Орақова амангүл шахарбекқызы оқу процесінде оқушылардың шығармашылығын дамытудың педагогикалық шарттары


Оқушы шығармашылығын дамытуда жеке тұлғаға бағытталған педагогикалық технологияларды қолдану тәжірибесі



бет15/67
Дата09.05.2022
өлшемі2,25 Mb.
#33218
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   67
Байланысты:
Диссертация АШО1

Оқушы шығармашылығын дамытуда жеке тұлғаға бағытталған педагогикалық технологияларды қолдану тәжірибесі

Адамның жеке тұлға ретінде сапалық көрсеткіштерінің бірі гуманистік қасиет болуы жалпы адамзаттық құндылықтардың іргетасын қалайды. Білім беруді гуманизациялау идеясын жүзеге асыру барлық білім беру жүйесінің, әсіресе мектептің міндеті. Қоғамның жаңа дәуірге көшу процесі жағдайында халықтың ғасырлар бойы жинақталған гуманистік мұрасына ден қою – адамзаттық прогрестің айқын көрінісі.

Бүгінгі таңда өркениетті елімізде ғылым мен техниканың қарыштап дамуы өзінің игіліктерімен бірге әлемдік экологиялық апаттарды тудыруы салдарынан сақтандырудың басты жолы қоғамды гуманизациялау екендігі белгілі.

Қазақстан Республикасының Конституциясында қоғамның ең құнды байлығы – адам екені баса айтылған [60]. Осыған орай мектепте іс-жүзінде қолданатын білімдерді меңгерумен қатар, парасаттылық пен руханилыққа баса назар аударудың өзектілігі арта түсуде.

Сондықтан білім беру жүйесін тұлғаның дамуына бағдарлау арқылы жаңалаудың тиімді жолдары қайта қаралып, жаңа көзқарастар қалыптасып отыр. Демек, білім беру мазмұнын жаңарту, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту, оқу-тәрбие процесін гуманизациялау – өмірдің өзі талап етіп отырған бүгінгі күннің объективті заңдылығы. Бұл мәселенің өзектілігі туралы Президенттің Қазақстан халқына жолдауында да ерекше атап көрсетілген [61].

Гуманизациялаудың түпкі мақсаты – оқушыны жан-жақты танымдық ұмтылысы бар субъект етіп, шығармашылық тұлға етіп қалыптастыратындай, дамуға апару. Ғылыми әдебиеттерде әр саладағы ғалымдар өркениетті деңгейге жету үшін гуманизациялаусыз әлеуметтік прогресс туралы сөз қозғауға болмайды деген салмақты пікір айтады. Сондай-ақ оқушы тұлғасының экологиялық қорғалуы, оның субъект ретінде дамуы тұтас педагогикалық процесте тұлғаның дамуына, қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған оқыту мен тәрбиелеу технологияларын қолдану оқу-тәрбие процесін гуманизациялаудың негізі болатынына зерттеу барысында көз жеткіздік.

Оқу-тәрбие процесін гуманизациялау мәселесін қарастырмастан бұрын «гуманизм», «гумандылық», «гуманизация» ұғымдарына тоқталып, олардың ара-жігін (иерархия) ажыратқан жөн деп ойлаймыз.

Гуманизм ұғымы латынның «humanus» сөзінен шыққан, ол адамилық деген мағынаны білдіреді. Гуманизм – адамды дүние жүзіндегі ең жоғары дәрежелі құндылық деп санайтын және оның құқы мен ар – намысын, абыройын қорғау, оның игілігіне, бас бостандығына, еркіндігіне, зиялылық, дене және ой қабілетінің жан-жақты дамуына қамқорлық жасау жайындағы идеялар мен көзқарастар жүйесі деп танылатын ұғым. Гуманизм ұғымы көп мағыналы. Жылдар өткен сайын оның мазмұны да өзгеріп отырды.

Отандық, шет елдік бұрын соңғы жылдары жарық көрген философ, педагог, психологтардың еңбектеріне талдау жасағанда гуманизм ұғымын әр саладағы ғалымдар өзіндік ерекшелікпен сипаттайтынын байқадық. Соның ішінде А.Ф.Лосевтің пайымдауынша: «Гуманизм дегеніміз – философия, филология, тарих тұрғысындағы білімдердің және ерекше өнердің жиынтығы ғана емес, сонымен бірге ол адамның ақыл-ойының ерекше бір қасиеті, еркін ойлауға деген бұрылысы» [62].

Әл-Фараби өз еңбектерінде «ізгі» ұғымын жеке тұлғаға бағытталған қозғаушы күш ретінде қарастыруға болады деп тұжырымдаған [63].

Абай шығармасындағы ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек туралы пікірлері адамның адами қасиетін сипаттайтын гуманизм идеясымен үндеседі. Абай жүректі адамзат баласының бойындағы ең асыл қасиеттердің (мейірім, әділет, шапағат, ар) қайнар көзі деп қарастырады [22, 36-38 б.].

Гуманизм ұғымының ішкі ерекшеліктерін М.Жұмабаев сол кездің өзінде-ақ дәл көре білген. Ал белгілі философ Р.Н.Нұрғалиев гуманизм (иманды) – адамның қадір-қасиеті мен құқын құрметтеуді, оның жеке тұлға ретінде бағасын, адамның игілігін, оның жан-жақты дамуын, адам үшін қолайлы қоғамдық өмір жағдайын жасаған қамқорлықты білдіретін көзқарастардың жиынтығы деп анықтама береді [11,111 б.].

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.А.Бейсенбаева: «Гуманизм кең мағынада – адамның жеке тұлғасын құндылық деп санайтын, оның еркіндікке, бақытты өмір сүруге, өзінің қабілеттерін ашуға және дамытуға, басқа адамдармен өзін тең, қатар ұстауға мүмкіндік туғызатын танымдық жүйесі», - деп көрсетеді [64].

К.К.Көшербаев, А.К.Ахметов, А.Е.Әбілқасымова, Х.М.Рахымбектердің пікірлері бойынша: «… гуманизм – рухани құндылықтардың жүйесі ретінде тек декларативтік қағида болып келді… Соңғы он жылда гуманизм қағидаларының әлемге таралуы заңдылық болды және де қазіргі кезде білім беруде, мәдениетте, ғылымда, философияда басты және әрекеттік негіз алуда гуманизациялау әлемдік бірлестіктің қоғамдық дамуында саяси қағида және де стратегиялық мақсат ретінде жарияланады» – делінген [65].

Ал Э.А.Урунбасарова: «Гуманизм бәрінен бұрын адамның адамшылығын білдіреді: яғни, адамдарға деген махаббат, толеранттылығы, мейірімділік пен оның жеке тұлға ретінде құрметтелуі» – деген анықтама беріп отыр [66].

Гуманизм мәселесін зерттеуші ғалымдардың барлығы да гуманды адам өзінің бойында қалыптасқан гумандық қасиеттері арқылы ерекшеленеді деп тұжырым жасайды.

Сонымен аталған ғалымдардың еңбектеріне сүйенсек, гуманизм – адам бойындағы мінез-құлық пен қарым-қатынас тұтастығымен айқындалады деуге болады.

Гумандылықтың гуманизмнен айырмашылығы жеке тұлғаның өзінің адамгершілік-психологиялық қасиеттерінің жиынтығы, адамды ең жоғарғы құндылық деп түсінуде деп ойлаймыз.

Бүгінге дейін «гумандылық» пен «ізгілік» ұғымдары бір-бірінің баламасы немесе аудармасы ретінде қолданылып келді.

Гумандылыққа философиялық сөздікте: «Гумандылық – адамға тілектестік және қайырымдылық қатынас көрсететін, оның беделін құрметтеушілік, қатігездік пен дөрекілікке, келіспеушілік қасиеттері бар жеке тұлғаның бейнесі» делінсе [62, 139 б.], «ізгілік» туралы Қазақ педагогикалық энциклопедия сөздігінде: «Ізгілік – адамның әдептілігін, сыпайылығын, өнегелілігін, қарапайымдылығын білдіретін қасиет. Ізетті адам жақсы тәрбие алып, оны іс жүзінде қолданған адам» - деген анықтамалар берілген [67].

Қазіргі кезеңде адамның ішкі жан дүниесінің байлығы, өмірге бейімділігі адамға, табиғатқа деген мейірімін қажет етеді. Себебі қазіргі кездегі әлеуметтік-экономикалық жағдай, жұмыссыздық, жеткіншіктер арасындағы қылмыстық істердің көбеюі қатыгездікке әкеліп отыр. Осындай келеңсіз жағдайлардың орын алуына жол бермеудің бір жолы – бұл оқу процесін гуманизациялау. Гумандылық мәселесі де ғалымдар назарынан тыс қалмаған. А.А.Бейсенбаева: «Гумандылық - бұл адамның жеке тұлғасының нақты адамилық сипатының көріну жүйесі. Гуманды адам деген адамды сүюімен, теңдік және әділдік қағидаларын сыйлауымен ерекшеленетін адамды білдіреді», – деп атап көрсетеді [68].

Г.К.Шолпанқұлова ғылыми зерттеуінде: «Гумандылық – адамгершілік – психологиялық ұғым. Ол адамжандылық, оны жоғары құндылық деп саналы бағалау және адамның табиғатпен, қоғаммен, басқа адамдармен қарым-қатынасында көрінетін тұлғалық қасиеттерінің жиынтығы», – десе, педагогикалық, психологиялық тұрғыдан гумандылық - адамның жеке тұлғалық қасиеті, адамға деген шынайы махаббат, сүйіспеншілік, адамды адам деп құрметтеу, бағалау, оған қамқорлық жасай білу делінген [69].

Сонымен философиялық, психологиялық, педагогикалық ғылыми әдебиеттерге шолу нәтижесінде «гумандылық» ұғымын адамға деген сенім, оның жан-жақты және үйлесімді дамуына қамқорлық, жеке тұлғаның қызығушылығын қанағаттандыру, беделін, бостандығын, құқын қорғау, әлеуметтік жеке тұлғалық құндылығын мойындау деп түйіндеуге мүмкіндік береді.

Қоғамдық дамудың қазіргі процесі, жаңа әлеуметтік тапсырыс ретінде білім беру жүйелерінің алдына өз болашағын өзі айқындайтын, өзін-өзі билейтін, өз ісіне жауап беретін жан-жақты дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеу мәселелерін қойып отыр. Бұл мәселелерді шешу білім берудің ұлттық кеңістігінде де, әлемдік кеңістікте де проблемалардың бірі болып саналады. Осыған байланысты ЮНЕСКО-ның басшылығымен «ХХІ ғасыр болашағының білім беру философиясы» деп аталатын жоба бүкіл әлемдегі білім беру жүйесін гуманизациялау мәселесін айқындауға арналады. Онда оқытуды гуманизациялау деп белгілі бір білім жиынтығын меңгеру процесінен адам бейнесін қалыптастыратын шығармашылық әрекетке көшу тенденциясы айқындалған [70].

Гуманизация - әрбір жеке тұлғаның еркіндігін, өмірдің мәнін, құндылығын түсіну, адамдардың игілігі үшін жасалатын іс-әрекеті мен ойлау нәтижесі болып табылады.

Сондай-ақ гуманизация – бұл әрбір жеке тұлға еркіндігін құрметтеуде өмірдің мәні мен құндылығының барлық адамдар игілігіне бағытталған іс-әрекет пен ойлаудың қызметі деп те саналады.

Ал Н.Н.Ханның пайымдауынша, гуманизациялау мектепте білім берудің жеке тұлғаға бағытталуын, адамзаттық қасиеттерінің ашылуына және қалыптасуына жағдай туғызуды білдіреді [71].

Қорыта келе, гуманизация – баланың жеке тұлғасына батыл бетбұрыс, оның құқы мен қызығушылығын қорғау, оның қабілеті мен бейімділігін дамыту, қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жағдай туғызу. Ендеше оқу-тәрбие процесін гуманизациялаудың оқушыны жан-жақты дамыған, шығармашыл жеке тұлға етіп тәрбиелеуде маңызы зор екендігіне көз жеткіздік.

Осы жерде айта кететін жайт, философиялық және педагогикалық ғылыми әдебиеттерге, сөздіктерге талдау жасаған уақытта «гуманизм», «гумандылық», «гуманизация» ұғымдарының аудармалары түрліше көрсетілген. Р.Н.Нұрғалиевтің философиялық сөздігiнде «гуманизм» ұғымына «иманды» деген ұғымды баламалы түрде келтірсе [11, 111], Ш.Б.Амантурлин орысша-қазақша педагогикалық сөздікте «гуманизмнің» аудармасын «адамгершілік» деп беріп отыр [72]. З.Т.Сейілова «Негізгі мектепте математиканы оқытуды ізгілендірудің ерекшеліктері» атты ғылыми зерттеуінде «гуманизациялау» ұғымы «ізгілендіру» деп аударып берсе [73], Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында «гумандылық» – «ізгі әрекет», «гуманизация» – «ізгіліктендіру», «гуманитарландыру»- «ізгілендіру» деп баламалары берілген [74]. Орысша-қазақша сөздіктерде, гуманизм, гуманизациялау ұғымдарыз аудармасы сол күйінде беріліп, тек мағыналары ғана ашып көрсетілген [75; 76;77]. Міне, осыларды ескере отырып біз алдағы ғылыми жұмысымызда «гуманизм», «гумандылық», «гуманизациялау» ұғымын сол күйінде қолдануды жөн көрдік.

Жалпы білім беретін мектепте оқу процесін гуманизациялау тұлғаның үйлесімді дамуы мен гуманистік дүниетанымы негізінде адамилық құндылықтарын жүзеге асыруды, оның ішкі жан дүниесін ең құнды ядро ретінде рухани жағына бағыттауды білдіреді. Егер мектепті оқушының жеке тұлғасын дамытатын жақын әлеуметтік орта деп қарастырсақ, тек сонда ғана жеке тұлғаның толық қалыптасуына, оның дербес және әлеуметтік құрамын дамытуға мүмкіндік туғызылады.

Жеке тұлғаға бағытталған оқу-тәрбие процесінің гумандылық сипаттамасы болып табылатын оның құрылымының, функцияларының, қозғаушы күштерінің өзгеруі: білім беру адамның қалыптасуы, оның өзін-өзі, өзінің жеке-дара ерекшеліктерін тануы ретінде түсініледі; педагогтың балаға қатынасы өзгереді: педагог балаларға өзара ықпалдастықтың дербес субъектісі ретінде қарайды; оқу-тәрбие процесінің мазмұнында жеке тұлғалық құрамы жүйе қалыптастырушыға айналады.

«Жағдайларды адами ету» үшін педагогикалық процестi бала тұлғасын жан-жақты дамытуға ықпал ететіндей ұйымдастыру қажет [78]. Сонымен, егер оқу-тәрбие процесі гумандылық-жеке тұлғалық қағидаларға құрылса, бұл балаларды өздерінің оқуы мен тәрбиесінде педагогтың белсенді одақтастарына айналдыруға мүмкіндік береді. Оқу-тәрбие процесін гуманизациялаудың мәні де осында. Оқу-тәрбие процесіндегі гумандылық бастауы әрбір педагогтың педагогикалық мәдениетінің маңызды нышаны болып табылады. Балаға деген гуманды қатынас баланың ішкі рухани күш-қуатынсыз, оның жақсы болуға ұмтылған талабынсыз тәрбиелеу мүмкін емес деген қарапайым қағиданы педагогтың түсінуін білдіреді.

Әдебиетте «білім беруді гуманизациялау қағидалары», «гумандылық қағидалары» ұғымдары кеңінен пайдаланылады. Осыған неғұрлым толығырақ тоқталайық.



Ш.А.Амонашвили төмендегілерді келтіреді:

  1. Балаларды оқытуды олардың өз мүдделерi тұрғысынан басқару. Бала өзiмен есептесетiнiн, пiкiрiн бағалайтынын, сенетiнiн, кеңесетiнiн үнемi сезiнiп жүруi керек. Оқытудың мазмұны баланың өз пiкiрiн бiлдiру, болжам жасау, таңдау мүмкiндiгiн қамтамасыз ету үшiн жағдай жасауы тиiс.

  2. Әрбiр баланың мүмкiндiктерi мен болашағына үнемi сенiм бiлдiрiп отыру. Педагог шын мәнiнде әрбiр баланың мүмкiндiктерiне сенуi тиiс және оның дамуындағы кез келген ауытқушылықты әдiстемелiк тәсiлдiң дараланбай қолданылуының нәтижесi деп қарастыру қажет.

  3. Оқыту және тәрбие барысында баламен ынтымақтаса, бiрлесе қызмет ету. Педагог пен баланың ынтымақтастығы – бұл баланың өзiн педагогикалық әсер ету объектiсi емес, дербес әрекет ететiн жеке тұлға ретiнде сезiнетiндей қарым-қатынас формасы.

  4. Балаға қарым-қатынасында әдептi болу, оның қадiр-қасиетiн құрметтеп, қолдау. Педагогтың балаға әдептi қарым-қатынасы қос нәтиже бередi: бiрiншiден, жалпы бiр-бiрiне деген сыйластық, еркiн оқу-танымдық қызмет ахуалын құрады, екiншiден, балаларда әдеп нормаларын қалыптастырады.

  5. Қоршаған дүние мен педагогикалық процестi оларда бала шынайы адами құндылықтарды танып, бойына сiңiретiндей етiп құру қажет. “Шынайы адами” дегенiмiз, басқаша айтсақ, шындық, әдiлдiк, адамгершiлiк, мейiрiмдiлiк, пайдалы құндылықтар.

  6. Бала өзiн адам ретiнде тануы тиiс. “Адам ретiнде” – яғни, адамдар үшiн, өзi үшiн, табиғат үшiн, мейiрiмдi адами iстер үшiн, қамқорлық, шығармашылық және еңбек үшiн жаралғандай сезiну.

  7. Педагогикалық процесте бала өзiнiң шынайы дара қасиеттерiн көрсетуi тиiс. “Шынайы дара қасиеттер” – дегенiмiз жалғыз және қайталанбас болу, яғни – Табиғаттың айрықша миссиясы.

  8. Бала педагогикалық процесте өзiнiң шынайы Табиғатын дамыту үшiн қоғамның кеңдiгiн табуы тиiс. “Қоғамның кеңдiгi” – яғни, қасиеттерiн уақытылы және жан-жақты дамытуға ықпал ету үшiн адами қолдау көру; “шынайы Табиғат” – барша Табиғат берген сыйдың: мүмкiндiктерiнiң, қасиеттерiнiң, қабiлеттерiнiң, дарындылықтарының шексiздiгi.

  9. Бала мүдделерiнiң жалпы адамзат мүдделерiмен сәйкес келуi аса маңызды. “Баланың мүдделерi” – оның қажеттiлiктерi, тенденциялары, қалауы, қызығушылығы, мұраты, бiлiмi; “жалпы адамзат мүдделерi” – жалпы адамзатқа ортақ құндылықтар, мәдениет, бiлiм, тәжiрибе, дүниетаным, еңбек. Жалпы адамзат мүдделерiнiң иегерi – баланың айналасындағы ересектер.

  10. Баланы қоғамға жат қылықтарға итермелейтiн көздердi болдырмаудың маңызы зор. Мұндай көздерге бала айналасындағы адамдардың қарым-қатынасындағы дөрекiлiк; балаға қатысты дөрекiлiк, оның қадiр-қасиетiн сыйламау, авторитарлық және мәжбүрлеу жатады [79].

М.Н.Берулаева басқаша топтамаларды ұсынады:

  1. Білім беру процесін құру жеке тұлғаға бағытталған тәсіл тұрғысынан іске асырылуы тиіс.

  2. Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру баланың эмпирикалық әлеуметтік-мәдени тәжірибесіне сүйенуді білдіретін ғылыми центризмнен бас тарту тұрғысынан іске асырылады.

  3. Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда оқушының өмірлік мақсаттары мен құндылықтары ескерілуі керек.

  4. Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда мазмұн тудыратын құрылымдарға бағытталу басым болуы тиіс, оларды дамыту өз кезегінде өмір сүру қызметінің «ой-санадан тыс» түрткілерін қалыптастыруға бағытталуы қажет.

  5. Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру адамның басқа адамдармен қатынасын басты қозғаушы күш және сонымен бірге жеке-дара психиканың жаңадан түзілу көздері ретінде тану тұрғысынан құрылуы тиіс.

  6. Оқыту мазмұны мен технологияларын таңдау әрбір баланың жеке-дара, бірегей ерекшеліктерін ескеру тұрғысынан іске асырылуы қажет.

  7. Оқытуды ұйымдастыру адам психикасының белсенді, шығармашылық сипаты туралы түсініктен туындауы тиіс, оның салдары психикаға тікелей қол сұғушылықтың немесе оның атрибуттары мен құрамды бөліктерін тікелей өзгертудің мүмкін еместігін тану болып табылады, бұл жеке тұлғаның кез келген дағдысы, білімі, іскерлігі, кез келген жеке тұлғалық белгісі тұлғаның тек өзінің белсенділігі – яғни, оқушының өзі бастама көтерген қызметтің (сыртқы әсерлер тек ынталандыруы немесе тежеуі мүмкін, бірақ бұл осы процестерді ауыстыру емес, оның үстіне тұлғаның өз белсенділігін ескермей, психикаға кез келген қол сұғушылықтың адам үшін қауіпті болуы мүмкін) нәтижесінде ғана қалыптастырылып, өзгертілуі мүмкін екенін білдіреді.

  8. Тек өзі қолданатын педагогикалық әсер ету әдістерінің тиімділігіне сенімді мұғалімдер ғана баланың дамуына оң ықпал ете алады.

  9. Оқыту және тәрбиелеу процесін құру тек ұтымды салаға ғана емес, санадан тыс саланы құрайтын процестерге де сүйене отырып іске асырылуы тиіс.

  10. Баланы дамыту әлеуметтік ортаның жағымсыз жағдайларына бейімдеуге емес, гуманды қоғамның қағидаларына сәйкес өзгертуге және түрлендіруге бағытталуы қажет.

  11. Білім беруді гуманизациялау жеке тұлғаны «қалыптастыруға» емес, оның базалық қажеттіліктерін қанағатандыру арқылы оның дамуына жағдай жасауға бағытталуы керек.

  12. Оқыту технологиялары өз бетінше оқу және өзін-өзі тәрбиелеу технологияларына қайта бағытталуы тиіс.

  13. Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру адамның, оның ішінде баланың өзгермейтін өлшем бірлігі еместігіне негізделуі қажет.

  14. Білім беруді гуманизациялау баланың мінез-құлқын өзінің этикалық нормалары мен ұстанымдарына бағыттауына жағдай жасауды, яғни онда ішкі бақылау локусының қалыптасуын білдіреді.

  15. Білім беруді гуманизациялау баланың жеке тұлғалық қасиеттері мен танымдық аясының қалыптасқандығын бағалаудың статистикалық бағытталған әдісінен жеке тұлғаға бағытталған әдісіне көшуiмен сипатталуы тиіс.

  16. Оқушыларды оқыту және тәрбиелеу белгiлi бiр әлеуметтiк-мәдени нормативтерге сәйкес дамуға бағытталуы тиiс, олар қоғам дамуының нақты тарихи әлеуметтiк-мәдени жағдайын ескере отырып қалыптастырылуы керек.

  17. Оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыру баланың өз көңiл-күйi мен сезiмдерiн еркiн бiлдiруi, сондай-ақ олардың мақсатты түрде дамытылуы үшiн жағдай жасауға ықпал етуi тиiс.

  18. Бiлiм берудi гуманизациялау мақсаттарына жету үшiн оқу-тәрбие процесiн оңтайландыру тек егер онда мiнез-құлық пен қызметтiң өнiмдi әлеуметтiк-мәдени үлгiлерiне елiктеу мүмкiндiгi неғұрлым молынан пайдаланылса ғана орын алады. Шығармашылықты дамыту тұрғысынан алғанда бұл шығармашыл тұлғаларға – олардың iске, жалпы өмiрге, кәсiби белсендiлiгiнiң кез келген саласына деген көзқарасына елiктеу болып табылады. Ал тәрбие процесiнде бұл өзiн-өзi өзектiлендiретiн тұлғаларға елiктеу [80].

Аталған жеке қағидаларды автор жеке тұлғаның базалық қажеттiлiктерiне қарай бөлiп, үш топқа жүйелейдi: гуманды қарым-қатынас қалыптастыру қағидалары, жеке тұлғаның өзiн-өзi жүзеге асыруы үшiн жағдай жасау қағидалары, таным процесiн ұйымдастыру қағидалары.

Аталған қағидалардың гумандылық идеясы өзара түсiнiстiкпен қарасатын, бiр-бiрiнiң рухани дүниесiн терең түйсiнетiн балалар мен ересектердiң дамытушылық қызметiне ықпал етедi. Бұл педагогтың баланы түсiнуiн, оның қателесу құқығын тануды, жариялылықты және, ең бастысы, педагогтың өз пiкiрi, бағалауы, талаптары мен iс-қимылдары үшiн жеке жауапкершiлiгiн бiлдiредi.

Оқу процесін гуманизациялауды, жаңа технология мен озық тәжірибені ұлттық және жалпы адамзаттық құндылық қағидаларымен сабақтастықта зерттеу – бүгінгі күн талабынан туындап отырған педагогика ғылымының міндеттерінің бірі.

Қазақстан Республикасының 2001-2005 жылдарға арналған білім мемлекеттік бағдарламасында оқу процесінде жаңа технологияларды өңдеу мен енгізуде инновациялық тұрғыдан қайта қарауды жүзеге асыру керектігі қарастырылған. Бағдарламада жаңа оқу жоспарларын, жаңа буын оқулықтары мен оқу-әдістемелік жинақтарын, жаңа бағдарламаларды енгізу арқылы білім берудің мазмұнын жаңарту мәселесін технологиялық негізде жүргізуге көңіл бөлінген [81].

Қазіргі әлеуметтік-мәдени жағдайдағы өмір сұранысына сай білімі бар, шығармашылықпен жұмыс жасайтын, өзін-өзі дамытып жетілдіре алатын азамат тәрбиелеу оның өзін белсенді жағдайға қоятын оқыту технологияларын тиімді пайдаланумен тікелей байланысты. Ғылыми-педагогикалық тұрғыда негіздеу қажеттілігі туындап отыр. Бұл “білімдік технология”, “педагогикалық технология”, “технология” ұғымдарының мән-мағынасын ашып алуды қажет етеді.

Д.Г.Левитестің пікірінше «білім беру технологиясы» – орындалуы педагогикалық мақсатқа жетуге кепілдік беретін реттелген қызмет жүйесі. Бірақ бұл өте ауқымды анықтама. Оған тәрбиелеу технологиясы да, қарым-қатынас технологиясы да, оқыту технологиясы да кіреді [82].

Педагогикалық технология ұғымына шетелдік және отандық әдебиеттерде үш жүзден астам анықтама берілген. Бұл педагогикалық технология ұғымының қалыптасу мен дамуының тарихында оның оқыту технологиясын техникалық құралдардың көмегімен оқыту деп ұғынудан бастап педагогикалық технологияны ғылыми тұрғыдан ұғынуға дейін түрліше пікірлер бар. Олар педагогикалық технология мәселесіне арналған Б.Блум, Ф.Фрадкин, П.Я.Гальперин, М.Кларин, Л.В.Занков т.б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған [83; 84; 85; 86; 87].

«Технология» термині алғаш рет 1940-50 жылдары шет елдерде пайда болды және ол педагогикалық процесте технологиялық құралдар мен оқыту бағдарламаларын пайдалануға байланысты болды.

Технология - өнім алу барысында шикізаттың, материалдың немесе жартылай даяр заттың қалыбын, қасиетін, формасын өңдеу, әзірлеу не өзгерту әдістерінің жиынтығы [88].

«Орыс тілінің сөздігінде» бұл ұғымға төмендегідей түсінік берілген:



  1. «Қандай да бір өндірістік процестерді іске асырудың тәсілдері туралы білімдер жиынтығы.

  2. Белгілі бір тәсілмен және белгілі бірізділікпен іске асырылатын іс-әрекет жиынтығы» [89].

Қысқаша педагогикалық сөздікте “Педагогикалық технология – социомәдени өлшемді тұлғалық көрініс еркіндігін үйлестіру, әлемге қатынасын қалыптастыру мақсатында қоршаған ортамен дара қарым-қатынас мағынасында балаға педагогтық әсер етудің ғылыми негізделген кәсіби шешімін білдіретін педагогикалық шеберліктің компоненті”, - делінген [90].

В.П.Беспалько жалпы білім беретін мектептер үшін педагогикалық технология мынадай төрт басты шарттарды орындауы тиіс:

а) педагогикалық технология оқытудағы педагогикалық экспромттарды жоюы керек;

ә) оқушының танымдық қызметінің құрылымы мен мазмұнын анықтайтын оқу-тәрбие процесінің жобасына негізделуі қажет;

б) оқу мақсатын диагностикалық зерттеу жолымен анықтап, оның меңгерілу сапасын дәл тексеріп бағалауды қажет етеді;

в) практикада оқу-тәрбие процесінің толықтығын қамтамасыз етуі тиіс деп атап көрсетеді және педагогикалық технология практикада жүзеге асатын белгілі бір педагогикалық жүйенің жобасы деген көзқарас білдірген [91].

Б.Т.Лихачев: «Педагогикалық технология түпкілікті өзгермейтін механикалық құрылым. Педагогикалық технологияның мәні – шығармашылық қабілеттердің дамуы үшін қажетті жағдай туғызу», - деп түсіндіреді [92].

Белоруссияның ұлттық мектебінің ғылыми-зерттеуші ұжымы технологияны жеке тұлғаны дамытудағы процесс және оқушыны оқытудың әр кезеңінде дамытатын педагогикалық құрал ретінде бағалайды. Олар: «Технология – баланы дамытуға жағдай жасаудағы мұғалімдердің қабілеттілігі», – деп есептесе [93], Ф.А.Фрадкин педагогикалық технологияны білімділік мақсатқа қол жеткізудегі оқушы мен мұғалімнің жүйелі, тұжырымдамалы, нормативті, объективті, көпнұсқалы әрекеті деген ойды айтады [94] .

Ал, В.М.Монахов педагогикалық технология белгілі бір әрекеттің ретке келтірілуі, оны орындауға бағытталған жоспарлы нәтиженің анықталуы деген баға береді [95].

ЮНЕСКО-ның анықтамасы бойынша: «Педагогикалық технология – бүкіл оқыту процесі мен білімді техникалық және адам ресурстарын, олардың бір-біріне өзара әсерін, білім берудегі формасын оңтайландыру міндеттерін ескере отырып меңгеруді жүзеге асырудың жүйелі әдісі», - дейді [59,15 б.].

Г.С.Сельевконың пікірінше, «педагогикалық технология» үш түрлі: ғылыми, бейнелік және нақты өрісте көрінуі мүмкін.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   67




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет