Жалпы білім беретін мектептердің 5-9-сыныптарында инклюзивті білім беру ортасын құру
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында ерекше білім беруді қажет ететін адамдар үшін білім беруге қолжетімділік қағидаты жарияланған. Ол жалпыадамзаттық құндылық басымдығына негізделген, сондықтан инклюзивті білім беру балаларды кемсітуді болдырмайтын, барлығына бірдей қатынасты қамтамасыз ететін және ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қажетті жағдай жасайтын идеологияны білдіреді.
Білім беру жіктелімінің халықаралық стандартында ЭЫДҰ-ға мүше елдерден алынған анықтама берілген: «Адамдардың ерекше білім берілуіне қажеттіліктері білім алуы үшін қосымша қоғамдық және/немесе жеке ресурстарды беру қажеттілігімен анықталады». Ерекше білім берілуіне қажеттіліктер анықтамасына аталмыш ресурстық көзқарас оқыту кезінде туындайтын қиындықтардың әртүрлі спектрі бар білім алушыларды біріктіреді. ЭЫДҰ ұсынымдарына сәйкес көптеген мемлекеттерде білім берудегі сәтсіздіктің объективті себептеріне сүйене отырып, ерекше қажеттіліктеріне байланысты балалардың үш тобынан құрылған категориялық жүйе пайдаланылады:
топ. Психикалық және дене дамуында түрлі бұзушылықтары бар балалар: көру, есту, сөйлеу, зерде, тірек-қозғалыс аппараты бұзушылықтары бар, психикалық дамуы тежелген және эмоционалды-ерік-жігер аясы зақымдалған балалар.
топ. Оқытудағы ерекше қиындықтары, мінез-құлық және эмоциялық проблемалары бар балалар. Зердесі қалыпты балалардың ерекше қиындықтары жеке оқу дағдыларын меңгеруде байқалады: оқу, жазу және санау (дисграфия, дислексия, дискалькулия т.б.). Бұл қиындықтар уақытша сипатқа ие және оны балаларға мамандардың көмегі негізінде еңсеруге болады. Мінез-құлық және эмоционалдық проблемалар қолайсыз психологиялық факторлардан (отбасында тәрбиенің дұрыс берілмеуі, ата-ана мен баланың және отбасыішілік қатынастың бұзылуы), сонымен қатар дамуындағы ерекше проблемалардың болуынан (гипербелсенділік және толыққанды көңіл бөлмеуден, аутистикалық бұзылыстар спектрі және т.б., құрдастарымен және мұғалімдерімен қарым- қатынас жасаудағы әртүрлі қиындықтардан (енжарлық, тұйықтық немесе жанжалдық, тіл алмаушылық, агрессивтілік) пайда болуы мүмкін.
топ. Әлеуметтік-психологиялық, экономикалық, тілдік, мәдени себептерге байланысты ерекше білім беруді қажет ететін балалар. Бұл топқа микроәлеуметтік және педагогикалық қараусыз қалған нашар отбасылардан немесе бала тәрибесіне көңіл аудармайтын отбасылардан, әлеуметтік қатерлі топтағы отбасылардан (ішімдікке, нашақорлыққа жақын ата-аналар) шыққан балалар, сонымен бірге жергілікті әлеуметке бейімделуде қиындықтары бар (босқындар, мигранттар, оралмандар) немесе оқу тілін түсінбейтін және бұл тілде сөйлемейтін балалар жатады.
ЕБҚ бар балаларды мұндай топтарға бөлу мектепте білім алуында қиыншылықтары бар кез келген білім алушының назардан тыс қалуына жол бермейді.
ҚР педагогтерінің Заңында ерекше білім беруді қажет ететін білім алушы психикалық және дене дамуында бұзушылықтары бар (мүмкіндігі шектеулі) бала ғана емес, сонымен қатар оқытуда қиыншылықтарға тап болған кез келген бала екенін түсінулері маңызды.
Психикалық және дене даму бұзушылықтары жоқ, екінші және үшінші топтағы білім алушылар көбінесе психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңеске жүгінбейді және ол арқылы анықталмайды.
Сол себепті жалпы білім беретін мектеп білім алушылардың бұл топтарын да өз назарынан қалдырмай, оны уақытында анықтап, оларға көмек көрсетуі тиіс.
Бұл үшін мектепке психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі (бұдан әрі – ППҚҚ) үнемі жұмыс жасауы қажет, оның міндеттеріне мамандардың балалармен дамытушылық жұмысы ғана емес, сонымен қатар білім алушылармен жұмыс істеудің ортақ тәсілдерін, бірыңғай стратегиясын әзірлеу бойынша педагогтер, мамандар және ата-аналардың тұрақты ынтымақтастығы кіреді.
ППҚҚ-ның жұмысын дұрыс ұйымдастыру ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылардың білім беру процесін ұйымдастыруда ғана емес, сондай-ақ мектептегі білім беру процесінің сапасын арттыруда да маңызды рөл атқарады. Сәйкесінше аталған қызметтің үйлесімді командалық жұмысының негізінде мектеп білім алушылардың барлық үш тобын назарда ұстап, оларды уақытылы анықтап, көмек көрсетуі керек.
Жалпы білім беретін мектептің инклюзивті ортасында ППҚҚ-ны ұйымдастыру, білім алушыларды оқыту және бағалау мәселелері бойынша әдістемелік құралдар әзірленген (www.nao.kz).
Сонымен қатар ерекше білім беруді қажет ететін, оның ішінде зерде бұзушылықтары бар балаларды оқытуды ұйымдастыру мәселелері бойынша әдістемелік ұсынымдарды ҚР БҒМ-нің арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының сайтынан табуға болады (https://special-edu.kz/).
Инклюзивті саясат пен тәжірибе қағидаттарына жауап беретін білім алушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі білім беру мазмұнының ажырамас бөлігі.
Бағалау оқу процесінің сапасын арттыру мақсатында білім алушылармен оқытудың неғұрлым тиімді әдістерін таңдау үшін қажетті кері байланысты қамтамасыз етеді. Инклюзивті ортада бағалау объективтілік, ақпараттық, кері байланысты қамтамасыз ету секілді өлшемдерге сәйкес келуі керек.
Әрбір білім алушының дайындық деңгейін, білім алудағы жеке прогресін анықтау білім алушының оқуға мотивациясының артуына ғана емес, сонымен қатар мектептегі білім беру процесі сапасының артуына септігін тигізеді.
«Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» ҚР БҒМ 2008 жылғы 18 наурыздағы №125 бұйрығына сәйкес:
ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларды бағалау кезінде мұғалім сараланған және/немесе жеке тапсырмаларды қолданады, сондай-ақ білім алушының ерекшеліктерін есепке ала отырып, оның ішінде жеке оқу бағдарламаларын іске асыру кезінде бағалау критерийлеріне өзгерістер енгізеді;
ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларға және жеке оқу бағдарламасы бойынша оқитын білім алушыларға қорытынды аттестаттау өткізу қажеттілігі туралы мәселені білім алушылардың жеке ерекшеліктеріне сәйкес педагогикалық кеңес шешеді;
қорытынды аттестаттаудан өтетін ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін мектептің ұсынымдарына сәйкес білім алушыларды қорытынды аттестаттау жөніндегі емтихан комиссиясының шешімімен емтихан тапсыру кезінде қосымша уақыт беріледі;
ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін үзіліске арналған ұзақтау уақыт ұсынылады;
Бағалау жүйесі ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқытудағы жетістіктерді объективті көрсетіп қана қоймай, білім беру процесінде осындай білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдаудың келесі қадамдарын жоспарлау үшін негіз болуы тиіс.
Инклюзивті ортада ерекше білім беруді қажет ететін балалардың оқу жетістіктерін бағалаған кезде білім алушылардың психикасына мұқият болған жөн, олардың көңілдеріне қаяу түсіретін жағдайларды болдырмау керек, психологиялық дамуының ерекшеліктерін ескеру қажет.
Мектепте инклюзивті білім беруді құру оқу процесінде әр баланың жеке ерекшеліктерін анықтау негізінде қамтамасыз етіледі. Мұндай оқытудың мақсаты – бір сынып ұжымында «орташалау» білім алушыға емес, жеке танымдық қабілеттерін, қажеттіліктері мен мүдделерін ескере отырып, әрбір білім алушымен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік беретін психологиялық- педагогикалық жағдайлар жүйесін құру.
Мұндайда қазіргі мектепте білім алушы тұлғасының ақпаратты жинау, өңдеу, талдау, ұйымдастыруда өзіндік жұмысқа дайындығы, ойлай білуі, дәлелдей білуі, шешім шығарып, оны орындауға жеткізе білуі секілді біліктері бірінші орынға шығады.
Инклюзивті ортада ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылар өзін- өзі бағалауды және өз қабілеттеріне деген сенімділікті дамытады, олар саналы түрде дайындық бағытын таңдай алады, бұл болашақта оларды қызықтыратын мамандықтарға жұмысқа орналасуына көмектеседі.
Ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларға кәсіптік бағдар беру олардың денсаулық жағдайларын, психофизиологиялық мүмкіндіктерін, психологиялық ерекшеліктерін, қабілеттерін, қызығушылықтары мен бейімділіктерін ескере отырып, кәсіптік білім беруге қабілеттерін анықтау, кәсіптік бағдар беруде қолғабыс ету мақсаттарында жүргізілуі тиіс. Балалардың бұл тобын табысты кәсібилендіру үшін оларда өздеріне, өз мүмкіндіктеріне оң қатынасын, өздерінің психофизиологиялық ерекшеліктерін максималды түрде адекватты бағалау қажеттілігін түсінуін дамыту маңызды.
Осыған байланысты ерекше білім беруді қажет ететін балаларға кәсіптік бағдар беруді кешенді түрде іске асыру қажет. Бұл жағдайда процеске ата- аналарды, түрлі мамандарды қосу қажет. Мамандықты таңдаушы тұлғаның типологиялық ерекшеліктерін анықтау үшін әдістемелік нұсқаулықты жасөспірімнің мүмкіндіктеріне бейімдеу қажет және кәсіби жоспарды кәсіптік бағдар берудің барлық кезеңінде ерекше білім беруді қажет ететін жасөспірімдердің мүмкіндіктеріне сәйкес түзету керек.
Еліміздің жалпы білім беретін мектептерінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға кәсіптік бағдарлау жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері
бойынша Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА әзірлеген «ЕБҚ бар балалардың мамандық таңдауында отбасы, мектеп және жұмыспен қамту мекемелерінің арасындағы өзара іс-әрекеті бойынша әдістемелік ұсынымдар» құралына (www.nao.kz), «Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарында білім алушылардың кәсіптік бағдарлануын анықтау және диагностика жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға» (ҚР БҒМ 2019 жылғы 15 сәуірдегі №150 бұйрығына қосымша) https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=34241215#pos=4;- 116, «Мүгедектігі бар адамдар үшін ұсынылатын кәсіптер атласына» (ҚР ЕХӘҚМ) https://www.enbek.kz/ru/atlases-professions жүгінуіңізді сұраймыз.
Ерекше білім беруді қажет ететін тұлғаларды оқытуды ұйымдастыруда жаңа ақпараттық технологияларды қолдану қабылдаудың қауіпсіз түрлері негізінде білім алушылардың компенсаторлық механизмдерін белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретін компьютерлік оқыту құралдарының мультимедиалық мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге негізделген. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған қашықтан білім беру – өзінің қабілеттерін іске асырудың, басқа құрдастарымен тең дәрежеде табысты болуының мүмкіндігі.
Қашықтан білім берудің басты қағидаты – білім алушының оқу материалымен өз бетінше жұмыс істеуіне бағытталуы. Осы мақсатта ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылар үшін осы дағдыны қалыптастырудың дәйектілігі қарастырылуы тиіс. Мұндайда ата-аналарға маңызды міндет жүктеледі. Осы мақсатта ата-аналармен өзара әрекеттесу алгоритмі және олардың нақты функционалдық міндеттері анықталуы керек.
Елде қабылданған карантиндік шаралар жағдайында қашықтан оқыту режимінде ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылармен жұмыс істеу бойынша егжей-тегжейлі ұсынымдарды Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА әзірлеген әдістемелік ұсынымдарды академия сайтында «Қашықтан оқыту» айдарынан табуға болады (https://nao.kz/blogs/fromorg/2/94)
Достарыңызбен бөлісу: |