Байланысты: Оқушылардың дене тәрбиесінің маңызы мен негіздері
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ҚАЗАҚТЫҢ ДЕНЕШЫНЫҚТЫРУ,ТУРИЗМ ЖӘНЕ СЕРВИС КОЛЛЕДЖІ
Тақырып: Оқушылардың дене тәрбиесінің маңызы мен негіздері.
Орындаған: Раматов И.С.
Алматы 2022
Мектеп жасындағы балалардың денсаулығына, дене дайындығына, өмірге қажет әр түрлі қозғалыс іскерлігі мен дағдысының қалыптасуына дене тәрбиесінің маңызы өте зор. Осы кезеңде оқушылар дене тәрбиесі және спорттық қимыл-әрекеттермен белсенді шұғылданбаса, олардың денесі жан-жақты, толық дамымайды. Дүниежүзі, Ресей және Қазақстан ғалымдарының пайымдауынша мектеп жасындағы оқушылардың қимыл белсенділігі аптасына 8-12 сағаттан кем болмауы қажет. Қимыл-әрекет белсенділігінің аздығы баланың денсаулығын нашарлатады, ағзаның қорғаныс күшін әлсіздендіреді, дене дамуын толық қанағаттандырмайды.
Бала ағзасының табиғи даму шыңы жоғарғы сынып жасына келетіндіктен негізгі дене қабілеттілігі мен функционалдық мүмкіншіліктерін осы мектеп жасында жетілдіру қажет. Барлық дене қасиеттерін дамыту және тәрбиелеуге ең қолайлы, тиімді кезең – мектеп жасындағы уақыт. Онан кейінгі кезеңдерде оларды дамыту өте қиынға соғады.
Мектеп жасындағы кезең әр түрлі қимыл-әрекеттерді үйретуге, жетілдіруге, өмірге қажет қимыл ептілігі мен дағдысын қалыптастыруға ең қолайлы кезең болып есептеледі. Осы кезеңде үйренбеген қимыл-әрекеттерді, кейін адам денесі қатып, буын жылжымалығы, сіңір созылымдылығы азайып, қозғалыс шеберлігі нашарлап қалған кезде үйрену, жетілдіру қиынға түседі. Бала кезінде әр түрлі, көп үйренген, жетілдірілген, дағдыланған қимыл-әрекеттер адамға кеңістікте оңтайлы, епті, жеңіл қозғалуға мүмкіншілік береді. Жаңа, күрделі қимыл-әрекеттерді жылдам үйреніп алуға жол ашады. Ал мектеп жасын босқа, әрекетсіз өткізіп алған адамдардан мысал іздегіңіз келсе, дене тәрбиесі сабақтары дұрыс өтпеген мектептерді бітірген адамдардың ебедейсіз, орашолақ қимыл-әрекеттерін көресіз, солардан мысал табасыз.
Дене тәрбиесі сабақтары және спорттық жаттықтырулармен айналысқан оқушылардың бос уақыттары аз болады, олар әр минөттарын санап, қадірлеп өмір сүреді. Спортпен шұғылданатын балалар шылым шекпейді, ішімдік ішпейді, нашақор болмайды, бос уақыттарын үнемді пайдаланады, ондай келеңсіз іс-әрекеттермен айналысатын адамдардың арасында болмайды. Өйткені олардың бос уақыттары аз, адам ағзасына зиянды нәрселерді біледі, ондай әрекеттерге барса денсаулық нашарлайтынын, спортта жоғарғы нәтижеге жете алмайтындықтарын түсінеді.
Мектеп жасында балалардың ағзаларына әсер ететін дене тәрбиесі жұмыстары дұрыс ұйымдастырылса, ол оқушының дене және ақыл-ой жұмыс қабілеттілігі деңгейінің көтерілуіне себеп болады. Осыған жетер жол дұрыс жоспарлануы, оқушылар белгілі білім негіздерін, әр түрлі ақпараттарды дұрыс алуы, меңгеруі, түсінуі керек. Оны түсінген оқушы өзінің дене және ақыл-ой, жұмысқа қабілеттілігі деңгейін жоғарылатуға тырысады, ұмтылады.
Дұрыс ұйымдастырылған дене тәрбиесі жұмыстары оқушылармен жүргізілетін басқа өнегелік, эстетикалық, еңбек, ақыл-ой тәрбиелерінің міндеттерін орындауды оңайлатады.
Мектеп жасындағы оқушылардың дене тәрбиесінің міндеттері:
Сауықтыру міндеттері: 1. Денсаулықты нығайту, дұрыс мүсінді қалыптастыру, ағзаның барлық жүйелері мен функцияларын дамыту, жүрек қан-айналысы, тыныс алу, орталық жүйке жүйесін нығайту, зат алмасу үрдісін белсенді ету.
2. Сыртқы ортаның қолайсыз әсерлеріне ағзаның қарсылық күшін жоғарылату. Мүмкіншілік болғанынша дене тәрбиесі жаттығуларын, сабақтарын таза ауада өткізу қажет. Күн қызуы, ауа температурасы ылғалдылығы бала ағзасын шынықтырады.
3. Ағзаның жалпы жұмысқа қабілеттілігін жоғарылату және гигиена дағдыларын қалыптастыру. Ол міндеттерді орындау үшін оқушылар күнделікті дене тәрбиесі жаттығуларын орындауы, оқу, демалыс, ұйқы, тамақтану тәртіптерін сақтауы қажет. Осы тәртіптерге бастауыш және орта сынып жасындағы кезеңнен бастап, үйретіп қалыптастыру керек, өйткені бұл кезеңдер – бала ағзасының қарқынды дамитын кездері.
4. Жынысына, мектептегі жас кезеңдеріне байланысты дене қасиеттерін дамыту. Бастауыш сынып жасындағы оқушылардың барлық дене қасиеттерін үйлесімді дамыту керек. Бірақ негізінен жылдамдық және қимыл үйлесімділігі, ептілікке басты назар аудару қажет болады. Орта сынып жасындағы балалардың жылдамдық қабілеттілігін және күш жылдамдылығын дамытуға баса көңіл бөлу қажет болады. Бірақ өте ширығып, ұзақ уақыт күш салатын жаттығуларды беруге болмайды. Жоғарғы сынып жасындағы оқушылардың күш жылдамдығы қасиетін дамытуға, жалпы және аэробты төзімділікті дамытуға көп көңіл бөлген дұрыс болады.