XIX ғасырда реализмнің бір түрі сыншыл реализм болды. Сыншыл реализмге тән нәрсе әлеумет өмірінің жаман жақтарын батыл түрде шенеу, сынау, оларды өткір сатира, мысқыл кекесіндер арқылы көпшіліктің алдына тартып, жұртшылықтың ондай мінез-құлық, іс-әрекеттерден аулақ болуын мақсат етті.
Сыншыл реализмнің негізгі идеялық мазмұны - патриотизм, езілуші халық көпшілігінің ауыр халіне жаны ашушылық, соны жеңілдетуге өзінің көркем шығармасы арқылы атсалушылық.
Орыс әдебиетінде сыншыл реализмнің басты өкілі - Гоголь. Гоголь өз дәуіріндегі әлеумет өмірінің жаман жақтарын мейлінше қатты сынады.
Қоғамның ілгерілеуіне кесел келтіруші өзімшілдік, қорқаулық, дүниеқоңыздық, өтірік, өсек, жылпостық, не алуан ездік, қысқасын айтқанда, өмір құбылысында кездесіп отырған неше түрлі жаман мінез, іс-әрекеттерді ол көре де, жеріне жеткізе сынап, өлтіре сықақ етіп көрсете де білді. Ондағы мақсаты: суреттеген жағымсыз мінез, іс-әрекеттерге қарсы оқырмандарының өшпенділігін күшейту, күреске шығуын аңсаушылық еді. Оның «Өлі жандары», «Ревизоры» - осы идеядан туған шығармалар.