Орта ғасырда өмір сүріп, артына өшпестей мұра қалдырған шығыс поэзиясы алыптарының бірі, азербайжан халқының ұлы ақыны Мухаммед Физули



Дата31.12.2021
өлшемі27,27 Kb.
#22186
Байланысты:
ФИЗУЛИ


Орта ғасырда өмір сүріп, артына өшпестей мұра қалдырған шығыс поэзиясы алыптарының бірі, азербайжан халқының ұлы ақыны – Мухаммед Физули.Ол(шамамен 1448 жылы туып, 1556 жылы өлген) араб Ирагының Кербале (қазақ ұғымында кер бала) дейтін қаласында, өзінің оқымыстылығымен аты шыққан Сүлейменнің семьясында дүниеге келген. « Физули » – білімдар, өз тілді, орақ ауызды деген мағынаны білдіретін сөз болса керек. Ақынның бүкіл табиғаты бұл есімнің дәл табылғанын, барынша лайық есім екенін айғақтайды. Ол соншалық көп білетін, оқымысты, ойшыл адам болған.

Ақынның әкесі Сүлеймен Бағдадқа азербайжаннның Арша округінен көшіп барған көрінеді. Оны кейбір зерттеушілер муфти болған деседі. Бірақ Физули өз шығармаларында әкесінің кім болғандығы туралы ештеңе айтпайды. Физули әуелі Кербаледегі мектепте, кейін Бағдадтағы медреседе оқиды. Ол мектепте оқып жүрген кезден бастап-ақ махаббат жайында қысқа-қысқа өлеңдер жаза бастайды. Бірақ ғылымсыз поэзия бос сөз екенін түсінген ақын өз поэзиясында философиялық ойларға да ерекше мән берді. Физули шығармалары өзінің көзі тірісінде және кейінде қол жазба күйінде тараған.

Физули творчествосы сезімді баурап алатын шыншылдығымен, шынайы адамгершілік қасиеттерімен дараланды. Ол азербайжан, араб, парсы тілін жақсы білген және сол тілдерде көркем шығармалар жазған. Сондықтан да ол өз шығармаларында Абу Новастың,Хасанның, Хаганидің, Низамидің, Әлішер Науаидің, Ахмеди Шейхының аттарын жиі атап, шығыс мұсылмандарының әдеби өмірімен таныс екенін аңғартып отырады.Ол тілдерді жақсы меңгеруінің арқасында таяу шығыстың мәдениетімен, әдебиетімен түгел дерлік таныс болған. Ол өзінің « Пікірлер жүйесі » деген шығармасында ертедегі грек философтарының тоқтап Платонның, Аристотельдің, Гераклидтің тағы басқа да ескі грек философтарының шығармаларынан мысалдар келтіреді. Бұлардың барлығы да өз заманында біраз нәрседен хабары бар, білімді адам болғандығын дәлелдейді. Физулидің ізгі идеялары Хагани, Шербани, Әмір Хұсрау Дехлеви, Жәми дәстүрінде жазылған « Жүрек досы », «Денсаулық пен дерт», «Шарықтау мен сенім», «Кезбе мен тақуа» (« Анис әл-калб ») атты қасидасында жарқын көрініс тапқан. « Ғашиш және шарап », « Жемістер таласы » атты аллегориялық дастандарында феодалдық қоғамның керітартпа құрылысын әшкереледі. « Шағымнама » атты прозалық шығармасында Сүлейман сұлтанның сарайындағы парақорлық пен әлсіздікті сынады. Физули творчествосының шырқау шыңы – « Ләйлі – Мәжнүн » дастаны ( 1536-37 ). Физули мұнда өмірлік мәні зор күрделі мәселені көтеріп, екі жастың адал махаббатын асқақ үнмен жырлады. Физулидің « Ләйлі-Мәжнүн » дастанын алғаш Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақ тіліне аударды, ол кейінірек жеке кітап болып басылды (1936). Соңғы жылдары Физулидің таңдаулы ғазелдері мен қасидалары қазақ тіліне аударылып, жеке кітап болып шықты (1970). Ал 19 ғасырда азербайжан Ирак және Орта Азия елдерінде бірнеше рет жарияланды. Е.Э. Бертельстің пайымдауы бойынша толық қол жазбасы (куллият) 1522 жылы жазылған. Шығармаларының толық ғылыми – сыни басылымы 1958-61 жж. Бакуде жарық көрді. Физулидің поэтикалық шығармаларында елеулі орын алатыны – лирикалары мен қасидалары. Бізге жеткен 11 қасида мен 1өлеңнен тұратын ( барлығы 450 бәйіт ) араб тіліндегі жинағы ғана. Физули ешкімге көп иіле бермейтін намысқор адам болған. Оның осы мінезі шығармаларынан да айқын көрінеді. Ол халықтың ауыр халін көріп, оның тағдырына қайғырумен болады. Өз шығармаларында халықты, қанаушыларды батыл сынап, әшкерелеп отырады.

Физули поэзияда өмір шындығын дұрыс көрсету керек деген шарт қойды. Ол, туралы ақын: «Мен поэзия бақшасының ішінде жүргенде шындықтың қош иісті ауасымен дем аламын»,-деп жазды.



Физули көркем сөз қуатына ерекше мән бере отырып, ақындарға да ауыр талап қойған адам. Ол көпсөзділік ойдың жауы екендігін айта келіп, ой тұжырымды, әрі түсінікті боуын талап етеді. Тіпті ол, ақылды айтылған сөздің ішінде де артық сөздер көп болады дейді. Бұл айтылғандардан Физулидің поэзия мен көркем өнерге үлкен мән беріп, қандай талап қойғанын аңғаруға болады. Ақынның өз творчествасы да осы биік талаптарға түгелдей жауап беріп отырда.

Физули Таяу Шығыстағы лириканың асқан шебері болды. Ол Таяу Шығыс ақындарына ғазал жанрының классикалық үлгісін ұсынды. Сөйтіп, азербайжан ғазалдарын бұрын болып көрмеген биікке көтерді. Физулли поэзиясының ішінде лирикаға ерекше мән берді. Ол лириканы бұқара халықпен жақындастыра түсетін, оның ойы мен сезімін тербейтін құрал деп қарады. Себебі жазу, сызу болмаған ел үшін жаттап алуға ғазал жанры қолайлы болды.Сондықтан Физули ғазалдары ауыздан-ауызға жатталып тез тарап кетіп отырды. Физули өз ғазалдарына адамның жан дүниесі мен қарапайым сұлулықты, табиғат тамашаларымен қабыстыра отырып жырлады. Сол табиғатты жырлай отырып, адамды, оның іс-әрекетін сол табиғаттан үнемі жоғары қойып отырды. Физулидің бірқатар ғазалдары махаббат тақырыбына арналған. Физулидің махаббат туралы лирикасының құндылығы-ол адам ойында бар қияли махаббатты ғана емес, сонымен қатар адамдардың арасындағы нағыз шынайы махаббатты сөз ететін. Физули лирикасында сүйіспеншілік тақырыбымен қатар ақынның өзі өмір сүрген қоғамға деген көзқарасы да көрінеді. Ақын өз шығармаларында жақсы патша туралы үнемі айтып отыратын. Ақын өзін халықтан бөлектемейтін қарапайым патшаны армандайды. Ондай патша шындық өмірде жоқ, махаббатта ғана бар дейтін қорытынды жасайды. Ақын лирикаларында ғылым мен мәдениет тақырыбы да ерекше орын алады. Ол өз замандастарын оқуға, білімді болуға шақырып отырды. Жастарды оқуға, білім алуға үндеді, өзінің туған-туысқаны мен байлығына сүйенетіндерді өлтіре сынайды. XVI ғ. Басқа ақындары сияқты Физули де ода жазған ақын. Бірақ Физулидің одалары сарай ақындарының одаларынан әлде қайда өзгеше болып келеді. Мысалы, Физулидің түркі сұлтаны, Бағдаттың билеушісі Шах Исмаил Хатайға шығарған одасында, ол сұлтанды сарай ақындарындай бет алды мақтай бермейді. Онда табиғат сұлулығын суреттеп келеді де, жастарды ғылым мен білімді меңгеруге үндейді. Өткен заманда болып өткен патшаларды, олардың істеген жақсылықтарын айта келіп, өз заманындағы патшаларды да сондай болуға шақырады. Бір сөзбен айтқанда, Физулидің одаларын орта ғыасырлардағы ғылыми-философиялық көзқарастардың жиынтығы десе де болғандай. Онда көбіне қоғамдық мәселелер сөз болады. Физули одаларының тілі ауыр. Ол өз одаларының көбінде ғылыми және тарихи терминдерді көп қолданады. Физули творчествосында аллегориялық шығармалар елеулі орын алады. Ол қоғамдық, саяси орындарды ашық сынаудан қорқрып, өз пікірін аллгориялық түрінде беріп отырған. Сөйтіп, Физули азербайжан әдебиетінде тұңғыш аллегорияның негізін салған Хагани мен мысал жанрын шебер пайдаланған Низамиден кейінгі аллегорияны шебер пайдаланған үшінші ақын болды. Оның аллегориялық шығармаларында қоғамдық, саяси, философиялық үлкен мән жатады. Физулидің мұндай шығармаларының қатарына « Ғашиш пен шарап », « Жемістер әңгімесі » және « Денсаулық пен дерт » т.б. шығармаларын жатқызуға болады. « Ғашиш пен шарап » Физулидің аллгориялық шығармаларында ерекше орын алады. Ақынның бұл шығармасы Сефевид династиясының негізін қалаушы Шах Исмаил Хатайға ( 1486-1525 ) арналған. Кейбір зерттеушілер бұл шығарма Шах Исмаил Бағдадты басып алған кезде, 1508 жылы жазылған деп топшылайды.

Физулидің « Жемістер әңгімесі » оның аллегориялық шығармаларының ішіндегі балаларға арналып жазылғаны. Поэманың  тілі қарапайым.

Ақын бұл поэмасында да өзім білемдік, өр көкіректік, мақтаншақтықты сынға алады. Поэма жазғытұрымды суреттеуден басталады. Поэмадағы « Жемістер әңгімесі » тарауында әңгіме азербайжан территориясында өсетін жемістер туралы болады. Онда Физулидің туған жерінде өсетін алша, қара өрік, қызыл шие, абрикос, алма, алмұрт, жүзім, анар, каштан және т.б. жемістердің аттары аталады. Ақын олардың түрін, түсін, дәмділігін, саудада алатын орнын жемістердің өз ауыздарынан айтқызып әңгімелеседі. Әрбір жеміс өзі туралы мақтанышпен айтады. Бірі өзінің түсін айтса, екіншісі тәтті дәмін айтады. Ал, үшінші біреуі өзінің базарда өтімділігін айтып мақтанады.

Осылайша барлық жемістер де өзінің артықтышылығын мақтаныш етеді.  Сөйтіп, ақын адамдарды бір жағынан әр түрлі жемістер мен таныстырып шықса, екінші жағынан оларды айту арқылы өз оқушыларын мақтаншақтықтан сақтандырады.



Одан кейін ақын бақша ішін аралауға келгенде қауын, қарбыз, қиярлардың айтысының үстінен шығады. Ақын қауынды – Шах, қарбызды – уәзір, қиярды  оның көмекшісі есебінде алады. Шах өзінің қарауындағы адамдарды жазалап жатады. Олардың алдында менде қанша билік, қанша күштің бар екенін көрдіңдер ғой деп мақтанады. Сөйтін тұрғанда ол жөнсіз мақтанғандықтан жарылып кетеді. Осы арқылы Физули өзінің « Ғашиш пен Шарап » поэмасындағы ойын аяқтайды. Ақын « Ғашиш пен Шарап » поэмасында екі мемлекеттің арасындағы жайды сөз етсе, « Жемістер әңгімесінде » бір мемлекеттің өз ішіндегі күрес, талас-тартысты көрсетеді.

Физулидің прозалық шығармаларының ішінде «Кезбе мен тақуа» атты шығармасы ерекше орын алады. Онда ақынның өз кезіндегі қоғамдық өмірге деген көзқарасы айқын көрінеді. Шығармадағы азғантай кіріспе сөзден кейін ақын әңгімеге көшеді. Тақуаның Ринд дейтін ақылды ұлы болады. Баласы ер жеткен соң әкесі баласына белгілді бір мамандық алуың керек деген кеңес береді. Осы арадан әкесі мен баласының арасындағы әңгіме басталады. Әкесі қандай мамандық ұсынса да баласы қарсылық білдіріп, ақылға сыйымды жауап қайырып отырады. Ақын әкесі мен баласының арасындағы осы әңгіме арқылы өз дәуіріндегі болып жатқан қоғамдық, саяси оқиғаларға өзінің көзқарасын білдіреді. Өмір туралы өз ойларын ортаға салып, нағыз мағыналы өмір еңбекте деген қорытынды жасайды. Әке мен бала арасындағы екінші әңгіме тәрбие туралы болады. Онда ақын әсіресе педагогтың роліне ерекеше тоқталады. Ал үшінші әңгіме балаға ғылымды үйрету жайында болады. Бір сөзбен айтқанда, Физулидің бұл шығармасы да өз заманын шебер көрсеткен көркем туындылардың бірі болды. Қорыта келгенде орта ғасырлардағы көркем сөздің тамаша шебері, азербайжан халқының ұлы ақыны Мухаммед Физули-дүниежүзілік лирика ғұламаларының бірі. Ол өз шығармалары арқылы тек азербайжан әдебиетінде ғана емес, бүкіл шығыс халқының поэзиясынан құрметті орын алады. Азербайжан әдебиетінің туын көтеруші Самед Боргун өз шығармаларында үнемі Физулидің атын құрметпен атап отырады. Тіпті, ол өзінің «Азербайжан» деген өлеңінде өзінің туған әдебиетінің ірі тұлғалары Низами мен Физули аттарын мақтанышпен атайды. Шығыс поэзиясында Физули творчествосы әсер етпеген әдебиет кем де кем. Әсіресе, Физули творчествосының әсері түрік әдебиетінде мықты болды. Оны Намык Кемаль, Реджанзаде Махмұт Экрем, Тевфик Фикрет, Абульхак Хамит т.б. ақындар творчествосынан анық байқауға болады. Сондықтан түрік халқының ірі ақыны Тевфик, Фикрет «Физули» деген өлеңінде Физули творчествосын өте жоғары бағалайды. Физули творчествосының әсері өзбек әдебиетінде де аз болған жоқ. Өзбек залқа өзінің Науайысын қандай сүйсе, азербайжан халқының Физулиін де сондай сүйеді. Тіпті, XVI ғасырдың өзінде ақ, көптеген өзбек ақындары өз творчестволары арқылы Физулидің әдеби мектебін жалғастырушы болды. XV-XVII ғасырдағы өзбек ақындары Ахсани, Вафай Турди, XVIII ғасырдағы Нишати, Равнаки, Махмур, Герами, Мунис, XIX ғасырдағы Агей, Камил, Раджи т.б.; XX ғасырдың басындағы Мұқими, Фуркат, Аваз өз шығармаларын Физули өз шығармаларына еліктеп жазды. Физули творчествосы түркімен әдебиетіне де үлкен әсер етті. Түркімен халқының кемеңгер ұлдары Мақтымқұлы, Камениелер Физули творчествосын зор сүйіспеншілікпен оқыды. XVIII ғасырдағы түркімен ақыны Нұрменбет Гериб те Физулидің «Ләйлә-Мәжнүн» поэмасының сюжетіне еліктеп, «Ләйлә-Мәжнүн» атты поэма жазды. Қзақ халқының ұлы ақыны Абай да Физули шығармаларын асқан сүйіспеншілікпен қып, оның ақындығы алдында бас иді. Физули шығармалары қазір орыс, француз, неміс, ағылшын тілдеріне аударылған. Физули творчествосының кең өріс алып, халық арасына кең тараған кезі әсіресе совет дәуірінде болды. Оның орта ғасырларда адамгершілікті көксеп жазған өлеңі күні бүгінге дейін бақытты тұрмыс үшін күрескен әрбір халықтың көкірегінде келеді. Сондықтан Физули есімі шығыс поэзиясындағы жарық жұлдыздардың өатарында құрметпен аталып, әлі де талай ғасырлар бойы бүкіл прогресшіл адамзат баласы үшін игілікті қызмет атқара беретін болады.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет