Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. «Айқап» журналы қай кезде, қай жерде шығып тұрады?
2. М. Сералиннің аудармалары туралы не білесің?
3. «Гүлкəшима» поэмасының жанрлық сипаты неде?
4. «Топжарған» тарихи поэма дегенді қалай түсінесің?
5. «Айқап» журналында көтерілген ең басты мəселелер қайсылар?
76
СПАНДИЯР КӨБЕЕВ
(1878-1956)
Жоспары:
1. Спандияр Көбеевтің өмірі, педагогтық қызметі.
2. С.Көбеевтің əдеби шығармашылық еңбектері
А) Үлгілі тəржіме
Б) Үлгілі бала
3. «Қалың мал» романы, тақырыбы мен идеялық сюжеті.
4. Мемуарлық «Орындалған арман» романы
5. С.Көбеев шығармашылығының маңызы
Əдебиеттер:
1. Спандияр Көбеев. Шығармалары. Орындалған арман.
2. С.Қирабаев. Спандияр Көбеев.
3. Б.Кенжебаев. XX ғасыр басындағы қазақ əдебиеті
4. Ə. Дербісалін. Октябрь алдындағы қазақтың демократияшыл
əдебиеті
Демократ-жазушы əрі педагог С.Көбеевтің XX ғасыр басындағы
əдебиетімізде алатын орны өзгеше. С.Көбеев 1878-жылы 14-октябрь күні
Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында дүниеге келеді. 5-6 жасынан
ауыл мектебінен аздап сауат ашады. 1887 жылы Ы.Алтынсарин себеп
болып ашылған орыс-қазақ мектебіне түседі. Спандияр осы мектепті
1892-жылы бітіріп, артынша облыстық орысша мектепке, бұдан кейін
1897 жылы Қостанай қаласындағы екі жылдық мектепте оқыған. Кейін
педагогикалық курсқа окуға түсіп, 1900 жылы аталған курсты бітіріп,
бастауыш класс муғалімі болу правосын алады. !901 жылы Кішіқұм
деген жерде ауылдық орысша мектепке муғалім болады, мұнан соң ол
болыстық мектепке ауысады. 1903 жылы Петропавел қаласында орыс-
қазақ мектебінде оқытушы болады. Міне, көрнекті педагог Спандияр
Көбеев 1901 жылдан өмірінің ақырына дейін муғалімдік қызмет
атқарады жəне əдеби творчестволық жұмыспен де айналысады.
С.Көбеев 1956 жылы 2-декабрьде қайтыс болады.
XX ғасыр басындағы муғалімдікті жазушылықңпен ұштастыра
білген педагогтар қатарына Б. Өтетілеуов, Т.Жомартбаев, С.Көбеевтер
болғаны мəлім. Спандияр Көбеевтің əдеби творчествосына келсек, оның
«Үлгілі тəржіме», (1912), «Қалың мал» (1914) жəне «Орындалған арман»
атты шығармалары, кітаптары басылған.
Жазушының «Үлгілі тəржіме» жинағына Крыловтың аударған
бірнеше мысалдары басылған. «күйеу таңдаған сұлу қыз», «Өтірікші»,
«Аң ауласқан қоян», «Емен мен тал шыбық», «Шал мен өлім», «Қасқыр
мен тырна», «Маймыл мен көзілдірік», «Аққу, шортан һəм шаян»
«Қасқыр мен мысық», «Аю мен мүсəпір шал», «Екі кептер», «Арыстан
77
мен Сары маса», «Əкім тілеген құрбақалар», «Есек пен сандуқаш» т.б.
мысалдар енген. Крылов мысалдарын басқа тілге аударудың қиындығын
ұлы сыншы В.Г.Белинский де атап көрсеткен болатын.
С.Көбеев Крылов мысалдарын еркін аударған. Ол Крылов
мысалдарының көлемін. Тармақ санын да дəйектілікпен сақтап
отырмайды С.Көбеев үшін ең бастысы – Крылов мысалдарының терең
тағылым беретін ойлылығы мен идеялылығы. Соны қазақ оқушысына
жеткізу үшін ол бар шеберлігін жұмсайды. Жоғарыдағы «Күйеу таңдаған
сұлу қыз» мысалының соңына ол өз жанынан мынадай жолдар қосқан:
Көңілі болмаса да қайтсін байғұс,
Алланың бұйрығына не амал бар.
Бір сұлу баяғыда бұлай болды,
Бұл сөзден үлкен-кіші ғибрат ал.
Крылов шыгармаларындағы ой мен идея жазушының бойын да,
ойын да билеп алады. Халықка орыс əдебиеті үлгілерін насихаттау, олар
арқылы қазақ оқырмандарына игі ой салу мақсатымен аударады. Мысал
өлеңдерінде Крылов аңдар, құстар, өсімдіктер жайын кеңес етеді.
Сырттай қарағанда оның мысалдары жай ғана аңдар, құстар, өсімдіктер
жөніндегі жеңіл əңгіме тəрізді. Ал, анықтап мағынасына үнілсек, Крылов
мысалдары адам жөніндегі, қоғам жөніндегі өткір сықақ болып шығады.
Жазушы аңдар мен құстарды, өсімдіктерді адам бейнесінде суреттейді.
Адамның табиғаты, мінез-қылығы, іс-əрекеті, ой-сезімі аңдар, құстар,
өсімдіктер арқылы беріледі. Жазушының кескіндеуі бойынша арыстан,
бүркіт-патша, ал, аққу, шортан, шаян, маймыл, есек, аю, серкелер
патшаның министрлері, уəзірлері. Қасқыр, тырна, түлкі, піл патша
өкіметінің өкілдері мен төрелері, ал бақа, қой, аң, құс, өсімдіктер-бұқара
халық. Ағаштың тамырлары шаруалар болса, жапырақтары ақсүйектер.
Орыстың XIX ғасырдағы классикалық əдебиеті өмірді дəл, өз
қалпында алып суреттеді, оның жаман, керітартпа жағын мазақтап,
жақсы жақтарын мадақтады. Ол-сыншыл, реалистік əдебиеті еді.
«Үлгілі тəржіменің» шығуы – С.Көбеевтің творчествосында айта
қаларлықтай оқиға болды. «Осы жинақ шыққаннан кейін, мен
жазушылыққа бет бұрдым»- дейді автор. – Маған жазу жұмысы
қолымнан келетін іс сияқты болып көрінді. Бірақ ол кезде ең алдымен
мектеп балалары үшін қазақ тілінде оқу құралдары керек еді. Сондықтан
да алдымен оқу құралын жазып, кітап етіп бастырып шығару ісіне
талаптандым». Осының нəтижесінде оның «Үлгілі бала» атты екінші
кітабы туды.
«Үлгілі бала» хрестоматиясы 1912 жылы Қазанда басылып шығады.
Ұстазы Ы.Алтынсариннен үлгі ала отырып, С.Көбеев хрестоматиясын
бастауыш мектепте оқитын қазақ балаларына арнап жазды.
Хрестоматияға ол Крыловтан жəне басқа да орыстың классиктерінен
жасаған аудармаларын, халықтың ауыз əдебиеті үлгілерін, табиғат
туралы, география, өсімдік, жануарлар дүниесі туралы мағлұмат беретін
қысқа əңгімелер, мысалдар енгізеді.
78
С.Көбеев өзінің «Үлгілі бала» оқу кітабын Л.Толстойдың «Новая
азбука» кітабынан алып «Атасы мен немересі», «Қасқыр мен кемпір»,
«Шал мен өлім», «Екі жолдас», «Ат пен есек» «Етікші мен бай» атты
əңгімелерді енгізді.
Сондай-ақ, ол К.Д. Ушинскийден «Екі соқа», «Аю мен бөрене»,
«Айтыс», «Байлық», «Түлкімен теке», «Сауысқан мен қарға» тəрізді
əңгімелерді де аударды. Өзінің «Мектепке шақыру» атты өлеңін
Ушинскийдің «Приглашение в школу» атты өлеңінің ықпалымен жазған.
Кітаптың бұл жағынан негізгі идеясы «Мектепке шақыру» деген орыс
тілінен аударылған өлеңмен беріледі.
Балалар жиналыңыз мектепке ерте,
Мəз болмай деген сөзге мырза ерте.
Бұл кезде өнерлі адам өрге шықты,
Зат емес надан кісі алар текке.
Ертеңгі шақыруымен əтеш құстың,
Халықтар кетіп жатыр егіндікке.
Күн шығып, терезеге сəуле түсті,
Тұрыңыз, жарамас тек уақыт өтсе…
Шөпшілер тоғайда жүр шөбін шауып,
Қол күші, еңбегімен пайда тауып.
Балықшы ауын қарап, қайықта жүр.
Ден сауда жұмыс та бір қызық-сауық.
Кітапта бала ұғымына лайықты қызықты қысқа əңгімелер, ертегі-
аңыздар, мысалдар беріліп отырады. Мысалы, «Қайырымды бала»,
«Біздің көрші», «Атасы мен немересі», «Əкесі мен баласы», «Құстың
ұсы», «Өрмекші мен құрт», «Ит пен мысық», «Үй құстары» т.б.
əңгімелері берілген. Осы кітапқа енгізілген, автор өзі жазған «Жетімнің
зары» деген өлеңі де бар. Бұл өлеңде автор жастай жетім қалған баланың
сорлы тағдырын іш тарта, көз жасын төге толғай отырып, соңында
мынадай қорытынды жасайды.
Шөлдесеқ сусын болар көлдер қайда?
Қарны ашса тамақ болар жерлер қайда?
Қаңғырып, жүдеп-жадап жүргеніңде,
Сипайтын маңдайыңнан ерлер қайда?.
Жетімнің күні құрысын жастай қалған,
Əкесін шешесі мен құдай алған.
Күтетін өз баласын жақын қайда,
Деген мəз осы емес пе дүние жалған.
Былай қарағанда, жетім баланың аянышты халін баян етуден
бастаған автордың сол жетімектей өгейлік, жоқшылық көрген халқының
трагедиялы тағдырын баяндайтыны анық көзге тасталады. Мұндай
тұстарда оның шығармаларының əлеуметтік тынысы кеңіп сала береді.
Орыс тіліндегі бір əңгіменің желісі бойынша «Қайыршы» деген өлең
жазылған. Ол былай басталады:
79
Қайыршы бір мүсəпір болушы ед шал,
Үрерге ит, тігерге тұяқ, болмаған мал.
Ертеден кешке дейін қайыр сұрап,
Жүруші ед көрінгенге айтып амал.
Спандияр Көбеев оқу кітабы сол заман тұрғысынан қарағанда
педагогтық, методикалық тұрғыдан жақсы жазылған. Ондағы
шығармалар арқылы оқушы жастарға өмірдің əр саласынан əрі түсінік,
əрі білім береді. Сол арқылы оларды оқуға, мəдениетке, өнер-білімге,
адамгершілікке, қиындыққа төзімді, қажырлы болуға, қайырымдылыққа,
əділдікке шақырады. «Үлгілі бала» кезінде жаңалық, зор табыс болды.
Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романының негізгі мазмұнынан
ескішілдер тобы мен жаңашылдар тобы тартысып жəне жаңаның ескіні
жеңуін көреміз. С.Көбеев «Қалың мал» романын 1911 жылы жаза
бастайды да. 1912 жылы аяқтайды. Роман 1913 жылы кітап болып
басылып шығады. «Қалың мал» романын сол кездегі тарихи-əлеуметтік
жағдайдан, демократтық бағыттағы қазақ əдебиетінің даму барысынан
бөліп алып қарауға болмайды. Өткен ғасырдағы Абай, Ыбырай сияқты
классиктеріміздің озық та жаңашыл дəстүрлерін мирас еткен ақын-
жазушылар жалпы əлеуметтік теңсіздіктерді сынаумен бірге əйелдердің
бас бостандығы тақырыбына да үн қосты.
«Қалың мал» романының негізгі жаңашыл, ұнамды кейіпкерлері-
Ғайша мен Қожаш. Романда бұл екеуінің бейнесі жақсы сомдалған.
Ғайша 14-15 жасар қыз. «Сұлу, ай десе аузы, күн десе көзі бар, киген
киімінде бір кіршік жоқ, бармақтары майысқан, бойы тал шыбықтай:
шай құйғанда бір аяқты қағыстырмай, əдеппен отырып, тұрып жүреді».
Шығарманың негізгі кейіпкері Ғайшаның тағдыры арқылы жазушы
қазақ қызының сол кездегі аянышты халін, өмірін, оның бас
бостандығын аңсаған өмірі мен үмітін, сол жолдағы табанды күресін
жинақтап көрсеткен. Романда сөз болатын идеялық түйін – қазақ
əйелінің аянышты тағдыры жəне оны сондай халге душар еткен қалың
мал жəйі Ғайша образына байланысты. Сондықтан да Ғайша –
романдағы ең басты, негізгі, шешуші тұлға болып табылдады..
Ғайша сыртқы сұлулығы, əсемдігімен ғана емес, жан тазалығымен,
ішкі дүниесінің көркемдігімен де мол көрінеді.
Келешекке деген үміті үзілгелі тұрғанын, жастық шағы, бар өмірі
еңіреумен, көз жасына көмілумен зая кеткелі тұрғанын түсінген Ғайша
енді ширай бастайды. Романда осыдан бастап ғайша тез есейеді. Итбай
Тұрлығұлмен құда болысып, одан бір үйір жылқы алып келіп, ауыл
адамдарына лепіре сөйлеп, көкіп отырғанда, Ғайша өзнің мұңлы
даусымен зарлы əр шырқайды.
Қожаш-орта бойлы, талдырмаш, сабыр иесі, сұлу қара торы, бір
сөзді, уəдеден таймайтын жігіт. Оның үстіне Қожаш окыған токығаны
бар, ақылды, шешен, жанынан өлең шығарып та айтады.
Қожаш пен Ғайшаның жасы да, бойы да, ойы да тең, екеуі де сұлу
əдепті, ақылды, оқыған талапты, жігерлі. Бұлар бір-бірін таниды, біріне
80
бірі лайықты жармыз деп біледі. Жазушы романның соңында эпилогы
ретінде Есіл жағасында тігулі тұрған отауды, отау маңында ойнап
жүрген балаларды, жайылып жүрген малдарды, үйге шай құйып жүрген
əйелді, оның шөп шауып келе жатқан ерін суреттейді. Отау да, балалар
да- солардікі дегенді айтады. «Жарайды жігіт, қайырлы болсын
тұрмысың»- деп автор өз жетістігіне риза болады.
Романдағы ұнамсыз кейіпкерлердің бірі- Тұрлығұл. Жазушы оның
портретін де сықақтап береді. Тұрлығұлдың айналасындағылар ел ішінде
жер дауын, жесір дауын, ұрлық, барымтаны, ру таласын қоздырып,
солардан мал табады. Біреудің жер-суын, біреудің жақсы аты мен
тазасын, біреудің жесірі мен қызын тартып алып пара бергендерге
тартып əперіп жүрген зорлықшыл жауыздар, қулар болатын.
Итбай-мейірімсіз мал жанды адам. Оның есі-дерті баю, мал.
Итбайға өз баласынан мал ыстық, сондықтан малды баласынан артық
көреді. Ал перзенті Ғайшаға ешқашан жылы шырай бермейді, жылы сөз
айтпайды. Бар да бай адаммен құда болғанына масайрайды.
Тұрлығұлдың үйіндегі ішкен-жегенін, оның байлығын айтып мақтанады.
Жазушы бұл кейіпкерін орны-орнымен дəлме-дəл жарасты, көңілге
қонымды етіп суреттейді.
«Қалың мал»-қазақ тіліндегі алғашқы романдардың бірі. Оны
жазғанда жазушының алдында кеңесетін, үлгі алатын қазақтың көркем
прозасы болмады. Сондықтан да қазіргі романдарға қарағанда бұл
шығарманың кемшілік жақтары мол болуы да табиғи.
С.Көбеевтің «Орындалған арман» деген кітабы жазушының көрген-
білгендері жайында естеліктері мен басынан өткендері жəне бір
уақыттағы ойлары мен оның биографиялық, мемуарлық еңбегі болып
табылады. Роман 1951 жылы кітап болып басылып шықты. Кітап
мынандай тараулардан тұрады:
1. Алғы сөз 2. Балалық шақ 3. Мен оқытушы 4. Қилы кезеңдер
5. Орындалған арман
«Орындалған арман»- С.Көбеевтің соңғы жазған мемуарлық еңбегі.
Романның алғашқы екі бөлімі- Балалық шақ, Мен оқытушы бөлімдері
шебер жазылған. Себебі бұл бөлімдерде романның бас кейіпкері,
жаңаның өкілі ретінде жазушының өз бейнесі көрінеді. Кішіқұм сияқты
шет-шалғай, қараңғы түпкірде мектеп ашып, бала оқытумен болсын,
мейлі орыс классиктерінің шығармаларын халыққа, жастарға əңгіме етіп
айтып берумен болсын, ру-ақсақалдарының ескіліктерін, надандықтарын
сынап, жақсыны үгіттеп, жаңаны орнықтырып отырады.
Жалпы алғанда, жазушының кітабының бұл бөлімдерінде өмірді
тарихи, нақты даму қалпында көрсеткен.
Ал кітаптың соңғы екі бөлімі- «Қилы кезеңдер», «Орындалған
арман» 1905-1940 жылдар аралығындағы оқиғаларды қадау-қадау етіп
суреттеген. Мемуарда: жанр заңы бойынша көрген-білгендерін айту
орнына журналдардан оқығандарын, əркімнен есіткендерін тəптіштеп
айтып кету көбірек орын алған. Кітапта Спандияр «Айқап» журналы
81
«Қалың мал» туралы жұмған аузын ашпады дейді. Ал, дұрысында
«Айқап» Спандиярдың романы туралы толық пікір айтқан еді.
С.Көбеев ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бірінші
жартысындағы қазақ қоғамында болған жаңалықтарды, өзгерістерді өз
көзі мен көрді, оларға хал-қадарынша беленсе араласып та отырды.
Қоғам қайраткерлері оны жай кісі деп санамай, оны білімді, оқытушы
ретінде, ағартушы- демократ ретінде таныды.
Көпті көрген жазушы Спандияр Көбеев артына бір қыдыру,
маңызды əдеби мұра қалдырды. Оның «Қалың мал» романы мен
«Орындалған арман» мемуары қазақ əдебиеті тарихынан тиісті орнын
алды. Сондай-ақ жазушы өз заманында қазақ тілінде оқу кітабын жазып
бастыру, орыстың классикалық əдебиетінің кейбір шығармаларын қазақ
тіліне аударуы халық үшін, оның əдебиеті мен мəдениеті үшін сіңірген
зор еңбегі болды.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Спандияр Көбеевтің алғашқы ұстазы кім жəне оның педогог-
жазушыға əсері
2.
«Үлгілі тəржіме» кітабы кімнен аударылған, аудармаларының
сипаты туралы айт.
3.
«Үлгілі бала» кітабының педагогтық сипаты қандай?
4.
«Қалың мал» романыныда көтерілген басты проблемалар неде деп
білесің?
5.
«Қалың мал» романындағы образдардың реалистік сипатына
талдау жаса
82
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ
(1873-1938)
Жоспары:
1. А Байтұрсыновтың өмірі мен қоғамдық қызметі
2. Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысал» өлеңдер жинағы, оның
мəні
3. Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» өлеңдер кітабы, оның идеялық
көркемдігі
4. Ахмет Байтұрсынов- əдебиетші ғалым.
5. Ахмет Байтұрсыновтың қазақ əдебиеті тарихындағы орны
Əдебиеттер:
1. Ахмет Байтұрсынов. «Ақ жол» шығармалары. Алматы-1992.
2. Ахмет Байтұрсынов. «Тіл тағылымы». 1993.
3. С.Қирабаев. Əдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. Алматы-1994.
4. Ш.Елеукенов. Жаңа жолдан монография. 1990.
5. Р.Нұрғалиев. «Ахмет Байтұрсынов». 1991.
Қазақтың белгілі қоғам қайраткері, ғалым əрі ақын, аудармашы жəне
көрнекті журналист Ахмет Байтұрсынов «Адамдық диқаншысы» атты
өлеңінде өзінің мақсатын мынадай өлең қатарлары арқылы білдіреді:
Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың. Осылайша, ол халқының
көгеруіне, басқа жұрт қатарына қосылуына бар өмірін, күш-жігерін сарп
етті.
А. Байтұрсынов 1873-жылы жаңа стиль бойынша 28-январь осы
күнгі Қостанай облысы Жангелдин ауданы, Ақкөл совхозының
Сарытүбек деген жерінде туған. Ақкөл-ұзыны 60, көлденеңі 20 км
жайқын көл. Осы күнге дейін аққуы айрылмайды. Əкесі Байтұрсын
Шошақұлы сардар атағын алған аяулы, басынан сөз асырмайтын,
намыскер, өжет қайрат иесі болған. Өз тұсындағы иелер шонжарлармен
тіресіп баққан. Тіпті, Торғай уезі Яковлевпен ұстасқан. Намысымды
жібермеймін деп, Жыңғылды өзенінің бойында күзеуде отырған кезінде
ел-жұртыңа көрінеу қиянат жасап, озбырлық көрсеткен Яковлевті таяққа
жығады. Осының ақыры насырға шауып, Байтұрсын інісі Аңтаспен қоса
Сібірге 15 жыл каторгаға айдалады. Мал-мүлкі конфискеленеді. Бұған
кеңірек тоқталуымыз-А. Байтұрсынов өмірдің ащы дəмін барынша
татқан адам екенін айту үшін еді. Əкесі сотталғанда 13-те екен. Өмір
заңы: басқа түскен қара бұлт сейілмей тұрмайды. Жаңағы оқиға Ахмет
тағдырына бір жарқын сəуле түсуіне себепші болды. Сот кезінде орыс
тілін білмеудің запасын шеккен Байтұрсынның немере інісі Ерғазы екі
83
ағасының балаларын, Ақтастық Аспандиярын, Байтұрсынның Ахметін
орысша оқуға береді. Ауыл молдасынан шала-пұла хат танып, нəушеміз
боп жүрген Ахмет, сөйтіп 1886-жылы Торғайдағы екі класстық орыс-
қазақ училищесіне оқуға түседі. Қырсыққанда Шошақ əулетінен бас
көтерер жалғыз адам Ерғазы дүние салады. Болысатын, қарайласатын
ешкімі болмаса да, жас Ахмет Торғай училищесін бітірген соң,
жолшыбай кез-келген көлікке ілесіп, Орынборға шығып сондағы 4
жылдық мұғалімдер мектебіне түседі. Орынборда 4 жыл оқу, Торғайға
қатынап тұру шəкіртке оңай түспейді. Амалдап жүріп 1895-жылы
мұғалімдер мектебін бітіріп алады. Оқуды одан əрі жалғастыруға
мүмкіндігі жоқ А.Байтұрсынов қалған білімін өздігінен оңып
жетілдіреді. 1895-жылы 1909-жылға дейінгі аралықта ол-мұғалім.
Ақтөбе, Қостанай, Қарақаралы уездеріндегі ауылдық, болыстың Һəм 2
класстық училищеде бала оқытады.
Осы жылдары А. Байтұрсынов қоғамдық саяси, мəдени жұмыстарға
белсене араласады.
Ауыл мұғаліміне 1905-жылғы революция қатты əсер етеді. Қазақ
халқының отаршылдық күн кешкен мүшкіл халіне Бүкіл Россия
жұртшылығының назарын аударатын сəт енді туды деп ойлайды. Сол
қазақтарды діңкелеткен жер мəселесін əділетті шешу жөнінде патша
ағзамның атына бір топ қазақ оқығандарының хатын ұйымдастырады.
Сол үшін айып шегіп, 1907 жылы Қарқаралы түрмесінде біраз отырып
шығады. Енді ол үгіт-насихат жұмысын астыртын жүргізеді. Осының
бəрі патша үкіметіне сезіліп қалып, А.Байтұрсынов 1909-жылы июль
айында ұсталып, Семей абақтысына қамалады. Əрине, мұндайда қазақ
арасындағы арызқой, іші тарлардың көмегі де болмай қалады. Бұл
жөнінде Ақаң «Қарқаралы қаласына», «Көк есектерге» деген өлеңінде
ашына жазады. Соңғы өлеңінде мынадай жолдар бар:
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бəрінен,
Өз аулымның иттері үріп қапқаны.
Бірақ, Ақаң арызқойлық індетін қаншама жек көрсе де, алған
бетінен еш қайтпаған. Өйткені, қалың көпшілік ел қамын жегендерге
емірене қарайтынын білетін. Ондай пікірдегілер оқығандар арасында да
мол еді. Солардың бірі-Мақсұт Бекметов. «Оренбургский край» газетінің
1909-жылы 374 санында «Қазақ ақыны» атты арнайы мақала
жарияланып, А.Байтұрсыновтың жазықсыз жапа шеккеніне наразылық
білдіріп жұртының атынан оған бостандық беруді талап етеді. 1910-
жылы 21-февралында үкім шығып, А.Байтұрсынов Орынбор қаласына
жер аударылады. Оған ол жасыған жоқ. Қайта қоғамдық қызметін үдете
түсті. Əрине, А.Байтұрсынов революционер емес-ті. Ол қазақ қауымы
алдында тұрған мəселелерді ағартушылық, демократиялық жолмен
шешу керек деп есептеген. Сол тұста қазақ жеріне басқа халықтың
қатнасуына байланысты жергілікті қазақ халқының өз тілін, мəдениетін,
84
елдігін сақтап қалу мəселесі алға шығады. Өйткені, біраз келеңсіз
жайлар орын тебе бастаған еді. Айталық, орыс жəне татар мектептерінде
оқыған жастар ана тіліне немқұрайды қарауды əбестік көрмеген. Өз ара
сөйлескенде, не хат жазысқанда орыс не татар тілін ғана пайдаланатын
болған Ақаң осы жайттарға қатты алаң болған. Тіл құрыса, халық та
құриды. Ол белгілі нəрсе. Ендеше, ұлт атымыз өшпесін десек қазақ
əдебиеті мен қазақ тілін қолға алуымыз керек.
Енді үнемі есте жүретін мəселе - А.Байтұрсыновтың мұрасының
орыс əдебиетімен байланыстылығы. Орыс əдебиетіін, рухани
қазынасынан қаныға сусындаған ол творчестволық жолын ұлы
мысалшы И.Крыловтың шығармаларын тұтас аударудан бастаған еді.
Олай деуге себеп, «Қырық мысал» кейінрек, 1909-жылы жарық
көргенімен, оның кіріспесінде айтылғандай, И.Крылов мысалдарын ақын
қазақша 1901-1904 жылы аударған.
«Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында А.Байтұрсынов Абайдың
Абай болуында орыс əдебиетінің атқарған ролін айрықша тəптіштеп
көрсеткен. Абайдың «дүниеге көзі ашылуында» Михаэльс пен Гросс көп
əсер етсе, А.Байтұрсыновтың көп көмескі түсініктерін айқындап алуына
орыс ориенталисі, қазақ тарихы мен мəдениетіне байланысты бағалы
материал жинаушы, қазақ фольклорын жинап зерттеуші А. Алекторов
көп себепші болды. Ақаң Алекторовпен 1896- жылы Омбы қаласында
тұрған жерінен əдейі іздеп барып танысады.
Ақаңның орыс географы, этнографы, түркі-монғол халықтары
мəдениетін зерттеуші атақты ғалым Г.Потаниннің творчестволық
байланысы өз алдына əдемі жыр.
1915-жылы Г.Н.Потанинге 80 жыл толды. Осы тойға арнап
А.Байтұрсынов өзі дайындаған. «Ер Сайын» жырының нұсқасын басып
шығарушы болады. Бірақ бұл шығарманың жариялану сəті тек 1923-
жылы Потанин өлгеннен кейін, 3 жыл кейін ғана барып түседі. Бұған
тоқталуымыз- кітаптың беташарында Ақаңның Потанинге 80 жыл
толғанда арнаған өлеңін бастырып шығаруын атап көрсетуі еді. Өлең
жеке адамға арналғанымен, үлкен мəнді құбылысты тілге тиек етеді.
Ақаңның ұлттық жəне интернационализм проблемаларына көзқарасынан
мағлұмат береді.
Атақты Сібір ұлы қарт Потанин,
Ер сүйсе, сендей сүйсін ел- Отанын.
«Қазақсың, қалмақсың» деп алалау жоқ,
Отаның тек көресің барша жанын.
1917-жылы патша тақтан түсті. Сол кездегі көзі ашық
интеллегенция өкілдері өздері көптен ойластырып жүрген «Алаш»
партиясын ұйымдастыруға кіріседі. 1917-жылы апрель айында
А.Байтұрсынов Торғай облыстық қазақ съезін ашады. Осы жылдың июль
айында Орынбордағы Бүкіл қазақтың съезде ол председательдің серігі
жəне Құрылтай жиналысында делегат болып саналады. «Алаштың»
1917-жылы декабрьдегі съезіне А.Байтұрсынов оқулық əзірлейтін
85
комиссияның құрамына сайланады. «Алаш» партиясының жəне Алаш
Орда үкіметінің негізгі мақсаты Россия федерациясының құрамында
Қазақстан автономиясын құру, қалың малды құрту сияқты бірқатар
прогресшіл шаралар болса да, оны жүзеге асыруға келгенде дұрыс жол
таба алмады. Ерекше атап өтетін жайт- А.Байтұрсынов алаш
ордашыларды Совет өкіметі жағына шығару жөніндегі тапсырманы
абыроймен атқарып шықты.
1919-жылдың октябрьдың бас кезінде Алашорда əскерлері ақ
гвардияшыл қазақтарға қарсы белсенді соғыс қимылын жүргізуге
əзірленеді. Сол 1919-жыл 10-декабрьінде бұрынғы алашорда əскерлері
Қызылқоға маңындағы ақтар корпусімен соғысады. Ақыры қаланы
ақтардан тазартады, корпус штабын жəне корпус командирі генерал-
лейтенант Акутинде, 500 қазақ əскерін офицерлермен қолға түсіреді.
1921-жылы А.Байтұрсынов комиссарлық міндетінен босатылып, Халық
ағарту комиссияның председательдігіне тағайындайды. Əрі ол Қазақ
институтында оқытушы болып істейді. Қазастан өлкесінің зерттейтін
Қоғамның председательдігіне сайланады. 1928-жылы А.Байтұрсынов
педагогикалық жұмысқа түбегейлі ауысады. Алматыда ашылған,
тұңғыш Қазақ университетінде сабақ береді.
А.Байтұрсынов сол сияқты- бұрын «алаш» қозғалысына қатысып,
жаңылысқан, бірақ қəтесін белсенді советтік жұмысымен жуып-шайған,
социалистік құрылысқа, қазақ халқының жасампаз еңбекке жұмылуына,
республикалық экономиканың жəне мəдени жағынан өркендеуіне
белсене ат салысқан қазақтың байырғы интеллегенциясының адал өкілі.
Алайда,
бүгінгі
қазақ
совет
тарих
ғылымы
анықтағандай,
«Республикада» кіші өкілдері «жүргіземін деп, теориялық саяздығын
танытқан, авантюристік жолға түскен Ф.И. Голошекин бастаған өлкелік
партия комитеті қазақ интеллегенциясының, оның ішінде алашорда
қозғалысына бұрын қатысқан, кейін революция ісіне адалдық көрсеткен
адамдардың творчестволық потенциалын толық пайдалана алмады,
оларды қуған-сүргінге салып тағдырларын тəлекке түсірді».
А.Байтұрсынов сол боздақтардың кебін киді. 1929-жылы 10 жылға
сотталады. Айдаудан 1934-жылы қайтып келген соң, біраздан соң қайта
ұстанып, 1937- жылы лаңның құрбаны болады.
А.Байтұрсыновтың əдеби творчествосын сөз еткенде көре түсетін
ерекшелігі- ақынның орыс поэзиясын құлай сүйгендігі жəне оның
жалынды насихатшысы бола білгендігі дер едік. Орыс əдебиетінің
халықтың рухы, адамға биік моральдық талап қойғыштығы, үлкен
адамгершілік мұрат көксеуі Ахметтің бүкіл жан дүниесін жаңғыртқан.
Ол орыс əдебиетінің ұстаздық ролін жоғары бағалап, оның үлгілері қазақ
қоғамы алдында тұрған үлкен-үлкен проблемаларды шешуге қолғабысы
тиеді деп білген. Əсіресе, И.А.Крылов мысалдарына қатты ден қойды.
И.А.Крылов мысалдарын аударғанда А.Байтұрсынов қазақ
қоғамының сол тұстағы зəрүрліктерін еске алып отырды. Сондықтан өз
ұғымынша актуальды деген шығармаларды іріктеп аударған.
86
«Қарға мен түлкі», «Қара бұлт», «Малшы мен маса», «Иттің
достығы», «Ағаш», «Аққу, шортан Һəм шаян» мысалдары қазақ
қоғамының қамын, яғни оның ілгері басуын, дамуын еске ала отырып
жазылған. «Өзен мен Қарасу» мысалында басқа халықтар өзенше тынбай
ағады, сондықтан зорайып үлкейе береді, ал сен, қазақ қауымы, қарасу
сияқты жалғыз аттам ілгері жылжымай жата бересің, өйте берсең
жылдан-жылға сарқылып, бір күні құрисың дегенді айтады.
Езілген, артта қалған қазақ елі қайтсе ел болады? Осы сұрақ
ағартушы-демократтық бағыттағы Абай бастаған барша прогресшіл
қайраткерлердің ісіне, сөзіне арқау болады. Байтұрсынов та өз бетінше
ізденіп, қалай да қазақ қоғамын тірелген тұйықтан алып шығатын амал
іздейді. Ол аударған мысалдардан сол ізденістерді айқын көреміз.
Жұрт едік аңқау өскен қазақ болып,
Далада, кең сахарада көшіп-қонып.
Алдаған залымдардың тіліне еріп,
Жүрмесек жарар еді надан болып. Бұл жолдар ақынның
«Түлкі мен қарға» атты мысалынан алынған.
Қазақ қоғамының артта қалуын бір себеп- оны іштей, жегідей жеген
рушылдық болғаны аян. Бұл пікірге А.Байтұрсынов та қосылады.
И.Крыловтың белгілі «Аққу, шортан Һəм шаян» мысалын аударғанда ол
осы жағдайды еске алатын тəрізді.
Жүк алды шаян, шортан, аққу бір күні,
Жегіліп шартты үшеуі дүркін-дүркін.
Тартады аққу көлге, шаян кейін,
Жұлқиды суға қарай шортан шіркін.
Бірыңғай тартпаған соң, жүк орнынан қозғалмады деп Крылов
қорытындысын қайталай келіп, қазақ ақыны:
Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,
Əуелі бірлік керек болсаң жолдас.
Бірінің айтқаныңа бірің көнбей,
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас.
деп өзінше нақыл айтады. Əрине, бұл- аллегория, тұспалдап айту.
1909-жылы Петербург қаласында жарияланған «Қырық мысалда»
жəне одан екі жылдан соң Қазанда жарық көрген. «Маса» жинағында
А.Байтұрсынов алдына нақтылы мақсат қойған. Ол халық ұйқыда жатқан
қазақ бұқарасын маса боп, ызыңдап ояту.
Екі жинақтың арасында тығыз байланыс барын жеке өлеңдерден де
аңғарамыз. «Маса» жинағындағы өлеңдердің ішінен кітаптың идеялық
көркемдік қазығы іспетті екі өлең ерекшеленеді. Бұлар- «Қазақ салты»,
«Жиған-терген» өлеңдері. Автор қазақ елінің тарихына көз жібере
отырып, революция алдындағы мүшкіл халін суреттейді. Патша
өкіметінің отаршылдық саясатын шенейді.
Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара көлге қонып салқындаған.
87
Бір өртке қаудан шыққан душар болып.
Не қалды тəнімізде шартылмаған,- деп басталады
«Қазақ салты». Ал «Жиған-тергенді» Россияға қосылуына дейін
хандардың да елді басқарып қарық қылмағанын айта отырып, елдің
ендігі қожайындары болыстыққа таласып шен қуалап, молдасы ұжмақ
кілтін саудаға салып келе жатқанын сынайды, енжар, бейқам күй
кешкеніне қынжылады.
Қазағым елім,
Қайқайып белің.
Сынуға тұр таянып,
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңі оянып.
Қанған жоқ па əлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сыйқың.
А.Байтұрсынов бір сəт қазақты «жорта бер, қамыт киіп, қамшыңды
жеп» деген жолдармен қағытса, кейде «оян» деп жар салады.
Жинақты Крыловтан «Сорлы болған мұжық», «Қаздар», «Есек пен
үкі» атты мысалдар аударылып берілген. Сондай- ақ ХІХ ғасырда орыс
ақындары Ю.В. Жадовская мен С.Я.Надсоннан аудармалар бар.
Ақынның 1909-жылы түрмеде отырмеде отыруына байланысты жазған
өлеңдері («Анама хат», «Тілек-батам», «Жауға түскен жан сөзі»,
«Адамдық диқаншысы», «Көк есектерге») заман жүйрік, біздер шабан
дегенді айта келіп, халықты қоғамдық белсенділікке шақыру сарынына
құрылған.
А.Байтұрсыновтың үлкен ғалым болғаны мəлім. Оның, əсіресе,
қазақ əдебиеттану жəне тіл ғылымын дамытудағы еңбегі ерекше бағалы.
1926-жылы А.Байтұрсынов өзінің «Əдебиет танытқыш» атты
еңбегін жариялайды. Бұрын қазақ тілінде сөз өнерінің сыры, оған
қойылар талап Һақында ілуде бір өлең шығармаларда кездесетін
пікірлерден басқа қалам тартылмағанын ескерсек, мұндай еңбекке
оқушы қауым, жалпы көзі қарақты жұртшылыққа қаншалықты сусап
келгенін айтып жатудың қажеті шамалы. «Əдебиет танытқыш»- қазақ
фольклористикасы, əдебиеттану мен əдебиет теориясы ғылымның ірге
тастарының бірі.
Кітаптың бастапқы тарауында едəуір эстетикалық категориялар сөз
етіледі. Өнер түрлері сараланады, фольклор, ауыз жəне жазба əдебиеті
жанрлары сипатталады, өлең сөздің құрылымы, техникасынан мағлұмат
береді.
«Əдебиет танытқыш» көркем əдебиеттің қоғамдық ролі туралы
толғаулары көңіл аударарлық. Осыған байланысты революциядан
бұрын ауыз əдебиетінде орын алып келген кейбір келеңсіз жайлар
сыналады.
Көркем шындық өмір шындығының сөлінен қанады. Оның салмағы,
дəрежесі жазушының сөз өнеріне жетіктігіне, іскерлігіне көп
88
байланысты. «Тілдің міндеті-ақылдың аңдауын аңдағанша қиялды
меңзегенше, көңілдің түюін түйгенше айту», тіл ұстару шеберлікке де,
еңбек сүйгіштікке де негізделеді. Осы ретте А.Байтұрсынов орыс
əдебиеті қайраткерлерінің тəжрибесін үлгі етеді. «Орыстың асқан ақыны
Пушкин жазған өлеңдерінің кейбіреуін 13 рет түзеткен. Орыстың асқан
ойшысы сөз өнерпазы Л.Толстой шығарған сөздерін баспаға беріп
қойғаннан кейін де талай түзетіп, талай өзгертеді екен»- деп, əдеби
деректерге сүйенеді.
Ескерте кететін бір жайт- əдебиет практикасы қазақ тілінің
интернациональдық
терминнен
көп
жырақтамағын
көрсетеді.
А.Байтұрсынов «Əдебиет танытқыш» бар терминнің бəрін қазақшалауға
тырысқан.
А.Байтұрсынов терминология саласында ізденуге айрықша талант
көрсеткен. Ол тосыннан сөз ойлап таппайды, жаңа термин жасағанда
қазақ тілін мол ұғымға байланысты табиғи түсініктерін қарайластырады.
Мысалы: архитектураны ол «сəулет» деп аударады. Өйткені бұл-тастан,
кірпіштен, ағаштан, яки басқа заттан сəнін келтіріп, сəулетті сарайлар
сияқты нəрселерді салу өнері. Сол сияқты скулпьтураны «сымбат»,
живописьті-«кескін», музыканы-«əуез өнері» деп аударған.
А.Байтұрсынов қазақ тіл ғылымдарының отауын тігудегі өз алдына
шертілетін байтақ əңгіме. 1974-жылы Москва қаласында Шығыс
əдебиеті бас редакциясы «Библиографический словарь отечественных
тюрколог» (докторический период) деген кітапта тюрколог, академик
А.Н. Кононов А.Байтұрсыновтың тіл ғылымы саласындағы еңбегін
былай деп бағалайды: А.Байтұрсынов «араб» альфавиті негізінде
жасалған қазақ əліппесінің жетілдірген түрінің авторы. Ол қазақ тілінің
фонетикасы мен грамматикасын зерттеген. Қазақ əдебиеті мен
мəдениеті тарихын жазған. Қазіргі қазақ тіл ғылымының жетекші
білгірлері
Ə.Қайдаров
пен
Р.Сыздықованың
бағалауынша,
А.Байтұрсынов-қазақ тіл білімінің іргетасын қалаған тұңғыш лингвист
ғалым. А.Байтұрсыновтың қазақ мектептеріне арналған тұңғыш
оқулықтар жасаудағы еңбегі өз алдына бір төбе. Олар- «Оқу құралы»,
«Тіл құрал», «Тіл жұмсар» т.б.
А.Байтұрсынов-қазақ əдебиетінде өзіндік орны бар дарынды ақын.
Өз бетін танытқан қаламгер. Ақаң поэзиясының ерекшелігі нағыз
халықтығында. Ол қараңғы халқы үшін қарапайым жазды, бірақ қара
дүрсінділікке, жайдақылыққа ұрынған жоқ. Өлеңінде үйренуші сөз
тіркестерін де тықпаламаған. Жаңа мағынаға соны сөз таба білді.
Өлеңнің бунақ үндестігін, келісімін жасаудың үлгісін көрсетті.
«Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында А.Байтұрсынов поэзия
туралы мынадай бір өнімді, өрісті пікір таратады: «Не нəрсе жайынан
жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін біліп, жазған соң,
сөзінің бəрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып,
емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды
сынайды. Осы айтылғанның А.Байтұрсыновтың өзіне де, ол қалдырған
89
мұраға да толық қатысы бары күмəнсіз. Қазақ əдебиетін дамытуда қазақ
тіл туралы ғылымның негізін қалап орнықтыруда А.Байтұрсынов еңбегі
ешқашан өшпейді. Ол тапқан бастау көзі бітелмек емес.
Достарыңызбен бөлісу: |