Онкология. Қатерлі ісік. Біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде, өкінішке қарай, онкологиялық аурулардың түрі де, оларға шалдыққан науқастардың саны да көбеюде. Көптеген адамдардың бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді.
Медицина тілінде онкология - гректің «қатерлі ісік және ілім» деген сөзін білдіреді. Обыр жасушасы тез өсіп, белгілі бір уақытта қан және лимфа тамырлары арқылы ағзаның мүшелеріне тарайды немесе балалайды. Сөйтіп, жылына жер бетінде миллиондаған адамдардың өмірін жалмайды. Бұл көрсеткішті азайту жолында дәрігерлер қолдан келген мүмкіндікті жасауда.
Ал әр адам өз тарапынан не істей алады? Дәрігерге дер кезінде қаралу арқылы аурудың қаупін азайта алады. Егер дер кезінде скринингтік зерттеулер жүргізілсе онкологиялық аурулардың басым бөлігін ерте анықтауға болады. Обырды дер кезінде анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, пациенттердің өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады.
Кейбір азаматтар онкология диспансеріне жіберген кезде қорқып, 3-4 ай немесе 1-2 жылға дейін бармай, аты жаман ауруды өздері өршітіп алады. 1-2 жыл жүргеннен кейін қатерлі ісікті тоқтату қиын, ары қарай өсе береді. Басқа бір факторлар әсер ететін болса, тіпті қиын. Кейбір науқастар ісікті қыздырады немесе массаж жасайды. Қатерлі де, қатерсіз де ісіктерді олай үгіп, уқалап (массаж жасап), басқа нәрселермен қыздыруға мүлдем болмайды. Ондайда қатерлі ісік өрши береді. Өршіген сайын жасалған емнің де тиімділігі төмендей береді. Науқастар дәрігерге обырдың жаңа басталып келе жатқан сатысында келетін болса, тағайындалған емнің тиімділігі, нәтижесі жоғары болады.
Қатерлі ісік қайдан пайда болады? Қатерлі ісіктің қайдан пайда болатынын дөп басып айту қиын. Қатерлі ісіктің пайда болғаны, өкінішке орай, адамға бірден білінбейді. Тек ісік өскен кезде, жан-жағындағы үлкен жүйке талшықтарын, тамырларын немесе асқазан, тік ішек, т.б. секілді ағза мүшелерінің саңылауын жапқан кезде ғана байқалады.
Қатерлі ісіктің пайда болу ошақтарының бірі - созылмалы аурулар. Сондықтан созылмалы ауруларды уақытылы емдеткен дұрыс.
Елімізде онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, асқазан және өңеш, простата безінің қатерлі ісігі сынды түрлері көп кездеседі.
Алдын алуға бола ма? Әрине. Профилактикалық тексерулер мен скринингтерден өтіп тұрыңыз.
Скрининг – шағын болса да ең қажетті деген тексерулерден тұратын зерттеулер кешені. Көпшіліктің тегін жасалатын осы тексерулерден өтпейтіні жасырын емес. Оның себебі – адамдар жаман хабар естуден қорқып дәрігерге қаралмайды. Дегенмен ауруды ерте анықтаған жағдайда оны емдеу де оңай болатынын ұмытпаған жөн.
Онкологиялық аурулар кез-келген органға әсер етуі мүмкін ісік процестері болып табылады. Ісіктер баяу өседі, ауыр асқынулар бермейді. Олар әдетте жақсы емделеді.
Қатерлі ісік – бұл жасушалардың бақылаусыз және тоқтаусыз көбеюімен өтетін патологиялық процесс. Қатерлі ісіктер метастазалар береді және күрделі кешенді емдеуді қажет етеді.
Онкологиялық аурулардың пайда болу қауіп факторлары Дұрыс тамақтанбау. Кейбір тағамдар қатерлі ісіктердің дамуына ықпал етеді. Зиянды өнімдерге мыналар жатады: қуырылған тағамдар, ысталған тағамдар, ащы тағамдар, майлы тағамдар және т. б. Мұндай тағам адам денсаулығына кері әсер ететін, құрамында көп мөлшерде канцерогендері бар.
Семіздік, отырықшы өмір салты. Артық салмақ жасушалардың жұмысына кері әсер етеді. Отырықшы өмір салты обырдың түрлі формаларының даму қаупін арттырады.
Темекі шегу және алкогольді тұтыну обырдың кейбір формаларының дамуына ықпал етеді.
Сыртқы факторлар – радиацияның, өнеркәсіптік шығарындылардың әсері.
Тұқым қуалаушылық. Бірқатар қатерлі ісіктер тұқым қуалаушылыққа байланысты.
Стресстер. Психикалық-жүйке жарақаттары мен депрессия салдарынан қатерлі ісік ауруының қаупі артады.
Иммунитеттің әлсіреуі. Әлсіз иммундық жүйе басқа бөгде жасушалармен қатар, қатерлі жасушаларды жоя алмайды.
Алдын алу Дұрыс тамақтану. Тұтынылатын жануар ақуызының мөлшерін азайту маңызды. Пісіру кезінде майдың орнына күнбағыс немесе зәйтүн майын қолдану ұсынылады. Күн сайын көкөністер мен жемістерді пайдаланыңыз. Сұйықтықты көбірек ішіңіз. Су ағзадан токсиндер мен уларды шығаруға ықпал етеді.
Жаман әдеттерден бас тарту. Темекі шегуден және алкогольден бас тарту күрделі зардаптардан алшақтатады.
Салауатты өмір салтын ұстану. Үнемі жаттығу жалпы денсаулықты жақсартып қана қоймайды, сонымен қатар жүрек ауруы, қатерлі ісік және қант диабеті қаупін азайтады.
Еңбек жағдайларын жақсарту. Зиянды өндірістердің барлық қызметкерлерінің гигиеналық дағдылары және олар байланысуға мәжбүр болатын заттардан немесе факторлардан қорғау саласындағы білімі болуы тиіс.
Тұрақты профилактикалық тексерулер. Үнемі профилактикалық тексерулер, скринингтер, медициналық тексерулер ісік ауруларының дамуын болдырмауда өте маңызды. Скринингтік профилактикалық тексерулер тегін жүргізіледі! Олар ісік алдындағы жағдайларды және онкологиялық аурулардың ерте кезеңдерін анықтауға мүмкіндік береді, осылайша ісік патологиясының дамуын ескертіп немесе толық емделу мүмкіндігін арттырады.