Мамлюк қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер: «Терджуман түрки уа араби» («Түркіше арабша тәржіма»), «Китаб ал-идрак ли-Лисан ал-атрак» («Түркі тілі туралы жазылған түсіндірме кітап») атты ескерткіштер туралы ғылыми зерттеулерге шолу.
Орта түркі жазба ескерткіштерін зерттеу тарихында ескі қыпшақ тілінің білгір маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбжан Құрышжанұлының белгілі түркологтардың «жұлдызды шоғырынан» алдыңғы орынды иеленгендігі хақ. Бүгінде ғалымның аты ескі қыпшақ жазба ескерткіштері жайына өз еңбектерін арнаған Г.Г.Кун, Ф.Е.Корш, В.В.Радлов, В.В.Бартольд, А.Зайончковский, К.В.Кудряшев, Н.А.Баскаков, Э.Н.Наджип, Н.Т.Сауранбаев, С.Г.Кляшторный, Ю.Немет, Л.Рашони, Л.Лигети, С.Закиров, Д.Р.Дашкевич, т.б. зерттеушілермен қатар аталады.
1948-1953 жылдар аралығында қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті қабырғасында студенттік жылдарын өткізген болашақ қыпшақтанушы Әбжан Құрышжанұлын академик Н.Т.Сауранбаевтың тіл тарихы туралы ойлары бірден баурап алып, түркітанудың «сыры мол, құпия әлемі тұңғиығына» тарта түседі. Қалмақ жазба ескерткіштерін зерттеуші, доцент Ц.Д.Номинхановтың жетекшілігімен «Склонение в языке Орхоно-Енисейских и древнеуйгурских письменных памятников Ү-ІХ вв.» атты тақырыптағы диплом жұмысын 1953 жылы сәтті қорғаған Ә.Құрышжанұлы ғылым жолындағы ізденістерін Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Сәрсен Аманжолов, тіл және әдебиет институтының директоры, ғылыми кеңестің төрағасы І.Кеңесбаев, академиктер Әлкей Марғұлан мен Нығмет Тінәліұлы Сауранбаевтың жетекшілігімен Тіл және әдебиет институтында жалғастырады.
Дарынды да талапты жас Әбжан Құрышжанұлы Қазақ КСР-і ҰҒА-ның аспирантурасына қабылданып, ғылыми жетекшісі Н.Т.Сауранбаевтың басшылығымен «Формы значения падежей в языке «Кodex Cumanicus» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын 1956 жылы жазып шығады. Дәл осы мезгіл Қазақстандағы қыпшақтану ілімінде түбегейлі бетбұрыс пен іргелі ғылыми ізденістердің де бастауы болып саналады. Республикамыздың негізгі ұлты, яғни жергілікті халқы – қалың қазақ жұртының ата-тегі, ана тілінің түп-төркіні ретінде ресми түрде танылған қыпшақ тілі қайта түлеп, «Кодекс Куманикус» (Кумандар сөзі) жазба жәдігері ғылыми-зерттеу нысаны түрінде өз ұрпағымен қайта қауышты.
Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі иститутында ұзақ жылдар бойы қызмет істеген жылдары ғалымның қаламынан көне тіл тарихы жөнінде бірнеше ғылыми зерттеу еңбектері туғандығын атап өту керек. Олардың көпшілігі қазақ тілінің тарихы, көне түркі және ескі қыпшақ тілі жазба ескерткіштерін зерттеуге арналған. Ә.Құрышжанұлы 1973 жылы «ХIII-ХIV ғасырлардағы көне қыпшақ ескерткіштерінің тілі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.
Әбжан ағаның көптеген сүбелі еңбектері араб жазулы ескі түркі жазба ескерткіштері тақырыбына арналғандығы белгілі.. Оның аталған тақырыпқа қатысты «Куман тіліндегі араб-парсы тілдерінің элементтері» (1962), «Көне қыпшақ тілінің ескерткіштері» (1962), «ХIII ғасырдағы көне қыпшақ жазба ескерткіштері», «Түрік-араб сөздігінің лексикасы бойынша зерттеулер» (1970), «Сөз атасы» (1986), «Ескі түркі жазба ескерткіштері» (2001), «Тіл тарихы жайында ойлар» (2006, 2008) «Ескі қыпшақ тілі» (2007, 2009), т.б. да ғылыми еңбектері жарық көрді. Бұл зерттеулерде ескі қыпшақ жазба ескерткіштері түркітану ғылымындағы теориялық тереңдігі мен практикалық пайдасы тұрғысынан қарастырылады. Сондықтан да бүкіл дүние жүзілік шығыстану ғылымы мен отандық түркологияны жетілдіру, дамыту барысындағы қыпшақтану мәселесіне қатысты профессор Әбжан Құрышжанұлының қосқан өзіндік үлесі туралы кеңінен толғап, молынан айтуға болады.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Н.Ермекованың сөзімен айтсақ , «... профессор Әбжан Құрышжанұлы – кең құлашты қаламгер, өрелі ғалым, алымды да іскер зерттеуші...» болып табылады. Себебі аты әлемге мәшһүр маман-түркологтың қалам тебірентіп, ой жүгірткен салалары өте мол. Түркі тілдерін, әсіресе ескі қыпшақ тілін зерттеуде ғалымның еңбектерін тар шеңберде қарауға болмайды. Ол өз туындыларында, ең алдымен, жалпы түркологияның ірі жанашыр өкілі және «Ұлы Даланы күмбірлеткен Дешті Қыпшақтардың ұрпағы» ретінде әр қилы маңызды мәселелерді жан-жақты тексеріп, ұқыпты зерттеген.
Көптеген түркі тілдерінің жетік білгірі Әбжан Құрышжанұлының о бастан баса назар аударып, көп зерттеген негізгі саласы – ескі қыпшақ тілі екендігін сөз басында айтып өттік. Оның көне қыпшақ тілінде жазылған ХШ ғ.ескерткіші «Кодекс Куманикусқа» қатысты шыққан зерттеулері дүниежүзі түркологтары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Ғалымның пікірінше, «Кодекс Куманикс» қолжазбасын құрастырушылар үлкен мақсат көздеген. Кезінде латын тілінің Еуропа елдердің бәріне ортақ тіл болғандығын барлығымыз да білеміз, ал Азияны мекендеген араб және түркі халықтары үшін, тіпті олардың славян, Еуропа жұртшылығымен байланысында қыпшақ тілінің атқарған «халықаралық статусы» жайында да профессор Ә.Құрышжанұлы алғашқылардың бірі болып өз зерттеулерінде атап өтеді.
Белгілі түрколог ескі қыпшақ жазба ескерткіштері қатарына түркілердің ұлы өзендерінің бірі - Ертістен Еуропаға дейінгі ұланғайыр аймақты мекендеген қыпшақ ру-тайпалары мен сол тайпалық одақтарға біріккен басқа да түркі халықтарының тілінде ХІ-ХҮІ ғасырларда жазылған шығармаларды жатқызады. Зерттеуші ескі қыпшақ жазба ескерткіштерін соларда қолданылған әліпбилерінің жазба нұсқаларына қарай 4 түрге бөледі:
1) ескі араб жазулы қыпшақ жазба ескерткіштері;
2) ескі армян жазулы қыпшақ жазба ескерткіштері;
3) ескі орыс жазулы қыпшақ жазба ескерткіштері;
4) ескі латын готикалық әліпбиімен жазылған қыпшақ жазба ескерткіштері. Осы топтаудың ішінде ескі орыс жазулы қыпшақ жазба ескерткіштеріне қатысты зерттеулер жүргізген түркологтар жоқтың қасы екендігін атап өткен орынды деп ойлаймыз.
Негізінен алғанда, ескі қыпшақ тілі туралы мәліметтер Махмұт Қашғаридің «Диуани лұгат-ит-түрк» сөздігінде, еуропалық зерттеушілердің кумандар жайында жазған тарихи-этнографиялық және лингвистикалық еңбектерінде, орыс жылнамаларында половецтер туралы кездесетін деректер мен араб ғалымдарының мәмлүк қыпшақтары тіліне қатысты шыққан зерттеулерінде, армян қыпшақтары тілінде жазылған хроникалық іс-құжаттар мен түрлі сөздіктерде, сондай-ақ қыпшақ тілдерінде жазылған дастандарда молынан сақталған. Осы аталған туындыларды зерттей келе, Ә.Құрышжанұлы ескі қыпшақ жазба ескерткіштерін сол кезеңдерде қолданыста болған екі түрлі тілде - жалпы түркі жазушыларына ортақ әдеби тілде және қарапайым халықтың ауызекі тілінде жазылған деп есептейді. Бірінші топтағы жәдігерліктерді дәстүрлі-тарихи әдеби тілде жазылған ескерткіштер және жергілікті халық тілі негізінде жазылған Орта Азия мен Еділ бойы (Алтын Орда) ескерткіштері деп бөледі де, олардың қатарына Рабғузидің «Қисса-ул-әнбия», Құтыбтың «Хұсрау уа Шырын», Әлидің «Нахдж-ал-фарадис», Сайф Сарайидің «Гүлистан бит-түрки», Рауанидың «Мухаббатнаме» мен туындыгері белгісіз «Сираж ал- Кулуб», «Китаби дәдәм Коркут», «Оғызнама» секілді туындыларды жатқызады. Ал жергілікті халық тілі мен қыпшақ тайпаларының ауызекі сөйлеу тілдері материалдары негізінде туған көне мұралар қатарында Махмұт Қашғаридің «Диуани лұгат-ит-түрк» сөздігі, Қожа Ахмет Йассауидің «Диуани Хикмет», «Кодекс Куманикус», Абу Хайанның «Китаб әл-идрак ли-лисан әл-атрак», Жамаладдин-ат-Туркидің «Китаб булғат әл-муштақ фи-л-лұғат ит-турки», Ибн Мухаммед Салихтің «Аш-шудур әд-даһабия уа-л-хита әл-ахадия фил-лұғати-ат-туркийа», «Әл-қауанийна-л-куллита ли-дабт әл-лұғат-ти-түркийа», «Ат-туһфат аз-закия фи-л-лұғат ит-туркийа», «Китаб ад-дурра әл-мудийа фил-лұғат ит-туркийа уал-камал», әз-Самарқандидің «Китаб муқаддима», «Китаб ад-дағуа», т.б. жәдігерліктерді атап көрсетеді. Ғалым армян қыпшақтары тілінде жазылған хроникалық іс-құжаттар мен түрлі сөздіктерді, діни трактаттарды осы топта қарастырады. Профессор ескі қыпшақ жазба ескерткіштерін зерттеу барысында бұлардың шетелде араб, поляк, неміс, француз, венгр, түрік тілдерінде шыққан нұсқаларын пайдалана отырып, оны Кеңес Одағы түркітанушыларына Көшпелі Қыпшақ өркениеті мен мәдениетін кеңінен танытуда өзіндік үлес қосқан десек, қателеспейміз.
Профессор Ә.Құрышжанұлының артында қалдырған ғылыми мұрасын зерделеуде тіл тарихы мен түркітану мәселесімен шұғылданатын әрбір ғалымның көңіліне зерттеушінің мынадай тұжырымы қонымды келері сөзсіз: «... Ескі қыпшақ жазба ескерткіштерінің басым көпшілігі қыпшақ тілінің негізінде жазылған, тек Мәмлүк мемлекеті мен Орта Азия аймағында жазылғандарында ғана оғыз тілінің сәл әсері байқалады». Аталған жайтты оғыз-қыпшақ тайпаларының терең тамырлық байланысымен түсіндіруге болады. Әсіресе, «... Орта түркі кезеңінде өмір сүрген қыпшақ тайпаларының сөйлеу тілі мен әдеби тілінің нұсқасын, олардың тарихи тамырын және қазақ тілінің жалпы халықтық тіл болып қалыптасу тарихын танытуда ескі қыпшақ жазба ескерткіштерінің маңызы зор... Сондықтан да ескі қыпшақ тілі ескерткіштері – қазақ тілі тарихының қайнар көзі мен бастауы» деген пікірі көпшіліктің көкейінде жүрген ойды танытқандай.
Жалпы алғанда, ескі қазақ тілінің өз дамуында үш дәуірді басынан кешіргендігі белгілі:
1) қалыптасу кезеңі (ХІҮ-ХҮІІ ғ.);
2) даму және жетілу дәуірі (ХҮІІІ-ХІХ ғ.);
3) жаңа дәуір немесе одан әрі өркендеу кезеңі (ХХ ғ. бүгінге дейін).
Осындай жіктеуге сүйенген профессор Ә.Құрышжанұлы ескі қазақ тілі өз бастауын орта түркі дәуірінің орта кезеңінен (ІХ-ХІІІ ғ.) алады деп есептейді. Себебі, қазіргі қазақ тілінің тарихы көне түркі тілі және ескі түркі тілдерімен үнемі үндесіп жатады ғой.
Сонымен қатар, ежелгі түркі тілдерінің ірі білгір маманы, қыпшақ жазбаларын зерттеуді алғаш қолға алып, оны қазіргі заманғы компаративистика (салыстырмалы-тарихи тіл білімі) деңгейіне көтерген Әбжан ағайдың есімі жалғыз қазақ арасы ғана емес, шетел түркологтарына да мәлім екендігін айта кеткен дұрыс. Әсіресе, оның 1970 жылы жарық көрген «Исследования по лексике старо-кыпчакского письменного памятника ХІІІ в. тюрко-арабского словаря» атты монографиясы ғылыми жұртшылықтың жоғары бағасын алғаны мәлім. Ал 1978 жылы А.Жұбанов, А. Белботаевтармен авторлық бірлестікте жарық көрген «Куманша-қазақша жиілік сөздік» те көпшіліктің ыстық ілтипатына бөленгендігін тіл тарихын құрметтейтін қалың қауым түгелдей біледі. Сондай-ақ 1985 жылы профессор Ә.Құрышжанұлы белгілі түркітанушы ғалым Б.Сағындықовпен бірлесе отырып, орта ғасырлық түркі шайыры Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» («Хибат-ул Хаққайық») атты шығармасын қазақшалап, транскрипциясы мен фотофаксимилиесімен қоса жарыққа шығарды. Ғұламаның түркітану саласындағы көп жылғы ізденістері өз нәтижесін беріп, 2001 жылы ф.ғ.д., профессор Ә.Құрышжанұлының авторлығымен «Ескі түркі тілі жазба ескерткіштері», 2004 жылы «Құдатғу білік» (Жүсіп Баласағұн дастанының ғылым басылымы), 2008 жылы қыпшақтанушы ғалымдар Б.Көмеков, С.Дүйсендермен бірге жазған «Ескі қыпшақ тілі» сияқты үш бірдей маңызды кітабы жарық көрді. Аталған жұмыстар республика ғалымдары мен шетелдік түркітанушылар тарапынан жоғары бағаланып, оларға ондаған жылы лебіздер, алғыс хаттар, ғылыми пікірлер, рецензиялардың жазылуы да ұстаз еңбегінің биік деңгейін айқын аңғартса керек.
Ұлы Даланы танытқан ұстаздар Сергей Ефимович Малов, Андрей Николаевич Кононов, Николай Александрович Баскаков, Мұхтар Омарханұлы Әуезов, Әлкей Марғұлан, Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев, Сәрсен Аманжолұлы Аманжолов, Ісмет Кеңесбайұлы Кеңесбаев, Мәулен Балақайұлы Балақаев, Сейіл Сарықұлұлы Жиенбаев секілді оқымыстылардың батасын алып, қазақ тіл білімінің, түркология ғылымының көсегесі көгеріп, өркені өсу үшін осы бір ардақты ағаларға ілесе жүре, бірде солармен үзеңгі қағысып жарыса еңбек еткен ғалым Әбжан Құрышжанұлының ескі қыпшақ жазба ескерткіштеріне қатысты шыққан зерттеулерінің өзіндік қайталанбас ой-тұжырымдарымен түркітану мен тіл тарихында мәңгіге қалары айқын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.М.Сабыр. Орта түркі лексикасы мен қазақ тілі лексикасының сабақтастығы (ХІV ғасыр жазба ескерткіштері негізінде), Алматы: Қазақ университеті, 2004 ж.
2. М.Томанов. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы, Алматы-1988.
3. Ә.Құрышжанұлы. Ескі қазақ тілі// «Қазақ тілі» энциклопедиясы. А., 1998,
113-114 беттер;
4. Ә.Құрышжанұлы. Ескі қыпшақ жазба ескерткіштері// «Қазақ тілі» энциклопедиясы. А., 1998, 114-115 беттер;
Достарыңызбен бөлісу: |