Субконто. Программада талдамалы есеп жүргізу үшін субконто термині енгізілген. Талдамалы есеп жүргізілетін әрбір объекті субконто деп аталады. Талдамалы есеп объектілері (субконто) арнайы картотекалар көмегімен ұйымдастырылады. Мысалы, үйлер мен ғимараттар, компьютерлер, маталар, т.б. Ал субконтоның түрі бір тектес объектілер жиынтығынан тұрады. Мысалы, негізгі құралдар, тауарлар, материалдар, т.б.
Анықтамалықтар. Талдамалы есеп жүргізуде және құжаттарды толтыруда қолданылатын біртектес объектілер туралы тұрақты және шартты-тұрақты мәліметтерді сақтайтын орын. Сонымен қатар, анықтамалықтар субконтоның (объектілердің) мүмкін болатын мәндер тізімін құруға, яғни, талдамалы есеп жүргізуге арналған.
Тұрақтылар анықтамасы. Программадағы тұрақтылар анықтамасы жүйенің жұмыс барысында өзгермейтін немесе сирек өзгеретін деректерді сақтауға арналған. Мұндай деректерге жай мысал ретінде кәсіпорынның атауы, мекен-жайы, т.б. да деректері жатады.
Байланыстарды тексеру анықтамалығы. Бұл анықтамалық журналға енгізілген проводкалардың дұрыстығын тексеруге, яғни бақылау жасап отыруға арналған. Анықтамалыққа пайдаланушы мүмкін болатын шоттар корреспонденциясын енгізеді. Егер енгізу барысында сәйкес параметр қойылған болса, жүйе журналға енгізілетін проводкалардың дұрыстығын тексереді, кері жағдайда компьютер қосымша ақпарат береді.
Есеп беру және өңдеу. Есеп беру әртүрлі ақпараттар алу үшін қолданылады, ол белгілі бір шарт бойынша алынған егей-тегжейлі ақпараттан немесе нәтижеден тұрады. Есеп беру бухгалтерлік нәтижелерге талдау жасаумен бірге құралдар қозғалысын (қалдық-айналым ведомосын, журнал-ордерлерді және т.б.) және салық инспекциясына деректер дайындауға (баланс, салықтық есеп беру, бюджеттен тыс қорларға есеп беру) мүмкіндік береді.
Журнал. Журнал негізгі деректер базасы болып есептелінеді. Кәсіпорында болған күнделікті шаруашылық операциялары құжат арқылы немесе проводка түрінде журналға енгізіліп, сәйкес журналдарда сақталады. Журнал жүйедегі құжаттардың барлық кез келген түрімен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.