Осыларды еске ала отырып, адам дегеніміз, еңбек әрекетімен шұғылдана алатын, әлеуметтік қатынастарға түсетін, өзара байланыс жасауға толық қабілеті бар тіршілік иесі деп анықтама беруге болады.
Бұдан адам мәнінің тек қоғамдық-әлеуметтік жағы шамадан тыс үлкейтіліп, оның биологиялық, психологиялық жақтарының маңызы төмендетіліп, жоққа шығарылып отыр деген пікір тумауы тиіс. Анығында адамның өлшемі (кейбір уақытта құрылымы деп те айтады) үш түрлі болады: биологиялық, психологиялық және әлеуметтік. Бологиялық өлшем – бұл адам организмінің түр бейнесі мен құрылымының (морфологиясын), басқаша айтқанда, органимзнің құрылысын және формаларын зерттейді, оның атқаратын, орындайтын қызметін, шығу негізін, ми, жүйке жүйесін, т.б. қамтиды.
Психологиялық өлшем – адамның ішкі жан дүниесі, онда жүріп жататын саналы және санадан тыс құбылыстар мен процестер, (сезім жүйесі, мысалы, құмарлығы, жек көру, не сүю, мақтаныш, не қорлану, күйініш, не наразылық, ойлау) адамның еркі мен сипатын (бейнесін) темпераментін, т.б. қамтиды.
Осыған орай жеке-жеке алып қарағанда бұл екі өлшемнің әрқайсысы адам ұғымын тұтас тұлға ретінде ашып бере алмайды, өйткені биология мен психология адамдарды жеке-дара зерттеп, оларды тұлға ретінде көрсете алмайды.
Әлеуметтік өлшем – адамды тұлға, яғни белгілі бір тип, бірнеше адамның үлгісі, образы, бейнесі, моделі ретінде қарайды. Тұлғаны жан-жақты осылай қалыптастыратын оны қоршап тұрған орта, мұнда ол үнемі іс-әрекет, қызмет атқарады, үнемі онымен тығыз байланыс, қатынаста болады. Осыған сәйкес әрбір қоғам өзіне тән лайықты тұлғаны қалыптастырып отырады.
Әлеуметтану тұлғаның идеалды типін, яғни оның қоғамның идеясына сәйкес келетін немесе идеалды емес, яғни қоғамға сәйкес келмейтін типін, оның идеалды типтен қандай ерекшілігі, айырмашылығы барын зерттейді. Әлеуметтануда тұлға негізгі екі тұрғыдан қарастырылады:
а) Тұлғаның қоғамдық қатынастар жүйесіне араласып, мұның бар жақсылықтарын бойына сіңіріп, тұлға ретінде қалыптасуын;
ә) Әлеуметтік қатынастардың және саналы іс-әрекеттің субъектісі ретінде тұлғаны қарастырады.