Бойымыздағы отансүйгіштік қасиеттің бар екенін білмеуіміз мүмкін. Бұл – адамның еліне қатысты сезінетін терең, жасырын, кей кезде бейсаналы сезімі. Отансүйгіштік өз отаныңа деген адалдық пен қолдау сезімдеріне жатады. Өз отанын сүймейтін адам кемде-кем шығар.
Ал керісінше жағдайды елестетіп көрелікші. Отанын сүймейтін адамды не ұстайды? Ештеңе! Өзінің көңілі қалаған жерге кете салады. Өзге елдерді кезіп, сол жақтың азаматтығын алуы да мүмкін. Алайда ол өзін бақытты сезіне ала ма? Сол ортада үйлесімділік таба ала ма? Ол жерде де қиындық көрсе, өзге жаққа көше ме?
Отансүйгіштік деген Отаның туралы өлең шығару немесе ол үшін құрбан болу дегенді білдірмейді. Біз өз Отанымыз үшін қажет болған жағдайда құрбан боламыз, бірақ, біз ол үшін өмір сүре білуіміз де маңызды. Оның күш-қуатының артып, ең бақуатты мемлекетке айналуы үшін жұмыс жасауымыз керек. Себебі, елдің қуаттығы – оның халқының қуаттығы. Бұл жерде елге деген махаббат сезімі, адамдарға деген махаббатпен үйлесімділік табады.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, адамдардың қайғы-қасіретіне көмек беріп, олардың бақытты болуына себепші болуымыз керек. Осы арқылы біз өз елімізге, өзіміздің игілігімізге қамқорлық танытамыз.
Егер біз салық төлеуден жалтарсақ, жолақы төлемесек, сапасыз тауар сатсақ, өз елімізді алдап, өз отандастарымызға зиян тигіземіз. Елге осыны ойлайтын азаматтар қажет.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккедегі мүшріктерден көп қиындық көріп, исламның ертеңі үшін Мәдинаға қоныс аударуға шешім қабылдайды. Мекке шаһарынан қасиетті Мәдинаға қоныс аударуға шыққан кезінде ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Хазрауа» деген жерге жеткенде түйесін тоқтатып, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқау көңілмен ұзақ қарап:
– Уаллаһи! Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім, – деген екен.
Пайғамбарымыздың өзі өскен жерін қимай, оған ұзақ қарап «Мен үшін сенен артық жер жоқ» деп көңіл құлазыған сәті де біз үшін сабақ.
Мысыр жерінде қара құлдан – қолбасшыға, қолбасшыдан – ел басы дәрежесіне қалай көтерілген Бейбарыс сұлтанның көңілінде де еліне деген сағыныш болған. Оның көңіл көзінен сонау бала кезде есінде қалып қойған туған жердің елесі кетпеген екен. Жүрегін сағыныш сыздатқан әмірші киелі туған топырағында өскен жусан иісін сағынып өткен деседі.
Бұл туралы бабаларымыз «Ит – тойған жеріне, ер – туған жеріне», «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп мағыналы нақылдар қалдырған.
Екінші дүниежүзілік соғыстан жеңіліп, қатты күйреген Жапон мемлекеті еді. Сол жапондықтар, елінің қамын ойлап, міндетті сегіз сағаттық жұмыс күнінен кейін, тоғызыншы сағат тегін жұмыс істейді екен. Себебін сұрағандарға, «тоғызыншы сағат – Отанымыз үшін» деп жауап беріпті. Қазір осы Жапон мемлекеті, әлемдегі ең бай, қуатты, алпауыт мемлекеттердің қатарында.
Біздің елде қазір аштық та, соғыс та жоқ. Еліміздегі демократияның кемшіліктеріне қарамастан, белгілі-бір деңгейде саяси еркіндік бар деп те айтуға болады. Біз өз елімізде туып, өз елімізде өмір сүреміз. Оның қуанышы – біздің қуанышымыз, оның қайғысы – біздің қайғымыз, оның арманы – біздің арманымыз.