Қазақстанда Гистология саласындағы жүйелі зерттеулер Алматы зоотех.малдәрігерлік институты (1929ж., қазіргі Қазақ ұлттық агр. университеті) мен Қазақ мед. институтының (1932ж., қазіргі Қазақ ұлттық мед. университеті) гистология және эмбриология кафедраларында басталды. 1930–1960 ж. омыртқалы жануарлардың ұлпалары, олардың құрылымындағы ерекшеліктер ұлпа филогенезі мен ұлпа айналасындағы жағдайларға байланысты зерттелді. 1970 жылдан бері кейбір жалпақ құрттар мен жұмыр құрттардың жүйке жүйесі, ас қорыту органдары, сондай-ақ, малдың еті мен өкпесі, жүрегі мен қан тамырлары, терісі гистология тұрғыдан айқындалды. Тамақтану, ғарышқа ұшу жағдайларының адам мен жануарлар ұлпасына тигізетін әсері анықталды. Жүйке талшықтарының адам органдарында тарамдану тәртібі зерттелді. Адам мен жануар ұлпаларына ауырған кезде болатын гистол. өзгерістер сипатталды. Қазақстанда Гистология саласының дамуына үлес қосқан ғалымдар: Ф.Мұхамедғалиев, А.Зорина, Б.Шайкенов, І.Шағыров, З.Слободин, т.б. Қазіргі кезде Г-лық зерттеулермен Қазақстан Білім және ғыл. министрлігінің Зоология институты, «Биоген» жабық акцион. қоғамы, Қазақ ұлттық мед. ун-ті, т.б. жоғары оқу орындарының арнайы кафедралары шұғылданады.