Орындаған: Жалғас Аружан Тексерген: Жүгенбаева г №5 Студенттің өзіндік жұмысы Тақырыбы



Дата25.04.2023
өлшемі22,04 Kb.
#86841
Байланысты:
Жалғас Аружан Сөж


Орындаған: Жалғас Аружан
Тексерген: Жүгенбаева Г
5 Студенттің өзіндік жұмысы


Тақырыбы: Қоғамдық-саяси және партиялық құжаттарға деректанулық талдау

Кеңестік Қазақстан таризының деректерін жинастыру және оларды ғылыми-жарияланымдық мақсатта пайдалану Азамат соғысының аяқталып (1918—1920), бейбіт құрылысқа көшу кезінен бастау алады. Алғашында мерзімді баспасөз материалдары мен ресми құжат үлгілеріне сұрыптау жүргізілді. 1921 жылдыңтамызында Қазақ АКСР-і Ағарту халық комиссариатының Академиялық орталығы А. Байтұрсыновтың жетекшілік етуімен ел тарихы мен мәдениетінің жазба дерек көздерін жинау, зерттеу және насихаттау жөнінде ұсыныс көтерді.


Сол жылдың күзінде құрылған ҚазКСР-і Орталық мемлекеттік мұрағаты ұйымдар мен мекемелерден түскен құжаттарды мұрағат қоймаларында мақсаттюрі жоспарлы түрде жинап, сақтауға кірісті. 1922 жылы қарашада құрылған Партия тарихының («Истпарт») (РК(б)П және Қазан төңкерісі тарихын зерттеу жөніндегі комиссия) қазақ бюросы тарихи мәні бар құжаттар мен революциялық оқиғаларға тікелей қатысқан адамдардың естеліктерін жинай бастады.
Төңкеріс пен Азамат соғысы жылдарында және Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңінде көптеген тарихи деректер біржола жоғалды, бүлінді немесе ұрланып, жойылып кетті. Деректердің үлкен бөлігі Қазақстаннан тысқары жерлерде сақталды. 1925 жылы Қазақстан астанасын Қызылордаға көшірген кезде осы құнды мұрағаттық деректемелер Орынборда қалып қойды.1928-1929 жылдары  мұрағат мекемелерін Қызылордадан Алматыға көшіргенде де деректер мен құжаттық материалдардың белгілі бір бөлігі жоғалды. Оңтүстік ҚазақстанЖетісу және Сырдария облыстарының тарихына қатысты құжаттардың елеулі бөлігі Ташкентте қалып, Өзбекстанның мемлекеттік мүлкі саналды.
Республикалық мұрағат мекемелері объективті және субъективті қиындықтарды жеңе отырып, жазба деректерді бір орталықта жинау мен сақтау, сондай-ақ оларды зерттеу мен жариялауды ұйымдастыру бойынша қыруар жұмыстар атқарды. Бірыңғай мұрағаттық тораптардың қалыптасуы мен орнығуына орай, республикада тарих ғылымының құжаттық негізі қорланып, ұлғая түсті.
1927—1929 жылдары республиканың Партия тарихы бюросы жанынан партия құжаттарын сақтау үшін арнайы мұрағаташылды. Кейіннен бұл мекеме Қазақстан Компартиясы ОК жанындағы партия тарихы институтының мұрағаты - КОКП OK жанындағы Марксизм-ленинизминститутының бөлімшесі (ауызекі тілде партархив -партмұрағат) деп аталды. 1994 жылдың 14 қаңтарынан бастап бұл мекеме Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты деп аталады. Қазан төңкерісінің 10 жылдық мерейтойы қарсаңында (1927) партия тарихы комиссиясы Сәкен Сейфуллиннің басшылығымен тарихи оқиғаларға қатысушылардың 100-ге жуық естеліктерін жинады. Бұл естеліктер партмұрағаттың ғылыми құндылығы бойынша жоғары баға алған №811 қорының негізін қалады.
Партиялық мұрағаттар қорында сақтауға іріктелінген құжаттар кешенінің негізгі бөлігін РК(б)П - БК(б)П - КОКП-ның қазақстандық ұйымы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешімдері мен қаулылары, Қазақ облыстық комитеті (Кыробком, 1921-1925), БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті (1925-1937), Қазақстан Компартиясы OK (1937-1991) секретариаты Бюросы отырыстарының хаттамалары, олармен бірге жолданған құжаттар, республикалық және жергілікті партия ұйымдары пленумдарының, мәжілістерінің, құрылтай жиналыстарының материалдары, барлық деңгейдегі партия комитеттері мен ұйымдарының, партиялық, кеңестік бақылау органдарының, халық комиссариаттары мен министрліктердің, мекемелер мен құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың жұмыстары туралы есептері, талдау жазбалары, анықтамалар, баяндамалар, хаттар, статистикалық мәліметтер және басқа құжаттар құрады. Бұл құжаттар, тұтастай алғанда, тоталитарлық қоғам шеңберінде жасалған тарихи ақпараттардың күрделі де кең жүйесін сипаттайды.
Бұл құжаттардың басты құндылығы — бастауыш партия ұйымдарының белсенділерінен бастап Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті номенклатурасының басшы қызметкерлеріне дейінгі сан мындаған адамдар туралы партиялық істерде жинақталған жеткілікті мөлшердегі ақпараттардың болуында. Партиялық іс құжаттар адамның қызмет баспалдақтарымен жүріп өткен әрбір қадамын — өмірбаян дерегін, мінездемелер мен анкеталарды, анықтамаларды жай тізіп шығу ғана емес, олар Қазақстанның өткен тарихы, бүкіл халықтың тағдыры туралы үлкен тарихи мәні бар мәліметтерге де толы. «Қазақстан тарихының» осы 4-томында саясатэкономикамәдениет пен тұрмысмәселелерін, қазақстандықтардың басып өткен жолын, жекелеген тұлғалардың тағдырына дейін жан-жақты суреттейтін орасан мол деректердің жоғарыда аталған тобы кеңінен пайдаланылды.
Екі деректемелік қордың жасалуы және бұған қоса мұрағаттардың партиялық және мемлекеттік дербес екі жүйесінін құрылуы Қазақстандағы тарих ғылымының дамуына кері әсерін тигізді. Соған сәйкес, ғылымның екі бағыты - жетекші-бағыттаушы партиялық ғылым мен оған бағынышты азаматтық тарих ғылымы қалыптасты.
Бұған дейін республика Ағарту халық комиссариатына бағынышты болып келген мемлекеттік мұрағаттар 1938 жылданбастап КазКСР Ішкі істер халықкомиссариатының қарамағына берілді. Мұрағаттарда жартылай әскери тәртіп енгізілді, құжаттарды пайдалану мен жариялау ережесі күшейтілді. Ұзақ жылдар бойы онда жабық мекеме рухы, ерекше құпиялық пен тарихи құжаттарды халықтан жасыру ахуалы үстемдік құрды.
Кеңес үкіметі жылдарында Қазақстан мұрағаттарының құжаттық қорлары әлсін-әлсін «тазалау» мен аса құпиялық бақылауға алынып отырды. Жалпы алғанда, кеңестік дәуірде жазба деректер сан жағынан әлденеше есе өскеніне қарамастан, Сталиннің кезінде және одан кейінгі кезеңде кеңес дәуіріндегі тарихтың қайнар көздеріне орны толмас зиян келтірілді.
40-70-жылдардағы жоспарлы тазалау барысында мұрағат қоймаларының партиялық қорларынан, тарихи құндылығы жоқ деген желеумен, Қазақстан тұрғындарының 20-50-жылдардағы ауыр жағдайына куәлік ететін құжаттар алып тасталынды және отқа өртелді. Олармен бірге партия комитетгері мен үкіметтік құрылымдар ұйымдарының жұмысындағы қателіктер мен кемшіліктер туралы мәліметтер (немесе сыни пікірлер) бар құжаттар да жойылды. Мемлекеттік мұрағат қоймаларының қорларына қатысты да осындай шаралар жүзеге асырылды. Мәселен, 1941 жылғы шілде-тамыз айларында ҚазКСР-і Орталық мемлекеттік мұрағатында жүргізілген арнайы тексеруден кейін, республика Халық Комиссарлары Кеңесінің қорынан (№30 кор) 1920-1929 жылдардың 172 мұрағаттық ісі жойылу үшін алынды. Осылайша 1944 жылдыңтамызында 1929-1935 жылдардың 610 мұрағаттық істері1945 жылдың шілде — желтоқсанында 1929-1936 жылдарға қатысты 2310 мұрағаттық іс өртелді.[1].
Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжаттар тәркіленіп, ізсіз-түзсіз жоғалып кетті. Қалған істерге «Құпия», «Ерекше құпия», «Жариялауға жатпайды» деген белгілер соғылып, олар арнаулы жабық қорларда ұсталды. КК(б)П OAK Өлкелік Комитеті ЧК-ОГПУ-НКВД ПМ салалық мұрағаттарында Алаш қозғалысына қатысушылар, оппозициялық топтар мен жіктер, сондай-ақ әр кезеңде, әсіресе 20-жылдары республиканы ұлттық мүддесін табандылықпен қорғағандар туралы құжаттар сақталды. 20—30-жылдардың соңында бұл материалдар жаппай қуғын-сүргінге ұласқан идеологиялық науқан мен тазалаудың негізіне алынды. Қызметкер орган тарапынан тұтқындалып, «халық жауы» деген ат алысымен-ақ, тиісті қорларды тазарту жұмыстары жүргізілді және оның есіміне қатысты құжаттар алынып тасталды.
Жергілікті ұйымдардан басшы партиялық-кеңестік органдарға жіберілген кұжаттардың басым бөлігі әр денгейдегі басқару аппараттарында биліктің қалауынша қайтадан «өңделді», соның салдарынан онда берілген деректер мен оқиғалардың мазмұны өзгеріп, басқаша бағаланды. Шаруашылық пен мекеме және ұйымдардың жұмысы туралы ақпараттар мен есептер уездік (кейіннен аудандық, округтік) басшылық аппаратында сұрыпталып, жүйеленді, қажетінше тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Уездерден түскен құжаттар губерниялық(облыстық) денгейде партиялық тұрғыда қатаң тексеріліп, жинақталды. Құжаттарға қатысты мұндай айла-әрекет басшылықтың ең жоғарғы органдарында - республикалық партия, кеңес органдарында және Қазақстан үкіметінде жүзеге асырылды. Бұл әрекеттер саяси конъюнктураның айтуымен жасалды. Тарихи деректеме болуға тиісті құжаттарда көптеген өмір шындықтары көрініс таппады, олар социалистік және коммунистік «еңбек майданынан» жолданған бір сарынды асыра орындау секілді мәлімдемелерге ұқсады. Қағаз беттерінде сан мәрте тексерілген, Коммунистік партияның басшылық қызметін көрсетуге барынша тиімді деректер ғана қалдырылды. Және осыған орай «мәңгілікке сақтау» мұрағаттарының қорларына Компартия басшылығын, оның тек алдыға және биікке қарай қадам басқан жасампаздық ісін куәландыруға оңтайлы саяси мәнді құжаттар алынды. Партия идеологиясы мен саясатына кайшы келетін куәліктер мұрағаттарда сақтауға қабылданбады, ал сирек жағдайда қабылданған мұндай құжаттарға «Кұпия» белгісі соғылып, олар жабық қорлар мен арнаулы қоймаларда сақталды. Сөйтіп тарихи маңызды құжаттардың ауқымды бөлігі қоғамнан және коммунистердің өздерінен де жасырын ұсталды.
Мұрағаттық сақтауларға негізінен орыс тіліндегі құжаттар қабылданды. Мәселен, бұрынғы республикалық партиялық мұрағатта — Қазақстан Компартиясы ОК жанындағы Партия тарихы институтының Партиялық мұрағат қорларында қазақ тіліндегі құжаттардын үлесі 3-5%-дан асқан жоқ.
Қазақстан тарихы бойынша деректемелердің ендігі бір үлкен тобы кеңестік кезеңнің баспасөз жарияланымдарынан тұрады. Қазақстанда 20-жылдары жарық көрген алғашқы құжаттық-деректі басылымдар РК(б)П Жарғысы, бағдарламалық құжаттары, жекелеген нұсқаулары, Кеңес үкіметінің декреттері болды. Орыс және қазақ тілдерінде басылған, үгіт-насихат мақсатында тұрғындар арасында кеңінен таратылған бұл кітаптар мен кітапшалар мұрағаттар мен кітапханалар қорларынан да мол орын алды. Қазіргі кезде зерттеушілер неғұрлым жиі кездесетін, социалистік жаңғырту барысында басшылыққа алынған материалдар жарияланатын баспасөз басылымдарын, атап айтқанда, РК(б)П Кыробкомы мен БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті бекіткен қаулыларды, нұсқауларды, ережелерді, партия съездері, конференциялары мен пленумдар шешімдерін [2]/ жиі пайдаланады. БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф. Голощекиннің [3]. және оның ізбасарларының сөздері мен баяндамаларының жинақтары жиі және үлкен таралыммен басылып отырды. Қазақ АКСР-і Кеңестерінін съездері мен Қазақ Орталық Атқару комитеті (КазОАК) сессияларының стенограммаларында, қабылдаған қаулы-қарарларында құнды мәліметтер кездеседі. Одан кейінгі жылдары нұсқаулық сипаттағы құжаттарға қосымша ретінде заң жинақтары, ақпараттық-анықтамалық, статистикалық және талдау тұрғысындағы материалдар кең көлемде жарияланып отырды. Кеңестік кезеңдегі тарихи құжаттардың алғашқы жинақтарының жарық көруі Тұрар Рысқұловтын есімімен байланысты. Т. Рысқұлов дайындаған «ТүркістандағыРК(б)П мүсбюросы» (Ташкент, 1922), «Революция және Түркістанның байырғы тұрғындары» (Ташкент, 1925) жинақтарындағы деректердің басым көпшілігі Қазақстанның оңтүстігіндегі тарихи оқиғаларға [4]. арналған. Кітаптарда суреттелген оқиғаларға тікелей қатысқан адамдардын өздері жинаған құжаттар мен материалдар, салыстырмалы түрде объективті ақпарат береді және сондықтан да бұл жинақтар кеңес кезеңіндегі отандық деректанудың бүкіл барысындағы құнды дүниелер болып табылады.
Қазақ тіліндегі алғашқы археографиялықбасылым 1925 жылы Орынборда жарық көрді. Ол «Қазақ зиялы қауымының бірінші Құрылтай жиналысы» деп аталды және 1924 жылдың 12-18 маусымында өткен аталмыш Құрылтайдын стенографиялық есебі ретінде шықты.[5]. Осы кітаптың арқасында, бүгінгі оқырмандар А. Байтұрсыновтың, Ә. Бөкейхановтың, М. Дулатовтын, X. Досмұхамедовтің, Е. Омаровтың, Н. Төрекұловтың, И. Арабаевтын, М. Мурзиннің және басқалардың ұлттық мәдениеттің, ғылымның, әдебиет пен өнердің даму жолдары, қазақ тілі, оқу-ағарту бағдарламалары мен оқулықтар жөніндегі көзқарастарын түпнұсқалық деректерден оқып зерттеуге мүмкіндік алды.
XX ғасырда тарихи деректерді зерттеу мен пайдалану жөнінен тарихшылардың, мұрағатшылардың, қоғамтанушылар мен гуманитарлық ғалымдардың біріккен бай тәжірибесі жинақталды. Соңғы онжылдықтарда Қазақстанда тарихи деректерге қатысты білімнің жаңа салалары — мұрағаттану, деректану, археография, құжаттану ісі жолға қойылды. Мұрағат қорларын қалыптастыру мен оларды ғылыми-танымдық мақсаттарда пайдалану ісінде он өзгерістер көрініс тапты. Осының бәрі тарихи деректердің ғылым мен рухани құндылықтардың ерекше маңызды саласы ретіндегі мәнінің өсуіне қызмет етеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет