Оралхан БӨкей қамшыгер (Әңгіме)



Дата27.11.2023
өлшемі43,98 Kb.
#129484
Байланысты:
Оралхан БӨКЕЙ ҚАМШЫГЕР

Оралхан БӨКЕЙ ҚАМШЫГЕР (Әңгіме)


Ай астында: Қан жылап жетімсіреген қараша үй қалды, қара жамылған жесір əйелдің мұңдықты басы қалды. Ай астында: Марғауланып ер мен елдің осыншама еркелігін, осыншама қасіретін мамырстан кеудесіне сыйғызып, қазақтың күреңселі даласы жатты.
* * *
Түйетастың аңғарынан аңырап жел соғып тұр. Атты кісіні аударып түсіретін қызыл еспе – ерніңді сортаңдатып сорып, кебірсітіп тастайтын қызыл еспе. Екі жағы найзадай шаншылған, тіп-тік жалтыр көктасты құздың ортасы ашамайланып, шыңырау шат боп біткен-ді. Шатқалдың дəл тереңдей жеткен табанында салба-салба самырсындар бар. Самырсындар ақ көбігі аспанға атылған Шарықтыбұлақтың екі жағалауын қуалай өскен. Əлгі аңызақ өкпек жел осы ұңғыны өзектей кеп, осынау шаттың бітер аузына кептеле шөгіп қалған қара тасқа бар пəрменімен соғылысатын. Алып қара тастың сыртқы пошымы жампозға тым ұқсас. Сондығы ма, кейін келе Түйетас атанып кетті ғой. Түйетастың құбыласын иектей жұпыны ғана қараша киіз үй тігілген-ді. Тасты ықтап отырғандықтан, бұл үйді аңырақайдан соққан аңызақ шала алмайтын. Үй жалқы ғана. Көз көрімде ел жоқ: тек ұзынсонар қож-қож тастар, сойдақ-сойдақ қарағайлар, алапат таулар ғана қаумалай қоршап, күргейлеп тұрады. Қараша үйдің маңынан ербең еткен баланы да, өріп жүрген жетім лақ та көрмейсіз. Өнебойы өгейсіп, мынау жер-жаһанда аласталып, алыста қалғандай: үн-түнсіз ағараңдайтын шалғайдан. Қараша үйден кейде қолында құманы бар бөкебайлы əйел шығар еді, шығар еді де қаздаңдай басып Шарықтыбұлақтан су алар еді. Су алған күйі үйге қайта кіріп, жоқ болар еді. Бұдан соң оның төбесін қайта көрмейсің. Жым-жырт... меп-меңіреу тыныштық ұйып, қаймағы бұзылмастан мелшиедіау келіп. Аңғарды құлазыған өлі тыныштық жайлайтын... Өлі тыныштық жайламайтын кейде. Құлаққа Шарықтыбұлақтың арсыл-гүрсіл арыны, əупілдектің əні шалынатын; мұрынға боз көденің иісі келіп қытықтайтын, тау қызғалдақтары қызықтыра мен мұндалайтын. Қазір тауқызғалдақтары жоқтын. Күз ғой, солған, қуарып қалған... Қазір боз көденің жұпары да сезілмейді. Күзгі таудың шөп-шаламы қаңсып, қолқаны алады. Қараша үйдің белдеуіне кейде тұрықты, есік пен төрдей баран ат байланатын. Қызыл іңірден намазшамға дейін суынып, сонсын үйдің ар жағындағы көкорайға арқандалатын-ды. Атты жауырыны еңкіштеу келген еңгезердей атан жілік адам арқандайтын. Бұдан соң қараша үйдің жыртықтесігінен жылтылдаған от сəулесі, түндігінен сыздықтап болар-болмас түтін шығады. Түйетастан лық етіп оқыстан асып қалған қоңылтақ самал қараша үйден қаңғырып шыққан жас еттің иісін лып еткізіп іліп ала жөнелер. Қарашахананың есігі үркер тас төбеге көтерілгенде ғана сыңсып ашылар, сыңсып ашылар да, бағанағы дəу жігіт шығып айға қарап есінеп, өңкеңдей басып атқа барар еді. Маңайды самарқау, бірақ жіті шолып шығарда, дəрет сындырып алады. Сонсын қараша үйге үш бүктеліп қайта кірер. Ештеңе болмағандай тау мүлгіп тұр... Көк күмбезінде ай зытып барады. Айқай-шусыз момақан тыныштық. Қараша үйде, қаракөк аспанда, қарауытқан тау мен қарабарқын орманда – бəрі-бəрі бір сəт ұйықтап кетеді. Ұйқысы қандай керемет дейсің... Керегеде салбырап ілулі тұрған бұзаутіс он екі өрім қамшының ұшынан сүт ағып тұр?.. Сүт тамшысы тұп-тура төрде жатқан жігіттің көз ұясына құйылады. Жып-жылымшы əрі саумалдай дəмді мəйектің қайдан ғана шыпылдап шығып тұрғаны беймəлім. Əйтеуір, жезбен орамдап, тасқып түйіп тастаған ұшынан мөлт етіп ағады да, жігіттің көзіне сырт етіп үзіліп түседі. Бір қызығы бағанағыдан бері сорғалап тұрғанымен, көзін дымдап ашытқан емес. Құмға сіңген судай жоқ болады. Ол аз дегендей сүйсініп, осынау оқшау құбылысты хош көре қызықтағандай тырп етпестен, қымыз ба деп қыбы қана сүйсініп қалған. Іргесінде албырап, таң алдындағы тəтті ұйқы меңдеп, түшіркеніп-ақ жатқан əйеліне осы ғажайыпты айтпақ боп бұрылайын деп еді, шегелеп тастағандай аунай алмады. Екі-үш рет: «Қамқа, əй, Қамқа!» – деп дыбыстап та көрді. Өндіршегіне оқтау тығып тастаған ба, үні шығар емес. Қамшы ұшынан шыққан əлгі сүт əліде толастамаған. Енді көз шарасынан құлдилап ерінге тамшылай бастады. Жігіт жұмған аузын ашпастан қалың дүрдік ернін жымқырып көп жатты. Көп жата да алмады. Неде болса дəмін татып көрейін деп аузын ашып еді, қып-қышқыл қан дəмі таңдайына тақ ете қалды. Адамның қаны ма, малдың қаны ма, айыра алған жоқ. Өне бойы мұздап салды. Селк етіп аса бір сасқан қатты шошыспен көзін ашқанда, уықты қуалай бетіне тамған суды сезді. Атып тұрып тысқа шығып еді, түн ортасында ғана шөкімдей бұлты жоқ, айнадай тап-таза аспанды сұп-сұр бұлт сықастыра құрсаулап алған екен. Рахман ақ жауын үнсіз сіркіреп тұр. Арқандағы баран ат сүңгілесіп, салпиып қараторы боп кетіпті. Оттамастан басқа ұрғандай мүлгиді. Шарықтыбұлақ шанағынан асып-тасып жатыр. Тау іші бұрынды-соңды болмаған бір сұрқай сұсты күйге енгендей, мазасыз қоңыр күздің əупірімді ырқына көнгендей, өзгеше бір қоңыржай жуастықпен мойынсұнады нөпір нөсерге. Садақбай арқаннан ағытып, етек-бұтақтары айгөлектене кең, мол біткен самырсынның түбіне байлады атын. Киіз үйдің іргесінде су боп жатқан ертоқымды ала кірді. Қамқа тырапай асып əлі ұйықтап жатыр екен. Тəмпіш мұрны пыс-пыс етеді. – Тұрсай! – деп шаптыға айқайлады ері. Садақбай дастарқан үстінде де танауы қусырылып, тоң-торыс қысастана отырған. Əйелі түннен қалған еліктің етін жылытпалап əкеп алдына қойып еді, бір іліп аузына салып талмады да: «Қыл-қыбырын тазаласаңшы», – деп кепиетси ысырып тастады. Өзге тағамдарға да зауқы шаппады білем. Қалың түйежүн шекпеніне тасбүркеніп жатыпқалды. Көп жата алған жоқ-ау, əлдекім бас салып тұншықтырғандай, өз-өзінен булығып, быршып, үстіндегі шекпенді ауырсына, шамырқана сілкіп жіберді. «Уһ! Пəруардігер-ай!» – деп, күңіреніп қатты күрсінгенде, қараша үйдің түндігі желп ете түскендей болды. Қамқа күйеуінің ықылымнан бері мұндай күйінішті күйін көрмеп еді. Аң-таң. Жөн-жосығын сұрауға батылы барған жоқ. Аш арыстанша дөңбекшіген ашулы Садақбайдың сықпыты бейне кісі өлтіргендей түтігіп отырған соң, жүрегі дауаламаған. – Қамқа! – деді арыстай денесін керегеге сүйеп. – Қамшы қайда? – Бас жағыңда ілулі тұр ғой. – Салбыратпай алып тасташы! – Неге? – Ол күйеуінің бұл қылығына есі шыға таңырқады. Садақбайдың аласапыран пəруай жүзіне сұрақты кейіппен тосырқай қарап тұрды. Қарап тұра беруге шыдамаған дəт шіркін. Қамшыны еппен алды да, босағада жатқан ер-тоқымның қасына тастай берді. Садақбай отсыз шүңгіл көзі кіртиіп, əмісе серік санап келген қамшысына қимай шаншылақ арады. Бұзаулы сиыр беріп өрдірген қамшысы тағынан түсіп, пұшайман болып қалғандай сезінді. Он екі өрім бұзаутіс қамшының осы шаңырақтың толайым тірлігін арқалап келген есіл еңбегін ұмытқысы келді-ақ. Бұл қамшының көзі жоғала қалса, ертеңгі күні талшық етер малды қалай табарын есіне алғысы жоқ. Көзін жұмды. Бəрі бір көз алдында көлеңдеп-көлеңдеп қамшы тұрды. Бейқарар тірлігінің тұздығы дəл қазір алай-түлей жан дүниесімен жараспаған... Ол бейнеқақ қамшы жазғанды талақ тастап отыр. Талақ тастағысы келгені аузынан қан дəмі кетпейді. Бүк түсіп қайта жығылды. Түс əлетіне дейін тұяқ серпіп, оң жамбасынан аунамаған, ұйықтап жатыр ма, ояу жатыр ма, оншасы белгі-сіз. Садақбайдың мұншалық тоқайрауы Қамқаны бөтен ойға итермелеп, іштей əбігерін шығарды. Ақырдағы кешеден қалған еліктің етін жүн-жұрқадан арылтып та біткен. Бұдан соң жайымен сырт-сырт жанып жатқан жерошақтағы отқа мұңдана телміріп, ауыр... тым-тым ауыр тұманды ойға батқан. Ол тұңғыш рет жалғызсырағандай, ию-қию мол ауылаймақты сарыла сағынғандай сазды көңілде сезінді өзін. Аядай есіктен бесалты жігіт сау ете қалғанда ғана, есін жиды. Түйетастың арғыбетіндегі Қаратай жігіттері екен. Үсті-бастарын қағынып, қақырынып-түкірініп дабырлай кірісті. – Садағаң қайда? – десті төр алдында аюдай сұлап жатқан Садақбайды байқамай. – Жатыр ғой. – Сырқаттанып қалды ма? – Соны өзім де білмей отырмын. – Садаға, а, Садаға! Не болды? Бір жеріңіз ауырып қалды ма? Біз ғой. Басыңызды көтермейсіз бе?.. Ол басын көтерген жоқ: – Бұл қайсың! – деп ашулы гүр етті. – Інілеріңіз ғой. Күзде туып қалды. Əлгі келісім бойынша, Абақ, Керей жағына шығып қайтайық па деп келіп қалған едік. – Қайта беріңдер! Бүгін жол болмас. Жігіттер тым-тырыс аттанып бара жатты. Садақбай екі ойлы. Түндегі түсін: «Қатынға айтып жорытсам не теді», – деп оқталды да: «Ой, ол небіледі дейсің?» – деп іштей іркіліп қалған. Есінепқұсынап бей-жай мүлгіп отыр. Сонсоң: – Əй, Қамқа! – деді. Даусы тарғылданып шықты. – Сеніңде жатырың кеуіп қалды ғой! – Түйеден түскендей сөзді шынымен-ақ сен айттың ба дегендей, екі көзі мөлдіреп, дел-сал состиып тұрған Қамқаға жалт бұрылып: – Шақыршы əлгі жемтік аңдыған немелерді! – деген тағы да. Шығып бара жатқан əйеліне қажыспен аяй қарап қалды. «Апыр-ай, маған не көрінді бүгін...». * * * Алтайдың иығына шыққанда, айдын шалқар көл көрін-ді. Айнакөл. Көлді жағалай мамырлап қонған ығы-жығы ел екен. Ителгі – Керей елі алақандағы асықтай боп ап-анық көрінді. Кермеде жеті-сегіз ат байлаулы тұр. Қой сауып жүрген бірлі-жарым ақ жаулықты əйелдер болмаса, шошаң еткен айыр қалпақты шалынбайды. Шықардағылар бұлар тұрған тауға оқыстан қарап қалса, осынау топтың бар қарасын ап-анық байқары хақ еді. Абиыр болғанда иек көтерген халайық болмаған-ды. Қай-қайсысы да қой борбайына таскенедей жабысып, тұқшың-тұқшың созғылап отыр емшегін. Садақбай бүктеп ұстаған қамшысын əнтек сермеп қалғанда, артынан ерген алты жігіт жалақ төскейдің шақпақ-шақпақ қызыл қойтасын сусытып, жітірмелете ылдилады. Көл ернеуіндегі жынысқа əп-сəтте сіңіп, жоқ болып кетісті. Қас қылғандай күзгі аспан шаңқай ашық еді бүгін. Талма-тал түсте қапылы, бес қаруы сай отырған елге солақай килігу көзсіздік əрі амалдың жоқтығы-ау. Лықып жақындап кеп, жер астынан шыққандай жеті жігіт тұс-тұстан андыздай лап қойды. Көлдің су жайылған қалың қоғалы шалшығында пыр-пыр жүзіп жүрген жылқы, қырымнан қиқутаянғанда, дүр етіп, жапырыла жөнелгенде, бетбетімен лағып кеткен-ді. Көлге тұйықталып, шұрқырасып қалған бір үйірді алты жігіт тырқырата қаумалаған күйі, дыбыс шығармастан Марқаның шыңайтына тықсыра қуды. Ішінде жауырыны жазық тақтайдай мамалары, ойық желке, көкшіл бас қысыр тайы мен құлжа бедеу, қазмойын пырақтары бар Керейдің келісті көрме иық жылқылары құрықты қолға тез көне қоймады. Көбісі қайыру бермей, қабырғасымен соғып жалт-жалт берісіп, сетіней бастаған. Садақбай ауыл жақты қарауылдай байырқалап қалған-ды. Жігіттердің анау босбелбеу пəстігіне қаны қайнап, шиыршық атып тұрған. Ауыл жақтан аттаншы шықпаса, өкпе тұсынан өзі килігем бе деп еді: – Қаратайлар! Қаратайлар! – деп аттандаған айқай-шу естілді. Енді бір мəурітте өзіне қарай қапталдап, қаптай шауып келе жатқан бес-алты аттыны көрген. Қаймыққан жоқ. Саспады. Марқасқадай қасқиып қарсы алды. Асығыс атқа қонғандықтан ба, Ителі жігіттерінің қолында шоқпар да, сойыл да жоқ, құр қамшылары ғана бар екен. Садақбайдың құдайы тіпті жасап, мерейі шамырқанып-ақ тұр. Қарсы далбақтаған топты, жалт бұрылып ағындарымен өткізіп жіберді. Өтіп кеткен соң, қырғидай шүйлікті қыр желкелерінен. Ор қояндай ойнап, сақ-сақ күліп, Ғайып ерен – қырық шілтеннің пірін шақыра, езуі көпіршіп, топтың топанына бір араласып шыққанда алтауының бірдей қамшысын сарт-сұрт жұлып, тақымына қыса кетті. Атын жайтаңдата жорғалатып дөй далаға жырақтанды да, бұлаңдаған алты қамшыны бірдей алдыңғы қанжығасына байлап үлгерді. Марқаға қиястай тартқан серіктеріне көз тастап еді. Алдарында қыл құйрық қалмаған алты азамат астыртта болып жатқан майданды қызықтағандай ошарылып тұрғанын болжады. Анау қырда тұрған алты азамат мұндай қан-құйлы майданның талайын көрген, бірақ мынандай ғажабын көрген емес. Алдына сап берген бар жылқыны бытыратып алды. Садақбайға небетімен көрінеді! – Үй, қолаба ынжықтар-ай! – деп, тісін шақыр-шұқыр қайрап, ақырып жіберді. Ақырып жіберді де, қамшыдан айрылып пұшайманы шыққан жігіттерге тап берді. Олар құрдан-құр, бет-бетімен есі шыға тырағайлап барады. Еті қызып алған ат ауыздығын қарш-қарш шайнап, еліріп сүзе жөнеледі, билейді. Оның торғайдай тозып, талапайы шыққан топқа алаңдамай, тіке тартпақ ниетін оң жақ бүйірден: – Тоқта! Қатынбысың қашатын! – деген тəйтік дауыс саңқ етіп, шорт үзген. Астында кермаралдай керілген шандоз аты бар, əлеуетті жігітағасы шатынай ұмтылды бұған. Азутісі ақсиып: «Жаһаннамға жіберейін!» – деп, зікір сала тебітті Садақбайға. Екі көзі ақықтай сүзілген, ішіп-жеп барады. Қолында күрзі, Садақбай шынымен-ақ сескеніп қалды. Енді таяған тықырдың кімнің пайдасына шешілерін бағамдамастан, бұда ілгері мінбелеген-ді. – Сойылмен жер жастандырайын! – деп, аузынан жалын ата, күрзісін білемдей берем деген керейліктің қасқа маңдай атын кеңсірігін ала осып жіберді. Қамшы қиястай тиген екен. Құйқа терісі бір елідей боп қан-сөлсіз ырсиып, аржағындағы сүйегі ағарып қалды. Ауырсынған ат шыркөбелек айналып жүр. Осыншама алапат шапшаңдықты күтпеген Ителі боздағы, атының басына ие бола алмай, далы шығып құр-құрлайды. Садақбай қалқан құлағын жымқыра, самайына қисайып қалған шытын қайта бір түзеп алды. Қайта бір түзеп алды да, құрақ ұшып, ұршықтай иірілген ат жігіттің астаудай жонын өзіне енді бір қаратқанда, қамшысын жəне бір сілтеді. Тері желеткенің қарс айрылып кеткен ұзынша сызығын қуалай аққан қап-қара қан ат сауырына тырс-тырс тамып тұр. Ендігі сəтте керейлік ат-матымен омаққа аса құлады. Садақбай қамшысына сүйсіне қарап, ауаны ысқырта оңды-солды осқылап алды ғой. Ілгері қарай жедеғабыл тар-та жөнелді. * * * Ол Марқаның жонын асып түскенше мелшиіп жұмбақты күйде келген. Бағанағы айқаста қозған жыны əп-сəтте сап болып, жүні жығыла қалған. Жігіттер де лəм дей алмай, өз оспадарлықтарына іштей қиналыңқы, ту итарқасы қияннан ат арытып келгенде, саусақты мұрынға тығып құр қол қайту арқаларына аяздай батпайды дейсің бе? Дегенмен, үлкен бір орашолақ əбестік жасағандарына қиналыстан гөрі, Садақбайдан қаймығу, ұялу басым секілді. Жолбасшыларының бұлайша сыздана, жағының кірісін ашпастан қаһарлы жүрісінен қамшысымен бір тартқаны жеңілдеуме еді. Бірақ осылар сол бір сілтенген қамшыдан қала қояр ма?.. Сыпыра ылди бітіп, қалың қарағайлы жүндес жоталар басталды. Сайлауға келгенде Садақбай ат басын тежеді. Жапа-тармағай түсті де, аттарды бірінің құйрығына бірін шылбырынан байлап дөңгелентіп қойды. Садақбай əлі үнсіз отыр. Сырт киімдерін аспай-саспай шешіп былайырақ қойды. Сонсоң талып, салбырап қалған қарын алақанымен мыжғылап, қолын ары-бері сілкілеп, қайыңның безіндей беріш бұлшық еттерін бұлтың-бұлтың ойнатқан. Түртпектеп жүріп жерден ағаштауып алды. Қарманып пышағын іздеп еді, қыны бос екен. – Тфу, атаңа нəлет! Пышағым ет жеген жерімде қалып қойыпты, – деді бұлқан-талқан ашуланып. – Садаға, менікін алыңыз... – деп, алтауы бірдей шошаң қағысып пышақтарын ұсынып еді, қай бұрынын алып, қолындағы жаңқаны үшкілдеп ұштады. Тісінің арасын шұқыды. Тілге жаңа келді. – Сендер мені осы жерден күтесіңдер. – Сіз қайда барасыз?! – Керейден тігерге тұяқ алмай кері оралу – туасымда жоқ ырым. – Біз де барамыз. «Аузы күйген үріп ішер» деген. Енді берік болармыз, Садаға, – деп əлденеден құр қалатындай жамырасты жігіттер. – Жоқ. Үйірімен жылқы алдырмайды олар. Сақ отыр. Мен күзетшінің шідердегі атын ұрлаймын, – деді тісін шұқыған күйі. – Апыр-ай, Садаға. Бізде ерсек қайтеді, – деп үздіге тақымдаған жігіттерге: – Қауқарларың қатындарыңа жетпейтіні бар, құйрықтарыңды қыспаймысыңдар. Қайта шабу не теңіміз, – деп қатты қайырып тастады. Өзі атқа қонды. Күзгі аспан сынаптай толықсып, аумалы-төкпелі боп тұрады. Əлгінде ғана балықкөз бұлт жоқ əуе əп-сəтте-ақ тұлан тұтып, түнере қалған. Құбыладан жел тұрды. Қарағай басы сусылдап, дүние əлем-тапырық күйге көшті. Жел тулатқан Айнакөлдің толқыны жағалауды былш-былш ұрғылайды, бірін-бірі қуып жарысады. Садақбай баранды қарағай түбіне байлап, шідеріде тұрған аттың қарасын көздей сақ аяңдап келеді. Тың тыңдап еді, құлаққа ешбір дыбыс шалынбаған. Толқынның шолпылы, желдің ызыңы ғана меңзеп тұр. Ат қайыру бермей, бір-талайға дейін бөксесін тақап, қиястанып əбігерін шығарды. Бұлайша қашанғы байырқалауын күтіп жүргенде, уақыттан ұтылатынын сезген соң, атты қылқұйрығынан шап беріп ұстай алды да, тұқыртып баса қойды... Ат теппек боп құймышағын бұлғаңдатып шыжбалақтағанымен, бөксесін көтере алмады. Шідерін асығыс ағытып, жайдақ міне берген. Міне бергенде, мұның жауырына басқа біреу қона берген. Қайдан сап ете қалғаны белгісіз. Садақбай басын оқыс бұрды. Адам. Адам екеніне көзі жетті білем, оң жақ қолын қайырып əкеп ту сыртындағы пендені қапсыра қысып, арқасына таңған күйі атқа қонды. Əлгі бейбақ тырп ете алмай, көкжалдың сауырындағы тоқты-торымдай-ақ салақтап кете барды. Былай ұзап шыққан соң, арқасындағы олжасын жұлқа тартып, жайдақаттың шоқтығына əкеп сұлатты. – Еліңе айта бар. Садақбай деген қамшыгер мен боламын. Уай, зəузатыңды!.. Мұншама лақтай салмағың жоқ, жылбысқы жетесіз болармысың! – Сілкіп тастады сонадай жерге. Өзі қосағында аты бар, сыпыра құба жонмен сыдыртып барады түн жарып... * * * Олар Қараобаның кезеңіне ілінгенде, қар аралас жаңбыр жауды. Əмбесінде көзге түртсе көрінбейтін тас қараңғы. Оң мен солдан тандырып сарсаңға салған түн алпауыты сарынсыз, сандалбайға салатын бұлыңғыр; бұлтартпайтын меңіреу мекиен. Қар аралас жаңбырдың аяғы жаяу борасынға ұласты. Қарсыдан соққан өкпекке қасқая тартып, омыраулай алмай, ықтай береді аттары. Өңменнен соққан ызғырық қойынға кіріп, етек-жеңді емінеркін қуалап, жағаны жұлқиды. Жол қиындай түсті. Жол дейміз-ау, бағытбағдарсыз, осы маңда-ау деп топшыланған жүріс мандымайды. Ең алда бір атты мініп, бір атты жетелеп алған Садақбай барады. Садақбайдың далдасымен ұшып-жығылып алты азамат ереді. Іштей қыпылдап, мынау жөнжосықсыз сапарларына иланбағандай. Сүрлеудің сорабынан бағана айрылып қалған. Ендігі жүрістерінің нəшіні не? Сенбейді. Сезбейді. Шыдаспады білем: – Садаға, бұл қай бағыт?! Адасып өлетін болдық қой, – деп дауыстады. – Шатастық. Ермейміз бұдан əрі! Ұлардай шуласып ошарылып қалған жігіттерге Садақбай: – Ендеше, Керейдің иті жесін! – деп, жорта тақымды бір қысып, алға қарай тарта берген. Қолдан келер қайраты жоқ жігіттер қайта салпаңдасты. Боран үдеп салды. Бет қаратпайды. Ақ тұман қапасқа айналды. Ет пісірім мезгіл жүрген соң ат басын ірікті Садақбай. Ат басын ірікті де: – Уай, бірің бері келші. Мына жерде менің пышағым бар ма екен, – деді. Жігіттердің бірі аттан домалап түсіп, Садақбай құрығымен түртіп тұрған жерді сипалап еді, пышақ сабы қолына ілікті. Бұл – бері келе жатқанда төстік қақтап жеген Түйетастың иығы еді. Адаспағандарына көзі əбден жеткен дірдектеген топ қамшыгердің піріне мінəжат етіп, айқұлақтана шапты ілгері. Бірақ алда тік құз барын сезген олар Садақбайды тағы да ілгері оздырып жіберіп, артынан ерген. Қамшыгер қалың ойда келеді. Жан дүниесі көкпар тартып жатқандай ию-қию; жан дүниесінде ит ұлып, ел көшіп бара жатқандай – ырымы жаман. Алты сан алаштың алдында бас имеген қажыр-қайраты өзгеше бір тəлімді пайдаға емес, қара қазанның қамы үшін ғана сарп етіліп, боркеміктеніп құрып, өз-өзінен мүжіліп жатқанын ойлаған. Жортып өткен жылдарын зерде таразысына сап салмақтаса, толағай бастың көргені көбік шашқан көрікті һəм ерікті күйлі жылдар емес-ті: бір өңкей жарау құрсақ, тастүйін, жоқ-жұтаң күндер екен. Бəрі де бүгінгі су ішеліктің, ертеңгі көрер таңның қалжауланған қалтыраңқы қам-қарекеттері де. Сылаң қаққан мынау қамшының бүлдіргесі жаңарып тағылған сайын, соқталы шайқастан сəттілік сағаты үзіліп, ұтылыс тапса, анау бүртік өрімдей сандаған адамдардың бас-арқасынан судай боп қан аққан. Ал енді өйтпесе – шекіспесе, талшығынан айырылып қалмай ма? Бірақ Садақбай күні бүгінге дейін нағыз қаскөй жаудың кім екенін ажыратқан жоқ, көргенде емес. Мүмкін, мынау қазақтың салқар сахарасында зіл-заласыз торалғы тартыстар болғанымен, жау-дұшпан дегендер кезікпейтін шығар... Ол ат үстінде əліде қалғығандай мүлгіп келеді. Бұдан былай тозақтың қыл көпіріндей жалғыз аяқ жол басталады. Төменінде Түйетастың құзары – Суықшат. Бұлар аттан түсіп, жетекке алды. Боранның арыны əліде қайта қоймаған-ды. Аса бір сұңғыла сақтықпен дəлдеп баспаса, бұлт ете қаласың. Бұлт ете қалсаң, қия тастан домалап, сонада – Шарықтыбұлақтың суында жатарсың. Осы өңірдің тұрғындары Түйетастың қабырғасын жырып салған сүрлеуді «Қылкөпір» деп атасатын. Егер жазатайым құлап кетушілер болса, «күнəһар екен» деп жоритыны бар. Алда терте бойы озық келе жатқан Садақбай жолдың сілемінен жаңылып, оқта-текте қамшысымен түрткілеп алады. Бопсаланған күпсе қарды дəу табанымен басып қалғанда, күрт омырылып тайқи жөнелді. Садақбайды іле кетті... – Байқаңдар, жігіттер! – деген жалғыз үнді Алтайдың заңғарлары ғана үздік-создық қайталаған. Сонсоң бұл пəниді тыныштық басты... «Қылкөпірден» арттағыалтыбейбаққанааман-есенөтіпшықты-ау... * * * Садақбайдың жарасы ауыр болса да, өз көңіл-күйі сергек-тін. Жарқаштана жарылған басын ырғайды жібіттіріп құрсаулап тастады. Бесалты қабат шыттың сыртынан буылса да, шекесін қысып, шыбын жанын шырқырататын. Самай тамыры оқтаудай боп, білеуленіп, көгеріп шыға келген. Қамшыгер бас жарасын сезбес те еді, сол жақ ортан жілігі быт-шыты шығып, жəнеки оңбай мертіккен-ді. Сынықшы шақырттырмады. «Пайдасыз болар, олардың қолынан келе қояр шаруа емес», – деген. Жаңа сойған тоқтының шелілі терісі арасына қанжапырақ салып орап, құр жіп түгесілгенше, тыр-тыстырып шандып тастаған. Ауыл арасын алыс демей, ағайын-туғандары, Қаратайдың ат аяғы жетер жердегі ақсақал, қарасақалдары мен жорық дəмін бірге татқан көңілдес жігіттер түгелдей кеп көңіл сұраған. Түйетастың енді мекен бола алмайтындығын, жапан тауда жалғыз жата бермей, есі барда елін тауып, іргеге көшіп баруын сабақ еткен. Туасы бір беткей, тағы боп өскен қамшыгер азғырындыға оң ықыласын бермеді. Намысына басып: – Өлсем орным – Түйетас болсын, – деп, бөтен қыр аңғартқан соң, сырқат апшысын тарылтпайын деп, шолақ қайырысты бұл əңгімені. Садақбайдың тəні жаралы болса да, көкірегі сайрап жатыр. Жас шамасы өзінен үлкен ақсақалдар келсе, басын көтеріп, сынған аяғын бұлғаңдатып əкеп, малдас құрып отыратын. Малдас құрып мəжіліске көшкенде, сынған санын бармағымен қысып-қысып: – Атаңның аузын ұрайын. Өзі уақ боп сынған-ау, мыжысам күтір-күтір етеді, – деп қарқ-қарқ күлетін. Ауырсынып отырғанын қаншама білдірмейін, сездірмейін деп сүйекке қарысса да, жазық маңдайына шағаланың қанатындай сызат түсіп, тері бұршақ-бұршақ сорғалайтын. Шалдар есіктен шыға бере, ес-түссіз талып қалушы еді-ау. Қамыққан Қамқаның көзінде таңғы шықтай мөлдіреген жас, ал керегеде ілулі жетім қамшы тұратын мұңайып. Өмір мен өлім арасындағы асқаралы күрестің куəгері – осылар ғана. Қамшыгер ит қорлығын тартып ұзақ жатты. Садақбайдың көңілін арғы беттегі Керей азаматтары да сұрап қайтқан. Біреулер қуанған. Біреулер мұңайған. * * * Ымырт жамылғанда, сусын жұтты. Қамқаның ұзын қара шашын сипалады. Еркелетті. Қош көңілмен балаша ерігіп, жоқтан басқаны айтып, Қамқаны күлкіге батырды: «Сені тастап, Керейден қыз ұрлайын деп жүргенімде, мертігіп қалдым». Қалжың айтқан. Сонсоң, мызғып кəдімгідей түшіркеніп ұйықтап кетті. Қамқаның аққұба бетіне қан жүгіріп, торыны арқандауға тысқа шықты. Жұлдыздың аққанына, меңірейген сақау тауға қарайды, əлденендей жақсы үміттің сəулесі жүрегін кезді, торының кекілін тарамдап: «Құтпаным!» – деп, мойнына оралды... * * * «...Керегеде ілулі тұрған он екі таспа қамшының ұшынан бір жылы су ағып тұр. Қамшыгердің көзіне тырс-тырс тамады. Нұрлы қаяттың суындай мөлдір өзі. Кеберсіген ернін өзі тосты қамшыға. Ындыны құрып қомағайлана жұтып-жұтып жіберіп еді. Тым-тым удай ащы, кермек татиды. Көздің жасы екен...». Садақбай кіресілі-шығасылы есін жиды. Өңі емес, түсі болғанына қуанған жоқ. Қамықты. Күлге аунаған қотыр бурадай халді басынан кешіріп жатқанына алғаш рет налыды. Мұрны пысылдап, Қамқада көз шырымын алған екен. Сыбдырын білдірместен ұмтылып барып маңдайынан иіскеді; ұмтылып барып бас жағындағы қамшыны алды. Бөстектің шеті ашылып қалып, қоң еті күлімсі сасып, қолқаны қапты. Бетін тыржита аз-кем жиіркеніп біраз отырды. Біраз отырған соң, қамшысын таянып жүреледі. Тағы да тынысы лақатта қалғандай тарылып, деміге берді. Кеудесі сырылдайды. Қамқа тəтті ұйқыда. Садақбай керегені сықырлатып сау аяғына тұрды. Ақсаңдай басып шығар есікке беттеді. Бар қуатын жиып, жарма есікті ашып қалғанда, қарашаның салқын ауасы төрге ұмтылды. Киіз үйдің белдеуінен ұстаған күйі, сынық жамбасын бұлғаңдатып, ауырғанына қарамастан, əр жерде шашылып жатқан өгіздің терісін жиды. Бір жылда ғана барымталап əкеп пышаққа іліндірген өгіздің қатып-семіп қалған тулақ-терісін аса ықтияттықпен бірінің үстіне бірін қаттады. Үстіне əнейімен отыра кеткен. Жаралы санын шешіп, алақанымен қысып қалғанда, илеген қамырдай былп етіп, бетіне саусақтарының ойдым-ойдым табы түсті. Басын шайқап жымиды. Атына қарады. Баран иесіне қарады. «И... и... жануар-ай!». Ендігі сəтте ол жылан шағып алғандай атып тұрған. Əйтеуір, бір тылсым дүлей күш мұны жерден көтеріп алып, құлатпастан демеген, демберген-ді. Тісін шақыр-шұқыр отшығара қайрап жіберді. Сонсоң білемдей ұстаған қамшысымен қабат-қабат өгіз терісін пəрменімен тартып жіберді. Терілердің қамшытиген тұсы балтамен шапқандай кесіліп қалған. Садақбай теңселген күйі əлі тұр. Əлі тұр теңселіп. Алысқа, тым-тым алысқа, марқажонданған адырларға, құба жондарға қарайды. Бір төбенің шаңын бір төбеге қосқан наркескен жылдарын есіне алғаны ма, екі ауылдың арасын қиқулатып, бұғалықсыз асауды құр-құрлатқан жиырма бесім, қайдасың деді ме, тіршіліктің мынау қолындағы қамшының сабындай келте, сабындай жылпылдақтығын əрі ермен шөптей ащылығын ойлады ма, құйрық-жалсыз жалғыздығын енді ғана сезді ме... Ол ішек-қарны ақтарыла, қатты... аса қысастықпен еңкілдеп жылап жіберді. Жылап тұр. Сыңар аяғына ғана сүйеніп еңіреп тұр... Еңіреп тұр. Сонсоң дауыл қопарған бəйтеректей гүрс етіп сұлап түсті. Бұл недеген ит өлім. Недеген бұл ит өлім. Қамшыгер енді жоқ... Машырықтан сарғайып таң атып келеді... Ол – Садақбайдан өзгелердің таңы... * * * Садақбайдың қарысып қалған күрзідей жұдырығын Қа-ратайдың мұқым жігіті болып аша алмаған. Қамшысын білемдеп ұстаған күйі, көкпеңбек болып қатып жатыр. Жұмылған жұдырықтың түбіне тақалған тұсынан кесіп, қамшының былайғы жағын алайық деп еді, Қамқа рұқсатын берген жоқ. – Артында қалған баласы бар ма, қамшы ұстау қатынның ісі емес. Жан досы ғой, бірге əкетсін өзімен, – деді. Шариғаттың заңы бұзылып, Садақбайдың қамшысы ақиретке өзімен бірге оралды. * * * Ай астында: Қан жылап жетімсіреген қараша үй қалды; қара жамылған жесір əйелдің мұңдықты басы қалды. Ай астында: Марғауланып ер мен елдің осыншама еркелігін, осыншама қайғы мен қасіретін мамырстан кеудесіне сыйғызып, қазақтың күреңселі даласы жатты. Бірақ осы аңғал-саңғал Алтай тауында өткен уақиғаның бəрі-бəріде баяғының садағасы еді...

Оралхан Бөкей «Апамның астауы» әңгімесінен үзінді
Апам менің...
Үлкен әпкем Шолпан қоңыр сиырды соғымға сойған жылы қыста күйеуге қашып кетті. Қашып кеткенде де басқаға емес, жуықта әскерден оралып, ауылда шофер болып жүрген баяғы бекетші шал Қашыбайдың көп ұлының бірі - бадырақ көз, төртпақ Әутәліп алып қашып кетіпті. Әкем мен шешем алғашында оң жақтағы тұла бойы тұңғыш қызынан айрылып қалғанына намыстанып қатты ашуланғанмен, артынан "кетер қыз кетті" деп, жасау-жабдығына кіріскен. Әрине, жасау дегенде: сырмақ, алаша, көрпе-жастық секілді үй жиһазының әл-пұлы ол кезде тек қана қолдан тоқылып, тігілетіні белгілі. Апам Шолпанның мұқым тең-тең жасауын бір айдың ішінде дайын етті де, шанаға тиеп, маған аттың делбесін ұстатып, құдаларға аттанды. Шырмауық салып балмен ашытқан сары сыраға қызара бөртіп алған құдамыз Қашыбай шал ат байлары мықты, тәуір жердің қызын келін қылып түсіргеніне қатты риза болды. Өткен жылы жазда ақсақ қойды апама жаяу арқалатып жібергеніне, ат-арбасын бекер бермегеніне өкінді. Өзі қутыңдап, қарқ-қарқ күліп қояды. Апама торқадан көйлек кигізіп, менің қолыма он сом ақша (қазірше бір сом) ұстатты. Мен мәз болдым. Өзім-өз болып қолыма ақша тигені сол еді, ышқырымдағы асық салатын қалтаға жымқырып жүгіртіп жібердім де, үйге Апамды тастап жаяу қашып кеттім. Апам кештетіп өзі келді. Сол күні түнде мен Апамнан мүлде бөлініп шығып, қойнына жатпай, шалбарымды жамбасыма басып жеке ұйықтадым. Ондағы жымсыма ойым - Апам құдалар берген он сом ақшаны сұрап алып қояды деген қауіп. Сонда маған "Әпкеңді үйге қайтарамыз, он сом ақшаны бер" десе, азар да безер қарсы болар едім-ау, сонда мен әпкемді он сомға сатып жібергендей едім. Апам ләм деген жоқ. Қойныма жат деп айтпады да, он сом ақшаны тақуалап сұрамады да. Сол күннен бастап қулық сауып, ер жеткенімді білдім. Сол он сом ақша Апам екеуміздің арамызды аша түскендей болды. Мен бөлек жатып жүрдім. Бір ай жамбасыма басып сақтаған қағаз ақша сары тап болып тозуға айналғанда, жоғалтып-ақ алғаным. Әрине, Апамнан көрдім. Не деген бекершілдік, не деген пендешілік десеңізші...
Апам менің...
Ер жеттік. Білім алып, қызмет-атақ қудық. Ауылдан ұзап, Апамнан алыстап астанаға аттандым. Апам Жеңісхан деген ұлының қолында тұрып жатты.
Анда-санда ауылға барғанымда өз үйіме түсіп, Апам өзі келіп амандаспаса, шіреніп жатып алатын едім. Мен сонда ауылға келіп-кетіп жүріп, әкемдердің аузынан Апамның тіпті де менің әжем емес, шалы Дос марқұм болғаннан кейін ғана, біздің үйімізде бірге тұрғанын, әкеме шеше орнына шеше болып кеткен жеңгесі екенін білдім. Ал Дос пенен менің әкемнің әкесі Исақан бірге туысады екен. Мен сонда апамның соншалықты алыс... тым-тым алыс екеніне көзім жеткенімен, иланбай, жүрегім бәрібір баяғы кезді, Апамның жылы қойны, аялы алақанын аңсаймын.
Өткен жазда Апам түсіме кірді. Сексен жыл жолдас болған жарық астауына арпа салып, қауызынан тазартып желпіп отыр екен; маған айтады екен деймін: "Құдалар берген он сомды үйде шай жоқ болып қалған соң, мен алған едім".
Ертеңінде мазам болмай көңілсіз ояндым да, әйеліме: "Демалысқа шығайық, ауылға барайық, Апам түсіме кіріп жүр, сен таза матадан көйлек сатып әкел", - деп едім.
Неге екенін білмеймін, жүрегім толқып, соншалықты бір белгісіз күш ауылға асықтырды; неге екенін білмеймін, үйге келген соң да баяғыдай аяғымның басын қайқайтып жатып алмай, тағат таппай Апамның үйіне қарай құстай ұштым. Есік алдында немерелерін ойнатып отыр екен, менің екі бетімнен кезек сүйіп: "Апаңды ұмытайын дедің-ау, құлыным, мұрныңнан сығып алған бала едің", - деп, көзіне жас алды. Шай жасала бергенде, таудан отын алып ұлы Жеңісхан келді.
- Апаң бұрынғыдай емес, қартайды, екі тізем бастырмайды, әйтпесе сарайым сау, тісім бүтін.
Менің есіме Апамның бес уақ дәрет алып, намаз оқыған сайын тісін түзбен ысатыны, тіпті осы кісінің сексеннен асқан жасқа дейін бір жерім ауырды, не шаршадым, жалықтым деп қабақ шытпағаны түсті. Рас, шын айтамын, Апамның тісі әлі де маржандай екен. Рас, шын айтамын, Апам бұл дүниеде жалғыз рет дәрігерге, болмаса бақсы-балгерге қаралмай, сау-саламат өте шықты.
Тамақ жасалып, бата берді, әрі ұзақ оқыды. Батасы қандай мағыналы, мақамды. Мен Апамды дәл бүгін бөлекше танып, көп-көп қадір-қасиетін қайта сезгендей болдым. Ымырт үйіріле, үйден шықтық. Жеңісхан айтты: "Шербекті (араны) әлі күнге дейін Апам қайрайды. Мен егесем, отын кескенде не секіріп жүрмейді, не өтпейді. Көзі әлі де жақсы көреді. Кеше ғана оюлап ызып сырмақ бітірді, түске дейін киіз басты. Қызық, әйтеуір. Тыныш отырмайды, ертең де күн бар-ау демей, бұзаудың мойын жібін есіп, ноқта істейді. Қолы босай қалса, ауырып қалатын секілді. Жеңгең иек сүйеп жаман үйреніп кете ме деп қорқамын, қанжығаға байлап жүреміз бе, жаман айтпай жақсы жоқ, бір күні қисайып қалса..."
- Апам мықты ғой, - дедім мен жамандыққа қимай. -Апам жүз жасайды.
Ертеңінде... ертеңінде таңғы сағат сегізде Жеңісханның үлкен қызы жылап жүгіріп келді.
- Апам ауырып жатыр!
Біз алғашында сеніңкіремедік, тек шешем ғана: "Жеңешемнен айырылып қалмайық, кісі шақыртатындай қатты ауырған емес еді", - деп тұра жүгірді. Бәріміз шұбап жеттік. Апам өзінің ағаш төсегінде кеудесі сырылдап құр-құр етіп, теріс қарап, бүк түсіп жатыр екен. Көзін алайта ашады да, қайта жұмады. Тіл-аузы байланған, келгендерді танымады білем. Әкем екеуміз басын көтеріп сусын ішкізіп едік, езуінен қайта ақты. Балалар ұлар-шу, бәріміз жылап жүрміз.
- Жеңеше, - деді шешем тарамыстанған арық қолынан ұстап. - Елу жыл бірге өмір сүріп едік, жамандығым, ағат кеткен жерім болса, кеш. Кеш, жеңеше, кеш, ораза-намазы бұзылмаған асылым, - деп, көзіне жас алып, қолынан сүйді. Әлгіден бері кісі танымай, кеудесі сырылдап, іргеге қарап жатқан Апам күшпен аунап, шалқалады да, иегін қақты. Сонсоң әрең: "К-е-ш-т-і-м", - деді де көзін қайта жұмды. Дәрігер шақыртайық деп едік, басын шайқады. Содан соң өзі ымдап дәрет алмаққа ниет қылған соң, біз шыға тұрдық. Біз қайта кіргенде, Апам төсекті жерге салдырып шалқасынан жатқан екен. Кірме деген үлкендер сөзін тыңдамай, жанына тізерлеп отыра кеттім де құдіретті саусақтарын ұстадым. Суып барады екен, суып... Апам күбірлеп: "Илайлолла, илайлолла", - деп, иман айтты. Апам өз иманын өзі оқыды. Апам өз жаназасын өзі шығарып жатқанын сездім. Ендігі сәтте шешем: "Апаңнан айрылдық", - деп, бісміллә деген күйі әлемдегі ең ұлы аналардың бірі - Апамның бетін жапты.

Үйдің іші ұлар-шу, қым-қуыт.
Апам менің... Өлдің, ауырмай-сырқамай, бір тісің шетінемей, "алла белім" демей, сексен тоғыз жасында өз иманыңды өзің айтып өлдің.
Апамды арулап, сырмаққа орап, зузаға салып көтере жөнелгенде, үйдің бұрыш-бұрышында "апам-ау, апам" деп, зар еңіреп немерелері қалды. Маған зузаның ең бір маңдай басы тиіп еді, ағаш сырғауыл иығыма батып, жанымды шығарса да шыдадым. Мен шыдайды деп жорамалдады ма, әлде әдістеніп келе ме, арттағы азаматтар бекер ұстасқаны болмаса, көп күш жұмсамай, бос келе жатқанын сездім. Өлген адамның сүйегі ауыр болады деген рас екен. Шүйкедей ғана кемпірді сойталдай-сойталдай он жігіт мықшыңдап әрең көтеріп келе жаттық. Апамды үйінен, қара орманынан ел-жұртты шулатып ала қашқан шеру жаңадан қазылған жас қабірдің басына келіп тоқтап, сүйек салынған зузаны жерге түсірген соң, біздерге бір-бір сомнан ақша таратты. Менің де ұйып қалған алақаныма жұмарланған бір теңгені ұстата салғанда, жүрегім дір ете түсті де, көзімнен жас ыршыды. Менің есіме сонау балалықтың алаңсыз жылдарында "ақшамды алып қояды" деп, Апамның қойнына жатпай, бөлек кеткенім түсіп еді. Енді, міне, мойныма қарыз болмасын дегендей, сол бір қайнатым шай алған бір сомды өзіме қайтарып тұрғандай сезіндім. Өз-өзімді тоқтата алмай жыладым, қара жер томпайғанша жыладым.
Ертеңінде ескі қораның бұрышында төңкерулі жатқан Апамның астауын алып, Алматыға қайттым.

Апам менің... Сенен не қалды? Жарық астау ма? Иә, адам өмірі де сол жарық астау секілді қаңсып қалады екен-ау...

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет