Ата-аналар жиналыстары: мақсаты, міндеттері, функциялары
Білім алушылардың ата-аналарымен қарым-қатынас жасау жалпы білім беру ұйымдары мұғалімдерінің табысты жұмысының қажетті құрамдас бөлігі болып табылады. Бiлiм беру қызметiнiң тиiмдiлiгi мектептің оқушының отбасымен тығыз қарым-қатынаста болуына да байланысты болады.
Ата-аналарға «күрделі» міндет болмауы үшін, ата-аналарды мектепке тартуды және ата-аналар жиналысын қалай дұрыс ұйымдастыру керек деген сұрақ туындайды.
Ата-аналар мектептің жақсы көмекші болуы үшін оларды балалармен бірлескен іс-шараларға тартып, оқу процесінің өзекті мәселелерін шешуге белсене араластыру қажет.
Ата-аналар жиналысы мұғалім мен ата-аналардың бірлескен жұмысының негізгі нысаны, сонымен қатар мектепте және үйде білім беру мен тәрбиелеу процесінің тиімділігін арттыру құралы болып табылады. Білім алушының рухани бай, моральдық тұрғыдан таза және дене бітімі сау тұлғасын дамыту үшін жағдай жасауда мектеп пен отбасының күш-жігерін үйлестіру және біріктіру оның негізгі мақсаты болып саналады.
Ата-аналар жиналысы – ата-аналармен жұмыс істеудің бір түрі. Білім беру қызметінің тиімділігі білім алушының отбасымен тығыз қарым-қатынастың болуы байланысты болады. Дұрыс ұйымдастырылған ата-аналар жиналысы ата- аналарды мектеп өміріне тартудың бірден-бір жолы болып табылады.
Ата-аналар жиналысы – оқушылардың оқу жетістіктерін көрсету және талқылау, сондай-ақ білім беру ортасын жақсарту мақсатында мектеп ұйымдастыратын ресми іс-шара. Ағылшын тілінен аударғанда мұғалімдер мен ата-аналар конференциясы, мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы әңгімелесу, ата-аналар мен мұғалімдерге немесе ата-аналарға арналған кеш деген мағынаны білдіреді. Баланың мектептегі үлгерімін талқылау, академиялық немесе мінез- құлық проблемаларының шешімін табу үшін оқушылардың ата-аналары мен оқытушылары арасындағы қысқа кездесу немесе конференция болып табылады [1].
Ата-аналар жиналысының мақсаты мен міндеттері ұйымдастырылу формасына, тақырыбына сәйкес келесідей болуы мүмкін;
ата-аналардың педагогикалық мәдениетін жетілдіру;
баланы отбасында және мектепте тәрбиелеудің нақты мәселесі бойынша ата-аналардың білім деңгейін толықтыру;
ата-аналар ұжымының ынтымақтастығын нығайту, оларды мектеп/сынып өміріне тарту;
балаларды тәрбиелеуге ұжымдық шешімдер мен бірыңғай талаптар әзірлеу;
жасөспірім тұлғасын дамыту іс-шараларына отбасы мен мұғалімдердің күш-жігерін біріктіру;
балалармен жұмыс істеу үшін қажетті ақпаратты алу;
мектептің жұмыс режиміне ұйымдастыру әдістерін өзгерту немесе енгізу туралы ата-аналарды хабардар ету, нұсқаулықтар беру;
ата-аналарды талдамалық материалдармен таныстыру;
ата-аналарға балаларды тәрбиелеу және оқыту мәселелері бойынша кеңес
беру;
төтенше жағдайларды, күрделі және жанжалды жағдайларды талқылау;
мектеп өмірінің түрлі мәселелері бойынша ата-аналардың пікірін ескеруді
талап ететін шешімдер қабылдау және т.б..
Ата-аналар жиналыстарының функциялары: ақпараттық, ағартушылық, оқыту, кеңес беру, алдын алу және үйлестірушілік деп жіктеуге болады.
Жиналыстың ақпараттық функциясы білім беру және тәрбие процесін ұйымдастыру туралы ата-аналарды оқытуды және хабардар етуді қарастырады. Ол ақпаратты монолог түрінде немесе қатысушылар үшін маңызды сұрақтарға жауап беру түрінде жүзеге асырылады.
Ағартушылық функциясы ата-аналар үшін өзекті болып табылатын ақпаратпен қаруландыруды, яғни ақпарат аясын кеңейтуді қарастырады және берілетін ақпараттың маңыздылығы ата-аналардың өтініштерін диагностикалау және зерделеу негізінде анықталады). Аталған қызметті іске асыру ата-аналар жиналыстарын семинарлар, педагогикалық шеберлік сыныптары, конференциялар, дөңгелек үстелдер, пікірталастар сияқты формаларды қолдану арқылы өткізуді көздейді.
Оқыту функциясы ата-аналардың балаға білім беру бағдарламаларын меңгеруде көмек көрсету, баламен тиімді қарым-қатынас жасау және әртүрлі жағдайларда оның құқықтарын қорғау бойынша практикалық дағдыларын дамытудан тұрады. Бұл функцияны іске асыру: бірінші кезеңде – қатысушылар талап ететін проблема бойынша білім беруді, екінші кезеңде – қатысушылардың отбасылық тәрбие жағдайларындағы мінез-құлықтарын модельдеуге, мәселелерге терең үңілуіне мүмкіндік беретін тренингтер, іскерлік ойындар және басқа да формаларды қарастырады.
Кеңес беру функциясы әдістемелік және психологиялық-педагогикалық кеңес ретінде іске асырылады.
Алдын алу функциясы балалардың есеюі барысындағы кездесетін дағдарыстармен, зиянды әдеттерге әуестікті пайда болу қаупімен, болашақ мамандықты таңдаудағы келіспеушіліктермен, емтиханға дайындықпен, оқуға деген ынтаның төмендеуімен және денсаулығының нашарлауымен байланысты болатын отбасылық тәрбиесінен күтілетін және болжалды қиындықтардың алдын алу болып табылады.
Үйлестіру функциясы білім беру процесінің барлық қатысушылары мен қоғамның мүдделі өкілдерінің танымдық белсенділікті, өзін-өзі тәрбиелеу дағдыларын, коммуникативтік мәдениетті, төзімділікті және оқушылардың табысты әлеуметтік бейімделуінің басқа да белгілерін дамыту үшін оңтайлы жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдарын біріктіру және реттеу болып табылады [2].
Сонымен қатар, сыныптың және мектептің ата-аналар жиналыстары:
сыныптың/мектептің ата-аналар комитетін сайлайды;
жалпы орта білім беру ұйымының ата-аналар қоғамдастығымен өзара іс- қимылына қатысты Жарғысымен және басқа да құжаттарымен танысып, оларға қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылдайды;
мектептердегі оқу-тәрбие қызметінің негізгі бағыттарын зерттейді, оларды жетілдіру жөнінде ұсыныстар береді;
оқу процесінің мазмұнына, әдістері мен формаларына, мектептің педагогикалық қызметін жоспарлауға қатысты сұрақтарды тыңдайды;
тұрмыстық жағдайы нашар отбасылармен жұмыс істеуде мұғалімдерге көмек көрсету мәселелерін шешеді;
мектепте/сыныпта педагогикалық процесті жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
білім беру ұйымында (сыныпта) ата-аналармен (заңды өкілдермен) бірлескен іс-шараларды, яғни ата-аналар жиналыстарын, ата-аналар клубтарын, ашық есік күндерін және т.б. іс-әрекеттерді жоспарлауға қатысады;
білім алушылармен бірге бос уақытты өткізу бойынша іс-шараларды ұйымдастыру жоспарын жасауға қатысады;
білім беру ұйымын (сыныпты) дамытуға, педагогикалық процесті жетілдіруге бағытталған қайырымдылық көмек көрсету туралы шешім қабылдайды;
білім беру ұйымына (сыныпқа) ұйымының (сыныптың) материалдық- техникалық базасын нығайтуға, оның үй-жайларын, ойын алаңдарын және аумақтарын ата-аналар қауымының абаттандыруына және жөндеуіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көмек көрсету туралы шешім қабылдайды.
Достарыңызбен бөлісу: |