Кино Өнері
Кино өнері – өнердің бір түрі, әдебиет пен театрдың, бейнелеу өнері мен музыканың көркемдік қасиеттерін өзінің ерекшелігіне орай пайдаланатын синтезді өнер. Фильмді жасауға әр алуан мамандықтағы творчество қызметкерлері: кинодраматург, режиссер, актер, оператор, суретші, композитор қатысады. Сондай-ақ кино жасау ісіне техника саласындағы мамандар, лаборанттар мен жұмысшылар да үлес қосады, алуан түрлі күрделі аппаратуралар мен аспаптар қолданылады.
Кино өнері – өзіне тән мәнерлеу амалдары, көркемдеу тәсілдері, эстетикалық заңдары мен шығармашылық дәстүрлері бар дара өнер. Көріністі әр тұстан қамти бейнелеу, адам өмірі мен табиғат құбылыстарын нанымды көрсете алу, сондай-ақ кадрларды үйлестіре құрау тәсілінің тиімділігі кино өнерінің ақпараттық мүмкіндігін кеңейте түсуде. Фильмді бірден миллиондаған адамдар көреді. Көрермендер білімін толықтырып, эстетикалық ләззат алады, тәлім-тәрбие – жақсыдан өнеге, жаманнан сабақ алады.
Қазақ жеріне алғашқы хроникалық фильмдер 1928 жылдан түсіріле бастады. Сол жылы РСФСР Халық Комиссарлары Советі жанынан “Востокфильм” киноқоғамы құрылды. 1929 жылы Алматыда қоғамның өндірістік бөлімі ашылды да, ол Қазақстанның өмір-тұрмысы туралы “Соңғы хабар” атты киножурнал шығарып тұрды. Режиссер В.А.Турин Түркістан-Сібір Теміржол магистралі жайлы “Турксиб” атты деректі фильм қойды. 1930-32 жылдары қазақ өмірінен “Дала әндері”, “Жұт”, “Қаратау қазынасы” фильмдері қойылды.
1941 жылы Алматыда көркем фильмдер шығаратын киностудия ұйымдастырылды. Ол техникалық-өндірістік базасы жағынан ұлғайып, 1944 жылы 1944 жылы Алматының көркем және деректі-хроникалық фильмдер студиясы (1960 жылдан “Қазақфильм”) деп аталды. Қазақ киностудиясы алғашқы ұйымдасқан кезінен бастап, 1975 жылдарға дейін 100-ден астам көркем фильм және 500-ге жуық деректі фильм шығарды. Бұл фильмдер тақырыбы мен жанры жағынан әр алуан.
Достарыңызбен бөлісу: |