Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы студенттеріне арналған



бет64/111
Дата19.05.2022
өлшемі0,54 Mb.
#35036
түріОқулық
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   111

«Гамлет» трагедиясы


Шекспир шығармашылығында пайда болған үлкен өзгерістерді бейнелеген көлемді шығармасы – «Гамлет» (1601) трагедиясы. Белинскийдің сөзімен айтқанда, «Гамлет» - драмашы ақындар патшасының басындағы алтын тәжінің ортасына қадап қойылған, жарқыраған асыл гауһар тас».
Автор трагедияның материалын өзіне дейін болған әдеби деректерден, жалпы даниялық Саксон Грамматиктің (ХІІІ ғасырдың басы) хроникасынан алады.
Трагедияның бас кейіпкері - Дания королінің ұлы шахзада Гамлет. Әкесі қастандықпен өлтірілгеннен соң көп ұзамай, анасының тақты иемденген Клавдийге тұрмысқа шығуы Гамлетті шексіз жан азабына душар етеді. Оның көзіне бүкіл дүние «қараңғы, тұңғиық, мазмұнсыз көрінеді». Әкесін өлтірген өз туысы Клавдий екендігін (әке аруағы арқылы) білген соң, Гамлеттің қайғысы күшейе түседі. Інінің ағаны өлтіріп, оның тағын, бақытын иемденуі сияқты ауыр
қылмысқа шыдау мүмкін емес қой. Соның үшін Гамлет Клавдийдің жиіркенішті келбетін, опасыздығын әшкерелеу, одан кек алу өз мойнына түскендігін сезінеді. Белинский айтқандай, енді ондағы
«балалықтың» белгілері жойылады. Қияли елестер жоқ болады, тосаттан болған мұндай қорқынышты оқиғалар, оны әділетсіздіктер мен зұлымдықтар дүниесіне қарсы күреске аттандырады. Ол ұзақ уақыт өзімен, өзіндегі қарама-қарсы, күрделі ойлармен, түсініктермен арпалысады. Өз басына түскен қасірет басқалар бақытсыздығын аңғаруға мәжбүр қылады. Жеке бас қайғысы адамзат қасіреті алдында өзінің маңызын жояды. Олай болмағанда, ол сорлы Клавдийден әлдеқашан кек қайтарған болар еді. Бірақ Гамлет жеке өш алудан бұрын, көптеген маңызды мәселелер туралы ойланады. Гамлет қорқақ, жүрексіз жан болып көрінгенімен шындығында олай емес. Өмірдегі өткір қарама-қарсылықтар, бір жағынан, әкесінің жауыздықпен өлтірілуі, екінші жағынан Клавдий сарайында болып жатқан бұзықшылықтар, ішілген әрбір кесе шарапты зеңбірек атумен белгілеу және басқа да келеңсіздіктер оны терең ойға қалдырады. Гуманист Гамлет орта ғасыр кекшіліне де, яки замандастары Лаэрт, Фортинбрастарға да мүлде ұқсамайды. Олар қанға қан алумен ғана шектеледі, ал Гамлет намысы тапталған жан үшін кек алғысы келеді. Гамлет қанішерді қорғайтын мықты сақшылар болғанымен, оны өлтіруге мүмкіндік таба алар еді. Мәселен, Клавдий ғибадат қылып жатқан уақытта, Гамлет өз борышын орындауына болады. Бірақ ол бұлай қылмайды. Өйткені, Гамлет қорқып, үрікпей, ашық күрес жолымен кек қайтаруды, қанішерді қылмыс үстінде ұстап, жазалауды қалайды. Клавдийдің қылмысына ұқсас оқиғаны көрсететін «Тышқан қақпаны» ойынының сахнаға қойылуы Гамлет мақсаттарының іске асуына мүмкіндік береді. Опасыздық әшкере болады, бірақ осыдан кейін Гамлет батыл қимылдай алмайды, тағы да жан азабына түседі. Оның осы уақыттағы көңіл-күйі атақты
«Өмір яки өлім» монологында айқын бейнеленген.
Гамлет тұлғасы күрделі, қайшылықты болса да, бұл сұраққа ол батыл жауап беріп, әділетсіздікке қарсы күресу керек, деген шешімге келеді.
Гамлет анасының бөлмесінде онымен ашық сұқбаттасып отырғанында, перде артында куә ретінде аңдып отырған адам бар екендігін сезеді, оны қылышымен шауып өлтіреді. Гамлет бұл адамды король деп ойлаған еді, бірақ ол «делбе есуас» Полоний
болып шығады.
Залым Клавдий салық өндіру сылтауымен Гамлетті Англияға сүргінге жіберіп, көзін құрту әрекетінен ештеңе шықпаған соң, басқа айлаға көшеді. Әкесі мен Офелияның өліміне Гамлетті күнаһар деп көрсетіп, Лаэртті оған қарсы қояды. Гамлет бұл жауыздықтың сырын түсінеді. Ол енді шайқастан да, өлімнен де қорықпайды. Ол әрқашан дұшпанға қарсы күреске дайын. Лаэртпен жекпе-жек айқасқа түскенінде, Гамлет өзіне бағытталған жаңа қиянатты аңғарады. Уланған қылыштан ауыр жарақаттанғанында шапшаң қимылдап, барша қылмыстың себепшісі болған Клавдийді қылышымен шауып өлтіреді. Әкесі үшін жеке кек қайтару тілегі Клавдий мен оның бұзылған сарайынан кек алу сияқты үлкен әлеуметтік тартысқа дейін көтеріледі. Қайғылы өлімі алдында да үмітсіздікке салынбаған Гамлет Горациоға өсиет қылып, болған оқиғаларды және бүкіл шындықты адамдарға әңгімелеп беруін өтінеді. Сол арқылы ол әділдік үшін күрес әрқашан ең маңызды мәселе екендігін тағы да бір рет дәлелдейді.
Гамлет: Құдай кешсін!
Мен де артыңнан жөнелем. Бәрі тынды, Горацио! Королева, қош енді! Құдайың жар!
Ал, қалғандар, жұмған аузын аша алмай, Сойқан соңын көргендер, әттең, ажал Асықтырып әкеткелі тұр мені,
Мен сендерге баяндар ем бәрін де. Уақасы жоқ, уақыт бітті. Горацио, Тірісің ғой, бар шындықты мен жайлы
Жеткізе гөр естімеген ел-жұртқа! [101.418].
Трагедияда Гамлет Қайта өрлеу дәуірінің ірі қайраткері ретінде көрініп, тозығы жеткен феодалдық қоғамның тәртіптеріне қатты соққы береді, «жолдан шығып кеткен» және бұзылған ғасырды
«жолға салуды» өз мойнына жүктелген борыш деп біледі. Тек король Клавдийді өлтірумен іс бітпейтіндігін түсінеді, оның көзіне бүкіл дүние «қараңғы тұңғиық», әсіресе «Дания - зындан» болып көрінеді.
Демек, Гамлет Қайта өрлеу рухымен сусындаған Шекспирдің драмалық шеберлігі туғызған жаңа типтегі адам - әділет үшін күресуші гуманист образ. Оның характері күрделі жағдайда, ішкі және сыртқы көптеген оқиғаларға байланысты дамып отырады.
Гамлет жалғыз күресу арқылы барша әділетсіздіктерді жеңуге болады, деп ойлайды. Бірақ адасқан қоғамды «дұрыс жолға түсірудің», оны қайта құрудың жолдарын білмейді. Сол себепті оның гуманистік армандары келеңсіз қоғаммен болған аянышты конфликтте көрінеді. Гамлеттің қасіреті феодалдық зұлымдықтың негізі болған қанішер Клавдийге және сарай ақсүйектеріне қарсы күресіп, ақырында мерт болуында ғана емес, ал туып келе жатқан ақша үстемдігінің өкілі, едәуір аяр, айлакер Фортинбрас сияқты авантюристердің келуінде, келеңсіз қоғамда оның жақсы тілектерінің орындалмауында. Осы дәуірдегі ірі ақындардың бірі Джон Дон өз шығармаларында адамсүйгіштік идеялардың құлдырап кеткендігін бейнелей отырып, адамға әлсіз аянышты бір мақұлық ретінде қараған еді. Өз заманасының қайшылықтарын сезіне білген Шекспир үмітсіздікке салынбай, керісінше, адамның шығармашылық күшіне және қабілетіне өте жоғары баға береді. Гамлет тілімен ол «Табиғаттың нағыз ғажайып туындысы - адам! Оның зейіні өткір, ондағы қабілеттер шексіз», дейді. Бұл сөздерге Қайта өрлеу дәуіріндегі типтік тұлғаның адамға деген көзқарасын айқын көреміз.
Шығарма орайында Дания королі Клавдий сарайындағы әділетсіздіктер, сатқындық, екіжүзділіктерді әшкерелеу сияқты маңызды мәселе тұр. Трагедиядағы әрбір кейіпкердің өзіндік әрекет ету жолы бар. Таққа шығып алған «сайқымазақ» Клавдий істеген қылмыстарын жасыруға ұмтылады. Егер «қылмыс болмаса, онда мейірімділік те болмас еді», деп айыптарын жуу үшін ғибадат қылады. Гамлетке қарсы ашық күресе алмауының себебі «қара халық оны жақсы көреді, оны сыйлайды». Ол - өзінің жиіркенішті мақсаттарын Розенкранц пен Гильденстерн секілді опасыздар арқылы іске асыруға ұмтылған типтік феодал образы.
Гертруда ханым - өте әлсіз, шектелген, жігерсіз әйел. Ол өз ұлына жанашырлық танытпайды. Клавдийдің тұзағына ілінген және қастандық құрбаны болған ханым Гамлеттің биік адамгершілік сезімдерін түсінбейді. Оның санасы, Шекспир ұлылаған адамгершілік қасиеттерге қарама-қарсы, мүлдем жат.
Сарай ақсүйектеріне тән аярлық пен екіжүзділік корольдің жәрдемшілерінің бірі жылпос Полонийдің бойында бар. Өзін данышпан қылып көрсетуге ұмтылған бұл «делбе есуас» әр қадамында күлкілі жағдайға душар болып отырғандығын
байқамайды. Францияға оқуға аттанып бара жатқан ұлы Лаэртке берген насихатында Полонийдің арам пиғылы айқын көрінеді. Ол ұлына «адамдармен достаспа, ешкіммен сырлас болма, қарыз алма, қарыз да берме» деп тапсырады. Қайғы мен қиялға батып жүрген Гамлетті ол өз қызы «Офелияға деген махаббатының нәтижесінде есінен ауысқан» деп өсек таратады. Корольге қошаметгөй Полонийдің бейнесі, әрекеті, «даналығы» оның шәлкеш сөздерінде айқын көрінеді. Ол әр қадамында жеке басының мүддесін ойлайды. Ұлы мен қызын да сол рухта тәрбиелеуге ұмтылады.
Озрик – Розенкранц пен Гильденстерн тақылеттес опасыз жан. Ол барлық адамгершілік қасиеттен жұрдай, аяр адам, қылыштасу алдында соттың Лаэртке берілетін қылышты улағанын біледі. Пьеса соңында Фортинбрастың келе жатқандығын хабарлайтын да сол. Озрик - әрқандай әміршінің қызметіне дайын тұратын феодалдық сарайдың типтік өкілі.
Гамлет Озрикті көбікке ұқсатып: «Қазіргі адамдардың барлығы да сол тақылеттес! Олар қылық пен әдептің тек сыртқы жақтарын ғана үйреніп алып, әрқандай жағдайларда толқынның бетіне бөртіп шығады. Бірақ сынамақшы болып бір үрлесең, көзден ғайып болады», - дейді.
Трагедиядағы Офелия мен Лаэрт образдары Гамлетке дұшпан дүниенің жақсы өкілдері ретінде суреттеледі. Басқаша өмір жағдайында олар жақсы қасиеттерге ие болуы да мүмкін еді, бірақ Эльсинор ортасы олардың игі тілектерін жоққа шығарады және соңында өздері мерт болады.
Лаэрт бір жағынан әкесі Полонийге еліктейтін жан. Онда батылдық мінез көрінгенмен, ол Гамлет сияқты адамдарға мүлде ұқсамайды. Гамлет әкесін өлтірген қанішерден кек қайтаруды заманының көптеген мәселелерімен байланыстырса, Лаэрт, керісінше, әкесін кездейсоқ өлтіріп қойған Гамлеттен қанды өш алуға, феодалдық қоғамның қағидасы бойынша ұлының әке алдындағы борышын орындауға асығады. Алдын ол Полонийдің өліміне себепші болған Клавдийге жиіркенішпен қарайды, халық арасындағы наразылықтардан пайдаланып, көтеріліске шығады, сарайға басып кіреді. Бірақ айлакер Клавдийдің айласына алданып, қайғылы өлімге душар болады.
Полонийдің қызы Офелия Гамлетті сүйеді, бірақ ол әкесі мен ағасына тәуелді, олардың айтқандарынан шыға алмайды. Өте
қарапайым, аңғал қыз. Соның үшін де ол Гамлеттің арман-тілегін түсінбейді. Отбасылық салт-дәстүрлердің әсерінен құтылуда әлсіздік танытады. «Әйелдердің ең бақытсызы» болған Офелия - зұлымдық өршіп тұрған феодалдық қоғамның құрбаны сипатында мерт болған қыздар образы.
Әлеуметтік тұрмысты толыққанды суреттеуге негіз салып, трагедия жанрын жаңа даму сатысына көтерген Шекспирдің эстетикалық көзқарастары ашық, айқын. Ол Гамлеттің сөзі арқылы драмалық өнердің негізгі міндеті «табиғаттың жүзіне айна тұту, шарапатқа да, озбырлыққа да олардың нағыз бейнесін шынайы көрсету, тарихтағы әр бір заманның жүзін бояусыз сол күйінде сәулелендіру» екендігін айтады. Гамлет образында жазушының адам, оның жігері, жаратушылық құдіреті туралы көзқарастары жинақталған.
Гамлет - адам ақылының ескілік үстінен жеңіске жетуінің жарқын мысалы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   111




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет