Книдоспоридиялардың барлығы дерлік паразиттер. Книдоспоридиялардың тіршілік циклы әрқашанда екі ядролы амеба тәрізді ұрықтан басталады. Түзілген споралары көп клеткалы.
Книдоспоридиялар типіне екі класс жатады. Шырышты споралылар немесе миксоспоридиялар - Myxosporidia және актиномиксидиялар
-Actinomyxidia.
Актиномиксидиялардың шырышты споралылардан негізгі айырмашылығы - споралары үш қақпақшалы, ішінде үш атқыш капсуласы және көптеген амеба тәрізді ұрықтары болады. Олар азқылтанды буылтық құрттардың және сипункулидтердің паразиттері.
МИКСОСПОРИДИЯЛАР КЛАСЫ - MYXOSPORIDIA
Шырышты споралылардың 1000-ға жуық түрі белгілі, балықтардың,
космекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың паразиттері. Иесінің әр түрлі мүшелерін зақымдайды: терісін, бұлшықетін, желбезегін, шеміршектерін, нерв жүйесін, өт жолдарын, қуығын. Бұлар тканьдік және қуыс аралық паразиттері болып табылады. Дене қуысыңдағы миксоспоридиялар - көп ядролы амеба тәрізді плазмодиялар, мөлшері 10 мкм-ден 2 сантиметрге дейін (16-сурет). Ткань арасында тіршілік ететін миксоспоридиялар диаметрі 1-2 см-ге дейін жететін циста (ісік) түзейді. Циста паразиттің цитоплазмасына толған, ішінде көп ядролары болады (17- сурет). Ядролар өзінің құрылысы мен атқаратын қызметінің ерекшелігіне қарай екі топқа бөлінеді: вегетативті және генеративті. Вегетативті ядролар тіршілікке қажетті зат алмасу, белокты синтездеу, өсу т. б. қызметтерін атқарады. Генеративті ядролар көбею процесіне қажетті екі спораларға бастама береді. Бұл күрделі процестің басында генеративті ядролардың сыртын цитоплазма қаптайды, соның нәтижесінде генеративті клеткалар қалыптасады. Олар цистаның ішінде еркін қозғалады. Біраз уақыттан кейін әрбір генеративті клетканың ядросы бөлініп, көп ядролы панспоробласттарды құрайды. Панспоробластың ішінде екі спора қалыптасады (17,Б-сурет).
Миксоспоридия спораларының формалары әр түрлі болғанымен, олардың құрылысы бірдей (18-сурет). Bivalvulea отрядының өкілдерінде споралары алты ядродан қалыптасады. Споралардың сырты қатты қабықпен қапталынған. Оның қалыптасуына екі ядро қатысады, сондықтан қатты қабық екі қақпақты (жармалы) болып келеді. Қабықтың іш жағында жіпшесі бар екі атқыш капсуласы орналасқан, оның түзілуіне де екі ядро қатысады, ал қалған екі ядро спораның ішінде орналасқан екі ядролы амеба тәрізді ұрықты түзейді (17-сурет).
сурет. Әр түрлі миксоспоридиялардың плазмодиялары: А - Ortholinea divergens; Б - Chloromyxum leydigi; В - Sinuolinea dimorpha; Г - Myxoproteus caudatus; Д - Sphaerospora irregularis; E - Leptotheca agilis; Ж - Ceratomyxa ramosa; 3 - Ceratomyxa drepanopsettae; И - Ceratomyxa appendiculata; К - Myxidium lieberkuhni
сурет. Миксоспоридияның даму схемасы: А - циста (ісік); 1 - цитоплазма, 2 - вегетативті ядролар, 3 - генеративті ядролар; Б - панспоробласт; 1 - спора, 2 - атқыш капсуласы, 3 - екі қақпақшалы жарма, 4 - екі ядролы амебатәрізді ұрық
сурет. Әр түрлі миксоспоридиялардың споралары: A - Myxobolus karelicus атылған жіпшелерімен; Б - Henneguya zikaweiensis; В - Ceratomyxa obtusa; Г - Myxidium obscurum; Д - Myxobolus karelicus арқа жағынан; Е - Hexacapsula neothum-атылмаған (жоғарыда) және атылған (төменде) жіпшелерімен
Осылай миксоспоридиялардың споралары көп клеткалы құрылым болып келеді.
Циста жарылған кезде ауру балықтың денесіндегі споралар суға шығып, басқа балықтар оларды жұтады. Ішекке түскен спораның (ішектегі сөлдің әсерінен) атқыш жіпшесі атылып эпителиге жабысады. Соның салдарынан спораның қатты қабығы ашылып, екі ядролы амебатәрізді ұрық
ішекке шығады да, қан арқылы өзінің паразиттік тіршілік ететін мүшелеріне жетеді. Сол жерде амебатәрізді ұрықтың екі ядросы қосылып, содан кейін бөлініп көп ядролы плазмодияға немесе цистаға айналады. Одан қайтадан генеративті клеткалар түзіліп споралар қалыптасады.
Миксоспоридиялардың барлық ядролары (вегетативті және генеративті) диплоидты, тек спора қалыптасқан кезде ядроның бөлінуі мейоз жолымен жүреді, соның нәтижесінде спора түзетін ядролар гаплоидты болып келеді. Спорадан шыққан екі ядролы, амебатәрізді ұрықтың екі ядросы қосылып қайтадан диплоидты түрге айналады. Жыныстық процестің осыңдай түрін автогамия деп атайды. Сөйтіп книдоспоридиялардың барлық тіршілік кезеңдерінде ядролары диплоидты болып келеді, тек қана спораның ішіндегі амеба тәрізді ұрықтың екі ядросы гаплоидты. Книдоспоридиялардың споралылардан ерекшелігі осында.
Миксоспоридиялар балықтарды түрлі ауруларға ұшыратады. Өте қауіпті Myxobolis және Lentospora туыстарының түрлері. Олар балықтың "ісік ауруы" және "айналшақ" деген ауруды қоздырушылар.