Отырар-Қаратау мәдениеті Отырар-Қаратау мәдениеті – Оңтүстік Қазақстан өлкелерін мекендеген қаңлы тайпаларының көне мәдениеті (б.з.б. 1-мыңжылдықтың соңы). Ескерткіштердің негізгі тараған аумағы Сырдарияның орта ағысын қамтиды. Қалалар мен қоныстар, зираттар жақсы зерттелген. Олардың аса ірі шоғырлану орт. Отырар шұраты; Арыс өз-нің солт. жағасында Мардан, Мардан-Күйік, Қостөбе, Шаштөбе, Сейтмантөбе, Ақайтөбе, Шөлтөбе, т.б. ірі қалалары болған.
Тарихы 1940 ж. А.Н. Бернштам жетекшілік еткен археол. экспед. барысында алғашқы деректер алынып, ол кангюй-қаратау мәдениеті болып аталды. Кейінірек бұл өңірді Е.И. Аргеева, Г.И. Пацевич, К.Ақышев, К.Байпақов, Л.Б. Ерзакович, Л.М. Левина, А.Н. Подушкин зерттеді. Аса ірі ескерткіштерінің бірі – Көкмардан. О.-Қ. м. қалаларының үйлері ерте кезеңнен-ақ кварталдық жүйемен тұрғызылған. Әдетте 4 – 6 үй бір кварталды құрайды. Құнды ерекшеліктерге қыш ыдыстарға салынған 100-ге тарта таңба-белгілер жатады. Белгілердің негізгі тобы ру-тайпалық таңбалар. Зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша бұлар соңғы орта ғасырдағы таңбаларға өте жақын. Бір ерекшелігі, мұнда қазақтың үш жүзіне де кіретін ру-тайпалардың таңбалары бар. О.-Қ. м. тайпалары мал ш-мен бірге жоғары дамыған егіншілік бағытты ұстанған, ұсталық және зергерлік қолөнер жақсы дамыған. Тұрғындар ата-баба рухына, тәңірге табынған. Халқы Сыр бойына көршілес Жетіасар және Қауыншы мәдениеттерінің тайпаларымен бірге тарихи Қаңлы мемлекетінің құрамына кірген. Б.з. 3 – 4 ғ-ларында заттық мәдениет ерекшеліктері мен антропол. деректер О.-Қ. м-н қалдырған тайпаларға ғұндар келіп араласқандығын көрсетеді. Осы кезеңде түркі мәдениеті мен тілі қалыптасқан, түркі-соғды синтезі дамыған. Ғұн тайпалары келіп қосылған кезеңнен бастап О.-Қ. м. тайпаларының үлкен бөлігі жетіасарлықтармен бірге Сырдың жоғ. ағысына, Орта Азияға қарай жылжыды. 6 – 7 ғ-ларда О.-Қ. м-нің дамуы тоқтап, басқа тайпалармен бірге Сыр мен Әмударияның төм. ағысына топтасты да, Кедер мәдениетін құрады. Қалған тұрғындар Отырар шұратында құрылған Қаңғар бірлестігіне кірген.