-қапқан), қабық, қабысу, қабақ (асқабақ), қауышу, қауыз, қауға, қуық (көне түркіде- қауық) т.б. осы тәрізді туынды негіздердің барлығы, жоғарыда келтірілген еңбек тұрғысынан қарайтын болсақ, түбірлес сөздер, яғни бәрі де о бастағы Qa=~Qа синкретизміне барып саяды екен.
Ал, осы туынды тұлғалардың іштей семантикалық даму нәтижесінде бір сөздің екі мағынаға жіктеліп, омонимдік қатар құруы-ықтимал құбылыс. Міне, осындай жағдайды о бастағы ілкі түбірінің ортақ, яғни біртекті, гомогенді екендігін білу қажет-ақ. Мұндай жағдайда зерттеуші үлесіне түбірлес сөздердің гомогендігін емес, гомогенді омоним қатарының пайда болу уәжін (мотивін) ғана анықтау міндеті тиеді. Мәселен, қазақ тілінде Qa=~Qa>Qap синкретикалық көне түбірден туындаған қапсырма сөзінің әдеби және диалектілік қолданыс омонимдік екі мағынасы бай-қалады: қапсырма I - ”әйелдердің сыртқы киімінің екі өңірін бір-біріне қауыстырып, іліп тұратын әшекейлі күміс ілгек; қап-сырма II - “екі жаққа жарыла ашылатын, қапсырыла жабылатын жарма есік”.
Бұл екеуі о бастағы Qa=~Qa>~Qap синкретизмінен туындаған гомогенді омо-ним екендігі талас тудырмаса керек. Екеуіне де ортақ мотив - қапсыру процесі, айырмашылығы - олардың екі тақырыптық топқа жататын екі түрлі зат, бұйымға айналып кетуі.
Тағы бір мысал. Әдеби тілде: Қапшық 1 - “азық-түлік немесе басқадай заттарды салуға арналған ыдыс, кішірек қап”. Жергілікті тілде: Қапшық I - (Алм., Жамб., Шығ. Қаз., МХР) “әмиян, ақша салғыш”; Қапшық II - (Алм., Жамб.) “папиростың қабы”; “Қазыбектің қапшы-ғы”. Бұл мысалдарда да: о бастағы Qap=~Qap түбірінен туындаған үш омо-нимнің тегі бір “ыдыс”, бірақ олар әр түрлі тақырыптық топқа жататын бұйым болып кетуі байқалады.
Міне, гомогенді омонимдерді анықтаудың ғылыми негізі бар тәсілдерінің бірі - “әр нәрсені түп-тамырына қарап барып анықта” (Кузьма Прутковтың “Зри в корень” деген сөзіндей) принципіне барып саяды.
Тіліміздегі гомогенді омоним қатарларының дүниеге келіп, қалыптасуын біз күрделі полисемиялық процестердің нәтижесінде жүзеге асырылатын, яғни жеке-дара түбірлер мен сөздердің іштей жіктеліп, алдымен мағына реңкіне, одан соң дербес мағыналарға бөлініп, дараланып, бұл процестің шарықтау шегіне жеткеннен кейінгі соңғы нәтижесі деп қараймыз. Бір түбірдің (сөздің) екі, не одан да көп дербес түбірге (сөзге) айналуы бұл тәрізді күрделі процесті басынан кешірмейінше оп-оңай бола салуы мүмкін емес.
О бастағы бір түбірдің, не туынды түбірге айналған сөздің екі, не одан да көп түбірге (туынды түбірлерге) айналуы әрбір түркі тілінің ішкі даму заңына байланысты, оның мағыналық (мазмұндық) байлығын толассыз толықтырып отыратын, өзінен-өзі (спонтанды) тоқтаусыз болып тұратын тұрақты құбылыстарына жатады дедік. Бұл қазақ тілінде де кеңінен өріс алған құбылыстардың бірі.

3.Көп мағыналы сөздер мен омонимдердің айырмашылығы.


Тілдегі бір сөз, негізінде, бір мағынаға ие болады.Әр сөзді сөйлемде өз орнына,өз мағынасында дұрыс қолдану үшін сөздің негізгі мағынасын білу өте қажет.Сөздердің мағынасы сөйлем ішінде белгілі контексте ғана айқындалады.Тілдегі сөздердің барлығы бірдей дербес ұғымды, бір мағыналы болып келмейді.Кейде бір сөздің әр сөйлемде әр түрлі сөздердің тіркесіне қарай беретін мағыналары құбылып, көп мағыналы болып та келеді.Мысалы, Жер бір тәулікте өзінің осін бір айналып шығады.Егіншілер жер жыртуға кірісті.Олар екеуі екі жерде тұрады.Шырағым,қай жерің ауырады деген сөйлемдердегі жер сөзінің мағынасы әр сөйлемде әр түрлі болып құбылып жүр.Бірінші сөйлемде планета ұғымында, екіншіде егіс ұғымында,үшіншіді орын деген мағынада, төртіншіде ара деген ұғымда қолданылып тұр.
1.Омоним сөз жеке тұрып,бірнеше мағынаны білдіреді,ал көп мағыналы сөз екінші сөзбен тіркескенде ғана бірнеше мағынаны білдіре алады.
2 Омоним сөздің мағыналарының арасында ешқандай мағыналық ұқсастық болмайды.Мысалы, адамның жағы, отты жақ дегендегі «жақ» сөзі бірінде есім сөз болып, дене мүшені білдіріп тұр, бірінде етістік ретінде қимылды білдіріп тұр.Ал көп мағыналысөздің мағыналарының арасында ұқсастық болады.Мысалы, судың басы(бұлақ), таудың басы (шың), сөздің басы( сәлем)дегендегі «бас» сөзі бірінде «бұлақ», бірінде «шың» , бірінде «сәлем» деген мағыналарды білдірсе де, бәрінде де бір нәрсенің басталу орны, басталар жері деген мағынаны білдіріп тұр.
Алайда, гомогенді (бір текті, өзара тектес) омонимдердің пайда болу, қалыптасу, даму заңдылығында жалпы түркі тілдеріне ортақ жақтарымен қатар, өзіне тән, өз фактілерінің негізінде ғана іске асып, өз заңымен өрбіп дамитын ерекшеліктері де жоқ емес. Cолардың бірі-гомогенді омонимдердің түбір деңгейіндегі, түбірден туындаған туынды тұлғаларға байланысты “тік бағыттағы” (в вертикальном аспекте) және “жазық бағыттағы” (в горизонтальном аспекте) даму өрістері.
Сөздің өз басы да, ол анықтайтын нақтылы мағынасы да, әдетте, ”сөз” деген жалпы ұғымның ауқымына енеді. Сонда сөздің бір-бірімен тығыз байланысты екі қызметінің бірі-оның өз басына тән тіл иелерінің баршасына түсінікті зат пен құбылыстың мағынасын білдіру, анықтау болса, екінші қызметі - сол зат пен құбылысты басқа зат, құбылыстардан айыру үшін қолданылатын оның белгісі (знак) ретінде атауы (аталуы). Сөздің (түбірдің) мағынасы мен оның аталуы арасында тұрақты да жүйелі логикалық сәйкестік әрқашан сақталуға тиіс. Тілі-міздегі бір сөз болмысымыздағы өзіміз танып-білген белгілі ұғым-түсінік негізінде қалыптасқан бір ғана заттың, не құбы-лыстың аты-жөнін анықтауға тиісті. “Бір сөз-бір ұғым, бір мағына” беруі тиіс. Бұл- тілдің о бастағы классикалық заңы. Алайда, іс жүзінде адам баласының дүниетаным өрісінің кеңейіп, жан-жақты дамып, тереңдей түсуіне байланысты тіліміздегі сөздің санынан сапасы артып, күн санап, ауқымы өсіп, жіктеле, түскен түсінік пен ұғымның мағына-мән тәрізді сема-сиологиялық категориялардың әлде-қайда кеңейіп, молайып отыратынын аңғара бермейміз. Демек, тілдің іштей даму заңдылығында нақтылы сөзжасам процесі мен мағыналық даму процесі арасында белгілі қайшылық бар деген сөз. Мағына (түсінік, ұғым) өсуіне сәйкес сөздің саны да толассыз толығып отыруға тиісті. Бірақ іс жүзінде күн сайын туындап отыратын жаңа түсінік, ұғымдар мен мағыналарды беретін су жаңа сөз жасап беруге тілдердің құдіреті жете бермейді. Тіл тілден тұрақты түрде “сөз алып, сөз беріп”, ауыс-түйіс қатынаста болуымыздың басты себебі де, міне, осындай.
Сондықтан да, тіл біткеннің баршасы мұндай “тілдік ситуациядан” шығудың бірден-бір тура жолы деп, өзінің ішкі мүмкіншілігін толық пайдалануға әрекет етеді. Гомогенді омонимдердің көптеп дүниеге келуінің объективті бір себебі де, міне, осында. Басқаша айтқанда, бұл құбылысты “тұлғасын өзгертпей-ақ, бір сөзден екі, үш, тіпті одан да көп жаңа мағына беретін гомогенді” (бір текті) омонимнің қатарларын тудырудың ғажа-йып тәсілі, тілдің семантикалық тұрғыдан дамытудың өнімді “бір жолы” деп қарауға болады. Мысалы: ақ сөзінің: 1) “сүттен жасалған ас-тағамдар”; 2) “күнәсіз, айыпсыз”; 3) “малдың желін ауруы”; 4) “ақ” түстің өзі т.т. мағыналары бар.
Енді қазақ тілінің өзінде кездесетін гомогенді омонимдерді түбір және туынды түбір (сөз, тұлға) деңгейінде “тік бағытта” және “жазық бағытта” даму-ының кейбір заңдылықтарына тоқталайық.
Гомогенді омонимдердің дүниеге келуінің өзара байланысты алғы шарты екеу: бірі - тіл әлеміне (қоғамдық өмірде, адамзат қауымында) бұрын болмаған, болса да, басқаша анықталып келген жаңа ұғым-түсініктің пайда болуы да, екіншісі - тілімізде өз мағынасына қосымша екінші, үшінші т.б. мағынаны білдіре алатын ортақ (не туынды) түбірлердің өрбуі. Демек, бұл құбылыстың мәні тіліміздегі кейбір сөздердің бір-бірінен айырмашылығы бар әр алуан мағыналарын іштей жіктеп, араларын ажырата түсуіне, айтылуы (жазылуы) бірдей болса да, олардың өзіне әр түрлі дербес мағына жүктеп алатын қасиетіне байланысты.
Гомогенді омоним қатарларының қалыптасуын біз ең алдымен олардың бір ортақ түбірді не ортақ туынды түбірді (сөзді) қайталануына байланысты дедік. Гомогенді омоним қатарларының ең бастапқы негізі болатын түбір сөз этимологиялық тұрғыдан ең көне, тұлғасы жіктелмейтін бір буынды ілкі, не байырғы лексема болуы заңды.
Осыған байланысты біз омонимиялық процесті екі, үш түрлі бағытта дамиды деп қарастырамыз. Тек бір буынды (көне, ілкі, байырғы) түбір сөзден дамыған (екі, үш, не одан да көп) омонимдерді біз (белгілі шарттылықпен) “тік бағытта дамыған омонимдік қатарлар” деп қарастырсақ, әр түрлі сөзжасам тәсілдері (модельдері) арқылы дамып, іштей мағыналық қатар құрған омонимдерді “жазық бағытта дамыған омонимдік қатарлар” деп атадық. Бұлардан тыс ”әрі тік, әрі жазық бағытта аралас дамыған омомнимдік қатарлар“ тағы бар.
Енді бұл топтарды нақтылы мысал-дар арқылы таратып көрейік.
1. Тік бағытта дамыған бірыңғай омонимдік қатарлар
Бұл топқа тек бір буынды түбірдің өз тұлғасынан ғана, басқа әр текті (гетерогенді) түбірлердің қатыcы жоқ, таза да бірыңғай тектес лексемалардан тұратын омонимдік қатарлар жатады. Бұл топтың бір ерекшелігі, көп жағдайда, бір буынды түбірлердің туыстығын (түпкі ортақ мағынасын) айқындау үшін этимологиялық талдауды қажет етуіне байланысты.
Мысалы: жас түбірін алып қарайық. Академик Ә. Қайдардың еңбегінде жас түбіріне 9 омонимдік қатар тіркеліпті. Солардың ішіндегі этимологиялық бір түбірден (жас-тан) туындаған бесеуі өзара гомогенді омоним қатарына жатқызылған. Олар (еңбек бойынша):
Жас 1 - “молодой, юный; незрелый, неспелый (жасы, жасық)”;
Жас ll - “слеза, слезинка”;
Жас lll - “сырость, влага, мокрота”;
Жас lV - “возраст, лета, года”;
Жас V- “зелень, зеленый” (жасыл) түс; 2) ауыс. жас, жасы аз, ересек емес.
Бұл мысалдардан біз о баста бір болып, іштей жіктеліп, өзара логикалық байланысы бар, дербес мағына құрып отырған бес гомогенді түбір омонимін көріп отырмыз. Бұлардың іштей жіктелуіне логикалық уәж (мотив) болып отырған не десек, жоғарыда ескертілгеніндей, оларға: 1) о бастағы дымқыл-сыздың; 2) сұйықтық мағынаның ауыс түрде қолданылуы арқылы адамның көзінен шығатын сұйық затты-жасты; 3) одан пісіп жетілмеген, бойындағы дымқыл-сызды кеппеген жасыл өсімдікті; 4) одан соң көк-жасыл өсімдікке ұқсас “өте жас адамды”; 5) одан “адамның жасын білдіретін өлшем ұғымын” жатқызылып тұр.
Ал, енді осы жас түбірін түсіндірме сөздік пен диалектологиялық сөздік бойынша қарастырсақ, әдеби тілдегі негізгі (омонимдік) 3, қосымша 5 түрлі мағынасы, ал жергілікті тілдегі айрықша бір омо-нимдік мағынасы көрсетіліпті. Оларға, мы-салы, әдеби тілде:
Жас l- адамның, жан-жануарлардың т.б. өмір сүру мезгілін белгілейтін уақыт, жыл саны;
Жас ll - 1) жас өспірім, жеткіншек, қыз-бозбала, 2) уылжыған, балғын, кіші; 3) жаңа туған, кәрі емес; 4) жаңа көктеп шыққан, буыны қатпаған, қурамаған, сарғаймаған өсімдік; 5) кеппеген, қатпаған (дымқыл ет тамақ т.б. заттар);
Жас lll - жылаған көзден шығатын сұйық зат - жасты жатқызуға болса, диалект тіліндегі жас (Гур.) - су, ылғал, жаңа қазған құдықтың алғаш біліне бастаған суы сөзін жатқызуға болады екен.

Ескерте кету керек, жас гомогенді түбірінің диалектілік варианты беріп тұрған бұл мағыналар бір ұғымды ғана емес, бір ұғымнан жіктеліп, дамып тараған 3 дербес мағынаны: а) су; ә) ылғал; б) жаңа қазылған құдықтың алғаш біліне бастаған суы. Бұл мысалдан омоним болып бөлінудің белгілі диалектілік (Гурьев аймағына тән кәсіпке байланысты) мотивті айқын көріп отырмыз. Сонда, бұл деректерді сараптап қарасақ, тек бір түбірдің (жас) өзінен ғана әдеби тіл мен диалектідегі қолданысында 12-13 гомо-генді омонимдік мағына туындағанын көреміз. Олардың дербестігі мен көпмағыналық деңгейін анықтау, әрине, жеке мәселе. Алайда, жалпы осы фактінің өзі-ақ тіліміздің семантикалық даму процесінде гомогенді омонимдердің ерек-ше роль атқаратындығын айқын көрсете алады. Ол тіліміздің мағыналық байлығын іштей дамытып, санын еселеп өсіре түседі.


Біз осы тәрізді түбірдің өзінен туындап, түбірлі омонимдердің тілімізде еселеніп өсуін шартты түрде олардың “тік бағыттағы дамуы” десек, енді сол түбірлердің өзімен қатар тұлға жағынан өзгеріп, сөзжасам модельдері арқылы жеке сөздерге ауысуы арқылы омонимдік қатар құруын “бір түбірден өрбіген жазықтық бағыттағы даму” деп қараймыз.
2. Жазықтық бағыттағы дамыған омонимдік қатарлар
Гомогенді омонимдердің бұл тобына өзара түбірлес (түбірі бір) туынды сөздердің негізінде пайда болатын омо-нимдер жатады. Егер бір буынды түбір-лерден туындаған гомогенді омонимдер, әдетте, бірыңғай, бір текті, бір өрісті болып, бір бағытта еселеніп көбейетін болса, туынды сөздер негізінде пайда болған гомогенді омонимдер “жазық бағытта” (в горизонтальном направлении) сала-сала болып, тақырыптық топтарға бөлініп дамиды. Бірақ қалай болғанда да, яғни қанша сөзжасам моделі негізінде дүниеге келсе де, олар сол модельдің бар-шасына ортақ түбір арқылы өздерінің мағыналық, логикалық байланысын үз-бейді, ортақ ұғым-түсініктен ұзап кете алмайды.
Мысалдар:
Қазақ тіліндегі “жару”, “екіге бөлу”, “айыру” мағынасында қолданылатын бір буынды жар түбір етістігінен төмендегі 5 түрлі омонимдік топ қалыптасқан десек, солардың беретін 20 шақты дербес мағынасының 9-ы осы жар түбірінен туындаған 4 туынды түбірден өрбігенін көреміз. Олар мыналар: Жар l - 1) затты (балта-шотпен) бөлшектеу, жаңқалау; 2) жарақаттау; 3) затты ортасынан екіге бөлу; 4) қатты қабыршақты қағып, сындырып, ішіндегі дәнегін алу; 5) күшпен (доптың, қарынның т.б.) желін шығару;
Жар ll- жарты, жарым;
Енді “жар” түбірінен өрбіген туынды түбірлерді қарастырып көрейік:
Жара l - жарақат (кесілген, тілінген дене);
Жара ll - (Жамб.) мойнына айнал-дыра шығатын жылқы ауруы (сақау);
Жарма l - дақылдар (бидай, арпа, сұлы, күріш, тары) дәнінің ұсақталып, майдаланған түрі.
Жарма ll - сәндік үшін жарып тағылған әшекей зат;
Жарма lll - өгіздің қамыт ағашы, мойынтұрық;
Жарма lV - канал (жерді жарып, екіге бөліп жасалған арық);
Жарма l - (Қарақ.) жүгеріні ірілеу етіп жарып істеген тамақ;
Жарма ll - (Шымк., Қост.) үлкен арық.
Жармақ l - жармаланған дән; қар. жарма;
Жармақ ll - ортасы тесік тиын, бақыр ақша.
Жармақ l - садақа, қайыр (қайыр тілеушілерге берілетін майда ақша-жармақ);
Жармақ ll - 1) (Қыз.обл.) ұнның кебегі (тартылған бидайды елегенде бөлініп, айрылып шығатын ұрпағы); 2) таза бидайдан қалған қалдық.
Көріп отырғанымыздай, бір ғана түбір сөзден (жар) және одан өрбіген көптеген туынды түбірлерден соншама гомогенді омонимдер тіліміздің семан-тикалық ауқымын кеңейтіп, “жазық бағытта” (в горизонтальном направлении) дамып отыр.

4.Қорытынды


Көріп отырғанымыздай, осы тәрізді о бастағы жалпыхалық тіліндегі бір сөздің іштей дами келе, омонимдік қатар құруында, оның көбейе түсуіне диалектілік факторлар да ерекше орын алатындығы айқын. Алайда, мұны кейбір ғалымдар әдеби тілдің нормалануына нұқсан келтіретін теріс құбылыс деп қараса, енді біреулері-тілдің ішкі даму заңдылығына тән оң құбылыс деп есептейді. Мәселен, әдеби тілдің нормалану процесі мен диалектілерде онымен бәсекелесе пайда болып отыратын көпмағыналық пен омонимияның ерекшелігін айта келе, проф. С. Аманжолов: “Литературный язык стремится к тому, чтобы каждый предмет имел свое имя, отличающееся от других имен и по форме и по содержанию... Чем меньше полисемантизма и омонимов, тем язык богаче и прогрессивней. Чем их больше в языке, тем язык примитивнее” - деп жазады. Тіл білімінде диалект, говор негізінде пайда болып, туындап жататын, әсіресе әдеби тілде баламасы жоқ омонимдік қатарлардың пайда болуын-тілдің мүмкіншілігін арттыра түсетін фактор деп қарайтын ғалымдар да баршылық. Қалай болғанда да, тіліміздегі бұл құбылысты жылы жауып қоюдан көрі, жан-жақты зерттеп, оның семантикалық табиғатын о бастағы түбірін танып-білу арқылы ажырату тіл білімінің бір күрделі мәселесі.
Біз төменде гомогенді омонимдерді олардың мағынасының жақындығына не-месе сыртқы тұлғасының ұқсастығына сырттан қарап, жобалау арқылы емес, о бастағы түбірін айқындау арқылы ғана дұрыс тани алатындығымызға ерекше мән беретіндігімізді әлі де айта түскіміз келеді.
Түркі тілдеріндегі түбір сөз табиғаты өте күрделі құбылыс екендігін көптен бері-ақ ғалымдар (В.И. Вербицкий, Н.И. Золотницкий, Э.В. Севортян, Н.А. Бас-қақов, И.А. Батманов, А.М. Щербак, Б.М. Юнусалиев, Ә.Т. Қайдар, Б.О. Орузбаева, Е.З. Қажыбеков, А. Ибатов, Ж. Манкеева т.б.) айтып келеді. Гомогенді омони-мдермен шұғылданудың бір қиыншылығы, міне, осы түбір проблемасының күрделі табиғатын жіті білуге байланысты. Өйткені түркі тілдерінің о бастағы түбірлерін біртіндеп дамуына байланысты көне, ілкі, байырғы деп аталуы да бекер болмаса керек. Түркі түбірлерін “сөздің өзгер-мейтін бөлігі” деп анықтаудың өзінде де көп шикілік бар деу де, міне, сондықтан. Түбір проблемасының күн тәртібінен түспей келе жатқандығы туралы айта келе, акад. Ә.Т. Қайдар: ”Постоянство интереса тюркологов к проблеме корневой лексики, на наш взгляд, объясняется, прежде всего, ее проблематичностью... она кроется в отсутствии глубокого понимания процесса корнеобразования в тюркских языках. Агглютинативный строй, в котором тра-диционно определяется и природа, и ис-тория, и современное состояние тюркских языков, на мой взгляд, не получил еще теоретически обоснованного статуса лишь потому, что недостаточно изучены проб-лемы тюркского корня как по отдельным языкам, так и в целом” деп көрсетеді.
Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде де, түбір о баста бір-ақ рет пайда болып, одан кейін мүлде өзгермей, қатып қалған томаға-тұйық құбылыс емес, керісінше, cол бір түбірдің өзі ылғи өзге-рісте болатын құбылмалы дүние екенін гомогенді омонимдер түбірін талдағанда да ескеру қажет дегенді айтпақшымыз

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Копыленко М.М. Основы этно-лингвистики. – Алматы: “Евразия”, 1995.

2. Қайдаров Ә.Т. Этнолингвистика //Білім және еңбек, 1985, N 10.

3. Сарыбаев Ш.Ш. Казахская региональная лексикография. - Алма-Ата, 1976.

4. Сыздыкова Р.Г. Роль семантической реконструкции словоформ в обнаружении их этимона // Проблемы этимологии тюркских языков. - Алма-Ата, Ғылым, 1990.


5.Вестник КАСУ №2 – 2008
6.Әбуханов.Ғ. Қазақ тілі.,Алматы.1982
[1] Түбірден кейін тұрған рим цифрларының алдыңғысы ГО түбірінің әдеби тілде, соңғысы жергілікті тілде кездесетін мағына қатарларының саны.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет