Оқушылардың жүрек-қантамыр жүйесінің анатомиясы, физиологиясы. Оқушылардың жүрек-қан тамырлары ауруларын алдын алу.
1.Оқушылардың қан жүйесінің морфо-физиологиялық ерекшеліктері. Адам организмінің тіршілігі денеге қуат беретін қоректік заттарды қабылдап, оларды қорыту арқылы сақталады. Тамақ құрамындағы қоректік заттар организмде қорытылып, оттегінің қатысуымен болатын тотығу барысында энергия бөледі. Қоректік заттардың осы өзгерістерінің нәтижесінде адамның денесінде зат алмасудан пайда болған организмге қажетті заттармен қоса, қажетсіз, тіпті денені уландыратын заттар да пайда болады. Мұның бәрін тасымалдау қызметін денедегі қан атқарады. Қан бүкіл денені аралап, оның ұлпаларындағы клеткалардағы заттың алмасуына қажетті химиялық заттарды әкеліп, қажетсіз заттарын әкетеді. Мұны мен қоса, қан дененің тұрақты температурасын сақтауға қатысады, организмнің иммундық қасиеттерін қамтамасыз етеді және мүшелердің қызметін гуморальдық реттеуге қатысады. Адамның денесіндегі қан — организмнің сұйық негізгі ішкі ортасы. Қанның жалпы мөлшері ересек адамда 4,5-6 л шамасында, яғни дененің жалпы салмағының 6-8 %. Жаңа туған нәрестеде ол 10-20 %, 1 жаста 9-13%, 5-7 жаста 7-8 % болады. Организмдегі барлық қанның 50% қан деполарында қор болып сақталады. Ондай мүшелерге бауыр, көк бауыр, өкпе және тері жатады. Қан бауырда, көк бауырда, сүйек кемігінде түзіледі Қанның құрамы мен қасиеттері. Қан қан клеткаларынан және сұйық плазмадан тұрады. Қан клеткаларына эритроциттер, лейкоциттер және тромбоциттер жатады. 2. Қанның құрамы мен қасиеттері. Резус-фактор. Қанның бұл клеткалары бүкіл қанның 40-45%-ын, ал плазма 55-60%-ын құрайды. Қан плазмасының құрамы да күрделі: оның 90%-ға жуығы су, 7-8 % белоктар, 2 % түрлі органикалық және бейорганикалық заттар. Оның құрамында белок 0,3-0,6%, май және липидтер 0,1%, 120 мг/% глюкоза қанты, 0,9% көмірсутегі, минерал заттар - натрий, калий, кальций, хлор түздары, амин қышқылдары мен полипептидтер 4-10 мг%, мочевина 10-25 мг%, түрлі ферменттер, гормондар, холестерин т. б. заттар болады. Плазманың белоктарының негізгілеріне альбуминдер 4,5%, ά,β,γ-глобулиндер 2-3 %, фибриногендер 0,2-0,3 % жатады. Плазманың осмостық қысымы мен белсенді реакциясы қанның маңызды физикалық және химиялық қасиеттеріне жатады. Резус-фактор— адамдар мен макака резус маймылының эритроциттерінің құрамында болатын антиген. Резус-факторды 1940 ж. австриялық иммунолог К.Ландштейнер мен америкалық ғалым А.Винер ашты. Адамдардың 85%-нда эритроцит құрамында оң Резус-фактор, ал 15%-нда теріс Резус-фактор. болады. Резус-фактор жүйесінде бірнеше әр түрлі антигендер, сондай-ақ Hr тобы болады. Осы топ пен резус (Rh) қосылып, ортақ жүйе Rh — Hr құрады. Rh-тің құрамында Д, С, Е, ал Hr-те д, с, е агглютиногені бар. Hr агглютиногені адамдардың 83%-нда эритроцит құрамында кездеседі. Резус-фактор тұқым қуалайды және өмір бойына өзгермейді. Қан құйғанда қан топтары сияқты Резус-фактор да қатаң есепке алынады, себебі, бұл кезде Rh — Hr агглютиногендер жүйесінде арнайы антидене түзіледі; организмге антигенді қайталап құйғанда, “антиген — антидене” реакциясы пайда болуы мүмкін, ал бұл организмнің қалыпты қызметін бұзады. Мыс., қанының Rh-ы оң реципиентке теріс Rh-ы бар қан құйылса, гемотрансфуз. реакция (адамның денесі қалтырайды, температурасы көтеріледі, белі ауырады) жүреді. Ал жүктілік жағдайында, ананың Rh-ы теріс болып, құрсақтағы нәрестенің Rh-ы оң болса, иммундық өзгеріс болуы мүмкін. Бұл құрсақтағы нәрестенің өліміне әкеліп, әйел түсік тастайды, мұны Rh-конфликт деп атайды. Егер мұндай жағдайда әйел аман-есен босанса да, кейін жаңа туған сәби тұқым қуалайтын қан ауруына шалдығады. Жүкті әйелдерде Rh-конфликт болмау үшін оларға антирезус-гамма-глобулин егіледі. Ананың денесі ұрық қанының резус-факторына қарсы антиденелер шығарады. Ана мен баланың резус-факторының сәйкес келмеуі жаңа туған нәрестенің гемолитикалық ауруына ұласуы мүмкін. Баланың эритроциттері ананың денесі жасаған антидененің әсерінен бір-біріне жабысады.