Остеоартроз – қол–аяқ, омыртқа бағанасы буындарының дегенерациялы – дистрофиялық ауруы. Бұл ауруда буындардың шеміршегі ыдырап жойылады, осыдан сүйектердің беттері жалаңаштанады, шеттік остеофиттер және екіншілік синовит дамиды. Негізінде, буын шеміршегінің дегенерациясы организмнің табиғи қартаюынан дамитын физиологиялық процестің бірі. Остеоартроз жасы 60-тан асқан адамдардың барлығында болады.
Этиологиясы
Даму тегіне қарай остеоартроздың біріншілік және екіншілік түрлерін айырады. #Біріншілік түрі – бұрын зақымданбаған сау буын шеміршектерінің уақытынан ерте тозуы. #Екіншілік түрі – бұрын болған зақымдардың салдарынан буын шеміршегінің жүре бара дамитын дегенерациялық бұзылысы. Сау шеміршектің беті тегіс, жылтыр және синовиялық сұйықтықпен майланып тұрады. Шеміршектің негізгі заты протеогликандардан, гиалурон қышқылынан құралған. Протеогликандар сумен және қышқылмен тығыз байланысқан, шеміршек құрамының 70 % - ы судан тұрады. Судың молдығы салмақ түскенде шеміршектің басылуына жол бермейді. Су мен коллагеннің молдығынан шеміршек аса мықты болады. Мұндай құрылым шеміршектің эластикалық қасиетін қамтамасыз етеді. Остеоартрозда түрлі себептерден шеміршек уақытынан бұрын тозып, тез «қартаяды». Шеміршектің метаболизмі бұзылып, хондроциттер жойылады, протеогликандары азаядыШеміршек құрғай бастайды. Дерттің ертелеу сатысында шеміршек жұмсарып, беті бүртіктеніп, жылтырлығынан айырылады. Бара – бара шеміршек тоза келе жұқарады талшықтары ыдырайды, шеміршектер тілініп жарылады, осыдан бетінде көптеген саңылаулар пайда болады. Шеміршектің жұқаруынан және жойылуынан буынның жігі тарылады, жалаңаштанған сүйектердің бастары бір-біріне тақалып, үйкеле келе беттері тығыздалады. Остеоартроздың этиологиясында ішкі және сыртқы факторларды айырады.