Былғары өңдеу Мал терілерін илеп, бояп, ең беру ертеден келе жатқан ең жақсы дамыған және жетілген өнер. Илеуі қанып, бояуы сіңген былғары су тартып езілмейді. Одан жасалған мүлік шегені берік ұстайды, тігісі де ыдырамайды және өзі тұтынуға төзімді, әрі әдемі. Былғарының бірнеше түрі бар. Олар: көксауыр, опайке, былғары, құрым (хром), көзел, шегірен, сақтиян, ұлтан т. б.
Көксауыр - жылқы терісі мен серке терілерінің сауырынан (жондығынан) жасалады. Көбінесе ол көкпен, кейде қызыл, сары, жасыл түстермен боялып, өң беті жалтырап тұрады. Көксауырдың әр түстілерін өзара мүйіздеп, өюластыры немесе бір түсті көксауырдың әзін әр түрлі жібек жіппен кестелеп, өрнектеп, кебіс, мәсі, етік, кісе, аттұрман тігеді. Бұл заттарды да көксауыр деп атай береді.
Былғары - қазақ арасында былғарыдан ең көп тігілетін киімнің бірі етік болғандықтан былғарыны өңдеумен айналысатын шеберлерді етікші дейді. Тоқым, шілия, белдік, жүген, құйысқан сияқты былғарыдан жасалатын мүліктерді де сол етікшілер тігеді. Халық арасына көп тараған былғары аяқ киімдерінің қазақ атауында мынадай түрлері бар:
Саптама- бұл қонышы ұзын, кең, киіз байпақпен, шалбардың балағын іштен салып киетін аласа өкшелі етік. Оның ішкі табанына киіз ұлтарақ салып және байпақтың ішінен қалың шұлғау орайды, кейде киіз байпақтың ішінен шұлғаулы мәсі киеді. Саптамалардың қонышы бітеу қусырылады да, тізеден асыңқырап тұрады. Тақымға қарайтын жағы әнтек төмен ойылып келеді. Оны кобінесе қыстыгүні алыс сапарға шыққанда, жылқы баққанда, шанамен жол жүргенде киеді.
Шоңқайма - саптаманың бір түрі. Оның өкшесі биігірек, өкше сірісі аласа, тұмсығы үшкір, қонышы тізеден аспайды. Кеңдігі саптаманың кеңдігіндей. Қонышы екі жақ жанынан жармаланып тігілген. Сондықтан оны кейде «жарма қоныш» деп те атайды.
Мықшима — өкшесінің түбі жуан, жер басар жағы жіңішке, тұмсығы жоғары қарай қайқы келген биік өкшелі саптама етік. Мықшиманы бұрын жас жігіттерге, ойын сауықшыл серілерге арнап тігетін. Оның қонышын, өкшелігін көксауырлап, тұмсығына қатырғы салады.