Кратин, Эвполид
және
Аристофан
.
Солардан тек Аристофанның шығармалары ғана сақталып қалған.
115
Аристофан
Ежелгi комедияшы ақындар арасында шығармалары азды-көптi
бiздiң заманымызға дейiн жеткенi – осы Аристофан. Бұл ақынның
шығармашылығында комедияның мазмұны едәуір кеңейiп, форма
жағынан өзінің жоғары даму сатысына көтерiледi. Сондықтан, бiз
үшiн бұл ақын осы жанрдың алғашқы ірі өкiлi және
«дүниежүзiлiк
комедияның атасы»
болып саналады.
Аристофанның жеке өмiрi жайлы толық мәлiметтер жоқ.
Кейбiр деректерге жүгiнсек, ақын шамамен б.з.б. 445-жылы
Аттика аймағына жақын орналасқан Эгина аралында туған, Афина
мемлекетiнiң азаматы болған. Аристофан өзiнiң әдеби қызметiн
өте ерте бастайды. Жиырма жасында комедияшылар сайысына
қатынасып, екiншi орынды иелейдi. Қырық жылды қамтитын
әдеби қызметi барысында ақын шамамен қырықтан артық шығарма
жазған. Сол шығармалардан бiзге толығымен он бiр комедия жеткен.
Ғалымдардың болжамына сенсек, ақын б.з.б. 585-жылы қайтыс
болған.
Аристофанның алғашқы шығармаларының бiрi - «Ахарнян»
комедиясы. Әдебиетке жаңа ғана қадам қойған жиырма жастағы
ақын осы шығармасында-ақ заманының ең өзектi мәселелерiнiң
бiрi болған соғыс пен бейбiтшiлiк туралы әңгiмелейдi. Пелопоннес
соғысының басталғанына алты жыл болған, сол жылдар iшiнде
афиналықтардың көрген қиындықтарының саны жоқ. Мыңдаған
жан өлген, Аттика аймағының егiндiктерi, бау-бақшалары
ойрандалған, мемлекеттi аштық, жұқпалы аурулар жайлаған.
Жағдайдың осылайша күннен-күнге қиындап баруы нәтижесiнде
Афина халқының ортасында рухани күйзелiс, спарталықтарға қарсы
ашу-ыза, өздерiнiң әскери басшыларына наразылықтар күшейедi.
Аристофан халықтың осындай рухани жағдайын бейнелей отырып,
«Ахарнян» комедиясында соғысты қолдаушы радикал демократтарға
және олардың басшысы, заманының құдiреттi әміршiсi Клеонға улы
қаламын түйреп, соғыс апаттары тек ғана өзiнiң жеке мүдделерiн
ойлаған даңққұмар залым билеушiлердiң кесапаты салдарынан
болатын қасiрет екендiгiн айтып, афиналықтарды тезiрек iшкi
қырғындарды тоқтатуға, Спартамен бiтiмге отыруға үндейдi.
Жазушы өзiнiң бейбiтшiл идеяларын шығарманың бас қаһарманы
қарапайым шаруа Дикеополь («әдiлетшiл азамат» деген мағынаны
116
білдіреді) образы арқылы көрсеткен. Соғыс машақаттарын тарта-
тарта шаршаған диқан Афина халқын Спартамен татуластыру
мақсатында халық мәжiлiсiне келедi. Бiрақ жиынға жиналғандар
соғысты қолдаушылардың айла-шарғысына алданып, соғысты
тоқтату туралы сөздi мүлдем тыңдағысы келмейдi. Ұрысты тоқтату
жайлы халық мәжiлiсiнен күткен үмiтi орындалмаған Дикеопольдiң
өзi Спартамен жеке бiтiмге отырады. Дикеопольдiң қарсыластары
болған ахарняндар оны сатқындықта айыптап, өлтiруге бел
байлайды. Дикеополь әрең дегенде олардың ашуын басып, соғыс
тек ғана саясаткерлерге және Ламах сияқты әскери басшыларға
табыс әкелетін, ал қарапайым халық үшiн нағыз қасірет екендiгiн
қарсыластарына ұқтырады.
Аристофанның бiзге дейiн жеткен шығармалары арасында
ұрыстың қасiретi, бейбiт өмiрдiң ғажаптығы туралы хикаялайтын
тағы екi комедиясы бар. Бұлардың бiрi – «Салтаттылар», екiншiсi –
«Лисистрата».
«Бейбiтшiлiк» комедиясы Пелепоннес соғысының оныншы
жылында (б.з.б.421) жазылған. Оның мазмұны онша күрделi
емес: Тригей деген аттикалық қарапайым шаруа соғысты тоқтату
ниетiнде бiр алып қоңызды асырап, бағып, үлкейген соң оны мiнiп,
Олимп тауына, құдайлар құзырына шағымдануға барады. Бiрақ бұл
жерде Герместен өзге құдайларды таба алмайды. Герместiң айтуына
қарағанда, барлық құдайлар адамдардың үздiксiз ұрыстарынан
шаршап, аспанға ұшып кеткен-мыс. Олимп тауында болса, тек
зұлымдық құдайы Полемос ғана қалыпты. Тригей бейбiтшiлiк
құдайын тұтқыннан құтқарып, жер бетiнде бақытты, шаттық өмiрді
орнатады.
«Лисистра» комедиясын Аристофан Пелопоннес соғысының
жиырмасыншы жылында (б.з.б. 411), бүкiл грек жұртының
апатшылыққа жақындап қалған бiр кезеңiнде жазады. Шығарманың
бас қаһарманы Лисистрата («әскерлердi таратушы» деген мағынада)
есімді ақылды, дана әйел, грек еліндегі барша әйел-қыздарды жинап,
оларды өз ерлерiнен бас тартуға шақырады. Сол арқылы барлық
еркектi жазықсыз қан төгудi тоқтатып, бiр-бiрлерiмен бiтiм құруға
мәжбүр етпекшi болады. Әйелдер Лисистратаның кеңесiне көнiп,
Акропольге жасырынып алады. Еркектер әйелдердiң қарсылығын
жеңуге қаншалықты ұрынғанымен, соңында олардың шарттарына
көнiп, соғысты тоқтатуға келiседi. Шығарма жаңадан басталған
117
бейбiт өмiрдi мадақтайтын көңiлдi жырлармен аяқталады.
Жоғарыда қарастырған шығармаларымыздың барлығы идеялық
жағынан бiр-бiрiне өте жақын. Олардың мақсаты - соғыс зардаптары
мен бейбiт өмiрдiң артықшылықтарын насихаттайды.
Алдыңғы екi комедияның қаһармандары бейнесiнде ұқсастықтар
бар. Олардың екеуi де өмiр бойы диқаншылықпен күн кешiрген адал,
қарапайым және еңбекшiл жандар. Соғыс олардың шаруашылығын
ойрандап, жерлерiн таптайды. Сондықтан екеуiнiң де жалғыз тiлегi –
тезiрек соғыс зардаптарынан құтылу, бейбiт өмiрге жету, Дикеополь
де, Тригей де нағыз табанды, қажырлы жандар. Олар өздерiнiң осы
ниеттерiне жету үшiн ерлiкпен күреседi. Бiрақ, бұл шығармалар
ортасында жалпылай ұқсастықтар болғанымен, оларды бiр-бiрiнен
ерекшелейтiн де белгiлерi бар. Мәселен, «Ахарнян» комедиясында
бейбiт өмiрдiң абзалдығын жақтап, соғысқа қарсы тек ғана бiр адам
(Дикеополь) бас көтередi, бейбiт өмiрдiң жалғыз бiр ғана отбасына
алып келген бақыты баяндалады. Оқиға барысында Дикеополь
сөз жүзiнде ғана емес, өзiнiң қимыл-әрекетiмен де тыныш
тұрмыстың абзалдығын дәлелдеп, осы жолмен қыстақ халқының да
қарсылықтарын жеңуге ерiседi.
Кейiнгi екi шығармада болса соғысқа қарсы бүкiл грек жұрты
көтерiледi. Мәселен, Тригей бейбiтшiлiк құдайын тұтқыннан құтқару
үшiн барша гректердi, әсiресе, шаруаларды жәрдемге шақырады:
«Диқандар, саудагерлер, метектер (келiмсектер), аралдықтар!
Барлығыңыз мұнда келiңiздер!..» Тригейдiң ықпалымен, бүкiл грек
елiнен жиналған жандардың қайратымен, бейбiтшiлiк құдайы
қапастан құтқарылады, мемлекетте бейбiтшiлiк орнайды.
«Салтаттылар» комедиясында ұрыстың негізгі себептерi айқын
көрсетiлген. Ақын барша бақытсыздықтың күнаһарлары қатарында
Перикл, Клеон және т.б. саясаткерлердің аттарын атайды.
«Ахарнян» шығармасына қарағанда «Лисистрата» комедиясында
саяси қақтығыстар аз. Өйткені, шығарма жазылған кезеңдерде
Афинаның мемлекеттік саясатында ақсүйек топтардың ықпалы
күшейіп, демократиялық еркіндіктер шектеле бастаған еді.
«Салтаттылар» комедиясының оқиғасы Демос («халық» дегенді
білдіреді, осы образ арқылы ақын Афина халқының аянышты
жағдайын көрсетеді) деген сөзге ергiш, керең, кәрiлiк салдарынан
әбден қалжыраған бiр шалдың есiгi алдында өтедi.
Демос жақында пафиогониялық Көнші (жазушы осы образ
118
арқылы Клеонды бейнелейді. «Көнші» деген лақап ат Клеонның
ірі былғары өңдейтін кәсіпорынға қожайын болғандығына ишара)
есiмдi бiр құлды сатып алған. Құл Демостың отбасына келген
күннен бастап, ешкiмде берекет болмайды.
Көншi әр қилы айла-шарғымен, жылпостықпен ақымақ шалдың
сеніміне кіріп, оның мал-дүниесiн тонайды, қалған құлдардың
үстiнен шағымданып, оларға тыныштық бермейдi. Демостың
Никий мен Демосфен деген екi құлы Көншiден көбiрек жапа
шегедi. Пафиогониялық құл олар дайындаған тәттi тағамдарды
өзi дайындағандай Демосқа ұсынады. Залымның зұлымдығын
тарта-тарта жандарынан тойынған екi құл өз дұшпанын жоюға
бел буып, осы мақсатпен айлакерлікте Көншiден де асып түсетiн
Агоракрит дейтін алаяқты іздеп табады. Оған көп байлық пен
жоғары лауазымды уәде қылып, соның есесiне Көншiнi Демостың
үйiнен айдап шығуды талап етедi. Бiрақ Агоракрит өзiн жоғары
мансапқа қомсынады. Өйткенi, шыққан тегi өте төмен, оның үстiне
сауаты да жоқ. Демосфен оны жұбатып, саясаткер болу үшiн
адал, бiлiмдi болудың ешқандай қажеттiгi жоқтығын, адамдарға
басшылық етудiң ең жақсы әдiсi арамдық, айлакерлiк екендiгiн,
оларды өз жағыңа шығару үшiн ең тиiмдi қару – тәттi-тәттi сөздер
айту, дәмдi тағамдарды уәде қылу екендiгiн айтады. Осы кезде
iшкерiден Көншiнiң өзi де шыға келедi. Агоракрит қорқып кетіп,
қашпақшы болып тұрғанында, айқай-шумен салтаттылар (Афина
қосындарындағы ақсүйектер бөлімі, олар Клеонның саясатына
қарсы болған) келiп қалады. Олар жауынгерлiк жырлар айтып,
ұры, қарақшы, жауыз Клеонды сабауға шақырады. Осыдан кейiн
Агоракрит пен Көншiнiң арасында жанжал, жұдырықтасу басталып
кетедi. Ұрда-жық төбелесте салтаттылар Агоракритке жәрдемдеседi.
Жалақорлықта, арсыздықта өзiнiң қарсыласынан асып түсетiн
Агоракрит Көншiнi жеңедi.
Жазушы залымдардың жанжалы арқылы Клеонның
саясат саласындағы қылмыстарын, созылып кеткен соғыстың
зардаптарын, шаруалардың күйзелгенiн, одақтастардың шамадан
тыс тоналғандығын және осылардың нәтижесiнде тек Клеонның
ғана қалтасы ақшаға толып жатқандығын сынайды. Күрделi
саяси қақтығыстармен басталған бұл көрiнiс, бiрте-бiрте ғажайып
күлкiлi көрiнiске айналады. Қарсыластар бiрінен-бiрi өтiп, Демосқа
қошаметтер жасайды. Мақтауға тез алданатын аңқау шал өзiнiң
119
кешегi «сенiмдi серiгiнен» тез арада жиреніп, қолындағы жүзiгiн
және билiктi Агоракритке тапсырады. Шығарманың аяғында
Агоракрит Демосты қайнаған суға салып, сиқырлы жолмен жас
жiгiтке айналдырады. Ақымақ шалдың орнында ендi ақылды,
қайратты жас жiгiт пайда болады.
«Салтаттылар» комедиясы - Аристофан шығармалары арасында
саяси тұрғыдан ең өткiрi. Ақын өзiнiң бұл пьесасында Афина
құлиеленушiлiк демократиясын, оның басқару жүйесiн, iшкi және
сыртқы тәртiптерiн аяусыз түрде әжуалап, бейнелеуде әрқандай ащы
кекесiндi сөздердi қолданудан қаймықпайды. Клеон аңғал халықтың
сенiмiне қиянат жасайтын, мемлекет есебiнен қалтасын толтыру
ойымен ғана өмір сүретiн арамтамақ, залым. Бiрақ, ақын Афина
мемлекеттiк құрылысын қанша әжуалағанмен, оның тәртiптерiн
қанша сынағанымен, бiрер жерде бұл құрылысты түбегейлi жою,
оның тамырына балта шабу мәселесiн көтермейдi. Аристофанның
негізгі мақсаты мiне, осы құрылыстың кейбiр кемшiлiктерiн,
күннен-күнге тереңдеп бара жатқан келеңсiздiктерiн жою ғана
болатын. Ақша қатынастарының күшеюi, құлиеленушiлiктiң
өсiп баруы, халық арасында әлеуметтiк теңсiздiктiң шиеленiсуi
нәтижесiнде ежелгi Афина қоғамы басшыларының арасындағы
ымырашылдық, жемқорлық, билiк арқасында байлық жинау,
қазынаны тонау және осы сияқты жарамсыз әрекеттер өршiп
кеткен едi. Қоғамдық қатынастарды терең түсiнiп жетпеген
Аристофан, осы келеңсiздiктердiң себебiн залым басшылардан
көрiп, өз сатирасының ащы, улы тілін соларға түйрейді. Олардың
озбырлықтарын әшкерелеу арқылы ақсүйектiк билiктi қайта орнату
емес, ал сол демократиялық басқару жүйесiн нығайтуды армандайды.
Шығармада Аристофанның Клеонға берген мiнездемелерiмен
мүлдем келiсуге болмайды. Тарихи деректерге қарағанда, Клеон өз
заманының өте дарынды, ақылды, абыройлы мемлекет қайраткерi
болған. Ол Афина мемлекетiнiң құдiретiн арттыру ниетiнде
Спартаға қарсы жүрiп жатқан соғысты күшейтуге ұмтылады.
Құлиеленушiлiк қоғамдағы сауда және өндiрiс салаларының
мүддесiн ойлай жасалынған мұндай басқыншылық саясатты қала
халқының кедей топтары, көптеген қолөнершiлер, жалпы, теңiз
өмiрiмен байланысты болған барлық еңбекшiлер қолдап-қуаттаған.
Афина халқының осындай жұрты арасында Клеонның даңқы
кең тараған едi. Бiрақ қыстақ шаруашылығын күйзелiске жетелеп
120
бара жатқан бұл саясат диқандар мүддесiне мүлдем қайшы болды.
Сол себептi, бұл топтың қорғаушысы Аристофан мемлекет iстерiн
соғыс пайдасына сәйкестендiрiп, ел басына сансыз қасiрет пен
жоқшылық әкеліп отырған Клеонды халықтың нағыз дұшпаны деп
бiледi және сатираның найзасын оған аямастан түйрейдi. Жалпы
айтқанда, ежелгi грек комедияшылары өз шығармаларындағы
кейiпкерлердi тарихи тұрғыдан шынайы суреттеудi мақсат қылып
қоймаған. Олар бұл кейiпкерлер бейнесiнен белгiлi бiр идея үшiн
күресушi адамдарды көрiп, кейiн осы көзқарас тұрғысынан оларға
баға берген. Сондықтан, «Клеон тарихи жағынан қанша ұлы тұлға
болғанымен, өзiнiң зиянкес саясатымен ел басына жаудырған
қасiреттерiне байланысты Аристофан түсiнiгiнде құрметтеуден
мақұрым қалады, бiтiспес дұшпанға айналады» [22,73].
Аристофан бұл шығармасында салтаттыларды ерекше
жылылықпен дәрiптеген. Көншi-Клеонды әшкерелеуде оларға
маңызды орын бөлген. Бiрақ, мұнымен жазушы демократияны
құлатып, аристократияны тiктеу мақсатын көздеген емес. Жалпы,
бiз Аристофан шығармаларында ақсүйектiк билiктi қолдау сияқты
ойларды кездестiрмеймiз. «Салтаттылардан» екi жыл кейiн
жазылған «Бұлт» комедиясында ақын, керiсiнше бiр ақсүйектi
аяусыз масқаралайды. Сондықтан, Клеон сияқты құдiреттi дұшпанға
қарсы күресте Аристофан салтаттылардан, мүмкiн, уақытша
одақтас ретiнде пайдаланған шығар. Тiптi, ақсүйектердiң өзi де бұл
адамдардан құтылғысы келді демекші болған шығар.
Аристофан тек мемлекет басында отырған озбыр қайраткерлердi
аяусыз келеке етумен шектелiп қалмай, халықтың бейнесi болған
Демосты да сынға алады. Ақын суреттеуiнде, «халық өз есiнен
айрылған, пайданы зияннан айыра алмайтын, болмашы нәрсеге
алданатын бiр тобырға айналған. Бұл халық ендi еңбек етпей, жанын
қинамай, басқалардың есебiнен, арамтамақтықпен өмiр сүрудi
армандайды». Аристофанның қалың жұртқа және оның басында
отырған билеушiлерге көзқарасында үлкен қайшылықтар бар.
Ақын Демостың iс-қимылдарына, орынсыз қылықтарына күледi,
бiрақ бұл күлкiде ащы кекесiн емес, ал осы халықтың жағдайын
көрiп ашынған жанның айқайы естiледi. Себебi, бiр күнi алдамшы
саясаткерлердің сөздерiне сенген халықтың көзi ашылуына, өткен
қателiктерiн аңдап, мемлекет тiзгiнiн өз қолына алуына Аристофан
мүлдем күманданбайды. Аңыздық жолмен Демосты жасартуы да
121
жазушының осы iзгi тiлектерiнiң орындалатына деген сенiмi болса
керек. Сондықтан, драматургтiң көрерменге айтқысы келгенi,
Афинаның еркiн халқы кәрiлiктiң салдарынан болған сенгiштiк,
бойкүйездiк, жалқаулыққа соққы берiп, Афина елi бүкiл грек
жұртының басында тұрып, парсыларға қарсы батыл шайқасқан
Марафон, Саламин замандарындағы ерлiк қасиетiн тапсын.
Алаяқтарды қуып, басқару iсiн өз қолына алсын, демократиялық
тәртiптердi орнатсын.
«Салтаттылардан» кейiн жазылған «Соналар» (б.з.б.
422) комедиясында Аристофан Клеонның қызметiн сынауды
жалғастырып, соның себебiнен Афина халқы арасында күшейiп
кеткен сотқұмарлық ылаңды масқаралайды.
Шығарма оқиғасы Филоклеон деген бiр шалдың үйiнде өтедi.
Сот машақаты бұл адамның санасына сiңiп кеткендiгi соншалық,
тiптi ол ұйықтағанда да түрлi түстер көрiп, шошып шығады. Оның
ұлы Бделиклеон әкесiнiң жынданып кетуiнен қорқып, оны үйге
қамап қояды. Шалдың сотқа қашып кетпеуi үшiн, екi құл күндiз-
түнi күзетедi. Шығармадағы барлық оқиға, негiзiнен, мiне, осы
шалдың қандай айламен болса да күзетшi құлдарды алдап, қалай
да сот мекемесiне бару жолындағы талпыныстары айналасында
өрбиді.
Аристофан «Салтаттылар», «Соналар» комедияларында
Афина демократиялық құрылысының кемшiлiктерiн айтқан болса,
б.з.б.423-жылы сахнаға қойылған «Бұлт» комедиясында осы
кемшiлiктердi туғызған идеялық себептердi, жастарды тәрбиелеу
және оқыту саласындағы жаңа тәлiм-әдiстердiң келеңсiздiктерiн
аяусыз әшкерелейдi. Жаңа шығармада жазушының ашу-ызасы осы
дәуiрде өте кең тараған софистер философиясына бағытталады.
Аристофан жаңа философиялық iлiмнiң озық үлгiсi сипатында
дәуiрiнiң данышпан ғалымы және қайраткерi Сократты таңдайды.
Шығарманың бас қаһарманы - Стрепсиад деген қарапайым
диқан. Ол өзiнiң аңғалдығы, адалдығы арқасында ақсүйек
отбасының қызына үйленедi. Содан берi қала өмiрiн ұнатпаса да,
осы жерде жасауға мәжбүр болады. Әйелiнiң жөнсіз шығындары,
ақсүйектерге тән болған арамтамақтыққа үйренген жалғыз ұлы
Фидиппидтiң орынсыз ақша шашуы күннен күнге Стрепсиадтың
шаруашылығын күйзелтiп барады. Әсiресе, жақыннан берi
Фидиппид асыл тұқымды аттарға құмар болып, әкесiн қарызға
122
әбден батырып, ауыр жағдайда қалдырады. Стрепсиадтың құлағына
«Софистер, әсiресе, олардың басшысы Сократ адамдарға жалғанды
шындыққа айналдыруды үйретедi-мыс» деген сөздер шалынады.
Шал, мiне осы «қарыз төлемеу жолдарын үйрететiн iлiмдi» оқу
ниетiнде, Сократтың «ақылханасына», яғни мектебiне шәкiрт
болуды армандайды. Стрепсиад бұл жерде жыртық киiм киген, ауру,
әлсiз шәкiрттердi, биiк жерге iлiнген тор себет iшiндегi Сократтың
өзiн көредi. «Шәкiрттер өз ұстазының жетекшiлiгiнде, бүрге өзiнiң
қадамымен өлшегенде қанша қашықтыққа секiре алады, шыбын
тұмсығымен немесе құйрығымен ызыңдай ма деген сұрақтарды
және осы сияқты бiрнеше «күрделі» мәселелердi шешiп жатқан
екен. Сократтың өзi болса, себетке кiрiп алып, жұлдыздардың
санын есептеу және басқа да «маңызды» мәселелер туралы ойланып
жатқан еді» [1,138]. Сократ Стрепсиадты софистердiң жаңа құдайы
Бұлтпен (шығарма түрлі-түсті әшекей киімдер киген хор атымен
аталған) таныстырады. Сократтың айтуынша, жаңа данышпандар
сәт сайын түрiн өзгертiп отыратын бұлттардан өзге ешбiр құдайды,
тiптi, Зевстi де мойындамайды.
Сократ жаңа дiннiң ерекшелiктерiн Стрепсиадқа түсiндiредi
және ескi нанымдарды тастап, осы дiндi қабылдауға шақырады
(399 жылы Сократты дінсіздікте айыптап, соттап жатқанда осы
«Бұлт» комедиясы маңызды дәлел ретінде пайдаланылған). Бiрақ
мұндай «күрделi» iлiмдердi түсiнуге Стрепсиадтың зейiнi әлсiздiк
танытқан соң, Сократ оны мектептен қуып шығады. Осыдан кейiн,
ол өз орнына Фидиппидтi жiберуге мәжбүр болады. Оқуды аяқтап
қайтқан ұлынан «қарыздарынан құтылу жолын» үйренiп алған
Стрепсиад, ақша сұрап келген адамдарға Сократтың «ілiмiне»
ұқсас «мағынасыз» сұрақтар қойып, бiр сәтте зәресiн ұшырады.
Осылайша, қарыз берген адамдардың бiрi – Аминиймен былай
сұқбаттасады: «Айтшы, қымбаттым, жаңбыр жаудыру үшiн Зевс
таза суды қайдан алады, яки күннiң қыздыруымен ескi сулар
көкке көтерiле ме екен?». Аминий бұл сұраққа жауап қайтара
алмағанында, Стрепсиад былай дейдi: «Ғарыш сырын бiлмеген
сендей надандар қарыз төлеудi де талап ете алмайды». Бұл
жауапқа таңданған Аминий алған қарыздарының өсімін төлеп
тұруын өтiнедi. Стрепсиад өзiн аңқаулыққа салып, бұл өтiнiштi
түсiнбеген болады. Аминий қайта түсiндiрiп, әр қандай қарыз
өсiмге берiлетiнiн, уақыт өткен сайын өсiмнiң де өсетiнiн айтады.
123
Стрепсиад бұған қарсылық бiлдiрiп, Аминийге қарсы сұрақ қояды:
«Айтшы, қымбаттым, теңiз қозғалады ма яки бiр орында тұрады
ма?»[1,84]. Аминий теңiз суының көбеймейтiнiн, егер көбейсе жер
бетiн су басып кететiндiгiн айтқанында, осы жауаппен Стрепсиад
оның өзiн қамшылайды: «Сонша өзендер құйып жатса да, теңiз
суы көбеймейдi ғой, қалайша бекерден-бекерге сенiң ақшаларың
өседi?». Стрепсиад осындай сұрақ-жауаптармен қарыз берген
адамдарды бiрiнен соң бiрiн жөнелте бередi. Қайғыдан бұлайша
жеңiл құтылу оны қуандырады, шаттығы жүрегiне сыймайды. Бiрақ
софистерден үйренiп, басқаларға қолданған айлакерлiк таяғы көп
ұзамай өз басына тиедi. Әңгiмелесiп, дастарқан басында отырған әке
мен бала бiр мәселе үстiнде жанжалдасып қалады. Ұлы әкесiн сабап
тастайды. Стрепсиад өз перзентiнiң мейiрiмсiздiгiнен түңiлгенде,
Фидиппид Сократтан алған тәлiмдерiне жүгiнiп, баланың әкенi
сабауына құқылы екендiгiн дәлелдейдi. «Егер әкелер балаларына
жақсылық тiлеп, оларды таяқтаған болса, не себептен балалар да
өз әкелерiне осындай жақсылықты тiлеп, таяқтамасқа? Не үшiн
таяқ зардабынан балалар жыласа, әкелердiң жылауы мүмкiн
емес? Ықтимал, әкелер баланы сабауға заңның өзi рұқсат бередi
деп ойлайтын шығар? Қарттар баладан да жаман ғой. Солай екен,
сәбилердi сабағаннан гөрi қарияларды сабаған әдiлеттiрек болмай
ма? Дұрыс, қариялар: «Заңда бала әкенi сабауға құқылы деген сөз
жоқ» деуi мүмкiн. Ал, не болыпты, әрқандай заңды адамдар өзi
шығарады ғой. Не себептен Фидиппид те әкелерiн сабауға жол
беретiн заң шығара алмасын?»[1,88].
Стрепсиад ұлының мұндай сөздерiне қарсы «Мен сенi сабауға
құқылымын, сен болсаң өз ұлыңды сабауға құқылысың» деген тағы
бiр дәлелдi келтiредi. «Жоқ, Фидиппид бұл дәлелге көнетiн ақымақ
емес. Егер оның әйелi тумаса ше, онда не болады, әкесiнiң таяғынан
жылағандары бекерге кете ме? Бұл нәрсеге көнудiң ешқандай ретi
жоқ. Бала тек әкесiн ғана емес, тiптi, реті келгенде анасын да сабауға
құқылы» дейді.
Фидиппидтiң соңғы сөздерi Стрепсиадтың ызасына тиедi.
Шалдың көзi ашылып, қателiктерiн түсiнедi. Сократтың «ілiмi»
жастар үшiн қандай қауiптi екендiгiн ұғып, оның «мектебін» өртеп
жiбередi.
«Бұлт» комедиясында софистер iлiмiн мұншалықты қатты
айыптау, келеке ету, әрине, себепсiз болмаған. Бiз жоғарыда
124
софистер философиясының iрi өкiлi Протагор туралы әңгiмелеп,
осы қайраткердiң «Барлық нәрсенiң жаратушысы адам» деген
даналық сөздерiн келтiрген едiк. Протагордың бұл сөзi өз заманы
үшiн адамның қадiр-құрметiн көтеруге, демократиялық идеяларды
қорғауға бағытталған iлгерiшiл пiкiр болғаны даусыз. Бiрақ
Протагордан кейiн өмiр сүрген кейбiр софистер өз ұстазының осы
пiкiрлерiн түрлiше талқылайды. Олардың пiкiрiнше, «әрбiр адам
жақсылық пен жамандықты, ақиқат пен әдiлетсiздiктi өзiнiң жеке
түсiнiгiне қарай белгiлейдi, яғни бiр адамның назарында әдiлетсiз
саналған нәрсе, екiншi адамның түсiнiгiнде әділ болып көрiнуi
мүмкiн»[1,140]. Мұндай пiкiрлердi қолдаған философтар тәрбие
саласында әр қандай бұзықшылықтарды, қиянат пен қылмыстарды
ақтап, Протагордың мақсаттарын мағынасыз мылжыңға айналдырып
жiбередi. Бұл болса, кейбiр софистер қызметiнде орынсыз дәлелдердi
шеберлікпен пайдаланып, мүлдем қайшы келетiн әрекеттердi
дәлелдеуге ұмтылуды күшейтедi. Осының барлығы халық арасында
софистер философиясына деген сенімсіздікті туғызады. Жоғарыда
келтiрiлген фактiлер бiраз өзгертiлген формада, Стрепсиад пен
Фидиппид ортасындағы қақтығыстарда айқын көрсетiлген.
Сондықтан, «Бұлт» комедиясында софистер iлiмiндегi субъективтік
идеяларға қарсы күрескен Сократ сияқты философты, өзiнiң
дұшпандарымен пiкiрлес қылып, оны да софистер сияқты қоғамның
тәрбиелiк принциптерiне зиян келтiрушi дінсіз, ата-бабалардан
қалған қасиеттi дәстүрлердi аяқ асты етушi залым, ғылым саласында
алаяқтықпен шұғылданушы бiр жылпос сипатында көрсету,
әрине, орынсыз. Сократтың жеке өмiрiне қатысты мәлiметтер де
шығармада қате көрсетiледi. Деректердiң көрсетуiне қарағанда,
Сократтың ешқандай арнайы мектебi болмаған. Данышпан философ
өзiнiң iлiмiн кез келген жерде: көшеде, бау-бақшада, жиындарда
баяндап отырған. Кедей болуына қарамай, сұқбаттары үшiн ақы
алмаған. Философ айқын, деректі пәндерге қарағанда, абстракт,
дерексіз мәселелер, яғни мейiрiм-шапағат, әдiлдiк, сұлулық, достық,
жолдастық түсiнiктерiмен көбiрек айналысқан. Өзiнiң ілiмiнде
ешқашан мемлекеттік дiнді, мифологиялық дәстүрлердi, отанының
заң-қағидаларын әңгiмеге араластырмаған.
Демек, осылай екен, не себептен Аристофан софистер
философиясының өкiлi сипатында Сократты таңдады? Өйткені,
Аристофаннан алдын және онымен бiр заманда өмiр сүрген
125
комедияшы ақындар да осылай iстеген. Сократ ілiмiнде софистер
философиясына жақын келетiн кейбiр пiкiрлердiң болуы мүмкiн.
Мәселен, Сократ өз ілiмiнде софистер сияқты рационалдық
принциптерді, яғни әр нәрсеге сапа тұрғысынан қарауды, сөйтiп,
халықтың назарында осы уақытқа дейiн өзгермейтiн ақиқат болып
келген барлық түсiнiктер мен идеяларды, сондай-ақ, жастарды
тәрбиелеу мәселелерiн де сана елегiнен өткiзу және өзiн дәлелдей
алмаған әр қандай түсiнiктi жоққа шығаруды ұсынған. Сократтың
мұндай пiкiрлерiне көпшiлiк жұрт дiни қағидаларды ойрандаушы
дiнсiздiк деп қарайды. Аристофан да Сократ бейнесiн суреттеуде,
негiзiнен, халық арасына кең тараған мiне, осындай әңгiмелерге
негiзделген болса керек. Сократты софист ретінде көрсетуіне
Аристофанның философқа деген жеке көзқарасы себеп болмаған.
Жазушы, жалпы, Афина қоғамындағы әрқандай жаңалықтарға сын
көзбен қарап, бұлардың барлығын жастарды бұзатын жарамсыз
нәрселер деп түсiнетiн едi. Сол себептi, Сократ бейнесiнде көңiлiне
ұнамаған осындай жаңалықтардың күлкiлi көрiнiсiн жасайды.
Шығарманың бас қаһарманын таңдауда Сократтың мiнез-құлқы,
сыртқы келбетi, жұпыны, сөзуар табиғаты да себеп болса керек.
Өйткенi, бұл адам өте арық, басы таз, мұрны пұшық, үстiне ескі
киiмдер киген, әрдайым жалаңаяқ жүретiн болған. Аристофаннан
басқа комедияшыларды да Сократтың мiне, осы қасиеттерi көбiрек
қызықтыратын.
Жалпы жазушы тәлiм-тәрбие әдiстерiн сынай отырып,
ата-бабалар қолданған тәрбие, әдеп, тәртiптерді қазiргi тәлiм
әдiстерiнен жоғары қояды. Аристофанның айтуынша, «бұрынғы
жастар қаталдықпен тәрбиеленген, олар ата-аналарына, кәрiлерге
үлкен құрметпен қарайтын. Олар келеңсiз әрекеттерден бой тартып,
қарапайым, аңғал, адал өмiр сүрген. Қанағатшылдық, төзiмдiлiк,
әрқандай қиындықтарға шыдау және мақсатқа жету жолында
кездесетiн тосқауылдарды жеңiп өтуге олардың осы мiнездері
себепші болған. Грек-Парсы соғысы заманында дұшпанға ойсырата
соққы берген қаһарман әскерлер мiне, осындай тәрбие алғандар
жандар едi». Аристофан өзi жасап жатқан дәуiрдi сынай отырып,
замандастарына, «мұндай тәрбие алған жастар нағыз табанды,
батыр жандар болып жетiледi»[23,20], дейдi. Олар туған жердi
ешқашан жауға бермейдi. Ақынның көздеген мақсаты мiне, осы.
Аристофан әдебиет саласындағы жаңалықтарға да осындай
126
көзқараста болған. Жазушы ғылым, тәрбие мәселелерiнде
софистерге, олардың өкiлi ретiнде Сократқа шабуыл жасаса, әдебиет
саласындағы жаңалықтарды қаралап, Еврипид шығармашылығын
сынға алады. Аристофан өзiнiң шығармаларында ұлы трагедияшыға
тiл тигiзiп, оның шығармашылығын қалай да бір шарпып өтедi.
Еврипид шығармашылығын масқаралап жазған шығармаларының
бiрi – «Той-томалақтағы әйел» (б.з.б.411) комедиясы. Бiрақ
Аристофанның Еврипид шығармашылығы туралы негізгі ойлары
жоғары сатиралық, көркемдiк шеберлiкпен жазылған «Бақалар»
комедиясында айқын көрінеді.
«Бақалар» комедиясында ежелгi заман әдеби сынының жарқын
үлгiсiн көремiз. Осы тұрғыдан алғанда, шығарма өте құнды.
Мұнда Аристофан күлкiлi формада болса да, екi трагедияшының
көркемдік әдiстерiн, прологтарын, туындыларының сазды
жақтарын, лирикалық үзiндiлерiн келтiредi. Жалпы поэтикалық
өнер, соның ішінде трагедияның идеялық құдіретi жайлы Эсхил
мен Еврипид айтқан пiкiрлер өте маңызды. Бұл мәселеде Эсхил мен
Аристофанның пiкiрлерi үндеседi. Ақын алдымен өз халқының
перзентi. Өнер саласына қатысы бар әр бiр қаламгер өз алдына
отанды сүюге тәрбиелеу сияқты биік қоғамдық мақсаттарды қоюға
тиiс. Осындай көзқарастан келiп, Эсхилдiң трагедиялары Афина
халқында отансүйгiштiк идеяларды оятушы, жастарды ерлiк пен
батырлыққа үндеушi шығармалар болғандығы, атақты Марафон мен
Саламин қаһармандарын тәрбиелеуде оның жауынгерлік поэзиясы
үлкен мектеп мiндетiн атқарғандығы бiрнеше рет тiлге алынады.
Аристофанның айтуынша, «Еврипидтiң трагедиялары мұндай
жоғары талаптарға мүлдем жауап бере алмайды. Өйткенi, бұл
ақын өз шығармаларында көбiнесе, ерлерiне опасыздық жасаған
нәпсіқұмар, сайқал әйелдердi, өмiрiн босқа өткiзген жастарды
бейнелеген. Сондықтан, Еврипид өз шығармаларымен қоғам
тәрбиесiне кері әсер көрсеткен деуімізге толық құқымыз бар».
«Бақалар» комедиясында Аристофан тарапынан Еврипид
шығармашылығына берiлген мұндай бағаға, әрине, қосылуға
болмайды. Еврипидтiң шығармалары нағыз заманагөй, шынайы
туындылар болғаны анық. Жазушы бұл салада өзiнiң үлкен
замандастарын әлдеқайда кейiн қалдырып, осы кезеңдерде өмір
сүрген жандардың бет-бейнесiн, тiлек-үмiттерiн, олардың көзге
iлiнбес дәрежедегi нәзiк, бiр-бiрiне қайшы жүрек сырларын, жан-
127
дүниесiндегi тебіреністерін ғажайып көркемдiк шеберлiкпен
көрсеткен. Өмiрдi шынайы көрiнiсте бейнелеудi әр нәрседен
жоғары қойған бұл ақын, тiптi залымдық мақсаттарды көздеген
қаһармандарды да өз шығармаларына кiргiзуден қорықпайды.
Еврипид шығармашылығының биік көркемдік жетiстiктерiне
қарамай, Аристофанның өз комедиясында оны мұншалықты
масқара қылуының негiзгi себебi – ақын шығармаларының заман
шындығымен байланыстылығында, қоғамда қалыптасып қалған
кейбiр заңдарға қарсы ашық түрде наразылық бiлдiргендігiнде.
Ғылым, тәрбие, философия, бiлiм және басқа да қоғамдық түсiнiктер
саласында әрқандай жаңалықтарды мойындамаған Аристофан,
өнер мен әдебиет саласында болған мұндай ұмтылыстарды да
назарына iлгісі келмейдi, оларға зиянкес әрекеттер, деп қарайды.
Аристофан Эсхил шығармашылығына тән болған көптеген қате-
кемшiлiктердi де жасырмайды. Сол нұқсандарға қарамай, бұл
ақынның шығармаларындағы биiк мазмұн, жауынгерлiк рух
Афинаның бұрынғы атақ-даңқын қайта жаңғырту барысында
қызмет атқаратынына күманданбайды.
Пелопоннес соғысында Афинаның жеңiлiске ұшырауынан көп
алдын сахнаға қойылған «Бақалар» комедиясы, Аристофанның
ең соңғы саяси шығармасы болды. Бұдан кейiнгi пьесалар,
жалпы грек комедияшылығы тарихында, негiзiнен, Аристофан
шығармашылығында толығымен жаңа бiр дәуiр басталғандығынан
дерек бередi.
Бiр кездерi жалынды күрестер, күштi саяси қоғамдық және
мәдени өмiр аясында жасаған бұл қасиеттi қала, соғыстан кейiн
дағдарысқа ұшырап, қаңырап бос қалады. Шаруашылығы күйзелген
қала халқы, ойран болған диқандар ендi мемлекет өмiрiне, күнделiктi
саясатқа оншалықты қызықпайды. Сондықтан, осы кезеңдерде
сатиралық шығармаларға сюжет болып, комедияшы ақындардың
шығармашылығына арқау болған өмiр арналары толастап қалған
сияқты күй кешедi. Афинаның соғыстағы жеңiлісiнен басталған
рухани құлдыраушылық, саяси дағдарыс және осы секiлдi көптеген
қиындықтар ескi полистік биліктiң тоқырауға ұшырағандығынан
дерек беретiн. Осыған байланысты мемлекет басына түскен ауыр
жағдайлардан құтылу және жаңа билік түрiн жариялау туралы
түрлi қияли пікірлер пайда болады. Аристофан өзiнiң б.з.б. 392
жылы жазған «Халық жиналысындағы әйелдер» деп аталатын жаңа
128
комедиясында мiне, осындай шикi ойлар үстiнен күледi.
Аристофанның бiзге дейiн жетiп келген шығармаларының ең
соңғысы - «Байлық» (б.з.б. 388) комедиясы. Хремил деген мүсәпiр
шал көшеде кетiп бара жатып, соқыр адамға ұшырасып қалады.
Оның жағдайына ашынып, үйiне ертiп келедi. Кейiн бiлсе, бұл
– байлық тәңiрiсi Плутос екен. Плутос көр соқыр болғандықтан
адамдардың жақсы, жаманын айыра алмай, кез келген жанның
үйiне кiре бередi екен. Хремил оны ем-шипа құдайы Асклений
ғибадатханасына алып барып, көзiн емдетедi. Осыдан кейiн, Хремил
және оның адал, еңбекшiл ауылдастары жоқшылықтан құтылып,
байып кетедi. Арамдық жолмен байығандар болса, барлық дүние-
мүлкiнен айрылып, әбiгер болады. Кедей уақтында ғибадатты
қаза қылмайтын кешегi диқандардың, байыған соң, тiптi Зевстi де
ұмытқаны құдайлар әмiршiсiнiң қаһарын оятады. Жыртық-жыртық
киiм киген, сорлы кемпiр бейнесiндегi Кедейлiк те өзiнiң көп
жылдық «достары» болған диқандарға ренжіп, байлыққа қарағанда
кедейлiктiң әлдеқайда абзалдығын мақтайды. Ендi, бақытқа,
байлыққа қолы жеткен адамдар, әрқандай құдiреттi назарға
iлместен, көңiлдi жырлармен байлық құдайына алғыс айтып, оны
жаңа мекенi болған – Акропольге шығарып салады.
Аристофаннан бұрын өмір сүрген «ежелгi» комедия өкiлдерiнiң
шығармалары бiзге дейiн мүлдем жетпеген. Сол себепті, бiз ақынның
шығармашылығын басқалармен салыстырып, оның грек комедиясы
өнерiнiң қазынасына қосқан үлесiн атап көрсете алмаймыз.
Осыған қарамастан, оның шығармаларындағы ғажайып драмалық
жағдайлар, кейiпкер бейнесiн сомдау шеберлiгi, комедияларындағы
әзiл-сықақтар, қанатты сөздер, дұшпанды сынайтын ащы
мысқылдар мол екендiгiн көремiз. Сонымен бiрге, бай тiл, көрермен
мен оқырманға рухани ләззат сыйлайтын лирикалық үзiндiлер –
Аристофанның ұлы қаламгер екендiгiнен дерек бередi.
Аристофан комедияларындағы өткiр саяси сатира орыс
революцияшыл демократтарының шығармаларында өте жоғары
бағаланды. В.Г.Белинский түсiнiгiнде «Аристофан – ең талантты,
ұлы ақын»[2,78]. Н. А. Добролюбов Аристофан комедиялары
Афина халқының кедей топтары мүддесiне арналғандығын
ескертедi. Н. Г.Чернышевский болса, өзiнiң «таза өнер» өкiлдерiне
қарсы жүргізген күрестерiнде көбiнше осы грек ақынының
шығармаларына жүгiнген.
129
Дүниежүзiлiк Бейбiтшiлiк Кеңесiнiң ұсынысымен бүкiл iлгерiшiл
адамзат 1954 жылы Аристофанның 2400 жылдық мерейтойын атап
өттi. Бұл салтанат грек комедияшысының дүниежүзiлiк мәдениетке
қосқан үлесiн бағалау және бейбiтшiлiк жыршысы сипатында
атқарған қызметiн құрметтеу болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |