тарау
АДАМ ЭКОЛОГИЯСЫНЫҢ ПӘНІ, ӘДІСТЕРІ. АДАМ ЭКОЛОГИЯСЫНЫҢ ҒЫЛЫМДАР ЖҮЙЕСІНДЕГІ ОРНЫ
Экологияның ғылымдар жүйесіндегі орнын қарастыру үшін сыртқы факторлардың адамға тигізетін әсері жайлы философиялық тұрғыдан қарастыру керек. Қазіргі таңда адам философиясы деген ғылым бағыты пайда болды. Оның негізін салушы И.Т.Фролов былай деп жазды: «Адам мәселесін ғылыми тұрғыдан зерттеуді дамытудың бір жолы -қазіргі таңда «түйіскен», «шекаралас» нүктелерді анықтау; бұл нүктелерде әлеуметтік және биологиялық әдістер қиылысады; олардың мақсаты-дуализмді жеңу болып табылады». И.Т.Фроловтың айтуы бойынша, «ғылыми-техникалық революцияға байланысты, адамды зерттеудің қазіргі мәселелерін шешу үшін адам жайлы біріккен, кешенді ғылым қажет. Бұл мәселелер адамға жүйелі түрде ғылыми тұрғыдан ыңғай табуды қажет етуімен, адамды зерттейтін әр түрлі ғылым салалары өкілдері арасындағы байланысының күшеюімен байланысты және олар тек қоғамдық ғана емес: философия, әлеуметтану, этика, эстетика, педагогика, психология т.б., сонымен қоса жаратылыстану-медициналық, психофизиологиялық, генетикалық ғылымдар».
Адам экологиясы көптеген қоғамдық ғылымдармен тығыз байланысты.
Адам экологиясы және демография. Екі ғылым да халықты ұқсас тұрғыдан зерттейді. Демографияға тән тірек түсініктер - туу, өлім, балалар өлімі, өмірдің ұзақтығы, орташа жас- кез-келген аймақтың өмірге бейімделуі мен денсаулық деңгейін анықтайтындықтан, адам экологиясына өте маңызды болады.
Адам экологиясы және әлеуметтану. Әлеуметтану әртүрлі қоғамдық құбылыстар арасындағы қарым-қатынас пен адамдардың әлеуметтік мінезін зерттейді. Көптеген әлеуметтік мәселелер адам экологиясында да қарастырылуы мүмкін. Олардың қатарына : әлеуметтік топтар мен ұжымдар, этникалық қауым, экологиялық қауым, кәсіптік қауым, халықтың қоныстануы әлеуметі, өмір сүру салты мен сапасы, денсаулық сақтау мен медицина әлеуметтануы жатады.
Адам экологиясы және тарих.Тарихи ғылымдардың қатарынан адам экологиясына маңызды болып келетіндер: аймақтар археологиясы, палеоэкология және палеопатология, бөлек ұлттар мен мемлекеттердің этнографиясы, этникалық экология және этникалық антропология.
Адам экологиясы гуманитарлық ғылымдармен байланыста. Гуманитарлық ғылымдар адамды жаны мен санасы бар жаратылыс ретінде зерттеп қарастырады.
Адам экологиясы және психология. Адам экологиясын адам жаны жайлы мәліметтер де қызықтырады. Адамдарның өзін-өзі ұстауы туралы білу олардың бір-бірімен және қоршаған ортамен қарым-қатынасының терең себептерін түсінуге көмектеседі. Адамдардың психикалық ұйымдастыру ерекшеліктерін білу олардың қоршаған ортамен байланысының сипатын көрсетіп, адамның психофизиологиялық жағдайына теріс әсер ететін факторларды жоюға көмектеседі.
Адам экологиясы және биология. Биология адам экологиясының өте маңызды бөлігі, өйткені адам құрылысының биологиялық ерекшеліктері мен адамның қоршаған ортамен байланысын білу адамдағы ауытқулар ошақтарын тауып, қоршаған ортаның әртүрлі факторларының организмге тигізетін әсері мен сол ауытқуларды түзеуге және алдын алуға көмектеседі. Адам экологиясында популяциялық генетика, экологиялық генетика, адамдағы тұқымқуалайтын аурулар мен аномалиялар, экологиялық физиология, иммунодефициттік жағдайлар, аллергология, экологиялық токсикология, наркологиялық токсикология, радиоэкология, биокибернетика сияқты ғылымдардан мәліметтер алынады.
Адам экологиясы және медицина. Адам экологиясы медицинамен тығыз байланыста, әсіресе оның гигиеналық бағытымен. Гигиена –медициналық ғылым, қоршаған ортаның адам организміне (денсаулығына, оның еңбек ету қабілеті мен өмірінің ұзақтығына) тигізетін әсерін зерттейді. Елді мекендерді таза ұстау, мұндағы адамдардың тұрмысы мен қызмет жағдайын жақсарту жөнінде түрлі нормативтер мен ғылыми талаптар, санитарлық шаралар жүйесін жасайды. Денсаулыққа зиян келтіретін факторлардың болмауын гигиена ғылымы қатаң бақылау жасап отырады. Адамдардың айналасын қоршаған сыртқы ортаның факторларын негізге ала отырып, гигиенистер адамзат баласының тіршілігі мен еңбегіне ыңғайлы жағдайлар жасауға адамзат баласын аурулардан айықтыруға, дерттер мен өлік көрсеткіштерін төмендетуге тіршілік өмірді ұзартуға, еңбекке деген қабілеттілікті көтеруге және т.б. биологиялық жағдайларды жақсартуға бағытталған ғылым. Сонымен гигиена ғылымының негізгі көздеген мақсаты — адамдардың айналасын қоршаған сыртқы орта факторларын сауықтыру арқылы бірінші денсаулық сақтаудың профилактикасын өткізу. Бір сөзбен айтқанда адамзат баласына залал келтіретін факторлардан адамзат баласын қорғау.
Кейбір Жер туралы ғылымдардың мәліметтері мен зерттеу әдістерін қолданбай адамның қоршаған ортамен байланысын зерттеу мүмкін емес- география, геология, геофизика, геохимия, климатология, гидрология және т.б.
Адам экологиясы экономикалық ғылымдармен де байланыста.
Адам экологиясы және экономика. Адам экологиясы келесі бағыттармен тығыз байланысты: әлемдік табиғи ресурстар, әлемді азық-түлік жағдайы, халықаралық қоғамдық еңбек бөлінісі, өндірістік күштерді орналастыру, экономикалық аудандастыру, қалалардың кенттенуі мен экономикасы, денсаулық сақтау экономикасы, қоршаған орта экономикасы, рекреациондық экономика.
Адам экологиясы және азаматтық құрылыс. Адам экологиясы мүдделері қала құрылысы мен өңірлік жоспарлаудың мынадай бөлімдерімен сәйкес келеді : аудандық және қала құрылысын жоспарлаудың теориялық және ғылыми негіздері, үлкен аймақтар мен аудандарды жоспарлау және салу. Ерекше мәселелерге қалалар мен елді мекендердің реконструкциясы мен қалпына келтіру, тұрғын аудандарды абаттандыру жатады. Кейбір ғалымдар адам экологиясы мен азаматтық құрылыстың арасына теңдік таңбасын қояды.
Достарыңызбен бөлісу: |