21
БІР ӨКІНІШ, БІР ҮМІТ
«Экстремизді насихаттады» деген айыппен тергеліп жатқан бұл екі
азаматпен кездесу оңайға түскен жоқ. Атырау қаласындағы УГ 157/1 №9
Тергеу изоляторына біраз уақытқа созылған келіссөздерден кейін ғана жол
түсті. Бізді басынан бақайшағына дейін қаруланған қызметкерлер күтіп
алды. Ішке жіті тексеруден кейін ғана ендік. Бұл жолғы кейіпкерлеріміздің
бірі – атыраулық, бірі – ақтаулық. Тергеу материалдарынан белгілісі, олар
Қазақстанда тыйым салынған «Ат-такфир-уаль – Хиджра» ұйымының
сенімін ұстанушылар. Және осы ұйымды насихаттаушы лидерлердің түрлі
лекция, аудиожазбаларын әлеуметтік желілер арқылы таратқан.
Өзін Амангелдімін деп таныстырған жігіт Атыраудың тумасы екен. Жасы
34-те. Бұған дейін «кісі өліміне қатысы бар» деген айыппен 15 жылға сотталып,
жазасын өтеп шыққан. «Бостандықта небары тоғыз ай ғана жүрдім. Үйленіп,
өмірімнің жаңа арнасына бет бұрып жатқанымда, тағы да ауыр жағдайға тап
болдым. Бұл жолы маған «экстремистік сипаттағы ақпараттарды ашық
жариялап, насихаттады» деген айып тағылып отыр. Келісемін, мен Қазақстанда
тыйым салынған ұйымға ерушілердің лекцияларын «В Контакте» желісіндегі өз
парақшама орналастырдым. Және сол лекция, аудиожазбаларды үнемі тыңдап
жүрдім. Осылай теріс ағымның жетегінде кетіп, қателестім. Сол қателік мені
түрмеге әкелді» деген Амангелдінің сөзінен өкініш табы байқалады. Себебі,
оның артында аңырап ата-анасы, жүкті келіншегі қалды. Сәбиін қолына алып,
қуанар сәт таяғанда темір торға құрсалған Амангелдінің қазір жалғыз арманы
бар. Ол – бостандыққа шығып, мамыражай өмір сүру. «Қантөгісті
қолдамайтынымды айтқым келеді. Қазір әлем назары ДАИШ-ке (Қазақстанда
тыйым салынған террористік ұйым) ауып отыр. Сол ұйымның қатарында
соғысып жүрген қазақстандықтар да бар. Күні кеше Ақтөбеде, Алматыда орын
алған қанды оқиғаларға да қарсымын. Кез келген адам бейбіт елде өмір сүруге
ұмтылуы керек» дейді ол.
Ақтаулық Эмильдің әкесі әзербайжан, анасы орыс ұлтынан екен. Эмиль
бұрын сотталмаған. «Мен зайырлы отбасында өстім. Өзімді бұрын
мұсылманның да, христианның да қатарына жатқызбайтынмын. Дінге осыдан
алты жыл бұрын бет бұра бастадым. Әуелі Библияны, кейін Мұхаммед
пайғамбар (с.ғ.с.) туралы оқып жүрдім. Өзіме түсініксіз мәселелерді ұғына түсу
үшін дінді тереңірек білетін азаматтардың көмегі керек болды. Сөйтіп, бағыт-
бағдарды интернеттен іздедім. Ақырында дін атын жамылған ұйымның
жетегінде кеттім. Адам білімді ғаламтордан емес, ұстаздан үйренуі керек екен»
дейді ол. Қазір 26 жастағы жігіттің артында екі бірдей сәбиі мен жұбайы қалды.
Өзекті өртейтін өкініш те осы. Аяқты шалыс басқан екеудің сәтсіз қадамы
бір оларға ғана емес, ата-ана, әйел-балаларына да қасірет әкеліп отыр. Әсіресе,
бейкүнә бүлдіршіндердің болашақтағы тағдыры қалай өрілетіні мүлде қараң...
22
Міне, осы бір ғана мысал – діннің интернеттен үйренетін ілім емес
екендігін көрсетеді. Діннің тереңдігі де сонда, егер сіз Құранның бір аятын
немесе пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерін дұрыс мағынада түсінбесеңіз, басқа жолға
бет бұруыңыз оп-оңай. Сондықтан да, діни ілімді медреселерден, білімді
теологтардан, дінтанушы мамандардан үйрену қажет.
Эмильді де, Амангелдіні де темір торға әкелген такфиршілер ақидасының,
яғни сенімінің қауіптілігі де сол, бұл ағым мешітке бармау, имамға ұйымау,
мұсылмандардың өзін түрлі санатқа бөліп қарастыру, кәпірге шығару сияқты
әрекеттерімен қоғамды іштен ірітуге алып келеді. Сала мамандары да
такфиршілер ұстанатын ілім негіздерінің радикалдық көзқарастардан
тұратынын айтады.
Ендігі мәселе адасқан жігіттерге хақ ислам негіздері аясында тура жолды
көрсетіп, бағыт-бағдар беру болып отыр. Бүгінде олармен теологтар, дін
мамандары жұмыс істеп жатыр. «Ақида, яғни сенім мәселесінде қателескен
тұстарымызды теологтар Құран мен сүннет, ғалымдардың кітаптары арқылы
дәлелдеп түсіндіруде. Біз үшін қазір отбасымыздың ортасында емен-жарқын
өмір сүру маңызды. Сондықтан, ақиқатты іздейміз деп, интернеттің көмегіне
жүгінетін жастарды діни сауаты кемел ұстаздардан ілім алуға шақырған болар
едік. Ойнақтап жүріп от басудан асқан қиындық жоқ екен. Қартайған шағында
ата-анамызға демеу бола алмағанымыз, сәбилерімізге әкелік мейірімді төге
алмағанымыз, жұбайларымызды бақытты ете алмағанымыз жанымызға батады»
дейді кейіпкерлеріміз.
Радикалданудың соңы түнекке апаратынын олар тергеу изоляторына
түскеннен кейін ғана ұғынып, қателіктерін мойындап отыр. Бұған дейін, яғни
бостандықта жүрген кезде айтылған түсіндіру жұмыстарын қабылдаған кезде,
бәлкім, мұндай жағдай орын алмас па еді?!
Жарты жылдан бері тергеу изоляторында отырған Амангелді де, Эмиль де
қазір соттың шешімін күтуде...
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
P.S.
2011-2012 жылдары Қазақстанда оннан астам террористік актілер орын
алып, 19 адам қаза тапты. Күні кеше Ақтөбе, Алматы қалаларында болған
лаңкестік оқиғалар он адамның өмірін жалмады. Бір ғана Атырау облысында
экстремизм, терроризм бабы бойынша сотталғандардың саны 200-ге жетіп
отыр. Алаңдатарлық тұс та осы. Ойланайық, алдын алайық, ағайын!
* «Ат-такфир уаль-Хиджра» 60-шы жылдардың ортасында Мысыр
мемлекетіне қарсы қастандық әрекеттері үшін тұтқындалған «Ағайынды
мұсылмандар» ұйымынан бастау алады. Террористік «такфирдің» алғашқы «тіс
көрсетуі» 1979 жылы Меккедегі қасиетті мешітті басып алғанда көрінді.
«Такфир» идеологиясын ұстанушылар Әл-Харам мешітінде қажылық парызын
орындап жатқан бірнеше мың адамды тұтқында ұстады.
23
* Астана қаласы Сарырқа аудандық сотының 2014 жылғы 18 тамыздағы
шешімімен «Ат-такфир уаль-Хиджра» ұйымы экстремистік деп танылды.
* Такфиршілердің қоғамға төмендегідей залалдары бар:
- тұтас халықты «мұсылман» және «кәпір» деп екіге бөледі. Жеке
отбасында әкеге баланы қарсы қойып, ата-ананы баласынан тірідей айырады;
– халықтық салт-сана мен әдет-ғұрыптың күллісіне «ширк» (Құдайға серік
қосу), «бидғат» (дін жолына жаңалық енгізу) және «көпқұдайшылық» деген
айдар тағып, жала жабу арқылы ұлттық мәдениетті ойсыратады.
• Сіз не дейсіз?
Еркінбек ШОҚАЕВ,
Атырау облысы дін істері басқармасының
басшысы:
Ғаламторды тиімді пайдалану керек
Біріншіден, жастардың санасына әсер етудің ең маңызды тәсілі – ғаламтор.
Бұл құралды жат ағымдарға қарағанда 10 есе артық пайдаланып, дәстүрлі ислам
құндылықтарын кеңінен, әрі сапалы етіп насихаттауға тиіспіз. Жат ағымдардың
идеясына өзіміздің дәстүрлі құндылықтарымызбен ғана қарсы тұра аламыз.
Екіншіден, экстремизм, терроризм бабы бойынша сотталғандардың
отбасымен, есепте тұрған жамағатпен тікелей жұмыстар жүргізу маңызды.
Әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне ықпал ете отырып, қоғамдағы тұтастықты
сақтап қалуға да тырысу керек.
Үшіншіден, сауатты дін мамандарын көбірек даярлау маңызды.
Медреселер, діни оқу орындарының санын өз елімізде көбейту керек.
Қанат ЖҰМАҒҰЛ,
«Шапағат» деструктивті діни ағымдардан
жапа шеккендерге көмек көрсету
орталығының директоры:
Түрмелерді шынайы ақпаратпен қамту маңызды
Тергеу изоляторында отырған Амангелдімен біздің теологтарымыз
жекелей кездесіп, пікірлесті. Дегенмен, мұндай азаматтармен жүйелі жұмыс сот
шешімі шығып, нақты мерзім берілгеннен кейін ғана жалғасады. Яғни, тіркеуге
алынған азаматтармен апта сайын кездесу жүргізіп, діни тақырыптағы түрлі
мәселелер бойынша лекциялар оқимыз. Осылайша, радикалды ағымды
ұстанатын азаматтар білікті теологтардың дәрістеріне тікелей қатысуға
мүмкіндік алады.
Күні бүгінде қамауда отырғандардың ішінен тіркеуге алынғандарының
саны облыс бойынша 29-ға жетті. Оның ішінде ақидасын, яғни сенімін
өзгерткендері – төртеу. Қалғандары радикалды ұстанымдарынан қайтты.
24
АСЫЛ ДІНДІ ДҰРЫС ТҮСІНБЕГЕНІМЕ ӨКІНЕМІН
Діни радикализм мәселесі қазіргі таңда бүкіл қоғамды шулатқан,
кейбір елдердің тұтастығына нұқсан келтіріп те үлгерген іргелі мәселе
болып отыр. Елімізде 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизммен
күрес туралы бағдарлама қабылданып, қажетті мекемелер ашылып,
қазынадан қомақты қаражат бөлінуде. Діни радикализмге байланысты
заңдарға өзгерістер енді. Мемлекет діни радикализммен күресте
азаматтардың ар-ождан бостандығын сақтай, дінаралық келісімді
насихаттай отырып жұмыс жүргізіп келеді. Осындай мемлекеттің оң
ниетін теріс пайдаланғысы келетін жасырын діни ағымдар жоқ емес.
Олардың кейбірінің идеологиясы арамызға дендеп кіріп алғаны шындық.
Дегенмен, мемлекет тарапынан теріс идеологиялардың орнын дәстүрлі
рухани дүниелермен толтыру жүзеге асырылуда. Бірақ осыған қарамастан
кейбір азаматтарымыз мемлекеттің кеңпейілділігін теріс пайдаланып жүр.
Дін жолына келген жастарымыз теріс ағымға неге түседі? Неге адасады?
Адасқанымен қоймай, олар жастарды артына ілестіріп, қоғамды бүлдіріп әлек.
Олар адасушылыққа қалай ұрынуда? Әрине, бұл күрмеуі қиын, жауабына
көпшілік қанағаттанбайтын сұрақ. «Қазақстанда дұрыс діни білім жоқ, діни
білім шетелде» деп шекара асып, радикалшыл, дінді саясаттың құралы еткісі
келетін шейхсымақтардан теріс білім алып, елге келіп, діни радикализмді
насихаттап, түрмеге қамалып, адасқанын мойындап, өкініп отырған Орал
қаласындағы бауырымыздың сөзімен әңгімені әрі қарай жалғастырамыз.
Дұрысы, оның түрмеден жазған хатын сөйлетсек.
Бұл азаматтың аты-жөнін өзгертіп, Д. дейік. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің
164-бабы, 2-бөлімі діни араздықты қоздыру бойынша 3 жыл 6 айға бас
бостандығынан айырылып, бүгінде Орал қаласындағы РУ-170/2 еңбекпен түзеу
мекемесінде жазасын өтеуде. Исламды бұрмалап және сол жолды ең шыншыл,
ең таза жол деп есептеген, бір емес, бірнеше рет діни араздық тудырған ол:
«Неге мен мұндай халге түстім? Ата-анамды неге ойламадым? Жаны ашыған
бауырларымды уақытында неге тыңдамадым?» — деп өкінеді.
«Бүгінде еліміз бойынша қаншама отбасы зардап шекті, қанша ата-ана ұл-
қызын жоғалтты, қанша жас жалған жиһадшыл идеологиямен Сирияға соғысқа
кетіп қаза болды, қаншасы түрмеде отыр? Мұның бәрі исламды бұрмалап, қате
түсінудің кесірі» деп жазған Д: «Бұл вирусты қалай құртуға болады? Әлде осы
жолда адасып жүргендердің бәрін түрмеге қамау керек пе? Адасушының бәрі
неге жастар? Жастардың бала-шағасын, әке-шешесін тастап жиһадқа аттануына
не себеп?» деген сұрақтар қояды және осы сұраққа өзі жауап бергісі келеді…
«Мен такфирдің өте күрделі мәселе екенін және ол туралы оқыған адамнан
басқа кісінің пікір айтуы қателік екенін соңынан білдім. 2002 жылы дінге бет
бұрдым. 2005-2007 жылдары негізгі білімді Египет елінде алдым» — деп
бастаған ол хатын. — Қосымша араб тілін оқытатын курста оқыдым және
жерлесіміз Ринат Зейнуллиннен діни дәріс алдым. Біз оның дәрісінде жиһад пен
25
адамдарды күпірлікпен айыптау тақырыбын талқыладық. Алайда менің өмірім
елге, Орал қаласына келген соң күрт өзгерді. Сырт елден теріс идеологияны
алғаннан кейін, мен оралдық жастармен танысып, «мұсылман, мұсылман емес»
деген тақырыптарды талқылап, намаз оқымаған адамдарды кінәлай бастадым.
Бұған басты себеп – шетелде оқып келгенімді көрсетіп, жамағаттың ішінде
өзімді ерекше көрсетуге деген ұмтылыс болды. 2007 жылы үйленіп, Египетке
қайтадан оқуға кеттім. Менің әрі қарай шатасуым, сол елде қайырсыз
шейхсымақтардан білім алудан соң одан әрі күшейді. Мен кейде өткен істеріме
өкініп, «Мұны қалай тоқтатуға болады?» деп ойланамын. Бүгінде мен үшін ең
бастысы — адасқан, өзім шатастырған азаматтарға дұрыс бағыт көрсету.
Мұхаммед пайғамбарымыздың «Аллах өз құлына қандай ма бір ауруды
жіберсе, оның емін де қоса берген» деген хадисі бар. Сондықтан ең бірінші
адасқан адамның қателігін түсіндіру үшін исламды терең білетін ғалым, оқыған
мамандар онымен сөйлесу керек деп ойлаймын. Маған уақытында ешкім бұлай
айтпады. Айтқысы келген теолог мамандардың сөздерін құлағыма
қыстырмадым. Оларға жеккөрініштікпен қарадым. Түрмеге түскен соң ғана
нақты шынайы өмір туралы ойлана бастадым. Бұл менің түрмеде қорлық
көргенімнен емес, «Түрмеге түскенде баяғы бауырларым неге қасымда
болмады, ислам діні қарыштап дамып жатқан елде егер мен ұстанған жол
шынайы құндылық болса, неге түрмеде отырмын?» деген ой қинады мені. Бәрін
ойлана келе, асыл дінді дұрыс түсінбегеніме өкінемін.
Жастар неге адасады? Себебі — олар діни сауатсыздығы өз алдына, басқа
ғылым жағынан да түк білмейді дер едім. Сондықтан оларды еліктіріп, ілестіріп
әкетудің түк қиындығы жоқ. Мұхаммед пайғамбарымыз өз хадисінде
(харажиттер және такфирлер жөнінде) «Олар жастар және ақылы кем болады»
деген. Айтқандай, олар, біріншіден, оң-солын білмейтін жас, екіншіден, ақымақ
әрі надан дер едім. Үшіншіден, ата-ана, үкіметке бағынуды білмейді. Соның
кесірінен жастар әке-шешесін көзге ілмей, жүрген жолдарын жасырып, олармен
ақылдаспай, өз бетімен жиһадқа кетіп жатыр. Олар өз идеяларын
жақтамағанның бәрін жау көреді. Олардың арасында дінді жақсы білетін
ақылды адамдар жоқ. Егер «мен бәрін білемін, менің діни сауатым бар» деген
адам дін жолындағы ғалымдарға белгісіз болып шығады. Ғалым өзін төңірегіне
өзін мойындатса ғана ғалым. «Нағыз тақуа, білгіш» деп өздеріне бастық
сайлаған хариджиттер сияқты оларда бәрі керісінше. Хадисте «Ақырзаман
жақындағанда адамдар өздеріне басшы етіп қара халықтың ішінен надан
адамды сайлап алады» делінген. Олардың басшылары өздеріне Абу Бакр аль-
Бағдади, Абу Мунзир Шанкити деген ат қойып алады, сондықтан олардың
шыққан тегі кім, қай оқымыстыдан білім алғаны белгісіз. Қарапайым білімсіз,
надан адамдарға ол есімдер ерекше әсер етіп, оның ар жағында қандай адам
тұрғанын аңғармай қалады. Ал кейбіреулерге, сыртқы дұшпандарға еліміздің
бейбіт өмірі мен гүлденуі ұнамай, ел арасына іріткі салып отырғаны анық.
Жастарды ғаламтор арқылы өздеріне тарту олар үшін ең тиімді әрі оңай жол.
Елімізде бүліншілік тудыра алмаған олар жастарымызды халифат жарияланған
26
жерлерге шақыра бастады. Соғыстың қайнап, қантөгіс болып, кінәсіз адамдар
ажал құшып жатқан жерге әйелі мен баласын бірге әкетуге жастарымызды олар
қалай үгіттеді? Бұл сұраққа жауап табу қиын. Бірақ шындықтың аты шындық.
Жесір қалған қазақ әйелдерін олар күйеуге беріп, балаларды зорлық-зомбылық
пен қатыгездікке үйретіп, кінәсіз сәбилердің қолдарына мылтық беріп, соғыс
тәсіліне үйретуде. Бұл қазақ балаларының болашағы қандай болмақ?
Ғаламторда біздің қаракөз балалардың адамдардың басын алып, оларды тірілей
өртеп, атып жатқанын көрсететін бейне- фильмдер қаптап жүр. Оның артында
Халифаттың атын жамылған антұрған адамдар тұр. Олар ислам дінін
келемежке айналдырғанын өздері де білмейтін тәрізді. Бірақ Алланың
әділдігімен «Көп асқанға бір тосқан» болатыны анық. Мен соған сенемін.
Енді олардың қателіктеріне тоқталсақ. Біріншіден, қайдан келгені, кім
екені белгісіз біреудің алдында ант беру нағыз надандық пен ақымақтық.
Екіншіден, Абу бакр аль-Бағдади сияқты адамның аузынан шыққан бар
бұйрығын, тіпті ол ислам қағидаларына сай болмаса да, мүлтіксіз орындау.
Оған шариғатқа мүлде жат адам өртеу, балаларды адамның басын шабуға
мәжбүрлеу, шпиондық әрекетке деген күдікпен адамдарды тергеу мен сотсыз
ату сияқты бұйрықтар кіреді. Айналып келгенде біз бұдан олардың өзді-өзі
соғысып жатқанын көреміз.
Жалған халифатқа қосылғысы келетін жастарға қандай шара қолдануға
болады? Жиһадты бұрмалаушылардың шын бетпердесін ашуда ислам
ғұламаларының сөздерін келтіріп, бұл тақырыпқа жастарға дәріс оқу және
Құран курсын ашып, фикқ (ислам құқығы), араб тілін үйрету керек. Бұл жерде
жастар исламның негіздері, такфирдің қаупі мен ол әкелетін залалдар,
жиһадтың түрлері мен қай уақытта, қандай жағдайда рұқсат етілуі туралы білім
алатын болады. Ғалымдармен ғаламтор және телефон арқылы байланыс ұстау
арқылы ең өзекті мәселелерге жауап алып, оны жастарға жеткізу, осы
тақырыптарға бейне- роликтер түсіру. Әрине, адасқан жастарымызды дұрыс
жолға салу үшін тер төгуге тура келеді. Мен осы хатымда такфир
идеологиясының шектен шыққан өкілдерінің сипаттарын келтірдім және теріс
ағым такфир мен жалған жиһадшылықпен күресудің жолдарын айттым. Бұл
менің басымнан кешкен жағдайлардан кейінгі түйінім. Әрине, басқалардың
әдісі мен пікірі менікінен бөлек болуы да мүмкін, алайда ең соңында
ойларымыздың бір мақсатқа түйісері анық. Ол мақсат — адасқан
жастарымызды дұрыс жолға салу және ең бастысы – елімізде тыныштық пен
келісім салтанат құруына ат- салысу», дейді адасқан бауырымыз өз хатында.
Өзінің қателескенін мойындап, діни сауатсыздығының зардабын тартып
отырған бұл азаматтың өмірбаянынан көп өзгешелік таппайсың. Қазақстанда
білім алған, ағайындарының ортасында өскен Д.-ның дінге деген
қызығушылығы оянып, алғашқы білімді ғаламтор арқылы алған. Кейін
Египетте исламды теріс түсінген адамдардан тәлім алып, Орал қаласында теріс
діни уағыз жүргізген болатын. Дінді дұрыс түсінбегеніне, шетелдегі өтірік
шейхсымақтардың әдемі сөздеріне алданып қалғанына өкінеді.
27
Қазақ «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген.
Ойландыратыны – осындай жастарымыздың орда бұзып, қамал алатын,
халқына, еліне пана болатын кезінде шатасып, темір торға қамалып жатқаны.
Біз бұл хатты жариялай отырып, адасып жүрген, ақиқатқа көз жеткізбей,
көрінген көк аттының соңына еріп, ғаламторды дос қылған бауырларымыз
ойланса екен дейміз. Ең бастысы, ұлтымыздың береке-бірлігі кетпесін!
Редакциядан:
Аталмыш мақаланы дайындауда Батыс Қазақстан облысы дін істері
басқармасы дін мәселелерін зерттеу орталығының көрсеткен ақпараттық
көмегіне алғыс айтамыз.
Ұлдай САРИЕВА,
«Орал өңір
http://oraloniri.kz/?p=3359
28
ТҮРМЕДЕН КЕЛГЕН ХАТ
Менің есімім Нұрғалиев Арман Мақсұтжанұлы түрмеден хат жолдап
тұрмын. Жасаған қателіктерім туралы айтып, жастарды менің шалыс
қадамымнан сабақ алуға шақырғым келеді. Мен «терроризм» бабы бойынша 10
жыл, 6 айға сотталып, ел арасында «69-зона» аталып кеткен Ақтаудағы ГМ
172/6 түзету мекемесінде жазамды өтеп жатырмын. Менің бостандыққа
шығуыма әлі 6 жыл, 4 ай бар. Бұл жерге мен қалай тап болдым?!
Мен 1983 жылы Атырау облысында, қарапайым қазақ отбасында дүниеге
келдім. Ата-анам жасы ұлғайған адамдар. Екеуі де зиялы жерден шығып, ел
игілігі үшін тер төккен жандар (әкем 41 жылдан бері мұнай саласында жұмыс
істеп келе жатыр, ал анамның педагогтық еңбек өтілі – 36 жыл). Мені өсіріп,
жеткізіп, бағып-қаққан асыл жандар қазір менің тағдырыма алаңдап, қайғыдан
қан жұтып отыр. Сотталғаным оларға қатты соққы болды. Бүгінгі таңда менің
төрт баламды асырап, бағып-қағып отырған да сол аяулы екі адам – анам мен
әкем. Үлкен ұлым биыл үшінші сыныпта оқып жүр. Мен бостандыққа
шығамын дегенше оның жасы 17-ге, ал үш қызым – 13, 11 және 7 жасқа толады
екен. Қазір олар кішкентай ғой – көп нәрсені ұға бермейді, осынша жылдан соң
орталарына қайта оралғанда осынша уақыт қайда болғанымды оларға қалай
түсіндірерімді білмей далмын. Әкем туған баласының бұралаң жолға түскенін
көтере алмай, инсульт ауруына шалдықты. Анамның да денсаулығы сыр бере
бастады. Енді оларда қанша ғұмыр қалды дейсіз... Ата-анам да, отбасым да
менің қамқорлығым мен қолдауыма зәру. Ал, мен болсам... Аяқ-қолым
«кісендеулі», басым «бұғаттаулы», мекенім – темір тор. Өкінемін әрине. Осы
күйге қалай түскенім жайлы көп ойланамын.
Балалық шағымда ата-анам менің өсіп-өркендеуім үшін барлық жағдайды
жасады. Жасөспірім кезім елді алқымнан алған тоқсаныншы жылдарға тап
келгеніне қарамастан, менің барлық керегімді алдыма тосты. Маған мейірімді
де, қамқор ата-ана сыйлаған Аллаға алғыс білдіремін!
Мектепті «жақсы» деген бағаға бітіріп, университетке оқуға түстім.
Студенттік өмірім әдеттегідей оқу, қыдыру, түнгі клуб, кинотеатр, мейрамхана
арасында өтіп жатты. Күндердің күнінде мен бұл жүрісімнен жалыға бастадым.
Жаныма бірдеңе жетпей тұрғандай күй кештім. Сөйтіп жүргенде бір күні менің
қолыма тозақ пен жұмақ туралы жазылған діни кітап түсті. Оны оқып болған
соң дінге бет бұрып, мешітке бара бастадым. Бұл кезде менің достарымның
кейбірі түрлі себептермен мешітке барып, намаз оқып жүрген еді.
Жоғарғы оқу орнын бітірерге таяу менің діннен азын-аулақ хабарым
болды. Сөйтіп, жаным тыныш тапты. Бұл кезде мен бұрынғыша жағымсыз
әдеттен ада болатынмын. Университетті бітірген соң жұмысқа орналасқым
келіп, көптеген компанияға түйіндемемді жібергеніммен, бәрі еңбек өтілін
сұрап, мені жұмысқа қабылдамады. Осылайша, асқақ армандарым мен ойлаған
ісімді жүзеге асыра алмай жүргенде, жалған дін мен оны уағыздаушылардың
құрығына қалай түскенімді білмей қалдым. Нәпәқамды әр жерден тауып
жүрдім. Жастар батыс елдерінде білім алу үшін кетіп жатқанда, ата-анам оқу
29
ақысын төлей алмайтын болғандықтан мен онда бара алмадым. Бірақ «Аль-
Азхар» Ислам университетіне ғаламтор арқылы түсіп, Ислам діні туралы араб
тілінде оқып-білуге мүмкіндік алдым. Бірақ туыстарымның дегенімен бір
жылдан соң елге оралдым. Дінге мені таза адамгершілік мұрат жетелеген еді.
Бірақ діни білімнің таяздығы мені бүгін тап болған тығырыққа әкеліп тірейді
деп мүлде ойламаппын. Біздің «жалған уағыздаушыларымыз» бізге нұсқаған
жолдың бұралаң болғаны соншалық, оның зардабын бостандығымыздан
айырылғанда бір-ақ білдік.
Мен қиын жағдайға тап болған қателіктерімді сараптай келе, мынадай ой
түйдім: менің қатарларымның қателесіп, дәстүрлі емес діни ағымдардың
жетегінде кету себебі – жастардың Ислам мен Қазақстан Республикасының
заңнамасын үстірт білуінен екен. Мені қолға түсіріп, қандай құқық
бұзушылықтар бойынша айыпталып жатқанымды айтқанда заңда ондай баптың
бар екенінен бұрын мүлде хабарым болмағанына таң қалдым. Біз өз
ақымақтығымыздан қандай да бір қателік үшін жауап беретінімізді білмедік.
Балалық қиялдың жетегіне еріп, біз Ислам туралы сұраққа өздігімізден жауап
іздедік. Қажетті жауап табылмаған соң, жергілікті мешіттерден алған білімді
меңгеріп болғаннан кейін жаңа бір діни деңгейге жету үшін ғаламторға жүгіне
бастадық. Аңқаулығымыздан бізге өз діни ағымының жарнамасын жақсы
жүргізген танымал шейхтардың дәрісінен іздегенімізді табамыз деп ойладық.
Бірақ біздің сұрақтарымызға ешкім тұщымды жауап бере алмады. Біз алған
білімді тәжірибеде қолдану мүмкін емес еді. Тек қазір ғана менің өзге де
таныстарым секілді ақиқаттан алыс Ислам шарттарының құрбаны болғанымды
түсіндім. Жазамды өтеп жатып көзқарасым мен өмірлік құндылықтарымды
қайта қарап шығып, бұл жалғанда отбасы, ошақ қасында адал еңбекпен күн
көріп, бостандықта жүргеннен асқан бақыт жоқтығын түсіндім. Мен өз
балаларымды еліміздің лайықты азаматы етіп тәрбиелеп, елімізде діни
экстремизмнің таралмауына жәрдемдесетін боламын.
Бостандыққа шыққан соң ата-анам және менің төрт баламды жалғыз
тәрбиелеп отырған жан жарыма қорған болғым келеді. Мен үшін және
жақындарым үшін менің тағдырым психологиялық, моральдық және
физикалық тұрғыдан алып қарағанда өте ауыр соққы, орны толмас өкініш
болды.
Енді мені үлкен отбасымның ортасында, бақытты өмір сүру мақсаты
бостандыққа жетелейді. Жастарға радикалдық идеялар мен асығыс шешімнен
алшақ болыңдар демекпін. «Ақылды өзгенің қателігінен сабақ алады» демекші,
менің қателігім Сіздерге сабақ болсын! Менің қателігімді қайталамаңыздар!
Алла тағаланың Құранда келтірген сүйікті де маңызды сөзі бар – ата-ананы
қадірлеп, сыйлау керек деген. Исламды тануды, міне, осыдан бастау керек.
Арман НҰРҒАЛИЕВ,
ГМ 172/6 түзету мекемесінде жазасын өтеуші.
Tumba.kz
30
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ...............................................................................................................3
КЕШ КЕЛГЕН ӨКІНІШ.....................................................................................4
БІЛІМСІЗДІКТІҢ ЗАРДАБЫ.............................................................................7
АҚ ЖОЛДАН АДАСПАЙЫҚ, АҒАЙЫН!.....................................................11
ДІНИ САУАТСЫЗДЫҚ – ОРНЫ ТОЛМАС ӨКІНІШ..................................14
АЛЛАНЫҢ МЕЙІРІМІН ӘЛЕМГЕ ТАРАТАЙЫҚ.......................................17
БІР ӨКІНІШ, БІР ҮМІТ....................................................................................22
АСЫЛ ДІНДІ ДҰРЫС ТҮСІНБЕГЕНІМЕ ӨКІНЕМІН................................26
ТҮРМЕДЕН КЕЛГЕН ХАТ..............................................................................30
Достарыңызбен бөлісу: |