Сырым Датұлы Хиуа хандығымен қазақтарға қару-жарақ, атты әскер, азық-түлікпен көмектесу жөнінде келіссөз жүргізді. Көтеріліс жеңіліп қалған жағдайда көшіп-қонып жүру үшін Хиуа хандығының бір шетінен мал жайылымын беру жөнінде өтініш білдірді.
Патша үкіметі қазақтардың Еділ мен Жайық аралығындағы мал жайылымдарын пайдалану құқықтарына шек қоюға тырысты. Мұның өзі бұл аймақтағы қарама-қарсылықты күшейте түсті. Қазақтар Орал шекара шебіндегі бекіністерге шабуыл жасауды жиілетіп жіберді. 1791 жылы Ералы сұлтан Кіші жүздің ханы болып сайланды. Ал ол қайтыс болғаннан кейін Нұралы ханның ұлы Есім сұлтан хан болды.
1792 жылы С. Датұлы құрамында 1000 сарбазымен Елек қорғанысына шабуыл жасады. Содан соң Красногорск бекінісін бірден лап қойған шабуыл арқылы алмақ болды. Бірақ мықтап нығайтылған бекініс пен жақсы қаруланған қорғанысшыларға тап болған көтерілісшілердің жоспары жүзеге аспай қалды.
5. Ұлт-азаттық көтерілістің ақырғы кезеңі. 1797жылдың көктемінде Сырым Датұлының жасақтары хан ордасына шабуыл жасап, Есім ханды өлтіреді. Бұған жауап ретінде патша үкіметі қазақ даласына жазалаушы отрядтар жіберді. Бірақ олар көтерілісшілерді кездестіре алмады.
Кіші жүзде хан тағына талас басталды. О. Игельстром Кіші жүзді басқаруды Хан кеңесіне тапсыруды ұсынды. Отаршыл өкімет билігі қартайып қаусап отырған Айшуақ сұлтанның кандидатурасын қолдады. Бірақ сұлтандардан ғана тұратын қазақ ақсүйектері дәстүрлі халық жиынын өткізбей-ақ, Қаратай сұлтанды хан сайлауға асықты. Мұның өзі сұлтандардың Хан кеңесіне деген қарсылығын білдіруі еді. Өйткені Хан кеңесінде старшындардың ықпалы күшті болып шығатын еді.
Сырым Датұлы Хан кеңесінің құрамына сайланбай қалды. Ол Әлімұлы старшындарының қолдауына ие болды да, Хан кеңееінің алдына Кіші жүздегі жағдайды жақсарту жөнінде мәселе қойды. Сырым батыр руаралық барымтаны және Орал казактарымен қақтығысты тоқтатуға күш салды.