Сенімге сезім әсер етеді. Таным процесінде қуану білімнің ақиқаттығына сену, өз алдына мақсат қою, сұлулықтан ләззат алу сенімнің қалыптасуына ықпал етеді.
Қажымайтын қайрат - дүниетаным құрамындағы маңызды бөлік. Баланың ғылыми дүниетанымын қалыптастыру үшін оған теориялық білімдерді берумен шектелуге болмайды. Тәжірибелік жұмыстарды ұйымдастыру кезінде бала өз алдына мақсат қойып, соған жету үшін жігерлене еңбек етеді.
Теориялық ой - дүниетанымның элементі, болмыс туралы білімдерді, құбылыстарды шығармашылықпен, терең түрде ой елегінен өткізе білу, дүниетанымды жетілдіру, сенімді басшылыққа алып, іс-әрекет жасауға ұмтылу.
Дүниетаным қызметтері
Ағарту қызметі арқылы балаға табиғат және қоғам туралы ғылыми білімдер беріп, оны жалған қөзқарастардан арылтады, болмысты тану әдістерімен қаруландырады.
Тәрбиелік қызмет. Бала өзі келісетін көзқарастары арқылы, адамгершілігін, ерік-жігерін, эстетикалық сезімдерін шыңдайды. Мұғалімдер оқушыларды адалдыққа сендіріп, олардың адал жүруіне керекті батылдықты, табандылықты, ізгілікті, жауапкершілікті тәрбиелеу керек. Осы талапты орындау үшін қоғам және жеке адамдар өміріндегі жақсы тұстарды балаларға әсерлі етіп түсіндірген дұрыс.
Ұйымдастырушылық қызмет. Бала өзінің дүниетанымына сүйеніп, тәжірибеде түрлі іс-әрекет жасайды.
Прогностикалық қызметі арқылы бала қоғамның даму заңдарын қолданып, оған ғылыми, теориялық, тәжірибелік тұрғыдан баға беріп, бүгіні мен болашақты жасау туралы ұсыныстар айтады.
Ғылыми дүниетанымдық тәрбиенің мақсаты
баланың жеке тұлғасының орталығында орналасатын дүниетанымды берік және оған сенетіндей етіп қалыптастыру, сол арқылы қоршаған ортамен дұрыс байланыс жасауға көмектесу.
Осы мақсатқа жету үшін мұғалім оқушының ғылыми көзқарастары мен сенімдерін қалыптастырып, ғылыми емес, дәлелдері аз көзқарастарды сыни тұрғыдан ойлауға үйрету керек.