Байланысты: 4 Орта білім беру ұйымдарында жаңа форматтағы ата-аналар жиналысын өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдар
Республиканың орта білім беру ұйымдарында жаңа форматта ата-аналар жиналыстарын өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдар
Ата-аналар жиналысы – мектеп пен отбасы арасындағы байланыс формасы ғана емес, бұл маңызды педагогикалық ақпараттар алу орны, балалармен қарым- қатынас жасау тәжірибесін насихаттау алаңы да болып саналады.
Жиналыста ата-аналар өздеріне деген құрметті сезінулері тиіс. Тараптардың, яғни мұғалім мен ата-ана арасында түсіністік болған жағдайда, өзекті мәселелер көтеріліп, талқыланған кездесуді ғана тиімді деп атауға болады. Отбасы мен мектептің арасындағы ортақ мәселе – ол балалардың проблемалары және балаларға жасалатын қамқорлық болуы тиіс. Ал мұғалімдер мен ата-аналар кездесулерінің басты міндеті – оларды шешу жолдарын бірлесіп іздеу болып табылады.
Ата-аналар жиналыстарының келесідей түрлері бар:
ұйымдастырушылық және қорытынды жиналыстар;
ағымдағы: бұл академиялық үлгерім мен жұмысты жоспарлау нәтижелерін талқылайтын дәстүрлі кездесулер;
нұсқаулық: білім беру ұйымының ережелерімен таныстыруға және оларды орындауға бағытталған жиналыстар;
тақырыптық: қатысушылардың көпшілігінің мүддесін қозғайтын нақты тақырыпқа арналған жиналыстар. Олар ата-аналарға арналған дәріс оқу, оның ішінде кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері өкілдерінің қатысуымен де өткізілуі мүмкін;
директивті-кеңес беру жиналыстары: тақырыптық, клубтық, кеңес беру жиналысы, сұхбаттасу жиналыстары, семинарлар;
пікірталас, талқылау жиналысы;
шығармашылық кездесулер мен есеп беру.
Ата-аналар жиналыстары әдетте құрамдастырылған (біріктірілген) болады.
Жиналыста қарастырылатын негізгі мәселелер:
а) мектепке қатысты құжаттармен;
мектеп жұмысының негізгі бағыттарымен;
мектептің жүзеге асыруы тиіс негізгі міндеттерімен;
оқу тоқсанының, жылының қортындысымен таныстыру.
ә) балаларды тәрбиелеу мәселесі бойынша тәжірибемен алмасу;
б) балалармен жұмыс істеу барысында ата-аналардың білімін, дағдыларын, мүмкіндіктерін пайдалану;
в) шаруашылық мәселелерді шешуге көмек көрсету; г) сыныптағы оқу-тәрбие процесін талдау;
ғ) сыныптың келешектегі жұмысын анықтайтын міндеттер;
д) сынып ұжымының оқу-тәрбиелік міндеттерін іске асыру жөніндегі іс- шараларды жоспарлау, ұйымдастыру;
ж) өзекті педагогикалық, психологиялық, құқықтық проблемалар (ата- аналарға білім беру) және т.б..
Ата-аналар жиналысының негізгі бөлімі – педагогикалық ағарту жұмысына, яғни ата-аналарды оқытуға беріледі. Ата-аналарды оқытуды:
әлеуметтік ортаның талаптарына;
мектеп жұмысының бағыттарына;
балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес жоспарлау қажет. Ата-аналарды оқытудың міндеттері:
ата-аналарды педагогикалық, психологиялық, құқықтық білім негіздерімен таныстыру;
мектеп пен отбасының тәрбиелік ықпалының бірлігін қамтамасыз ету;
тәрбиенің оң тәжірибесін қорыту және тарату;
ата-аналарды неғұрлым жиі кездесетін қателіктерді жібермеу туралы ескерту;
ата-аналарды тәрбие процесіне белсене қатысуға тарту.
Ата-аналар жиналысы сынып жетекшісінің жоспарына сәйкес оқу жылында 4-5 рет өткізіледі.
Ата-аналар жиналысының тақырыбын сынып жетекшісі өздігінен таңдай алады, сонымен қатар алға қойған мақсаттарға жету үшін оны дұрыс дайындап, жүргізу керек.
Жиналысты ұйымдастырумен байланысты кейбір кеңестер:
жиналыстың тақырыбын анықтау. Ата-аналардың қызығушылығын және білім алушылардың жасын ескеру маңызды. Кездесудің тиімділігі тақырыпты дұрыс таңдауға байланысты болады;
ата-аналар дайын болуы және тақырыпты өз мүдделеріне қарай түзетуі үшін жиналыстың өтетін уақытын мүмкіндігінше ерте хабардар ету қажет;
ата-аналар жиналысының сценарийі мен рәсімделуін мұқият қарастыру. Жиналыстың жоспарын әзірлеу. Қажетті ақпаратты таңдау, мультимедиялық сүйемелдеу, сыныптағы орындардың орналасуы туралы ойлану, үлестірме материалдар дайындау және т.б.;
жиналыстың өтетін уақыты және шақырылған мамандар туралы әкімшілікті хабардар ету;
ата-аналарды кіреберістен күтіп алып, сыныпқа дейін жолды көрсететін адам тағайындау. Сынып кабинетін желдету. Сыртқы киімді орналастыру және басқа да жайлы жағдайлар туралы алдын ала ойлану. Жиналыс ережелерін қатаң сақтау, яғни өткізілу ұзақтығы 1,5 сағаттан аспауын қадағалау. Отырыстың құзырлы қорытындысы өте маңызды. Ол үшін отырыстың / сауалнаманың/ тесттің / т.б. шешімі туралы алдын ала ойлану;
ата-аналар жиналысына дайындық кезінде ата-аналар мен оқушылардан алдын ала сауалнамаларды толтыруды сұрай аласыз, бұл мұғалімге талқылануы тиіс мәселенің нақты идеясын қалыптастыруға көмектеседі.
Ата-аналар жиналысының сценарийі мұғалімнің шығармашылығыны болып табылатынын атап өткен жөн. Дегенмен, оның құрамында келесі міндетті компоненттер болуы тиіс:
сынып оқушыларының оқу жетістіктерін талдау.
Жиналыстың бұл бөлігінде сынып жетекшісі ата-аналарды сыныптың оқу қызметінің жалпы нәтижелерімен таныстырады. Жиналыстың басында мұғалім ата-аналарға өз баласының үлгерімі немесе оқу барысы туралы сұрақтарға тек жеке кездесу барысында ғана жауап беретінін ескертуі тиіс. Ата-аналар жиналысына қатысушыларды пән мұғалімдерінің пікірлерімен таныстырғанда ата-аналардың жоғары алаңдаушылығын есте сақтау керек және белгілі бір пайымдауларды бере отырып, субъективті түсіндірулерден бас тарту қажет.
Сынып жетекшісі балалардың сабақтағы, асханадағы, экскурсиялардағы және т.б. жерлердегі мінез-құлқы туралы ата-аналар үшін аса маңызды байқауларымен бөліседі. әңгіме тақырыбы қарым-қатынас, сөйлеу, оқушылардың сыртқы келбеті, балалардың мінез-құлқына байланысты басқа да өзекті мәселелер болуы мүмкін. Ата-аналар, сондай-ақ мұғалімдер мектептің миссиясын әлеуметтендіру институты ретінде түсінуі керек, себебі бала басқа адамдармен өзара іс-қимыл жасаудың ең құнды тәжірибесін алады. Балалардың мінез-құлқы туралы әңгіме қозғаған кезде неғұрлым ибалы болу керек, балалардың жағымсыз әдеттері туралы көпшілік алдында айтудың қажеті жоқ. Жиналыстың бұл бөлімі білім алушылардың «күнәларын» тізбектейтін бөлімге айналмауы тиіс.
психологиялық және педагогикалық білім беру.
Ата-аналар жиналысының бұл құрамдас бөлігін отырыстың күн тәртібіндегі жеке тармақ ретінде бөлудің қажеті жоқ; ол өзінің басқа құраушыларының құрылымына табиғи түрде қосылуы тиіс. Ата-аналардың психологиялық және педагогикалық құзыреттілік деңгейін арттыру сынып жетекшісінің маңызды міндеттерінің бірі екенін естен шығармаған жөн. Мұғалім ата-аналарға педагогикалық әдебиеттің жаңалықтары, қызықты көрмелер, баламен бірге тамашалауға болатын фильмдер туралы ақпарат ұсынуына болады. Белгілі бір мәселелерді қамту үшін кездесуге психологты, әлеуметтік педагогты және басқа да мамандарды шақырудың мәні зор болып табылады.
экскурсиялар, сынып кештерін, қажетті оқу құралдарын алуды және т.б. ұйымдастыру мәселелерін талқылау.
Ол жүргізілген жұмыстар туралы есеп және алдағы істер туралы ақпарат беру тәрізді екі компоненттен тұрады. Бұл қаржылық проблемалар ата-аналар комитетімен алдын ала талқыланып, осыдан кейін ғана ата-аналар жиналысына шығарылатындығын ескеру қажет.
ата-аналармен жеке әңгімелесулер.
Бұл кезеңде оқуында, мінез-құлқында мен дамуында проблемалары бар балалардың ата-аналары ерекше назар аударарлық объектіге айналуы тиіс. Бұл кезеңнің өзіндік қиындығы – бұл ата-аналардың сынға ұшырайтын болғандықтан, ата-аналар жиналысына келмеуге, қатыспауға тырысатындықтарында. Сондықтан мінез-құлық қиындықтары туралы мәселелерді жеке кездесу барысында талқылаған дұрыс болады, сонымен қатар сынып жетекшісі бұл ата-аналардың бойында қауіпсіздік сезімін қамтамасыз
етуге, оларға бұл жерде көмек беруге жағдай жасалатыны туралы сендіру қажет.
«Мен сізді түсінемін!», «Мен сіздермен келісемін!» деген сөздермен басталатын қолдау тактикасы өте тиімді болады. Алайда бұл басқа балалардың ата-аналары назардан тыс қалуы тиіс дегенді білдірмейді. Ең бастысы сынып жетекшісі әр ата-анаға не айту керектігін білуі тиіс.
Бастауыш сынып ата-аналарына арналған жиналыстардың үлгілік тақырыптары:
Бастауыш сынып оқушыларының психологиялық және физиологиялық ерекшеліктері;
Күн режимі және оның оқыту сапасына әсері.
Әлем бірінші сынып оқушысының көзімен.
Бірінші сынып оқушысының қабылдау ерекшеліктері.
Оқудың бастапқы кезеңіндегі кітап оқудың рөлі. Кітап оқу білім көзі және тұлғаның қалыптасу негіздерінің бірі ретінде.
Баланың танымдық қабілетін кеңейтудегі ойынның рөлі.
Еңбек сүйгіштік қасиетті тәрбиелеу. Отбасындағы міндеттерді бөлу.
Балалар және ақша. Отбасы бюджеті және бала.
Бала тұлғасын қалыптастырудағы отбасының рөлі.
Негізгі орта білім беру деңгейі білім алушыларының ата-аналарына арналған жиналыстардың үлгілік тақырыптары:
Оқушылардың негізгі орта мектепте оқу жағдайларына бейімделуі: проблемалар мен міндеттер.
Оқушылардың оқудағы жеке қиындықтары және оларды жеңу тәсілдері.
Қашан оқу жеңіл?
Қабілетті бала – табиғаттың сыйлығы емес. Қабілетсіз бала жоқ.
Баланың мінез-құлқының мәдениетін тәрбиелеудегі отбасының рөлі.
Жасөспiрiмдердiң психологиялық ерекшелiктерi.
Кәмелеттік жасқа толу сезімін қалыптастырудағы және тәуелсіздікке ұмтылудағы отбасының рөлі.
Психологиялық күйзеліс және жасөспірімдік шақ.
Өсу кезіндегі қиындықтар және олардың ата-ана мен жасөспiрiмдер арасындағы қарым-қатынасына әсерi.
Балалар тәрбиесіндегі «уақыт қайшысы».
Оқушылардың одан әрі білім алу жолын таңдаудағы отбасы мен мектептің рөлі.
Жалпы орта білім беру деңгейі білім алушыларының ата-аналарына арналған жиналыстардың үлгілік тақырыптары:
Жасөспiрiмдердiң мамандық таңдау және өзiн-өзi анықтау процесiндегi ата-аналардың рөлi.
Жоғары мектеп жасының ерекшеліктері. Құндылық бағдарларын қалыптастырудағы ата-аналардың рөлі.
Тұлғалық жетілу барысындағы қиындықтар және олардың мектептегі білімге әсері және т.б.
Сонымен қатар, ата-аналардың кез келген жиналысында білім алушылардың болашақ мамандықты таңдауы бойынша мәселені қозғауға болады. Алайда тақырыптық кездесулер бұған неғұрлым қолайлы болып саналады. Тақырыптық жиналыстарды ата-аналарды танымал және қазіргі уақытта сұранысқа ие болып отырған кәсіптер туралы ақпаратпен таныстыруға, сауалнама жүргізуге, психологияға қатысты тақырыптар туралы айтуға болады. Қызықты тақырыпта дәріс беруі үшін мамандарды шақыруға болады. Білім алушылармен кездесу өткізу қызықты нұсқа болып табылады, ол шығармашылыққа орын береді.
Мұндай ата-аналар жиналыстарының тақырыптары өте алуан түрлі болуы мүмкін, мысалы:
«Баланың қабілеттерін анықтау әдісі»;
«Еңбек білімі – еңбек қызметінде табысқа жетудің кепілі»;
«Мамандық таңдау – өмір сүру сапасын таңдау»;
«Мәселені шешу: қалаймын, мүмкін, маған керек»;
«Баланың шығармашылық қабілеттерін дамыту – кәсіп таңдау жолындағы қадам» және т.б.
Қазіргі кезде сабақ кезінде де, жиналыстар мен кездесулер кезінде де пайдалануға болатын топтық жұмыстың заманауи түрлері өте көп. Бұл үлкен топта тиімді қарым-қатынас жасауға көмектеседі, сонымен қатар ата-аналар мұғалімдердің балалармен қандай форматта жұмыс істейтінін түсінеді.
«The World Cafe», brainstorming (әлемдік дәмхана, миға шабуыл), менталды карталар, модерациялық карталар, рейтинг/дауыс беру – бұл тәсілдердің барлығы ересектермен де, балалармен де жүргізуге болатын үлкен жұмыс түрлері болып саналады.
«The World Cafe», яғни әлемдік дәмхана әдісі – қызу талқылау, фокусталған бейресми талқылау ұйымдастыруға мүмкіндік беретін әдіс. Бұл әдіс адамдар тобында ақпарат жинау, білім, тәжірибе алмасу, идеялар мен пікірлермен еркін алмасу, ұйымға немесе қауымдастыққа қатысы бар мәселелер туралы басқалардың не ойлайтынын есту қажет болғанда құнды көмекші болып табылады. Әлемдік дәмхана әдісі әрбір қатысушыны ашықтықтың, жеңілдіктің және психологиялық қауіпсіздіктің жайлы атмосферасын қалыптастыра отырып, тең дәрежеде сөйлесуге тартуға мүмкіндік береді [5].
Қолдану пайдалы болатын жағдайлардың мысалдары:
бала тәрбиесіндегі жаңа стратегиялар үшін идеялар әзірлеу;
проблемалық жағдайлардың себептерін зерттеу;
маңызды мәселелер бойынша шешiмдердi бiрлесiп iздеу;
ұжымдық тәжірибе, білім қалыптастыру;
әртүрлі мәселелер бойынша пікір қалыптастыру;
кешенді проблемалардың шешімін табу;
бірнеше сұраққа жауап алу;
топтық жұмысты жоспарлау;
жобаны, конференцияны, оқытуды, жылды қорытындылау, тәжірибемен алмасу және т.б..
«The World Cafe» кеңістігінің құрылымы немесе мазмұны:
кофе ханалардағы жағымды сөйлесулер атмосферасы;
зерттеуді талап ететін сұрақтар, тақырыптар немесе проблемалар;
шақыру;
принциптер;
қатысушылардың міндеттері;
шынайы қонақжайлылық;
жиналыс кезіндегі сиқыр атмосферасы;
күтпеген, жаңа мысалдар, үлгілер мен мәліметтер. В чем сущность технологии Мировое кафе?
Әлемдік кафе – жанды талқылауды, фокусталған бейресми талқылауды ұйымдастыруға мүмкіндік беретін технология болып табылады [5].
Brainstorm немесе миға шабуыл әдісі – бұл қатысушылар өздерінің кез келген ойын айта алатын, нақты міндеттерді шешуге бағытталған әдіс. Осыдан кейін барлық идеялар талданып, ең жақсыларын тәжірибеде пайдалануға алуға болады.
Миға шабуыл әдісімен ата-аналар жиналысын өткізудің маңызды 6 ережесі:
Дайындалыңыз. Барлық қатысушыларға жиналыстың өтетін уақыты мен орнын алдын ала хабарлаңыз, осылайша әркім өз уақытын жоспарлай алады. Өткізу орнының ыңғайлы екеніне көз жеткізіңіз.
Жиналыс тақырыбын алдын ала айтпаңыз. Миға шабуылдың мәні — пікірталастың өзінде кенеттен пайда болған ұсыныстардың тууы.
Жиналыс басындағы міндетті нақты тұжырымдаңыз. Мысалы, егер кездесу жаңа оқиғаға арналса, онда талқыланатын мәселелерді арнайы анықтау, яғни оқиғаның атауы, негізгі ұғымы.
Бәрін жазып отырыңыз. Хатшы сайлаңыз. Бұл адам барлық идеяларды флипчартта не қағазда жазып отыруы тиіс, бастысы ештеңені назардан тыс қалдырмау қажет.
Пікірталас процесінде басқаларды сынамаңыз және олардың сынға ұшырауына жол бермеңіз. Ережелер туралы алдын ала келісіп алыңыз, ешкім сөзді бұзбайды, бір-бірін сынамайды және кез келген идея назар аударуға лайықты.
Бір уақытта 10 адамнан артық жинамаңыз. Үлкен топтарда жұмыс істеу нашар басқарылады және тиімді болмайды. Егер ұжымда адамдар көп болса, миға шабуыл тақырыбымен айналысатындар ғана емес, әр түрлі қызмет саланың адамдарын шақырудан қорықпаңыздар [6].
Менталды карта тәсілі – бұл бір ортақ идеядан ойдың табиғи ағымының көрнекі көрінісі, яғни идеяларды, тапсырмаларды, ұғымдарды және кез келген басқа ақпаратты ұйымдастыру әдісі болып табылады. Тіпті бұл схеманың пайда болуының өзі миға шабуыл жасауды тиімді жүргізуге, ноталар жасауға, ақпаратты сіңіруге және презентациялар жасауға көмектесетінін айқын көрсетеді.
Менталды карталар күрделі нәрселерді көзбен шолып құрылымдауға, есте сақтауға және түсіндіруге мысалы, сөйлеудің тақырыбын жазуға немесе оқу бағдарламасын жасауға көмектеседі [7].
Модерациялық карталар әдісі – идеялар мен пікірлерді жинау үшін қолданылатын әдіс болып табылады. Бұл әдіс топтық жұмыс барысында ойды немесе наным-сенімдерді талқылауға шығаруға мүмкіндік береді, осылайша ұжым бұл ақпаратты одан әрі жұмыс істеу процесінде зерттейді және пайдаланады. Жеңілдетудің бұл әдісі барлық қатысушылар білмейтін көптеген түрлі факторлары мен тараптары бар проблеманы зерттеу маңызды болған жағдайларда қажет. Сонымен қатар, бұл әдіс миға шабуылда, проблемаларды талдауда және шешімдер іздеуде сәтті қолданылады [8].
Жоғарыда аталған әдістерді ата-аналар жиналысын өткізу барысында қолдануды ұсынамыз.
Ата-аналар жиналыстарының келесі формаларын ұсынамыз:
Әңгімелесу (сұхбаттасу).
Эмоциялық, эстетикалық әсер ететін тиімді әдістердің бірі, сонымен қатар
«әңгімелесу» сөзін түсіндірудің бір нұсқасы бойынша «ресми әңгіме» деген мағынаны білдіреді. Әңгімелесу формасында өткізілетін ата-аналар жиналысын осылай қабылдау қажет. Мұғалім мен ата-ана арасында нақты тақырыпта ресми әңгіме жүргізіледі.
Әңгімелесу ата-аналар жиналысының дәстүрлі түрі болып табылады.
Әңгіменің тәрбие тұрғысында маңызы зор. Әңгімені профилактикалық мақсатта, мүмкін болатын жанжалдардың алдын алу мақсатында қолдануға болады. Жақсы әңгіме – ата-аналар мен балалар арасында және ата-аналар мен мұғалімдер арасында қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы құралы болып табылады. Әңгіме түріндегі жиналыс сенімді ахуал жасауға, қарым-қатынастың проблемалық жақтарын анықтауға көмектеседі. Мұндай жиналыстың құрылымы, әдетте, мұғалімнің қысқаша сөйлеген сөзі, мұғалім мен ата-ана арасындағы диалог және нәтижелерді қорытындылаудан тұрады.
Павлодар облысының білім беру басқармасы Ертіс ауданы білім беру бөлімінің «Қоскөл» жалпы орта білім беру мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастауыш сыныптарының мұғалімі Беспаева Зауреш Космановна әзірлеген әңгімелесу формасындағы ата-аналар жиналысының үлгісін ұсынамыз (1-қосымша).
Талқылау (пікірталас) жиналысы. «Талқылау» сөзі жиналыста немесе әңгімелесуде қандай да бір сұрақты талқылау деген мағынаны білдіреді. Сондықтан талқылау әңгіменің бір бөлігі болып табылады.
Ата-аналар жиналысын өткiзудiң бұл түрі қандай да бір даулы мәселені, балаларды оқыту мен тәрбиелеудiң кез келген даулы проблемасын талқылау қажеттiлiгi туындаған жағдайда пайдаланылуы мүмкін. Бұл жағдайда мұғалімнің жиналыста сөйлеген сөзі қысқарып, уақыттың көп бөлігі әр түрлі көзқарастарды талқылауға және талдауға арналады.
Талқылау (пікірталас) жиналысы ата-аналарға балаларды оқыту мен тәрбиелеудің маңызды мәселелерін талқылауға қатысуға мүмкіндік береді,
сонымен қатар әр түрлі көзқарастар бойынша мәселені талдау қабілетінің қалыптасуына ықпал етеді. Талқылау талқыланатын тақырып көрсетiлетiн оқытушының немесе басқа маманның кіріспе сөзiнен кейiн басталады. Әдетте, талқылау аяқталғаннан кейін сарапшылардың пікірі талқылау барысында айтылған түрлі көзқарастарды талдау мақсатында тыңдалып, содан кейін ғана отырыстың қорытындысы шығарылады.
Дөңгелек үстел – бұл, шын мәнісінде, түрлі мамандардың қатысуымен арнайы мәселелер бойынша пікір алмасатын әңгімелесу жиналысы. Жиналыстың осы түрін негіздеу үшін жиналысқа қатысушылар «дөңгелек» үстелді жағалай орналаса алады. Дөңгелек үстел түрінде өткізілген жиналысқа психолог, әлеуметтік педагог, дәрігер, логопед, ата-аналар мен педагогикалық қауымдастық өкілдері шақырылуы мүмкін. Кездесудің бұл формасы кез келген ауыр мәселелерді талқылауға, отырысқа қатысушылардың барлығының пікірлерін білуге мүмкіндік береді.
Кеңейтілген ата-ана жиналысының бір түрі – конференция. Конференция түрлі ұйымдардың (балалар емханасы, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия, психологиялық орталықтар, мемлекеттік жол полициясы және т.б.), қызығушылық танытқан ата-аналардың, мектеп әкімшілігінің, психологтардың, әлеуметтік педагогтардың қатысуымен өткізіледі. Ата-аналар кәсіпқой мамандардың сауатты жауаптарын тыңдау мүмкіндігіне ие болады.
Конференция белгілі бір шешімдер қабылдай алады және сол шешімдерді іске асыру жөніндегі шаралар кешенін анықтай алады. Ата-аналар жиналыс- конференцияларында білім алушылар белсенді мүше болатын қоғамның проблемалары жиі талқыланады. Ата-аналар конференциясына міндетті түрде қатысушыларды тарта отырып, мұқият және жан-жақты дайындалуы тиіс. Конференция проблемасы бойынша алдын ала әлеуметтанушылық немесе психологиялық зерттеулер жүргізуге және оларды талдауға, содан кейін конференция барысында зерттеу нәтижелерін пайдалануға болады. Ата-аналар конференцияның белсенді қатысушылары ретінде проблеманы талдауды өз тәжірибесі тұрғысынан да дайындай алады.
Тренинг жиналыс – бұл жаттығулар жүйесі. Ата-аналар тренингі баламен өзара әрекеттесуді өзгерткісі немесе жетілдіргісі келетін ата-аналардың шағын тобымен жұмыс істеудің белсенді түрі. Тренингтің тиімділігі жоғары болуы үшін ата-аналардың екеуі де оған белсене қатысулары тиіс. Ата-аналар тренингін әдетте мектеп психологы өткізеді.
Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы «Әлихан Бөкейхан атындағы № 25 жалпы білім беретін орта мектебінің» педагог-психологы – Кабошева Гүлнұр Беркутовна және әлеуметтік педагогы – Тастемірова Данагүл Рахатовна әзірлеген 5 және 6-сынып оқушыларының ата-аналарына арналған
«махаббат баспалдағы» тақырыбындағы конференция-жиналысының үлгісін ұсынамыз (2-қосымша).
Семинар жиналыс (семинар-практикум) – педагогтің жетекшілігімен өткізілетін топтық практикалық сабақтар. Семинар түрінде өткізілген ата-аналар
жиналысында мұғалім – мұғалім ретінде, ал ата-аналар белгілі бір тапсырманы тәжірибелік жолмен шешуге тырысатын оқушылар рөлінде әрекет етеді. Семинар формасында ата-аналар жиналысын өткізу ата-аналармен алдын ала
«теориялық» жұмыс жүргізуді талап етеді. Кездесуде мәселені шешу жолдарын талқылап қана қоймай, алынған ақпаратты практикада қолдануды үйрену және ата-аналарға танысу үшін ақпараттық материалдар берген дұрыс.
Ұйымдастырушылық-белсенділік немесе іскерлік ойыны түріндегі жиналыс – қойылған мәселе ойын процесінде шешіліп, оған қатысушылар әр түрлі рөлдерді орындап, мәселені әр түрлі адамдардың көзімен көруге тырысатын қызмет түрі. Ойын барысында қатысушылар «балалар», «мектеп әкімшілігі», «мұғалімдер», «ата-аналар», «сарапшылар» болып топтарға бөлінеді, мәселені шешу жолдары мен тәсілдерін іздейді. Әр топ мәселеге өз талдауын дайындап, оны шешудің жолын белгілейді. Мәселені ұжымдық талдау нәтижесінде оның бір немесе бірнеше шешімі табылды.
Педагогикалық шеберхана – бұл өз ісінің шеберлері жұмыс істейтін орын. Мұғалім ата-аналар жиналысын педагогикалық шеберхана түрінде ұйымдастыра алады, онда «шеберлер» - ата-аналар, «шеберлер» - мұғалімдер өз дағдыларымен бөлісіп, баланың тұлғасын дамытуға ықпал ететін педагогикалық тәсілдерді көрсетеді. Семинарға қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін ашуға көмектесетін белгілі бір рөлдерді орындай алады.
Ауызша журнал – әр түрлі авторлардың шығармаларын, ғылыми мақалаларды, ноталарды, сынақтарды, иллюстрацияларды, пайдалы кеңестерді және т.б. қамтитын кітап түріндегі мерзімді басылым. Ата-аналар жиналысында алдын ала немесе тікелей жиналыс барысында дайындалатын ауызша журналдың беттерін «ашып» отыруға болады. Бұл жерде мұғалім үшін де, ата- ана үшін де шығармашылық алаңы бар.
Сұрақтар мен жауаптар кеші – ата-аналар жиналысын өткізудің толық түсінікті формасы. Ата-аналар алдын ала белгіленген тақырып шеңберінде сұрақтар дайындайды. Сынып жетекшісі сұрақтарға жан-жақты және сауатты жауап бере алатын мамандарды шақыруы тиіс.
Ата-ана рингі, ринг – бокс ойнайтын алаң, сондықтан ата-аналар жиналысы жарыс түрінде өткізіледі. Бұл жерде педагогикалық проблемалар бойынша сұрақтарға жауап бере отырып, екі отбасы сайысқа түсе алады. Бәсекелес ата-аналардың ұстанымдары, пікірлері әр түрлі болуы мүмкін. Қалған ата-ана аудиториясы талас-тартысқа түспейді, тек қол шапалақпен ғана қолдайды. Ата-аналар рингіндегі төрешілер сынып оқушылары, ата-аналар, мұғалімдер бола алады.
Конкурс түріндегі жиналыс. Мұндай ата-ана жиналысының атауы ең үздік қатысушыларды анықтау мақсатында біреудің немесе бір нәрсенің, мысалы, әкелердің, идеялардың, не жұмыстың, не отбасылық жетістіктердің байқауын ұйымдастырылатындығын білдіреді. Ата-аналар жиналысында табысқа қалай қол жеткізгені туралы әңгімелер айтылуы тиіс. Әрине, байқау барысында қазылар алқасы жұмыс істеп, жеңімпаздарды іріктеп алады. Мысалы,
«Әкем, анам және мен – кітап оқитын отбасымыз» байқауын өткізуге болады.
Оның барысында ата-аналар баланың оқуға деген қызығушылығын ояту жолдарымен, отбасылық тәрбиелеу тәжірибесімен бөліседі.
Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы «Әлихан Бөкейхан атындағы № 25 жалпы білім беретін орта мектебінің» бастауыш сынып мұғалімі
Презентация жиналыс. Отбасылық тәрбиенің ерекше тәжірибесімен, дәстүрлі емес оқыту әдістерімен, баспаның жаңа басылымдарымен, оқулықтармен және т.б. жаңадан құрылған жаңа нәрсені көпшілік алдында таныстыру. Презентацияны психологтарды, заңгерлерді, дәрігерлерді және басқа да мамандарды тарта отырып өткізген жөн.
Жеке және топтық тақырыптық кеңестер отбасымен қарым-қатынас жасаудың маңызды формаларының бірі болып табылады. Ата-аналардың қорқыныштарын, өз баласы туралы айтудан қорқуды жеңу үшін жүргізілетін жұмыс түрі. Кеңес беруге дайындық барысында сыныптың тәрбие жұмысын жоспарлауға көмектесетін бірқатар сұрақтарды алдын ала анықтаған дұрыс. Жеке және топтық консультациялар ата-аналар мен мұғалім арасында жақсы байланыс жасауға ықпал етуі тиіс. Мұғалім ата-аналардан бейресми жағдайда өзінің баламен кәсіби жұмыс жүргізуі үшін қажетті маңызды ақпаратты білуге мүмкіндік алуы тиіс. Ақпарат келесідей болуы мүмкін:
баланың денсаулығындағы ерекшеліктер;
оның қызығушылықтары мен хоббиларын анықтау;
отбасындағы қарым-қатынас ерекшеліктері;
мінез-құлық ерекшеліктері мен әртүрлі жағдайларға реакциялары;
мінезіндегі ерекшеліктері;
оқу уәждемесі;
отбасының адамгершілік құндылықтары.
Ашық есік күндері – ата-аналардың сабақтан тыс, мектептен тыс іс- шараларға, психологтармен, дәрігерлермен, мұғалімдермен кездесуге келетін күндері, яғни ата-аналар мен мұғалімдердің тиімді қарым-қатынас жасау формасының бір түрі.
Ашық есік күндері:
мектепте жұмыс істейтін үйірмелер, секциялар, қосымша сабақтар, экскурсиялар туралы ақпарат бар стендтер;
білім алушылардың шығармашылық жұмыстары ілінген стендтер;
білім алушылар жеңіп алған грамоталардан, кубоктар мен медальдардан көрме ұйымдастыру;
мектеп түлектерінің түскен оқу орындарының атаулары, сонымен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеуден алынған балл туралы ақпараттар;
мектептің дәстүрлерімен және білім алушылардың шығармашылығымен таныстыру;
ата-аналардың ашық сабақтарға қатысу мүмкіндігі;
сыныптан тыс іс-шаралар;
ата-анар комитеті мүшелерінің мектеп әкімшілігімен кездесулері және т.б. іс-шаралар.
Балалардың мінез-құлқы мәдениеті, үй кітапханасын құру, отбасылық мерекелерді ұйымдастыру және т.б. тақырыптарда ата-аналардың шағын топтарына арналған практикалық сабақтар.
Сенім телефоны –белгілі бір күндер мен сағаттарда ата-аналарға сынып жетекшісімен баланы тәрбиелеудің маңызды мәселелерін талқылауға мүмкіндік беруге арналған жиналыстың бір түрі.
Жоғарыда аталған iс-шараларды жүйелi iске асыру бiлiм беру процесiн неғұрлым ашық ете түседі, бұл мектеп пен отбасы арасындағы қарым- қатынастың сапасына оң әсерiн тигiзерi сөзсіз.