Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы студенттеріне арналған



бет79/111
Дата19.05.2022
өлшемі0,54 Mb.
#35036
түріОқулық
1   ...   75   76   77   78   79   80   81   82   ...   111
Байланысты:
koblanov-shetel-ad-tar

«Оралған жұмақ» поэмасы


Мильтонның екінші поэмасы «Оралған жұмақ» (1666) төрт кітаптан тұрады. Поэмада шайтан мен Иса ортасындағы күрес бейнеленген христиан хикаясы баяндалады. Мұнда «Жоғалған жұмақ» поэмасындағы күрескерлік рух көрінбейді. «Жоғалған жұмақта» «күна жасау» бейнеленсе, бұл поэмада сол «күнаны
жуу» хикаяланады. Оның негізінде алдауға ермеу, кедергілерді жеңу және ақыл нәтижесінде адамзатқа жұмақ есігі қайта ашылады деген пікірлер жатыр. Адам Ата мен Хауа Ана шайтанның айласына алданып, күнаға батып, жұмақтан қуылса, олардың соңғы ұрпақтарының бірі Иса ақылы жәрдемінде шайтанның тұзағына түспейді, оны жеңеді және сол арқылы адамзатты апаттан сақтап қалады. Поэманың діни мазмұны шығарма идеясын шектеп қояды.
«Оралған жұмақта» алғашқы поэмадағы сияқты шайқас көрінісі кең көлемде баяндалмайды. Поэма діни мазмұнда жазылғанымен, нағыз саяси рухтағы шығарма болып табылады. Кітаптағы аңыздық Иса інжілге келіп жүгінгенімен, ол ағылшын феодал-ақсүйектеріне қарсы қойылған образ.
Поэмада шайтан өзінің алғашқы көтерілісшіл келбетін жоғалтқан сипатта көрсетіледі. Ол енді «беделге қарсы көтерілістің» көсемі де емес. Дүние жүзін билеген және өзі «беделге» айналған шайтан үшін озбырлыққа бағытталған наразылықтан еш нәрсе де қалмаған. Енді онда өз күшіне сенбеушілік, екілену және қайғы пайда болады. Шайтан бойындағы дүниеқоңыздық, сараңдық және өзімшілдік мінездер автордың осы дәуірдегі билік өкілдеріне сын көзбен қарағандығының айқын дәлелі.
Поэмада шайтанға қарсы қойылған тұлға – Иса. Ол жеңіске жеткен ақыл-парасаттың озық үлгісі ретінде көрсетілген. Мильтон адам мінезіндегі қайшылықтар мен күрестерді емес, ал діни догманы бейнелейді. Иса шектелгендігіне байланысты поэманың нағыз қаһарманы болудан алыс жатыр. «Жоғалған жұмақ» поэмасының қаһарманы Адам Атаға онша ұқсамайды. Бірақ, осыған қарамастан, Иса өз басынан көптеген қасіреттерді өткізген, феодалдық реставрацияға жиіркенішпен қараған пуритан топтарды еске түсіреді.


«Самсон – күрескер» трагедиясы


«Самсон – күрескер» (1667) шығармасында Мильтон әміршілерге өшпенділікпен қарап, күрес және кек қайтару арманымен жасаған белсенді күрескер образын бейнелейді.
Мильтон бұл трагедияның сюжетін таураттағы хикаялардан алып, оған жаңа мазмұн береді. Оқиға Филистимян қаласында болады. Дұшпандарына үлкен қауіп туғызған Самсон айла- шарғыға алданып, өз сырларын айтып қояды. Бұдан пайдаланған
филистимяндықтар оны қолға түсіріп, зынданға тастайды. Самсон бұл жағдайға өзі кіналы екендігін аңғарады, соқыр болып қалған ол қатты азап шегеді. Бірақ қайсар Самсон филистимяндықтарға бас игісі келмейді, әкесі ақша төлеп, оны құлдықтан азат еткісі келсе де, Самсон бұған намыстанады. Дұшпандар оны театрға әкеліп, күшін сынамақшы болады. Соқыр Самсон ауыр тастарды көтереді, тастардың кейбірін екі бөліп, жұртты риза қылады. Соңынан, Самсон ғимаратты көтеріп тұрған екі ұстынды суырып алады. Осы кезде тамашаға келіп отырған «княздар, абыздар, кеңесшілер, діндарлар» құлаған ғимараттың астында қалып, ажал құшады. Самсонның өзі де мерт болады. Бірақ ол өз өлімімен халыққа жеңіс алып келеді.
Трагедияның басында Самсон қатты азап көреді, әрі құл, әрі сайқымазақ қызметін атқарады. Кейін дұшпандарынан кек қайтарып, өз халқының алдындағы борышын өтейді. Самсонның филистимяндықтарға қарсы күресі арқылы жазушы осы дәуірдегі ілгерішіл жандардың король озбырлығына, феодалдық қанауға қарсы күресін бейнелейді. Төңкерісшіл классицизм рухында жазылған бұл шығарма үш бірлік заңы негізіне құрылған. Оқиға бір күнде, бір жерде өтеді. «Самсон – күрескер» трагедиясында Мильтон «Жоғалған жұмақ» поэмасындағы сияқты терең, батыл қорытындылар шығару дәрежесіне көтеріле алмаса да, бұл шығарма реставрацияның нағыз дұшпанына айналған республикашыл ақынның өз дәуіріндегі өзекті мәселелерге арналған ең маңызды туындысы болып қалды.


Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. Классицизмнің эстетикалық теориясының бастау көздері?

  2. Классицизм әдебиетінің тақырыбы мен кейіпкері?

  3. Шекспие дәстүріндегі театрдан классицизм театрының айырмашылықтары?

  4. Джон Мильтон шығармаларындағы пуритандық дүниетаным мен гуманистік ойлары арасындағы қайшылықтар?

  5. Англиядағы классицизмнің өзіндік ерекшеліктері қандай?

    1. тарау.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   75   76   77   78   79   80   81   82   ...   111




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет