8 – лекция. 1 сағат.
Қазақстанның Орталық Азиядағы саясаты: екі жақты және көп жақты ынтымақтастық
1. Қазақстан және оның Орталық Азия аймағындағы маңызы.
2. Қазақстанның ортаазиялық мемлекеттермен экономикалық және саяси байланыстары.
Қазақстан және оның Орталық Азия аймағындағы маңызы.
Орталық Азияда аймақтандыру процесін дамыту үшін қолайлы алғышарттар бар. Бұл, ең алдымен, аймақты мекендейтін халықтардың тарихи, географиялық, мәдени және тілдік бірлігі. Сондықтан Орталық Азиядағы мемлекеттермен ынтымақтастықты ұлғайту Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді. Орталық Азия мемлекеттерімен өзара тату көршілік, тұрақты қарым-қатынас – біздің еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды факторы.
Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстан-2030» жолдауында: «Ұлттық мүдделерді қорғауды, сондай-ақ таяудағы және алыс перспективадағы күштердің тепе-теңдігін қамтамасыз етудегі біздің озық қаруымыз – интеграция саясаты, бірінші кезекте Қазақстанның, Қырғызстанның және Өзбекстанның арасындағы Орталық Азиялық Одақты нығайту» - деп атап көрсетті.
Экономика, сөз жоқ, интеграцияның анағұрлым маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Тарихи қалыптасқан шаруашылық байланыстар, сондай-ақ геосаяси жағдайдың ерекшелігі жиынтық экспорттық және транзиттік-көліктік әлеуетті тиімді пайдалану қажеттігін талап етеді. Оның үстіне аймақта бірқатар елеулі проблемалар бар, оларды екі жақты негізде шешу мүмкін емес. Әңгіме аймақтың суэнергетикалық ресурстарын және танзиттік-көліктік әлеуетін келіскен түрде, сондай-ақ ұтымды пайдалану, ауқымды экологиялық, атап айтқанда, Арал теңізі ауданындағы апаттың салдарын бірлесіп еңсеру; аймақтық қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құру; терроризмге, діни экстремизмге және есірткі бизнесіне қарсы күрестегі бірлескен қызметті үйлестіру туралы болып отыр.
Орталық Азия мемлекеттерін аймақтық интеграциялау идеясы Біртұтас Экономикалық Кеңістік құру туралы (БЭК) шартқа 1994 ж. 30 сәуірде қол қоюмен нақты жүзеге асты. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан оның қатысушылары болды (1998 ж. 26 наурыздан бастап Тәжікстан шарттың толық құқықты қатысушысына айналды). 1994 ж. шілдеде Президенттердің шешімімен Мемлекетаралық Кеңес және оның негізгі институттары – Премьер-министрлер кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Қорғаныс министрлерінің кеңесі және олардың тұрақты қызмет істейтін жұмыс органы – Атқару комитеті құрылды. Орталық Азиялық Ынтымақтастық және даму банкін (ОАЫДБ) құру туралы келісімге қол қойылды, оның капиталы қатысушы мемлекеттердің үлестік жарналарынан қалыптасады.
1998 ж. 17-18 шілдеде Мемлекетаралық Кеңестің мәжілісінде аймақтық бірлестіктің жаңа атауы – Орталық Азия Экономикалық Қоғамдастығы (ОАЭҚ) бекітілді.
1994 ж. қол қойылған шарт шаруашылық жүргізуші субьектілер арасындағы тікелей экономикалық байланыстарды дамытуға, тауарлардың, капиталдың, көрсетілетін қызмет пен жұмыс күшінің еркін қозғалысына, басымдық берілетін салалардағы өндірістік бірлестіктерге; қатысушы елдердің кредит-есеп айырысу, инвестиция, бюджет, салық, баға, кеден, валюта саясаты проблемалары бойынша консультациялар өткізуге, сондай-ақ көлік және коммуникация саласындағы саясатты жүзеге асыруға қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды рөл атқарды.
Орталық Азия аймағында көп жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін және Азия құрлығының елеулі бөлігінде тұрақтылықты нығайту үшін 1997 ж. 10 қаңтарда Бішкекте қол қойылған, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасындағы мәңгілік достық туралы шарттың зор маңызы болды. Бұл әлемдік дипломатиялық практикада бұрын-соңды болмаған бірегей көп тарапты құжат. Осы құжатқа қол қоюдың бастамашысы Қазақстан Президенті болды. Үш мемлекеттің өзара қарым-қатынасының бүкіл кешенін қамтитын шарт өзара сенім білдіру, тәуелсіздік, егемендік, аумақтық тұтастық, тең құқылық және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау сияқты принциптерді құрмет тұту негізінде жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді көздейді. Құжат саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда аймақтық ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар туғызуды мақсат тұтады.
Үш Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары БҰҰ аясында бірлескен бітімгершілік батальонын (Орталықазбат) құрудың қажеттілігі туралы ортақ пікір білдірді, мұның аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде орны бөлек. БҰҰ аясында бітімгершілік батальонын құру туралы идея үш ел Президенттерінің 1995 ж. 15 желтоқсанда болған Жамбылдағы кездесуі барысында жүзеге асты. Мемлекет басшылары Ұжымдық бітімгершілік батальонын ұйымдастыру және құру туралы келісімге қол қойды. Осы кездесу барысында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Қорғаныс министрлерінің кеңесі туралы ереже бекітілді. Бұл кеңес аймақтық қауіпсіздікке, өзара қорғаныс іс-қимылына және әскери ынтымақтастыққа қатысы бар барлық мәселелерді қарайды.
1996 ж. 6 мамырдағы кезекті кездесуде Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары бітімгершілік батальонын құру және «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасы шеңберінде оқу-жаттығуға әзірлену, Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартты іске асырудың барысы, үш мемлекет арасындағы өндірістік кооперация проблемалары, сондай-ақ су-энергетикалық ресурстарды бірлесіп пайдалану проблемалары жөніндегі шараларды қарады. «Орталық Азия: интеграция проблемалары» журналын құру туралы шешім қабылданды.
Орталық Азия елдерінің саяси өзара іс-қимылы және экономикалық ынтымақтастығы олардың аймақтық экономикалық интеграцияға жіті көңіл бөлуіне байланысты. Осы жаңа үрдісті ескере отырып, Президент Н.Назарбаев Орталық Азия экономикасы үшін арнайы Бағдарлама құру туралы бастама көтерді. Ол екі басты мақсатты көздеді: аймақ мемлекеттерінің арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту және Орталық Азия елдерінің Еуропамен сондай-ақ Азиямен ынтымақтастығын дамыту. Бағдарламада төмендегідей басымдық берілетін бағыттар болды: көліктік инфрақұрылым, су-энергетика ресурстарын ұтымды пайдалану, шетелдік инвестицияларды тарту және көмірсутегі шикізатын әлемдік рыноктарға жеткізудің көп нұсқалы жолдары. Қазақстандық дипломатия осы ұсынысты нақты іске асыру үшін едәуір күш-жігер жұмсады.
ОАЭҚ шеңберіндегі интеграцияны тереңдетуге ұмтыла отырып, Президенттер 2005 жылғы кезеңге дейін арналған Қоғамдастықтың даму стратегиясын бекітті. Бұл құжат экономикалық өзара іс-қимылдың төмендегідей басымдық берілетін бағыттарында қатысушы мемлекеттердің күш-жігерін жұмылдыруды көздейді:
сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру;
су және энергетикалық ресурстарды бірлескен түрде және ұтымды пайдалану;
көліктік-коммуникациялық жүйені дамыту саласында келісілген саясатты жүргізу;
қалыптасқан шаруашылық байланыстарды жетілдіру және импортты алмастыратын өндірісті дамыту;
ОАЭҚ елдерінің халықтары арасындағы гуманитарлық-мәдени байланыстарды кеңейту үшін мейлінше қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету.
ОАЭҚ мемлекеттерінің 2002 жылға дейін кезеңге арналған біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдарының бағдарламасы бекітілді.
Орталық Азия елдерінің экономикалық үлгілеріндегі, олардың интеграцияның өзіне қатысты көзқарастарындағы елеулі айырмашылықтарға байланысты жоғарыда аталған уағдаластықтар, Қазақстанның үлкен күш-жігеріне қарамастан, әзірге нақты іске асқан жоқ.
Сонымен қатар Орталық Азия аймағы экономикалық және саяси тұрғыдан бір тектес емес. Ең алдымен осы аймақтағы мемлекеттер экономикалық даму деңгейі, шаруашылық әлеуеті, сондай-ақ экономикадағы құрылымдық тұрғысынан бір-бірінен ерекшеленеді. Халықаралық сарапшылардың пікірі бойынша Қазақстан экономикалық реформалар жөнінен аймақтың барлық басқа елдерінен әлдеқайда озық тұр. Жалпы ішкі өнімнің көлемі бойынша Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде жетекші орында тұр. Басқа елдер, мәселен Өзбекстан экономикаға қатаң түрде мемлекеттік бақылау жасау саясатын жүргізуде. Азаматтық соғыстан зардап шеккен Тәжікстан экономикада терең құрылымдық өзгерістер жүргізуге объективті түрде дайын емес.
Мұның бәрі Орталық Азиядағы интеграцияға ықпал етпей қоймады. Аймақтағы интеграциялық процестердің көп жағдайда саяси сипаты бар екенін мойындау керек, өйткені барлық елдер Орталық Азиядағы тұрақтылықты нығайту үшін достық қатынастың маңызы зор екенін түсінеді. Экономикалық ынтымақтастыққа қатысты айтсақ, онда, негізінен, екі жақты күш-жігер негізге алынып келеді.
Дегенмен ҚР Президенті Н.Назарбаев өзінің 2006 жылғы Қазақстан халқына Жолдауының «Көршілес Орта Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық» деген арнайы бөлімінде «Біздің өңірде ықпалдастық қарқынын төмендетпеудің маңызы зор. Біз мәдениетіміз бен тарихымыздың ортақтығы жақындастырып отырған көршілес Орта Азия мемлекеттерімен жан-жақты байланыстарымызды дамыта беруге тиіспіз. Біздің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастығымыздың келешегі зор. Біздің күш-жігеріміз бұларды одан әрі дамыта беруге бағытталуы керек» - деп атап көрсетті (Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. – ЕҚ, 2 наурыз 2006 ж.).
2008 жылы 9-10 қыркүйекте Алматыда «Орталық Азия. Инвестициялық мүмкіндіктер. Жаңа жібек жолы» халықаралық конференциясы болып, оған жетекші халықаралық инвесторлар, Орталық Азиядағы ірі компаниялардың акционерлерімен бірге мемлекеттік жоғары лауазым иелері жиналды. Қаржы саласындағы алпауыттар жиынын ҚР-ның Премьер-министрі К. Мәсімов ашып, Орталық Азия өңірі бүкіл еуразиялық кеңістіктің экономикалық қарым-қатынастары жүйесінде ерекше орынға ие екендігін айта келе, 2007 жылы осы өңірдегі елдердің ІЖӨ-сінің жалпы көлемі 160 миллиард АҚШ долларына жеткенін мәлімдеді. Үкімет басшысы Қазақстанның үлесіне Орталық Азия елдерінің ІЖӨ-сінің 70 пайызы тиесілі екендігіне инвесторлар назарын аударды.
- Елдің жыл сайынғы экономикалық өсімі соңғы бес жыл ішінде орта есеппен 10 пайызды құрады. Бүкіл Орталық Азия өңірінің экономикасына тікелей шет елдік инвестициялардың жиынтық көлемінде Қазақстанның үлесі 80 пайыздан астам. Қазақстанның экономикасына тікелей салынған инвестициялар 70 миллиард АҚШ долларынан асып түсті, - деді Премьер-Министр.
Қазақстан тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша тұрғындардың жан басына шаққанда ТМД елдерінің көшбасшысы рөлін атқарып отыр. Сондай-ақ ТМД елдерінің ішінде еліміз инвестициялық кластың халықаралық рейтингінде де бірінші орында тұр. Оған қоса Бүкіләлемдік банк Қазақстанды инвестиция салуда барынша тартымды 20 мемлекеттің санатына кіргізді.
Қазір қазақстандық экономикаға әлемнің 60-тан астам мемлекеті қаржылық ресурстарын құйып отыр. Инвестицияның негізгі бөлігі АҚШ, Нидерланды, Ұлыбритания, Италия және Қытай елдерінен келіп жатқандығын атап өтуге болады (ЕҚ, 10.10.2008).
Қазақстанда Тәжікстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән беріледі. 1993 ж. 19 қазанда қол қойылған, негізгі қатынастар туралы шарт саяси салада екі жақты қарым-қатынастарды реттейтін негізгі құжатқа айналды. 40-тан астам шарттар мен келісімдер екі елдің өзара қарым-қатынасының құқықтық негізін құрайды. Проблемалық мәселелерді шешу үшін үкіметаралық комиссия құрылды, оның тұңғыш мәжілісі 1998 ж. 3 қазанда өтті.
Тәжікстан ТМД елдерінің арасында Қазақстанның сауда әріптестерінің ішінде 7-ші орын алады. Ынтымақтастықтың басымдық берілетін салалары мыналар болып табылады: тау-кен өнеркәсібі, түсті металлургия, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, жеңіл өнеркәсіп, көлік және коммуникация. 1995 ж. 30 қаңтарда Алматыда өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықтың принциптері туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды, онда меншік нысанына қарамастан тараптардың шаруашылық жүргізуші субьектілері арасында шарттар жасасу құқығы ескеріледі.
Президент Э. Рахмоновтың 1995 ж. қарашадағы Қазақстанға жұмыс сапарының барысында Мемлекеттер басшылары байланыстарды одан әрі нығайту, екі мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени байланыстарының әлеуетін тиімді пайдалану туралы пікір білдірді. Үш үкіметаралық келісімдерге қол қойылды: Экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен тереңдету туралы, Еркін сауда-саттық туралы, Тәжікстанның борыштық міндеттемелерін қайта ұйымдастырудың шарттары туралы.
Тәжікстан Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастықтың және Орталық Азиялық Экономикалық Қоғамдастықтың толық құқықты мүшесі. Бұл аймақтағы интеграциялық процестерге қосымша серпін береді, сондай-ақ Тәжікстанның өзіндегі жағдайды тұрақтандыруға жәрдемдеседі.
2000 ж. қарашада Қазақстан Премьер-Министрінің Душанбеге сапары болды. Экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. 2000 жылы екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 58 млн. долларға жетті. Тау-кен өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, көлік және коммуникация – екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басымдық берілетін салалары.
Достарыңызбен бөлісу: |