Оралхан бӛкей



Pdf көрінісі
Дата06.02.2017
өлшемі295,2 Kb.
#3491

Sauap.org 

 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

ОРАЛХАН БӚКЕЙ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

САРЫАРҚАНЫҢ ЖАҢБЫРЫ 

 

 



 

Әңгіме

 

 



 

 


Sauap.org 

 

 

Күн  еңкейіп  барады.  Мен  Қызылқайың  сарқырамасының  жағасындағы 



кәрі қайыңның түбінде ойға батып отырмын. 

Жазатырдан  елең-алаңнан  шыққан  қос  атты  күн  екіндікке  таянғанда, 

Аршаты аулына келіп түсті. Жүрістері суыт емес, аттарын сипай қамшылап 

қатты  аяң  мен  бүлкек  ит  желістен  оздырған  жоқ-ты.  Сондығы  ма, 

міністерінің алқымы мен құлағының түбі ғана жіпсіпті. Ӛздері сергек. Дік-дік 

түсе-түсе қалысты да, аттарын бұғының қатып-семіп қалған мүйізі қағылған 

кермеге байлай салды. Ағаштан қиып салынған қос бӛлмелі үйге беттеді. 

Айнала  сыңсыған  қалың  тайга.  Қия  бетке  орналасқан  жиырма  шақты 

киіз  үй  етекке  домалап  кетердей.  Бойларын  кӛкке  маңғаз  созып,  аса 

тәкаппарлықпен жайлап қана тербеліп тұрған ағаштың ұшар басына қарасаң, 

бӛркіңді  қолыңа  аласың,  қаз  бауыр  ақша  бұлт  торлаған  аспанды  кӛресің. 

Шайырдың иісі қолқаңды атады. Алтай табиғатының осы бір оқшау кӛрінісін 

қызықтағысы  келді  ме,  дӛңгелек  жүзді,  сұңғақ  бойлы,  құба  шұбарлау  жігіт 

қапсағай денелі қауға сақал шалды оздырып жіберіп, ӛзі жүрісін ірке берді. 

Салт  аттылардың  бӛтен  сыңайын  таныған  бірлі-жарым  адам  жасқаныссыз 

бедірейіп  тесіле  қарады.  Ши  борбай  айран  бет  үш-тӛрт  бала  құйрығын 

сабалап  құйғытып  кеп  қалды  да,  бӛтен  болған  соң,  сілеусін  кӛрген  еліктей 

едірейіп қалт тура қалысты. Қапсағай шал «Насыбай бар ма?»— деп, жорта 

тап беріп еді, бажбаң етіп ыржиысты да, бет алды тыраңдай жӛнелді. 

-  Ақсақал,  сіз  үйге  кіре  беріңіз.  Мен  сыртта  тұра  тұрайын,—  деп,  құба 

жігіт шалға қарады. 

Шал бұрылған да жоқ. 

- Мейлің. 

Жігіт шағын ғана ауылдың жүдең қалпына кӛз жүгірте тұрып, қабағын 

кіреукелендіре  тық-тық  жӛтелді.  Күндізгі  жүріс  жон  арқасын  құрыстырып 

тастапты. Салт кӛп жүрмегендігі болар.  

Бағана  ет  қызуымен  білмепті.  Екі  иығы  мен  қара  саны  талып,  адымын 

аштырмайды.  Күн  алып  дәу  шоқылардың  қалқасында  қалды:  Мұнда  ерте 

батады екен. 

Бірақ ұйыған қоңыр барқыт кеші ұзаққа созылып барып, ымырт үйіріліп, 

кӛз байланады. 

Алтай  табиғаты  қаншама  әсем  болғанмен,  ауыл  адамдарын  әбден 

жалықтырған секілді.  

Жолаушы  жігіттің  үн-түнсіз  айналаға  кӛз  тастап,  балаша  ақтарылған 

жұмбақты  тұрысына  бірер  жалтақтасты  да,  үйлеріне  беттеді.  Сонан  соң  әр 

түңліктен болар-болмас жетімек ұшқындар ұшты. Тау кешінің ӛзгеше сырын 

ұққысы, зерделеп алғысы келді ме, жолаушы жігіт сонау батып кеткен күннің 

артында қалған қызыл батсайы жалқынға қарап тұр. 

Кӛңілі  бей-жай.  Кӛңілін  татар  әніндей  мұңлы  да  зарлы  сезім  басқан. 

«Тағдыр  тарантасы  қайда  әкеліп  тастады.  Енді  қайда  апарады.  Адам  бұл 

пәниде тек жүре беруі керек шығар. 


Sauap.org 

 

Адам бұл тертедей ғана шолақ ӛмірде тек күліп қана ӛтуі керек емес пе 



еді.  Бірақ  менде  жүру  бар  да,  күлу  жоқ.  Ӛмірімнің  ӛрлерін  бүтіндей  оқуға, 

білім алуға бағыштамақ едім. 

Қысқа жіп күрмеуге келмеді. Қырсықтың құрығы үзілмеді. «Міне, бақыт 

ұшпағына  шығарар  баспалдақ»,  —  деп,  кім  ұсынар  алдыңнан  игілікті. 

Шоқпыттың қайда қалмаған бір ұлы. Егер ертеңгі күні кӛзің жұмылып кетсе, 

бата оқылып, бет сипалады. Қырық күннен соң ұмытыласың. Қандай сорлы 

әрі  аянышты  пенде  деген.  Мынау  жаһанға  келіп  кеткеніңді  кім  білер,  кім 

сезер.  Меңдеген  сырқатым  күндердің  күнінде  алып  жесе,  артымнан  аңырап 

қалар кімім бар. Е... е... Мақыш, ақын емес, дәруіш болғаның осы». 

Жігіт ауыр күрсінді. Кӛзіне ащы жас іркілді. Таудың кешкі салқын лебі 

бойын ұстап тоңдыра бастады. Желбегей жамылған кеудешесін қаусырынып, 

қоналқы үйге кірді. 

Сығырайған  май  шамның  жарығы  бӛрене-бӛрененің  арасынан  мүгі 

сапсиған ағаш үйді қара кӛлеңкелеп тұр. Тӛр алдында дӛңгелек тақтай стол. 

Стол үстінде орта тегене қымыз. 

Сыңайы  —  ішіп  орталаса  керек.  Қауға  сақал  шал  тӛрде  бір  шынтақтай 

жатыр да, оң жағын ала ағаш тӛсекке арқасын сүйей, бір жақ кӛзінің тарыдай 

ағы  бар  тағы  бір  қарт  отыр  малдас  құрып.  Махмұттың  сәлемін  сақалын 

саумалай ілтипатпен қабыл алды: 

-  Уағалейкумассаләм,  жол  болсын,  балам.  Тӛрге  шық.  Былай,  ана  жол 

серік атаңның ар жағына шығып кет. Сыртта кӛп аялдап қалдың-ау. 

-  Махмұттың  ол  әдетін  жақсы  білем,  Ореке.  Кеш  болса,  күбірлеп  түзде 

жүреді. Әлгінде қымыз ішуге шақырттырмағаным да сол. Ойдың адамы ғой. 

Кешкі кӛкжиекке кӛз жібермесе, ұйықтай алмайды білем,— деп, Махмұттың 

орнына жауапты қауға сақал берді.  

Кӛзі  шегір,  шәушиген  сары  бәйбіше  қымыз  құйып  беріп  отыр. 

Кимешегінің  жақтауын  қайта-қайта  созғылап,  самайынан  құлағына  ысыра 

береді.  Тегі,  тар  тігілген  секілді.  «Шүкір»  деген  есендіктен  соң,  ләм  деп 

аузын ашқан жоқ. Тұқырған күйі жалын шалған ағаш ожаумен үйірілген сары 

қымызды дамылсыз  сор-сор сапырады.  Ішінде  жалын жатса  да, бала жылап 

жатса  да,  сездірмейтін  мерез  адам  сыңайлас.  Әлгі  әңгіменің  ақыры  шолақ 

қайырылды да, қылқ-қылқ қымыз ішісу біраз үнсіздік жайлатты. 

Тӛргі  үйде  не  бары  беймәлім.  Алдыңғы  ауыз  үйде  қазақы  қара 

сықырлауық тӛсек, бірер бӛстек, жез құман, ортадағы дӛңгелек стол мен үй 

несі  шалдың  ескі  ішігінен  ӛзге  жә  деген  зат  жоқ.  Он,  жақ  босағада  күміс 

маңдайы  жалтырап,  қасқайып  жатқан  қазақы  шапқан  ер-тұрман  ғана, 

зәудеғалам ұры түссе, қолына ілігері. Бүл үйдің бар байлығы осы  — ер, бар 

шайлығы — қымыз секілді. 

Ербең еткен бала кӛрінбейді. 

Махмұттың  жай-күйін  Шағиман  шал  таныстырса  керек,  үй  иесі 

«Баянауылдың  азаматы  екенсің  ғой»  дегеннен  басқа  қадалып  ештеңе 

сұрамады. Тіпті сұраса да Махмұттың әңгіме айтар реті жоқ-тын, дәуілдекті 

суқаны сүймей, мына отырыстан ерқашты болайын деген. 


Sauap.org 

 

Күндізгі ұзын-сонар іркілдек жүріс соқты ма, аса шаршастың райы бар 



жүзінде.  Қымызға  да  зауқы  шаппайды.  Дел-сал  маужырап  отыр.  Осы  ретте 

сары кемпір шегір кӛзін бақшайтып бір қарады да, күңк етті: 

-  Балам,  шаршасаң  жат,  тӛсек  сап  берейін,—  деді  Махмұттың  мына 

күйіне  шынымен  жаны  ашығаны  ма,  немесе  қусырылып  бара  жатқан 

қымыздың қамы ма — оншасын ажырату қиын. 

- Сӛйтіңізші, әже. Демалғаным дұрысырақ болар. 

Жатуын жатса да Махмұт кӛпке дейін кӛз ілмеді. 

Ертеңіне бір сәт кӛз жүгірткен жоқ, ӛткенін есіне ала берді ауық-ауық. 

Қымызға қызған екі шал дүрілдесіп әңгімеге кірісті. Сары кемпірде үн жоқ, 

тобық жұтқандай томпайып отыр-ау.  

«Қаратай  қазақтарының  мінезі  қызық  екен,—  дейді  Махмұт  ішінен,— 

ғажап,  тылсым  мінезді  адамдар.  Адамдар  сырын  ұғу  қиын  ғой».  Махмұт 

Алтайдың  ӛр  қойнауына  келгелі,  осындай  тайталас  ойдың  ұшығынан  ұстай 

алмай жүрген. Мына ӛзін Шәңгіштайға бала оқытуға апара жатқан Шағиман 

шалдың  жүріс-тұрысы,  қысылмай  қайқайтып  тұрып  дүңк  еткізетін  сӛздері, 

керек  жерде  кәдеге  жарататын  ақыр  заман  ылпың-жылпың  қулығы,  нар 

жығар қаруы мен ӛткір, сексеуілдің шоғындай әмісе жайнап тұратын кӛзі аса 

таңырқатқанды.  Болыс  екінің  біріне  тапсырмайды  ғой  жауапты  шаруасын. 

Бірақ  Шағиман  —  Махмұттың  сирек  жолықтырған  шалы.  Қара  дүрсін 

орысшасы  мен  там-тұмдаған  маңғолшасы,  шүлдірлеген  қытайшасы  бар. 

Шаруасын  ыңғайлауға  келгенде,  қай  ұлтпен  болсын  тіліне  тиек  сап  кӛрген 

жоқ. Арқаның еліндей емес, діндарлығы да босаң. 

Тамақтың  алды-артынан  «құдай  жарылқасын»  деп  бет  сипағаны 

болмаса,  күніне  бес  уақыт  шоңқаңдап  намаз  оқып,  құманын  сүйреген  кезін 

кезіктірмеген.  Махмұт  бұған  да  қайран  қалды.  Әр  нәрсені  тез  сезіп,  мән-

мағына  тастай  қарайтын  жіті  кӛңіл  алтай  қазақтарының  ғұрпын  жыға 

танымай  сарсаң.  Қазір  де  ертеңін  емес,  бүгінін  ойлап  жатыр.  Осынау  тау 

халқының  жайсаң  да  жабыңқы,  еркін  де  қатыгез,  қаһарлы  да  жасқаншақ, 

шаттықтары  мен  сорлылықтары  аума-тӛкпелене  беретін  оқшау  тірлігін 

бағамдап  жатыр.  Ӛздері  тақылдаған  тақуалығы,  сораптап  кетер  ділмарлығы 

жоқ,  тұйық  жұрт.  Осының  бәрі  Махмұт  кӛңіліне  бұрынғыша  ӛрнекті  жыр 

ұялатпаған,  топырлап  кеп  тоғытылып  қалған  ғаламат  әсер,  түпсіз  ой  жыр 

кӛзін  тұмшалап,  жігіт  сезімін  буып  тастаған-ды.  Алтайда  туатын  ӛлең 

әдетінше лақ етпей, шым-шымдап, сыздықтап, сірнеленіп шығатын-ау... 

Сығырайған  жалғыз  терезеден  түскен  сәуле  таңның  атқанын  әйгілей 

алмады бұл үйге. 

Бозамықтанған жарықтан әр заттың нобайы ғана бұлдырайды. Үркер тас 

тӛбеге шыққанша, кӛз ілмей жатқан Махмұт талықсып барып, қатты ұйықтап 

кетіп еді. Әсіресе, қазір маңдайы жіпсіп, ессіз, еркін һәм тәтті ұйқыда жатыр. 

Мынау жарбиған ағаш үй ӛртеніп кетсе де, сезбес еді. Түндегі анталаған кӛп 

ойдың кесірі ме, әйтеуір, сандырақ түстің сан сапалағын кӛрді. 


Sauap.org 

 

...Баянауылдың  шыңайты  мына  Алтайдан  әлдеқайда  биіктеп,  кӛк 



күмбезіне  бой  созып  кеткен  екен.  Ұшар  басы  барып-барып  шыңылтыр  кӛк 

тасқа айналып, найзаланып біткен. 

Қап-қара  бұлттан  болар-болмас  қана  болжанады.  Дүние  ызың-шудан 

адыра  қалған  тұл,  әлем-тапырық  дауыл  алдындағы  тылсым  тыныштық 

секілді. Мүбәдә кӛзге түртсе кӛргісіз түнге айналды. Тек Баянауылдың тауы 

ғана  кӛзге  шалынар.  Махмұт  осы  таудың  етегінде  еді,  енді  бір  уақытта 

қоңырқай оба тастардан жеңіл ырғып-ырғып ӛтіп, Баянға тырмыса бастады.  

Қоңырқай тастар бітіп, кӛк тайғақ жылтыр шыңға ұласты. Махмұт жан 

дәрмен  ӛрмелей  берді,  ӛрмелей  берді.  Үстіндегі  лыпасының  түгі  қалмаған. 

Тырнағының кӛбесінен, қос тізесінен сорғалаған қан ақты. Құр сүлдері. 

—  Баянның  басында  әкеңнің  құны  қалған  жоқ,  етекке  түс!  —  деп 

әлдекім  ақырып  еді,  Махмұт  құлағына  да  ілмеді  оны.  Әлгі  әлдеқайдан 

күңіреніп шыққан сайқы-мазақ дауыс әжуа келекеге айнала бергенде: 

-  Ӛрмеле,  Махмұт!  Шынар  басына  шықпасаң  —  шындық  қуғаның 

неткенің!— деп дауыстады.  

«Міне,  қараңыз,  Махмұт  Баянауылдың  аспанмен  тілдескен  шыңында 

тұр. 

Аспанда күн жоқ, тек Махмұт қана. Әлгіндегі тұлан-тұтқан қараңғылық 



сейілген,  дүние  Махмұттан  тараған  нұрдан  қуат  алып,  шұғылаға  шомылып 

тұр.  Қазақтың  дарқан  даласы  гүл-бәйшешекке  бӛленіп,  иран  бағындай 

құлпырады. Махмұт қолында найза. Найза емес-ау, қаламсап. Соған сүйеніп 

тұр  ол.  Әлден  уақытта,  әлдеқайдан  ӛзгеше  тегеурінді  қол  Махмұтты  шың 

басынан  бӛріктей  іліп  алды  да,  түпсіз  шыңырауға  тастап  жіберді.  Шыбын 

жаны шырқырай зулап, жұлдыздай ағып бара жатқанда, Шағиман шал қағып 

алды». 

Махмұт  булығып  барып,  кӛзін  ашып  еді,  Шағиман  шал  жіпсіген 



маңдайынан сипап тұр екен. 

-  Есіңді  жишы,  балам,  шаршап  ояндың-ау.  Шошынып  қала  ма  деп, 

маңдайыңнан  сипап  ояттым,—  деді  майда  қоңыр  дауыспен.  Махмұт 

Шағиманның үлкен ұялы кӛзінен әкелік қамқорлықтың айтып жеткізгісіз игі 

райын байқады. Басы зеңгіп, ауырып қалған екен, таудың суық суымен ұзақ 

жуынды.  Күн  сонау  апайтӛс  таулардың  басынан  енді-енді  ғана  қылтиып 

келеді.  Ауыл  адамдарының  кӛбісі  ұйқыда.  Қолында  жүгені  бар  әлдекім 

жалғыз  аяқ  соқпақпен  орманға  беттеді.  Шағиман  шал  аттарды  ерттеп 

қойыпты.  Ертеңгіліктің  таза  жұпар  иісі  сарайыңды  салқын  тарттырып,  бой 

сергітеді. Тау саһары соншалық сұлу. 

Айтып  жеткізе  алмайсың.  Табиғат  толайым  бар  інжуін  дәл  осы  ӛңірге 

тӛге салғандай. 

Тіпті  әудем  жерде  жер  ошақтың  отын  кӛсеп,  кӛк  түтінді  бықсытып 

отырған  сары  кемпірдің  ана  қаракеті  ӛзіне  бір  түрлі  жарасымды,  аса 

ұнасымды  іспетті.  Аршатының  кешінен  таңы,  таңынан  кеші  артық,  ӛзіңді 

ессіз  құмарлыққа,  ынтызарлыққа  итермелейді  екен.  Махмұт  осыны 

бажайлады.  


Sauap.org 

 

Күн  кӛкжиектен  кӛтеріле  бере,  екі  жолаушы  атқа  қонды.  Бірі  — 



Алтайдың  кӛмпіс  сұңғыла  шалы  да,  екіншісі  —  болайын  деп  бола  алмай, 

толайын деп тола алмай тыраштанып жүрген Сарыарқаның боздағы. Бірінің 

ендігі  үміті,  кӛрер  таңы  —  әзіргі  тірлігі.  Шығандап  кетер  ӛрісі  жоқ,  бар 

болғаны  —  Әбдікерім  болыстың  тауанын  шақпау.  Ӛз  иесіне  әділ,  адал 

ниетімен қызмет қылу — шау тартқан шалдың ӛткені мен болашағы осыған 

кӛгендеулі. 

Ал  желкілдеп  шыққан  кӛк  шӛптей  жаңа  ғана  қауашағын  ашып  келе 

жатқан жасамыстың ӛткені аяулы, ертеңі бұлдыр да арайлы. Екеуінің тірлігі 

екі  басқа.  Екі  басқа  болғанымен,  мәмілелес.  Екеуінің  талап-талғамы,  ой-

арманы екі басқа. Екі басқа болғанымен ӛзектес. 

Ол  ӛзектестік  жалпы  иісі  қазақ  баласына  деген  ұлы  махаббат,  ыстық 

ықылас,  жамандық  атаулыны  мансұқ  етіп,  мынау  тұрлауы  жоқ  пәниге 

адамның ең  асыл  қасиеті  —  адамгершіліктің ұрығын  себу.  Сайып  келгенде, 

олардан бұдан зор ерлік, бұдан асқан инабат дәмету — бекершілік болар. 

Қос  жолаушының  әзіргі  ойы  тоқайлас  келеді.  Мынау  қатыгез  даланың 

қой  үстіне  бозторғай  жұмыртқалаған  бейбіт,  бейқам  жомарт  таңы,  неткен 

ғажап едің! 

Ӛрелдің  ӛріне  келгенде,  Махмұттың,  қылаң  қарагері  Шағиман  шалдың 

тобылғы торысынан оқ бойы озып, cap желіп кетті. 

Махмуттың Әбдікерім болыстың қол астына кеп бала оқытқанына жыл 

уағынан асқан. Ту Семейден қажығандықтан емес, қамыққандықтан, ашу мен 

ызаны  ауыздықтай  алмағандықтан,  парықсыз  қазақ  арасына  тартып  берген 

жас  жігіт  алаңсыз  әрі  бейқам  ӛмір  құшағына  енгендей  еді.  Шаһарда  кем 

кӛрініп  жүргенше,  ызың-шудан  ада  Қатонқарағайда  дем  алып,  бала  оқытып 

жүргенін  артық  санаған.  Әбдікерім  болыстың  бұған  деген  кӛзқарасы  екі 

ұшты. Сыр бермейтін сырбаз бай оны да ал дегенде-ақ сынай қарсы алып еді. 

Әлі  күнге  ӛз  пікірін  сездірмеген.  Болыстың  алғашқы  жүздесуі  Махмұт 

кӛңіліне де әдемі әсерін қалдырған. 

Сәлем беріп кіріп келген қалаша киінген жігітті Әбдікерім: 

- Е... е, ақын жігіт, сен екенсің ғой. Тӛрлет, шырақ. Атың Сұлтанмахмұт 

па  еді.  Алтай  Баянауыл  емес,  Махмұт  болсаң  да  жарар,  Сұлтан  бола 

алмассың,— деп, қақтаған күмістей аппақ маңдайына аса жарасымдылықпен 

қиыла орналасқан қара қасын кере кеңк-кеңк күліп алған. 

-  Анау-мынау  адам  емессің  ғой.  Сӛз  тӛркінін  түсінетін  боларсың. 

Атаңның  әзілін  кӛңіліңе  ауыр  алма,—  деп  уытты  қалжыңның  артын 

бықсытпай  майпаздай  салған.  Бірақ  сӛз  астарын  аңғарып  қалған  Махмұт 

жүзінің жайдары қалпын бұзбастан: 

- Алашқа барып Сұлтан болғанша, ӛз еліңе барып ұлтан бол дегеніңіз-ау, 

бұл, ақсақал. 

Мүбәдә  мен  Алтайға  сұлтан  болайын  деп  те,  ұлтан  болайын  деп  те 

келмегенім рас. 

Мӛріңіз  де,  тӛріңіз  де  ӛзіңізде  қалады.  Секем  алмаңыз.  Менікі  де 

қалжың, Әбеке. Әзілің жарасса атаңмен ойна деген,— деп күле жауап берген. 


Sauap.org 

 

Тоғыз  қанат  аң  отау.  Қаратай  елінің  игі  жақсылары  түгелдей  осында 



жиналған екен. 

Әбдікерім  орыс  ғұрпынша  жағалай  таныстырып  ӛтті.  Күзге  айнала 

бастаған мезгілдің күшті сары қымызы қыздырып дүрілдесіп, кӛңілді мәжіліс 

құрып отыр. Қалтасынан ақ торғын бет орамалын алып, жіпсіген маңдайына 

басты  болыс.  Быршып  терлеп,  қалжасы  әбден  жағып  отыр.  Есендіктен  соң 

бір сәт үнсіздік басып еді, Әбдікерім: 

- Уа, Мұса! Әлгі Ахметбек пен Жан мырзаның арасында бітіспей жүрген 

не дау еді? Шақыртшы мұнда! Сен шеше алмасаң, кӛмейінің желі бар мына 

ақын  жігіт  шешер,—  деп,  шағаладай  аппақ  тісін  ақсита  күлді.  Мұса  есік 

жақтағы бадырақ кӛз жыпылық қара бұжыр жігітке иек қақты. Бұл үйдің әр 

ым-жымын  қас  қақтырмай  сезу  қадетіне  қалыптасып  кеткен  жігіт  сыртқа 

тұра атылды. 

Есіктен  екеу  кірді.  Алдыңғысы  —  жап-жас  жігіт  те,  екіншісі  —  орта 

жастан асқан кемиек шал.  

Маңдай  тісі  түгелімен  жоқ,  опырық  ауыз.  Тегі,  қарттықтан  емес,  қан 

құрттан түсіп қалған секілді. Анасы — Ахметбек те, мынасы — Жан мырза 

екен. 

-  Сӛйле,  Жан  мырза!—  Болыстың  үн  қатуы  мұң  екен,  әлгіден  бері 



таспиғын санағандай мүлгіп жүресінен отырған опырық ауыз шал кемсеңдей 

жӛнелді.  

- Мына Ахметбек тентектеріңіз талшық етіп отырған жалғыз тазы итімді 

ӛлтірді.  Міне,  бақандай  екі  жұлдыз  ауысты,  сырғақтап  құнын  тӛлемей  жүр. 

Айыбын алып берсеңіздер екен, әділ қауым. 

Жігіт ләм деген жоқ. Жымияды. Әлпетінде мысқыл бар. Әбдікерім: 

- Рас па?— дегенде,— рас,— деді. 

-  Ал,  ақын,  біздің  бидің  тӛрелік  бере  алмай  жүргені  —  осы  ит  дауы. 

Түйіні  ӛзіңде.—  Отырған  қара  сақал,  ақ  сақалдар  мырс-мырс  күлісті. 

Бӛтеннен келген адамды орталарына алып сынап, сӛз кӛкпарына салатынын 

сезген Махмұт іркілген жоқ. 

-  Қаратай  елі,  баршаңның  үкімін  айта  алмай  сарсаңға  түскендерің 

жалғыз  ит  болса,  жер  дауын,  жесір  дауын  қалай  бітірісіп  келген  екен, 

қайранмын. Ақсақал, итіңіз тазы ит дедіңіз бе? 

- Иә, қарағым. Итім ит-ақ еді. 

- Жігіт, сізде құныкерге берер күшік бар ма? 

-  Бар.  Аламойнақ  күшіктегелі  екі  ай  болды.  Кӛбін  елге  таратып 

жібердім. 

- Қазір қолыңда қалғаны нешеу? 

- Екеу. 


-  Құныкер  ақсақал,  мықтасаңыз,  иттің  басы  —  екі-ақ  күшік.  Екеуі  ӛсіп 

бір иттің басын толтырар. Айыпкер жігіт, екі күшігіңді шалға бер,— дегенде, 

отырғандар ду күлісті. 

Кемиек  шал  Махмұтқа  кӛзін  ақшита  бір  қарады  да,  үнсіз  шығып  кетті. 

Жігіт те іле-шала жӛнеле беріп: 


Sauap.org 

 

-  Ұқтыңыз  ба,  отағасы.  Мықтаса,  иттің  басы  —  екі-ақ  күшік,—  деді 



дауыстап.  Осы  бір  сӛз  қақтығысынан  кейін,  Ахметбек  жаңа  келген  жас 

жігітті іш тартып кетіп еді. 

Махмұттың  қайран  қалғаны:  орта  жастан  асып  кетсе  де,  ӛңін  бермеген 

Әбдікерімнің келбеттілігі. Тостағандай дӛңгелек бота кӛзді, жұқалтаң жүзді, 

аппақ  сазандай  кісі  екен.  Не  ұзын,  не  келте  емес,  қара  сақалы  ӛзіне  ӛзгеше 

жарасады.  Кірпияз,  әрі  талғампаздық  жағынан  бірегей.  Неге  болсын  кӛзін 

күлімсірете  тура  қарап,  үкімін  айтады.  Бұл  ӛңірде  тұңғыш  рет  бұдан  жеті 

жыл бұрын орыс-қазақ мектебін аштырды. Онда орыс учительдерін ұстайды 

екен.  Кіші  ұлы  Шабдан  Петербурда  оқиды.  Басқа  ұл-қыздары  да  білімнен 

кенде  емес.  Ӛздері  шетінен  сұлу.  Махмұт  осының  бәрін  бағамдап,  кӛңіліне 

топшылап  жүретін.  Ӛзін  ана  іргедегі  орыс-қазақ  мектебіне  онша 

араластырмай,  бӛтен  үй  тігіп,  болашақ  молдаларды  жиып  бергеніне  риза 

болмаса  да,  «Қанша  жүрем  дейсің.  Бір  жылға  қоянның  терісі  де  шыдайды» 

деп, ӛзін-ӛзі алдаусыратып қояды. Әйтсе де орыс тілі пәнінен сабақ беретін 

Михаил Комаров деген орыстан анда-санда тіл сындыратын. 

Махмұттың  тіпті  ертеректе  қайтып  кеткісі  бар-ды.  Қасқыр  мен  қойдың 

ғұмыры дос болмайтынын да біледі. Қалың жұрт қазақтың дертіне ем іздеп, 

басын тауға да, тасқа  да ұрған ақын ӛмір айдынындағы тау толқындарымен 

айқасыл, үмітін желкен, жігерін қайық етіп жүргенде, тек жыр ғана кеулеген 

жүрегі сеңдей бұзылып, Алтай талына жармасқан еді саусағы, Ол әлі ӛзі ғана 

білетін, ӛзі ғана дейміз-ау, үшеуі ғана білетін, жұмбақты сыр. 

Әр  үміттің  түні  бойы  ұйықтатпай,  беймаза  ететін  қиялды  сәулелері 

иіндесе  келіп,  үлкен  арманға,  ыстық  махаббатқа  ұласқандай  еді.  Бір  кезде 

лепіріп  бақ  іздеп,  албатыдан  жар  іздеген  кӛңілі  ақ  ерке  сұлу  тауып, 

байызданған. Сүймейтін бір сұлуды сатып алып, «Сүй» деп зорлайтындарға 

тумысынан қаны қарсы Махмұт ӛзінің жұмбақты әрі мұңлы сүйіспеншілігін 

ӛзгені  қойып,  ӛзіне  қиғысы  жоқ.  Қызғанады.  Ол,  әсіресе,  соңғы  күндері 

сеңдей  соғылысқан  азапты  сӛзімнің  құрсауында  жүр.  Бұрында  ауыл 

шетіндегі қарағай түбіне алтыбақан құрып тастап, осынау меңіреу ӛңірді ән 

мен күйге бӛлеген шаттықты шақтары бұлдырап, күн жылжыған сайын, артта 

қалып бара жатқандай. 

Бағана Ахметбек келіп: 

- Махмұт, бүгін алтыбақан құрайық деп едік. Сенсіз жиынымыздың сәні 

болмас. Келіп гармонь тартып бер,— дегенде: 

- Мақұл,— деп келісімін беріп қойған. Онда да Бағила барады деген соң, 

дидарласудың ыңғайы келе ме деп үміт еткен.  

Бала  оқытудан  қолы  босаса  болды,  Қызылқайың  сарқырамасының 

жағасына  келеді.  Оның  барар  жері,  отырар  орны  біреу-ақ  —  су  жиегіндегі 

кәрі қайыңның түбі. Осында ұзақ отырып, дәптерге әлденені сарыла жазатын. 

Бірақ  неге  отыратынын,  кӛз  майын  тауысып  не  жазатынын  тірі  пенде 

білмейді. Кейде күн таласып батып бара жатқанда, екі қолын басына жастап 

кӛк  күмбезіне  телміретін.  Аспанда  қалқып  бара  жатқан  бұлттарға  қарап 

күбірлейтін.  


Sauap.org 

 

Мүмкін,  ол  кіндік  жұрты  Баянауылына  ала  кет,  мінгестіре  кет  деп, 



немесе  Сарыарқаның  жаңбырын  құя  кет  деп  сәлем  жолдайтын  шығар.  Не, 

мүмкін,  бүгін  түнде  ақ  еркеммен  жолыққандай  болсам,  айдың  бетін  жап, 

қорғала бізді, түннің құшағында тербет дей ме екен.  

Әлде «жанды мал үшін жаратып жүрген» мынау елге деген ӛкпе-назын 

ішіндегі  қазандай  қайнаған  құса  ойын,  ел  тағдырын  кемеңгерге  емес,  езге, 

малға ӛңгеріп берген заман зарын еншілес дей ме. Кім білсін. Әйтеуір, ұзақ 

ойланады,  әйтеуір,  жалықпай  жазады.  «Кім  жазықтының»  мынау  кәрі 

қайыңның түбінде тұсауы кесілгенін қайдан білсін мынау бейбақ ел. 

Әлі есінде: 

Махмұт  болыстың  үйіне  барған  сайын,  Әбдікерімнің  үлкен  қызы 

Бағилаға кӛз қырымен қарай отыратын. Ал сезімтал қыз болса жігіттің ӛзіне 

деген  ниетін  қымыз  ұсынып  отырып-ақ  аңғаратын-ды.  Екеуі  бір-бірінен 

балаша  ұялатын.  Неге  қысылатынын  ӛздері  де  сезбейтін.  Бұл  үнсіз  жұмбақ 

сүйіспеншіліктерін бір-бірінен қызғана да, жасқана жасыратын. Бір-бірлерін 

ойламаса  да,  жүректерінде  әрқайсысының  бейне  бір  буалдыр  кӛлеңкелері 

тәрізді  бір  сағым  кезетін.  Махмұт  бұл  үйге  келген  сайын,  келуін  зарыға 

күткенін  қашан  болса  да  жәудіреген  мойыл  кӛзінен  танитын,  оның  ӛзі  де 

ертеден-ақ  бӛтен  сезінгендей,  оның  келетінін  білгендей,  аңсап  күткендей 

болып  жүргенін  қимыл-  қыбырымен-ақ  аңғартатын.  Бір-бірін  жан-тәнімен 

қиыла  сүйетіні  ашылмаса  да,  ауызекі  сұқбаттасудан  әлдеқайда  күшті 

құдіретті  сезім  жеткізіп  қойған.  Бұл  үнсіз  сүйіспеншіліктері  бой  бермей 

билеп әкетсе, түбі неге апарып соғатынын, мына Бағиланың әкесі не дейтінін 

ойлаудың  ӛзі  аса  сұмдық  еді.  «Қыз  менің  етегімнен  ұстады  делік.  Оны 

осынау жылы қонысынан бӛліп қайда апарып, қандай ұшпаққа шығарар едім.  

Қара  басты  қаңғыртып, ел  кезіп  жүрген  Махмұт жар  күтерлік  жалақың 

бар  ма.  Жарайды,  оған  да  мойымаймын.  Сонда  Бағиланың  құдандаласқан 

жері  бар  ғой,  Әбдікерім  салт  басты,  сабау  қамшы  сақа  жігіттің  қолынан 

жетектетіп  жіберер  деймісің  қызын».  Міне,  осы  бір  тастаяқтай  қақтығысып 

тыншу  бермейтін  түпсіз  ой  Махмұт  жүрегіне  ақпанды  азынатып  жүрген. 

Нұрмаш қыздан беріп жіберген алғашқы хатына ӛзгеше назбен сазды жауап 

беріпті. Бұл да жігіттің күйреуіңкі жанына үлкен медеу болды. 

Бағана  Бағиланың  жауабын  кӛкірегіне  мықтап  қысқан  күйі  үйреншікті 

орны — қайыңның түбіне келген. Етпетінен жатып алып, жалпақ кӛк тастың 

үстіндегі  қағазға  әлденені  беріле  жазуда.  Нұрмаштың  келгенін  сезген  жоқ. 

Ерке қыз сыралғы жігіттен жасқанбайтын. 

Бірінің  астына  бірі  мӛрдей  тіркеліп  жатқан  ӛлең  жолдарын  үнсіз  оқып 

тұр: 

Келді  хатың  мен  шаршап,  Отырғанда  дамығып.  Хабарыңа  бек  аңсап, 



Созылып кӛзім талығып.  

Сӛзіңнен  кӛріп  ӛзіңді,  Құшақтай  алдым  жамығып,—  деген  жеріне 

келгенде,  қыз  шыдай  алмай  сықылықтап  күліп  жіберді.  Махмұт  селк  ете 

түскен. Атып тұрып, дәптерін жасыра қойды. 

- Е, сен екенсің ғой, Нұрмаш. 


10 

Sauap.org 

 

-  Ақын  жігіт,  сағыныштан  әбден  біткен  екенсіз.  Құшақтап  жатқаныңыз 



Бағила емес, кӛк тас қой. Оны неге ӛлеңге қосасыз? 

- Адасқан қаздай қаңқылдап әбігері шығып, жар іздеген жабыңқы жүрек 

ойда  жоқта  туласа,  есеңгіретіп  тастайды  екен,  Нұрмашжан.  Тұйық  ағаңның 

тұтқиылдан  туған  махаббаты  тұмшалаған  тұманды  ойдың  тұнығын  тілімен 

емес,  жырымен  жеткізуге  талпынғаны  да.  Нан  іздеймін  деп  жүріп,  жар 

таптым ба деп едім, үмітім ескексіз қайыққа айналды. 

-  Қамықпаңыз,  Махмұт  аға,  Бағиланың  сізге деген  ықыласы  оң.  Тыншу 

бермей сізді қинап жүрген сезім оның басында да бар. Түбі қайырлы болсын 

деңіз.—  Әлгінде  ғана  бұлтыңдап  қуақыланып  тұрған  қыз  Махмұттың  бет 

әлпетіндегі  мұңайыстың  ауыр  табын  аңдап,  момақан  күйге  кӛшті.  Белін 

қынай тіккен пүліш қамзолының арқасында шашбаулап ӛрген қос ерім күрең 

шаш қыздың қара торы ӛңіне ӛзгеше жарасымды, басын піскен алмадай иіп, 

жігіттің алдында, бейне бір ӛзін борышкер адамдай сезініп тұр. 

- Қолымнан бар келгені — хаттарыңызды бір-біріңізге табыс ету болса, 

оның  ӛзі  де  қияметке  айналып  бара  жатыр.  Бағиланың  үй-іші  секем  алады 

білем.  Бағана  Бағила  шақыртты  деген  соң,  кіріп  шығып  едім,  шешесі  жер-

жебір, жекен суыма жетті.— Сен қыз бұл үйге сумаңдай берме,— дейді.  

- Тәңірім-ау, сенгенім сен болсаң, сенің жолыңды да жіңішкерткен екен. 

Алладан  медет  тілегендей, намазшам  арасында қырға шығып қайтатынмын. 

Сонда  сенің  тілеуіңді  Бағиладан  кем  тілемейтінмін,  Нұрмаш.  Сен  мен 

бейбаққа үлкен жақсылық жасадың. 

Қайда  жүрсем  де  ұмытпаспын.  Бодауын  қайтару  қолымқан  келмейді. 

Тіліме тиек, жырыма ӛрнек боларсың. 

Күн  таласып  барады.  Шәңгіштайдың  бар  малы  ӛрістен  құлап  келеді. 

Кешқұрымғы ауа салқын.  

Аздап  жел  бар.  Махмұт  жел  ӛтіне  тӛсін  беріп  тұра  қарап  тұр.  Жүзі 

сынық. 

Нұрмаш қайтуға ыңғай білдірді. 



- Махмұт аға, желге бұлай қарсы қарап тұрмаңызшы, суық тиер. Кешке 

алтыбақанға  барарсыз.  Бағила  әкем  Үлкен  нарын  жақтан  келіп  қалмаса,  бір 

соғып қайтармын дейді. 

Сәті келсе, жүздесіп, тілдесіп қаларсыз. 

-  Айналайын,  Нұрмаш-ай,  кӛңілімнің  кӛк  мұзын  жалғыз  сӛзіңмен-ақ 

еріттің-ау. Ымырттың тез үйірілгенін тіле десеңші. 

Махмұт  шолпысы  тілерсегіне  соғылып,  ырғала  басып  асықпай  оқшау 

жүріспен  аяңдап  бара  жатқан  Нұрмаштың  артынан  ұзақ  қарап  қалды. 

Жүрегін  әлденендей  жақсы  үміттің  сағымы  шарпи  бастап  еді,  булығып  кеп 

үздіге  ұзақ  жӛтелді.  Алыста  қызыл  ала  кеңістікте  бір  топ  жабайы  үйрек 

қоналқыға беттей ұшып барады... 

Кӛз  байланған  уақ.  Тау  сілемдері  ауыр  сібірленген  мұнараға  бегіп  тұр. 

Күнбатыс  кӛкжиекте  ақшылтым  жолақ  бар.  Әлемді  түннің  кейуана 

тыныштығы баса-кӛктеп жайлап алған секілді.  



11 

Sauap.org 

 

Әншейінде тағат таппай безілдейтін шегірткенің үні де дәл бүгінгі кеште 



семгендей,  оқта-текте  үйірінен  адасып  қап  кісінеген  жылқының  арқыраған 

қоңырау  даусы  ымырт  тыныштығын  тіліп  ӛтеді.  Ауылдың  түнге  айналған 

уағы  біржола  меңдеп  бара  жатқан  меңіреу  тыныштықтың  құшағына  ойыса 

беріп  еді.  Ұзақ  тауының  етегіндегі  шоқ  қарағайдың  түбінен  жарқ  еткен 

жалын мен сыңғырлаған күміс күлкілер мазасын алды. 

Қатар  тұспа-тұс  ӛскен  қос  қарағайға  алтыбақан  құрған  ауыл  жастары 

лаулатып от жаққан еді.  

Топтың  топаны  мол.  Бүгінгі  кештің  басалқасы  Ахметбек  те,  гүлі  — 

Махмұт.  Ол  Нұрмашпен  әрі-бері  алтыбақанда  тербелді  де,  «гармонь  тарт» 

деп  қыздар  жағы  қолқалап  болмаған  соң,  түсіп  кеткен.  Әр  әннің  басын  бір 

шалып  келді  де,  әлденендей  тылсым  жаныңды  жаннатқа  бастайтын  мұңлы 

күйді термелеп кетті. Ортадағы сатыр-сұтыр лапылдап жанған отты қаумалай 

тұрған  қыздар  мен  жігіттер  жүзі  бал-бұл  жайнап,  шадыманды  әрі  мұңлы 

күйге  кӛшкен.  Әркім  ӛз  арманын  аялап  тұр,  әркім  ӛз  жүрегінің  сырын 

Махмұт  тартқан  музыка  үнімен  бір-біріне  жеткізіп  тұр,  әркім  ӛздерінің 

буалдыр болашағын  болжауды  тыйып,  бір  сәттік  тәтті  минуттың  жалқынды 

құшағында  әнтек  тербеліп  тұр.  Біреу  ауыр  күрсінгендей  болды.  Махмұт 

гармоньды зарлатып барып шұғыл үзе қойғанда да, қауым бірер мезет әлі де 

тұрып қалған-ды. Тек Ахметбектің «Тусаң ту, ақын аға!» — деген ӛр даусы 

шеңберленген топты бал ұйқысынан оятқандай дүр сілкіндірді. 

Жан-жақтан: 

- Махмұт аға, ӛлең оқыңызшы! 

- Ақын аға, ғашықтар жайлы қисса айтыңызшы! 

-  Махмұт  аға,  Ақын  аға...—  деп  жамыраған  дауыстар  тұс-тұстан 

андыздап кетті. 

Ал  Мақыш  болса  алысқа,  ақжолтайланып  тұрған  кӛкжиекке  кірпігін 

қақпастан  телмірген  қалыпта,  жуықта  жазған  ӛлеңі  «Алты  аяқты»  қоңыр 

дауыспен  бастай  жӛнелді  де,  мына  бір  тұсына  келгенде,  от  жалынына 

шағылысқан екі кӛзі жайнап, екілене мақамдап кетті: 

Тайдай толқын тағы кеп, 

Ұшты қайық аспанға. 

Әзірейіл тұр «болшы» деп, 

Қайда барам қашқанда. 

Жанталастым тұншығып, 

Бір батып суға, бір шығып. 

Міне, сол уақытта: 

Алтайдан бір тал білмеймін,  

Түсті неғып қолыма? 

Кез қылды ма құдайым, 

Ажалсыздың жолына. 

Талдан ұстап қарманып, 

Судан шықтым аллалап. 

Суық ӛткен, шаршаған, 


12 

Sauap.org 

 

Бола ма адам, болмай ма? 



Соққы жеген қаншадан, 

Дауасы яки қонбай ма. 

Дауа тегін, ем тегін, 

Қайтар алла еңбегін. 

Жастар  шоғыры  және  де  ӛз-ӛздеріне  келе  алмай,  әлгі  бір  сәттегі 

шаттықты  шақтарынан  айрылып  қалардай  сілейісіп  қалған.  Таңдайда  қалып 

қойған  тәтті  әсерлерін  жұтуға  қимағандай.  Осынау  қазақ  даласының  бір 

пұшпағындағы шағын ғана жұтаң ауылдың сыртынан қарап әсте тон пішуге 

болмайды екен. Әсіресе, жастар жүрегі әмісе жақсылыққа, жаңалыққа, ойын-

күлкіге құштар-ды. 

Махмұт  мұнда  келгелі,  осындай  ойын-жиын  тым-тым  жиілеп  кеткен. 

Жастар жағы тез үйірілген. 

- Сізді Бағила Бұқтырманың жағасында күтіп тұр,— деп сыбыр ете түсті. 

Махмұт қайыра сыбырлады. 

- Қай жерінде? 

- Дӛңгелек тоғайда.  

-  Ал,  құрбыларым,  айып  етпеңіздер  мені,—  деді  Махмұт,—  сендермен 

таң  атқанша  сейіл  құруға  шыдайтын  түрім  жоқ.  Қазіргі  күйімді  ӛздерің  де 

түсінесіңдер  ғой.  Күзге  айналған  маусымның  түні  салқын.  Рұқсат  етсеңдер 

мен қайтайын. Сауықтарыңды жалғастыра беріңдер. 

- Рұқсат, рұқсат... 

- Рақмет, Махмұт аға! 

- Ризамыз сізге, ақын аға! 

Дӛңгелек шіліктің ішіне кіре бергенде, Махмұттың денесі бір ысып, бір 

суыды.  Буын-буыны  қалтырап,  иек-иегіне  тимей  сақылдап  кетті.  Бағила  су 

жиегіндегі  кӛлденең  жығылған  ағаштың  үстінде  шынтағын  тізесіне  қойып, 

жағын таянып отыр екен. 

Махмұттың алғашқы сыбдыры шыққанда, селк етіп шошынып қалған. 

- Мен ғой, Бағила. 

- Түу, жүрегім аузыма тығылғаны, аңдушы біреу ме деп. 

Бұрын-соңды жігіттермен оңаша жолығып кӛрмегендікі ме, жоқ болмаса 

Махмұттан  шындап  қысылғаны  ма,  Бағиланың  сӛйлеген  сӛзі,  қимылы  бір 

түрлі  ебедейсіз.  Бірақ  Махмұтқа  осының  ӛзі  аса  сүйкімді,  ғұмыры 

қайталанбайтындай. Тіпті жайшылықтағы жыр кестелейтін сӛз маржанының 

бірі түссеші аузына. Бар болғаны қатарында аққудай қонып отырған қыздың 

тал  бойына,  бет-әлпетіне  телміріп  қайта-қайта  қарай  берді.  Бағила  одан 

сайын қымсына түседі. Иә, бұлар бір-біріне жалғыз ауыз тіл қата алмады. Тіл 

қатса болды, осы отырыстарының шырқы бұзылып, кӛңіл айдынына қонған 

бақыт  шүрегейін  үркітіп  алар  ма  еді.  Бұқтырма  арқырамай,  сарқырамай  да 

баяу ағып жатыр. Беті қарауытып, шолжаң толқын жарды шолп еткізіп сүзіп 

ӛтеді,  сүйіп  ӛтеді.  Жағадағы  түбі  қопарылып,  басын  суға  мала  жығылған 

қызыл талдың бұтақтарын су қағып, тағатсыз әнтек дірілдетеді. Бейне сезім 



13 

Sauap.org 

 

қағып  дірілдеген  екі  жастың  қос  жүрегіндей.  Олар  әлі  үнсіз  отыр.  Үнсіз 



отырса да тілдесіп отыр.  

Олар әлі оқшаулау отыр. Оқшаулау отырса да іштей бір-бірін ойлап, бір-

ақ нәрсені армандап отыр. Түнгі ауа дымқыл тартты. Шӛп басын шық шалды. 

Ӛзеннен  жеңіл  бу  кӛтерілді  де,  тұманға  айналып,  Махмұт  пен  Бағиланы 

тұмшалап алды. Бағила жеңіл киінген. Махмұт та.  

Олар әлі үнсіз, әрі оқшау отыр. 

Бағила  тітіркенгендей  болды.  Махмұт  тамағына  таяп  қалған  жӛтелді 

баспақ  болып,  жӛткірінді.  Бағиланың  тоңазығанын  Махмұт  сезген. 

Махмұттың  бойын  суық  ұстай  бастағанын  сергек  кӛңілді  сезімтал  қыз 

бағанадан  аңғарған.  Қыз  жігітке  тақала  түскендей  болып  еді.  Жігіт 

пенжагының  түймесін  асығыс  ағытты  да,  қыздың  ту  сыртын  қаусыра 

құшағына алды.  

Тұманнан ештеңе болжанбайды. Оқта-текте бытпылдық шырылдайды. 

Екі  жас  жабысып  бір-ақ  адамның  нобайына  кірді.  Бірақ  бір-біріне 

жақындаған  сайын,  алыстап  бара  жатқандай.  Екі  жас  ләм  деп  аузын  ашқан 

жоқ.  Іштей  ұғынысты.  Тілсіз  табысты:  «Жас  жүрек»,  «сүйем-күйем», 

«армандамын»,  «енді  қайттік,  құдая»  демеді.  Бар  болғаны  ыстық-ыстық 

сүйісті.  Бар  болғаны  түннің  аса  қауіптілігіне,  салқынына  қарамай  ұзақ 

отырысып,  таң  қылаң  бере, кері оралды.  Олар  жердің  шық  екенін  де  сезген 

жоқ, ертең алдарында не күтіп тұрғанын және де ойлаған емес. Осының бәрі-

бәрін  ӛздері  емес,  әлдекім,  әлдебір  тӛтенше  сиқырлы  күшпен  істеп 

жатқандай. 

Ұзақ тауының етегі жағынан: 

Елімнің бір жайлауы Құрымбай саз, Жайлаған алты ай жазда сарала қаз. 

Шолпандай таң алдында туып, батқан, Қайтейін, уа, дариға-ай, ғұмырың 

аз,  -  деп  шырқап  салған  ән  естілді,  естілді  де  тына  қалды.  Тына  қалды  да, 

ешбір ән қайталанған жоқ, бейбақ тыныштық орнады. Шолпан жұлдыз қазан 

түбіндегі  майдай  еріп  бозғылттанып  семіп  барады  екен.  Шығыс  жақтағы 

бозамықты қызыл арай сәуле тықсыра бастады... 

Бұл Махмұт пен Бағиланың тұңғыш та ақырғы жолығысуы еді. 

Махмұт жӛтелді... 

Бағила күрсінді... 

Бір  айдан  соң  Бағиланы  атастырған  жағы  —  Шүйге  ұзататын  болды. 

Әбдікерім қызы мен 

Махмұт  арасындағы  хикаяны  білсе  де  білмегенсіді.  Әккі  болыс 

Махмұтқа  деген  ілтипатын  соңғы  күнге  дейін  ӛзгерткен  жоқ.  Бағила 

аттанатын күні:  

-  Махмұт  кеп,  қарындасының  ұзату  тойын  басқарсын,—  деп  бала 

жіберткен екен. Әдейі сайқалдықпен шақыртып отырғанын сезген ақын морт 

кетті: 


-  Бармаймын.  Ғабділкәрім  мырза  сӛзінде  тұрмағаны  қалай?  Қаратай 

елінде  әйелге  кеңшілік  беру  һәм  жесір  дауын  жоғалту  қақындағы  әдейі  бас 



14 

Sauap.org 

 

қосқан кеңестегі сӛзінен танып, қайта күйсегені несі? — Шақырушыға «айта 



бар» деп қадап жіберді бұл сӛзді. Ӛзі барған жоқ.  

Нұрмаштан Бағилаға ұзақ хат жазып жолдады. 

Бағила  кеткеннен  соң,  бір  жұмадан  кейін  Зайсан  жағына  аттанбаққа 

жиналды.  Жігіттің  кететінін  естіген  Әбдікерім  «кетпесін»  деп  те,  «кетсін» 

деп  те  тіл  қатқан  жоқ.  Әдетінше  үнсіз  екі  ұдай  сақ  қалпын  сақтады. 

Махмұттың  қалай,  кіммен  жүретінін,  арғы  елге  немен  кететінін  де  ашып, 

тиянақтап айтпады. 

Күн  ала  бұлтты  болатын.  Махмұт  ол-пұлын  дәріс  берген  шәкірт  бала 

Кӛксегенге  жинатып,  аттаныс  қамына  кірісіп  жатқан.  Аядай  ғана  есіктен 

еңгезердей болып біреу кірді. Шағиман шал екен. 

- Сіз екенсіз ғой, ақсақал. Тӛрлетіңіз. 

- Немене, жүрмекшімісің? 

- Иә, ақсақал, ондай ой бар. 

-  Ой  болғаны  —  жол  болғаны.  Сезем,  шырағым,  жай-күйіңді.  Немене, 

мына  шалдың  қауқиған  бойы  ғана  деп  ойлама.  Жүрек  деген  қыж-қыж 

қайнайды,  күресуге  дәрмен  жоқ  деген.  Ӛзімнің  құлай  ұнатқан  балам  едің. 

Жалғыздық басыңа түскенде, қол ұшын бере алмадым. 

- О, не дегеніңіз, Шәке. Сізге не деп ӛкпе айтайын. Тіпті қай-қайсыңызға 

да ӛкпе-назым жоқ.  

Тілеуім ақ, кӛңілім пәк. Аунадым, қунадым. Бір қауым шаруамды бітіріп 

алдым. 

-  Әй,  Махмұт-ай,  сипақтап  қайтесің.  Маңдайымызға  сыйдыра  алмадық 



қой.  Алаштың  ала-құласына  жем  болып  жатқан  қызымызды  Арқаның 

ардагеріне қимадық. Білместік емей немене, бұнымыз. Білместік. Жә, аттанам 

дейсің,  астыңда  атың  жоқ.  Күн  болса  мынау  жауғалы  тұрған.  Баяғыда, 

Жазатырдан  ӛзім  әкеліп  едім,  енді  барар  жеріңе  апару  да  міндетім  секілді. 

Әйтпесе  қазақ  болып  туғаным  қайсы.  Бас  аман  болса,  аяқ  артар  табылады. 

Атаңның атын мініп кет, Махмұт. 

-  Жоға,  о  не  дегеніңіз,  ақсақал.  Талшық  тауып  отырған  жалғыз 

торыңызды маған түсіп беріп... 

-  Уа,  садағаң  кетейін!  Сӛзді  қой,  шырақ.  Мініп  кет.  Атаң  екі 

сӛйлемейді.—  Одан  әрі  сӛз  бұйдаласа,  шал  шатақ  шығаратынын  сезген 

Махмұт үнсіз келісті. 

Нӛсер  құйып  берді.  Жол  лайсаң.  Алтай  күзінің  басталысы  қатты.  Тау 

басы  аппақ,  қар  жауып  қалған.  Ағаш  басында  сарғайып  ілініп  тұрған  бірлі-

жарым  жапырақ,  тамшы  сабалаған  сайын,  есі  шығып  қалбалақтайды.  Күз 

нӛсері  үнсіз,  күркіремей  жауады.  Терек  басында  қарғалар  жүр  қарқылдап. 

Жылдың  қай  мезгілінде  де  мынау  ата  мекенін  қиып  тастап  ешқайда  ұшып 

кетпей,  туған  жердің  құлы  болса  да  қалбалақтап  жүрудің  ӛзі  де  ғанибет-ау. 

Махмұт  атқа  қонды.  Бір  кезде  Ӛрелдің  ӛрінде  ӛзі  озып  кеткен  Шағиман 

шалдың торысы бұл. 

Шағиман Махмұттың кітап толы қоржынын қанжығаға бӛктеріп тұрып: 



15 

Sauap.org 

 

-  Шырағым,  бұл  әрі-бері  ұшыртып  барып  болдырып  қалатын  ұшқыр  ат 



емес.  Бүлкек  желіспен-ақ  жер  табанын  қуыратын  шаруаның  торысы. 

Бармаған  жер,  баспаған  тауы  қалмаған  кӛмпіс  ат.  Ұзақ  жүрістің,  алыс 

жолдың,  ой-қырдың  соқтырмасына  шаршап-  шалдықпайтын  жолаушының 

аты. Мә, қамшы. Ал, жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын, балам.  

Артыңнан ай, алдыңнан күн туғай. 

- Қош болыңыз, Махмұт аға!— Бұл — шәкірт бала Кӛксеген еді. 

- Қош, аяулы аға!— Бұл — Нұрмаш еді. 

-  Қош,  Алтайдың  абзал  адамдары,  ай  маңдайлы  ақ  еркелері!  —  Бұл  — 

Махмұт еді. 

Жауын үдеп салды. Жол лайсаң. Алда ұзақ жүріс бар. Күннің толастар 

сыңайы білінбейді. 

Бірақ  сона  батыс  кӛкжиектің  таумен  астасқан  етегі  түріңкі  екен... 

Басылар.  Алтайдың  сіркіреп  тұрған  ақ нӛсері  Сұлтанмахмұттың  кӛз  алдына 

Сарыарқаның жаңбырын елестетті... 

Жол лайсаң. Тайғақ. Алда ұзақ жүріс бар...  

Ақ  жауын  сілбілеп  тұр.  Мен  Қызылқайың  сарқырамасының  жиегіндегі 

кәрі  қайыңның  түбінде  таң  алдындағы  Шолпан  жұлдыздай  туып-батқан 

аяулы ағаны емірене есіме алып, әлі отырмын. 

 

 

 



 

 

Кітаппен танысқаннан кейін, оның қағаз нұсқасын сатып 



алуды ұмытпаңыз! 

Сайттағы  барлық  кітаптар  тек  танысу  мақсатында 

ұсынылған. 

Кітапті  жүктеп,  мазмұнымен  танысқан  соң,  Сіз  оны 

қалдырмай, жоюға тиіссіз. 

Кітаптың  мәтінін  кӛшіре  және  сақтай  отырып,  Сіз 

авторлық және  аралас құқықтар туралы заңға сәйкес, барлық 

жауапкершілікті ӛз мойныңызға аласыз.  

Сайт  әкімшілігі  пайдаланушыларды  кітаптарға  заңды 

жолмен қол жеткізуге шақырады. 

 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет