Алтын сағат Тоғыз тарау Тентек өзенінен өтіп,Сайқан тауына бет алғанымызда, сәске түс мезгілі еді. Аспанды тұтас торлаған сұсты бұлт, екілене соққан суық жел көңілімізді жүдетіп жіберді. Күні кеше жайнап тұрған жанға жайлы қоңыр күз оңтүстікке қарай ығысып бара жатқандай сезілді. Қасымдағы төртпақ қара шалды жол бастасын деп «Жаңаберген» колхозының бастығы қосып жіберген. Әңгімеге жарытады, ішінді пыстырмайды, осы төңіректің ой-шұқырына шейін білетін жершіл шал деп мақтаған оны.
Сыпсып құйрық, жатаған торыны сипай қамшылап, үзеңгісін шірене тебініп қояды Оңғарбай.
Баратын жеріміз онша қашық болмаса да, жолға ермек болсын деген оймен шалға тіл қаттым:
- Ақсақал,әңгіме айтыңыз, жол қысқарсын.
- Жілігі татымайтын бірдеңе айтсам, қарның ашып қалар, шырағым,- деп, шал кеудесімен тұтас бұрылып маған қарады.- Сөзге орашолақ жанмын...
Оңғарбайдың сөзшең адам екенін ауылында үш күн жатқанда талай адамның аузынан естігенім бар. Әйтседе бітегене жақын отырып әңгімелесудің орайы келмеген. Осы кемістігімнің орнын толтырайын деп ойладым.
- Қандай әңгіме айтсаңыз да ерінбей тындайын! - Ойнақы теңбіл көк бестінің ауыздығын тартып, тізгінін тежеп қойдым.
- Осы бастан көшіріп алайын,- деді шал қуақылана жымындап.- Найманның бір мылжың шалы қай-қайдағы бірдеңелерді айтып құлағымды сарсытты деп жүрме...
Баурынан жараған оқтаудай семіз аттар құлақтарын қайшылап, есіле аяндайды. Оқта-санда шоқырақтап желдіртіп аламыз. Айтатын әңгімесін жүйелеп алғысы келеді ғой деймін, Оңғарбай біразға шейін үн шығармады. Бір белестен асып, құла беріске құлдилай бергенімізде қария кенет сөз бастады:
- Асыл анамыз ғой, жарықтық, әңгімені жер жайынан бастайын. Желмен желбіреп,
кеңірдегіне үйірілген сирек тарлан сақалын умаждап қойды.
- Құлағым сізде, айта беріңіз!
- Артық жаралған жер ғой біздің Жетісу! Шөбі шүйгін, суы бал, берекетті өлке деп біздің
қазақ осындай жерді айтады. Жер жүзінде, күн астында Жетісудай ғажап өңір бар дейсің бе, тегі... Жетісуды көтере мақтап қойды да, атының басын іркіп, кілт тоқтады.