Жеке әдістер нақты зерттеулердің тар шеңберінде қолданылады және зерттелетін объектілердің сапалық ерекшеліктерімен тығыз байланыста болады. Пәндік бағдарына қарай зерттелу үдерісі: физикалық, биологиялық, әлеуметтік әдістерін қолданылады. Мысалы, химиядағы валенттілікті табу, социологиядағы анкета жүргізу әдістері сияқты. Зерттелетін объекті мен оны зерттеу арасындағы тәуелділікті ескере отырып, зерттеуші объект пен әдістің сәйкестілігін қадағалау керек.
Жалпы ғылыми әдістер ғылыми зерттеулер аясында кең қолданылады.
Ғылыми таным эмпириялық және теориялық деңгейлерге бөлінеді. Жалпы ғылыми әдістердің кейбірі тек эмпириялық деңгейде (бақылау, эксперимент, өлшеу), басқалары тек теориялық деңгейде (идеалдау, формалау), тағы бірқатары эмпириялық және теориялық деңгейде (модельдеу) қолданылады.
Эмпириялық танымның бастау алатын әдісі — бақылау. Ол айналадағы нағыздық объектілері туралы бірқатар алғашқы ақпараттар алуға мүмкіндік береді. Бақылау белсенді танымдық үдеріске жатады және нысан мен сыртқы дүние құбылыстарының сезімдік (көбінесе көру) бейнеленуі болып табылады. Бұл әдісті қолданған кезде танушы адам белгілі бір тану мақсатына сүйенеді. Әдетте, ойша әрекет бағдарламасын жоспарлайды және алынған айғақтарға, демек, нақтылық туралы білімдерге сәйкес келетін түсінік береді.