Қалқанша және қалқанша серік бездерінің физиологиясы.
Қалқанша безі
Қалқанша без (glandula thyroidea, лат. glandula - без, гр. thyreos —қалқан) - шеткі ішкі секреция безі. Қалқанша без сырты дәнекер ұлпалық қапшықпен қапталған. Қапшықтан қалқанша без ішіне таралатын дәнекер ұлпалы перделіктер без паренхимасын бөлікшелерге бөледі. Бөлікшелер көптеген көпіршіктерден (фолликулдардан) тұрады. Фолликул қуысын құрамында күрделі протеин — тироглобулин болатын қоймалжың зат — коллоид толтырып тұрады. Фолликул қабырғасын екі түрлі клеткалар құрайды. Тироциттер және парафолликулалы немесе К-жасушалар. Тироциттер ұлпалардың дамуына, өсуіне, протеиндердің, көмірсулардың, майлардың, йодтың алмасуына әсер ететін, құрамында йод болатын тироксин және трийодтиронин гормондарын бөліп шығарады. Азық құрамында йод жетіспесе, онда жануарлар организмінде эндомиялық зоб ауруы өршиді. Парафолликулалы клеткалар қандағы кальцийдің мөлшерін азайтатын, құрамында йод болмайтын кальцитонин гормонын бөледі.