Осы бір ойлардан қарастырғанда жазушы шығармашылығы ойланамын деген жанға бірталай ырыздық береді [1, 56-б.]



Дата15.05.2022
өлшемі29,26 Kb.
#34428
Байланысты:
Қазіргі қазақ әдебиетінің белді өкілдерінің бірі


Қазіргі қазақ әдебиетінің белді өкілдерінің бірі, проза және драматургия жанрларында қатар қалам тербеген – Д.Исабеков шығармашылығының әдебиеттану ғылымына айтар жаңалығы мол екендігіне дау жоқ. Белгілі сыншы Ә.Бөпежанова Д.Исабеков шығармашылығын зерттей келе, тағылымды ойды былайша түйіндейді: «Сөз жоқ, Исабеков шығармаларын ыждаһатпен оқу шарт.Оның шығармалары көркемдік образы айқын,құрлымы қарапайым екеніне,жалпы демократиялық шығармаларына қарамастан көркемдік әлем лабиринттерінен жол табу – оқырманның жан еңбегін қажет етеді. Бүкіл адамзаттық мәселелерді ұлттық кеңістікте қарастатын жазушы шығармашылығының күрделілігі де осы көз алдар қарапайымдылығында, өзі болмыспен бетпе-бет келе отырып, рухани тынысты, рухани процестерді зерделер-зерделетер зиялы бастауында.

Осы бір ойлардан қарастырғанда жазушы шығармашылығы ойланамын деген жанға бірталай ырыздық береді» [1, 56-б.].

Дулат Исабеков 1942 жылдың 20 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында туған. Қазақ ұлттық университетін бітірген (1966). Телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитте аға редактор (1967-1968 жж.), Қазақ Кеңес энциклопедиясы бас редакторы (1968-1970), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі (1971-1976), «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі (1976-1980), шығармалары орыс тіліне аударалып, «Полынь» (1978), «Отчий дом» (1979), «Смятение» (1986), «Новоселье в старом доме» (1986) деген атпен басылды.

Жекелеген туындылары, венгр, поляк, неміс, чех тілдеріде жарияланды. Д. Исабековтың «Редактордың қабылдау күндері» (1975), «Әпке» (1977), «Ертеңгі күту» (1979), «Мұрагерлер» (1982), «Алыстан келген ананас» (1984), «Кішкентай ауыл» (1986) т.б. пьесалары республикалық облыстық театр сахналарында қойылды. «Гауһар тас» (реж.Ш.Бейсембаев, 1975), «Дермене» (реж.Ә.Әшімов, 1986), «Тіршілік» (реж. Ұ.Қолдауова, 1996) повестері бойынша көркем фильмдер түсірілді. «Ай-Петри ақиқаты» атты повестері мен әңгімелері жинағы үшін 1992 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алды. Дулат Исабековтың шығармашылық өмір жолы ерте басталады. 1963 жылы басылып шыққан Қазақстан жазушыларының «Замандастар» атты әңгімелер жинағында оның «Жолда» деп аталатын алғашқы әңгімесі жарық көреді. Сол жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің бірнеше нөмірлерінде «Шойынқұлақ» атты әңгімесі жарық көреді. Арада үш жыл өткенде, 1966 жылы, небары жиырма екі жасында, университеттің соңғы курсында оқып жүрген кезінде оның «Бекет» деп аталатын повесі мен әңгімелері жеке жинақ болып басылып шықты. Кейін «Ащы бал» (1969), «Мазасыз күндер» (1970), «Қара шаңырақ» (1973), «Тіршілік» (1975) повестері мен әңгімелер жинақтары, «Қарғын» (1980) романы жарық көрді. Ең алғашқы әңгімесі «Шойынқұлақтан» бастап ширек ғасырға жуық уақыт ішінде жазушы қаламынан көптеген туындылар дүниеге келді. Д.Исабеков шығармашылығының болашақ бағыт-бағдарын айқын бағамдатқан алғашқы повестері – «Гауһар тас» пен «Пері мен періште» болды. Адамгершіліктің әлеуметтік құндылықтың, одан өрбитін махаббат пен мейірімділікті кіршіксіз сақтай білудің парыз екендігін жан-жақты зерделеген «Гауһар тас», «Мазасыз күндер», «Пері мен періште», «Қарғын» ұлттық әдебиетіміздің гуманистік құрамын байытқан дүниелер. Бұл шығармалар адамгершілік үшін тек қилы замандар емес, күнделікті тіршіліктің, тұрмыстың өзі де қатал сын болатынын ұғындырды.

Жоғарыда жазушы Д. Исабековтың өмірі мен шығармашылығына қысқаша шолу жасап өттік. Ендігі кезекте негізгі тақырыпқа ойыссақ. Д.Исабеков шығармаларының ішінде ауыл көрінісі, ауыл адамдары, ауыл бейнесі берілгендеріне тоқталып, қысқаша мазмұнына тоқталып, негізгі зерттеу нысаны тұрғысынан талдап өтсек.

Жалпы жазушы ауыл өмірімен, тіршілігін берген кезде халықтың ұлттық танымын беруді мақсат етеді. Ауыл өмірі мен ондағы тіршілік арқылы ұлттық мінез қалыптасады. Қазақтың сөзге тоқтаған тамаша қасиетінің, үлкенді сыйлау, алдынан кесе өтпейтін жақсы салтының жоғалуы ауыл тынысы, ауыл өміріндегі сыйластықтын кетіп бара жатқанын көрсетеді.

Ұрпақтың осындай ұлттық мінезді жоғалту, ауыл өмірінен алыстау мәселесі ақын-жазушыларымыздың өзекті тақырыптарының бірі болып табылады.
Д. Исабеков өз шығармаларында қарапайым қазақ ауылының өмірін, ондағы адамдардың күнделікті тіршілігі, қарым-қатынасы мен оларды толғандыратын талай дүниелерді шебер суреттей білді. Бүгінгі проза заман шындығын ақиқатқа сай бейнелеуі тиіс» [19,4 б.] демекші, жазушы ауыл көрінісінің шынайы көрінісін сипаттап, ауыл тұрмысынан сыр шертеді.
Д. Исабековтің 1980 жылдары жазылған әңгімелерінің көпшілігінде қарапайым қазақ ауылы мен оның тұрғындарының күнделікті тұрмыс- тіршілігі арқау етілген. Осындай туындыларының қатарына «Жолда», «Шойынқұлақ», «Қара шаңырақ», «Шалдар», «Кемпірлер», «Ақлима», «Күйеу бала», «Ағайындылар» сынды әңгімелерін жатқызуға болады. Бұл шығармаларында қаламгер қазақ ауылын, халықтың қарапайым тіршілігін суреттеу арқылы қоғам келбетін, ондағы орын алып жатқан өзгерістер мен сан алуан оқиғаларды, дәуір тынысын таныта білген.

Қаламгердің «Шойынқұлақ» әңгімесінің басты кейіпкері – Алданыш. Дегенмен жұрт оның өз атын ұмытып, Шойынқұлақ атап кеткен. Дүңкиген, сұсты, оғаш келген келбетіне қарап ешбір адам Шойынқұлақтан жүрегі нәзік, шексіз мейірімді жанды көрмесі ақиқат. Бастапқыда Сұлтан да дәл осындай ойдың жетегіне ереді. Өзі бірінші жұмыс күнінде-ақ жүктелген жауапты істі дұрыс атқара алмай, жаза басқанда ғана Шойынқұлақтың бұған деген риясыз қамқорлығын сезеді. Оны бірге туған ағасындай жақсы көріп, сырлас жақынына айналады.


Шойынқұлақ – қулық-сұмдық, арам ой мен теріс пиғылдан ада, өзі сүйетін қазақтың сайын даласындай кең, дарҳан, нағыз адал еңбектің адамы.

Өзінің сұсты жүзі мен зор тұлғасына сай келе бермейтін шексіз мейірім мен нәзік жүректің иесі. Ол ғашығы Нәзираны да бар жүрегімен аялай сүйе біледі. Дегенмен қыз мұның өз не деген сезімін, адал ниеті мен бар ықыласын түсіне алмайды. Түсінгені былай тұрсын, «Шойынқұлақ» деп жігіттің намысына тиіп, қорлайды. Бәрінен бұрын Нәзираның мұның сезімін ұқпай, қор санап, ашуына батып, намыс пен ыза кернеген кейіпкер бір күн ішінде кемсіткен ауылдан безіп, із-түссіз жоғалып кетеді. Шығарма шешімі Алданыштың елге қайта оралуымен аяқталады.

- Тыңды сағындым, сонан соң ақымақ, сені сағындым ғой мен, – деді ол басымнан еркелете сипап. Оның бұл даусында өзін-өзі ұстай алмағандықтан туған өксу ме, діріл ме, сол сияқты бір өзгеріс бар еді» [21,40-б.].

Жазушының осы туындысын оқи отырып, күнделікті өзіміз өмірде ұшыратып жататын кейбір жандардың бар болмысын, мінез-құлқын жаңылмай танығандай боламыз. Десек те, қақ-соқпен ісі жоқ, өз ісі мен еңбегіне адал, сырт көзге сұсты, қатал болса да жан дүниесі сәбидей пәк, мейірімді жандар қоғамда көп ұшыраса бермесі ақиқат. Алданыш сондайлардып бірі, бірегейі. Оның бар болмысы, іс-әрекеті, Сұлтанға деген ағалық пейілі, Нәзираға деген ыстық махаббаты, бәрі-бәрі шынайы өмірдің өзінен ойып алынып, дәл, шебер суреттелген. Өз бойына бір қарағанда еш үйлеспейтін қасиеттерді жиған қарапайым жанды бірден іш тартып, оның адамгершілік болмысына на сүйсініп, қайғырған сәтінде шын аяушылық танытасыз. Автор бұл туындысы арқылы жұмыстан өзгеге мән бермейтін, ешкіммен сырласып, жақ ашпайтын еңгезердей, сұсты, алып жанның көпшілік көріп, сене қоймайтын адал да ақ жүрегін, балаша қуана, шын сүйе алатын әдемі ішкі жан дүнесін аса сенімді етіп шебер суреттеп шыққан.

Дулат Исабеков «Шалдар», «Кемпірлер», «Ағайындылар» сынды әңгімелерінде де момын, кішіпейіл, бір-біріне деген сыйластықты бәрінен жоғары қоя білген ауыл адамдарының күнделікті тұрмысын барынша шынайлылықпен суреттей білген. Әсіресе, ауылдағы қарт аталар мен әжелердің көркем бейнесін сомдауға барынша назар аударып, олардың бойындағы қазақы мінездерді ашуға ұмтылады. Әңгімелерінде суреттелетін кейіпкерлер оңтүстік өңірінің жарқын да жайдары, аңғал да адал жандары еді. Қарапайымдылығымен қоса, биік адамгершілік мұраттарды ту еткен, ізгілікті, биік парасат пен шексіз мейірімді бойларына жиған адамдар еді.

«Қара шаңырақ», «Шалдар», «Кемпірлер» әңгімелері жазушының М.Қаратаевтың айтуынша, «…қаламына тән бір қасиетті, яғни бүгінгі ауылдың этнографиялық хал-ахуалын жетік білетінін және оны реалистік бояумен тартымды етіп бере алатын мүмкіндігін көрсетеді» [3, 19-б.].

Дулат Исабековтың «Қара шаңырақ» әңгімесінде таза ауыл өмірі бедерленген. Ауылдан арқаланып қаладағы баласына келген Шөмішбай қарттың бар ойы немересі Қуатжанды ауылға алып қайтпақшы еді. Немересін бермеген баласына ренжіген Шөмішбайдың қылығы ауыл қартының қазақы бейнесін аша түскендей. Сондай-ақ қаламгер әңгімеде немересі дегенде «ішкен асын жерге қоятын» қарттың іс-әрекеті арқылы ауылдағы ата- әжелеріміздің бейнесін де айнытпай танытып тұрғандай.

«Шалдар» әңгімесінде бір-бірімен жай ғана құда емес, сыйлас, сырлас жандарға айналып кеткен Қарекең мен Масақбай қарт арасындағы достық сезімі әңгіме өзегіне айналған. Бастапқыда Қарекең өзінің жолдасы Шерәлінің қызын келін қылып алуды, онымен құда болуды ойлаған. Жалғыз алданышы, көз жанары Ерғабылды бетінен қақпай, аялап өсірген Қарекең мен кемпірі ұлдары өзге жақтан қыз әкелгенде, өздері көздеп жүрген жандармен құла бола алмағандарына біраз налығандай да болады. Әйтсе де жаңа құдасы Масақбайдың бар адамгершілік мінезі мен пейіліне қанық болған ол балалардың арқасында осындай жандармен жекжат болып отырғанына іштей қуанатын. Әңгімедегі Қарекеңнің құдалықтағы жасаған кәделері қазақтың әдет-ғұрпын танытып жатса, отбасьн құрған Ерғабыл мен

Нәзираның жыл өтпей ажырасуға бел бууы келінді таныс жерден алатын ата-бабаларымыздың ғұрпын насихаттағандай сыңай аңғартады.Жалпы, әңгімеде қашан да балалары, олардың тату-тәтті өмірі үшін барлығына дайын жанашыр ата-аналардың образы көркем сомдалған.

Жазушының «Кемпірлер» әңгімесінің де мазмұны осымен астарлас. Мұнда қазақ халқының бойындағы конақжайлылық қасиетке айрықша мән беріледі. Баласы дүниеден өтіп, келіні кеткен кемпірдің бар алданышы мен үміті жалғыз немересі – Нұрлыбек. Ауыл шетіндегі оқшау үйдің бар байлығы екі саулық, бір шыбыш, ала мысық, асырап алған қара күшік. Солай бола тұра, Қалампыр кемпір – қолы ашық, барынша қонақжай, бауырмал жан. Құрдасы Сырғакүлдің келіні босанғанда аянбастан көгендегі екі саулығының бірін бәсіреге атайды. Күн ұзақ бірінің үйіне бірі қонаққа барып, сораптап шай ішіп, өткен-кеткенді еске алып, бүгінгі күндеріне шүкіршілік айтатын аналардың бойына жазушы қазақ әйеліне тән барлық асыл қасиеттерді дарыта суреттейді. Қалампыр кемпірді уайымға салатын дүние кішкене немересінің болашағы ғана емес, ауыл шетіндегі қараша үйге тірі жаннын аяқ аттап баспайтындығы еді.

Өстіп жатып, әлгіндегі өзі сияқты кемпірлердің тасып-шалқып сөйлеген сөздерін, оларға сапырылысып келіп-кетіп жататын кісілерді еске алады. Сол сәтте жүрегіне белгісіз бір қызғаныш сезімі ұялағандай, «бізге неге ешкім келмейді қараңғы бір үйдің қонағы боламыз, неге қонақ қабылдап, көңіл жадыратпаймыз. Ағайын деген қайда, өзгелердікі сияқты неге араласып жатпаймыз шіркіндер. Әлде, әбіржітпейік деп аяй ма екен? – деп өз-өзінен таңданады» [21,72-б.]. Осылай қамығып жүрген Қалампыр кемпірдің үйіне Сайрамнан сіңлісі Дәметкен күйеуімен келгенде жаны жадырап сала берген еді. Ол сол күні көгендегі жалғыз малын сойғызып, бүкіл ауылды қонаңқа шықырып, үлкен той жасағандай қуанышқа кенелді. Сонымен жазушы отбасының ұйтқысы, көненің көзі, салт-дәстүрді сақтаушы қарт аналар образын олардың сөздері мен іс-әрекеттері, қуаныш-қайғысы, сүйініш-күйініштері арқылы шебер сомдап шыққан. Мұндағы Қалампыр, Сырғакүл, Зеркүл, Қатиралар қазақ аналарының типтік бейнесін көрсететін жандар еді. Сондай-ақ ауыл әжелерінің бейнесі жасалған бұл әңгімеде қазақтың әдет-ғұрыптары да барынша бедерленіп суреттелген.

Д. Исабеков әңгімелерінде ауыл өмірін суреттей отырып, қоғамдағы саяси-әлеуметтік мәселелерге де біршама көңіл аударған болатын. Сондай туындыларының бірі – «Социализм зәулімі». Мұнда көпұлттылық мәселесі әңгімеге негізгі арқау етіп алынған. Мәскеуден «Қала мен ауылдың арасындағы айырмашылықты жою керек» деген қаулы шығысымен, өкімет пен партияның аузынан шыққанын екі етпей орындап үйренген жергілікті басшылар көзді жұмып, әлгі қаулыны тез, бұлжытпай орындауға бел шеше кірісіп кетеді. Осылайша, Қазақстанның бір шетіндегі «Коммунизм» колхозының «Социализм» бөлмшесі қала мен ауыл арасындағы ең басты айырмашылық – көп кабатты үйлерге байланысты деген байламға келеді де, осы бөлімшеге бес қабатты екі үй салу үшін және оны салатын «жұмысшыларлың ұлттық құрамын қатаң сақтау үшін» жан-жақтан келімсектерді шақыра бастайды. Бір аптаның ішінде-ақ шағын бөлімше келімсектердің аяғының астында қалады.

Ащы кекесін, юмор арқылы автор көпұлттылықты мақтан тұтып, қолдан жасалған дүниеге барынша табынып, өз ұпайынан гөрі өзгенікін түгендеген момын халықтың, ақымақ басшылардың образдарын шебер суреттеген. Дегенмен, бүл күлкі, юмордың астарында жазушының үлкен уайымы, бар күйзеліс, қасіреті айқын байқалады. Мұндағы басшылар Сепентай мен Пашат – қазақ. Қазақша сөйлейтін ауылда тіршілік етіп жүрген жандар. Дегенмен өкіметтің бұйрығын бар ынтасымен орындауға кіріскен олар Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың өкілдерін түгендейміз деп жүріп өз ауылдастарын жұмысқа алмайды.

Бұған ашынып, қарсылық білдірген халықтың арасынан түгенделмей қалған өзге сегіз ұлт өкілін қолдан жасап шығарады. Бұл жөнінде белгілі сыншы Әмірхан Меңдеке «Бірақ Сепентай да, Пашат та дәл осылай жасауға тиіс болатын. Ия, ия, тиісті болатын. Және Дулат Исабеков те бұларды осылай «сомдауға» мәжбүр болды. Неге? Өйткені бұл – өмір шындығы. Тарих шындығы. Сепентай мен Пашаттың әлгіндей тірлікке баруы – олардың өзге ұлттарды өліп-өшіп жақсы көріп, қазақтарды жек көруінен туып отырған жоқ. Бұл тірлік мемлекеттік деңгейдегі мәңгүрттену процесінің тым ұзаққа созылып, үңги тамыр жайып кеткені соншалық, сепентайлық сана мен пашаттық түсініктің өмірлік заңдылыққа, өмір сүрудің «ең бір сенімді, ең бір парасатты» қағидасына айналып кетуінен келіп шыққан «игі іс-әрекет» еді» [22, 7-б.] деген пікірін білдіреді.

Көп ұлтқа арналып салынған үй аяқталғанда басшылар әуелі өзге ұлт өкілдерін жайғастырып, соңынан қазақтарға үй бөліп береді. Бірақ осы үйдің тарихы ұзаққа бармайды. Салушылардың ойына үй астынан канализация орнату келмепті. Кейіннен салынған құбырдың да сыңайы белгілі болады. Үйдің асты шіри бастағанда екі үйдің бір-біріне қарай қисайған түріне куә боламыз. Бұған кінәлі – инжинерлік есептің дұрыс болмағанын да жазушы жасырмайды.
Жалпы, жазушы әңгімеде қолдан жасаған көпұлттылық құбылыстың ақиқатын ашып, оқырманның алдына астарлы түрде жайып салады. Қаламгердің мақсаты да азаматтық санадан ажырап қалған ортаның, халықтың жай-күйін көрсету еді. Шығармада парасатпен көш бастар басшысы жоқ қарапайым халыққа деген автордың жанашырлығы, ішкі жан айқайы айқын сезіліп тұр.

Қорыта айтқанда, ұлт мұратын арқау еткен Д.Исабеков шығармаларында қоғам, өмір, адам, басты тақырыптар – ауыл, уақыт, тұрмыс сырларына мән береді. Ауыл мен қалаға тән өзіндік өзгешелікгерге, ондағы еңбек адамдарына, жас ұрпақ тәрбиесіне, жастар арасындағы достық, махаббат мәселелеріне ден қояды. Әр алуан адам, түрлі мамандық иелерін өзіндік өзгешеліктерімен, еңбектегі, өмірдегі көзқарас, қарым-қатынастарымен нанымды көрсетеді. Өмір оқиғалары сенімді өріс алады. Кейіпкерлер жүйесі, өз ара қарым-қатынастары, уақыт, тұрмыс суреттері әсерлі суреттеледі. Қаламгер өмірді жіті зерделейді, адам әлеміне сергек қарайды.



Д. Исабековтығ шағын прозалары парасаттылық пен терең ойлылықты қозғап қана қоймайды, ондағы әрбір кейіпкердің тағдыр оқырманның жансезімдерін қозғап, ішкі әлеміне әсер ете білді. Ойлы шығармаларында әзіл, юмормен астасқан адуынды ашу-ыза да, мұң-шер де жүреді

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет