Кезеңдері. Қозу үрдісі басталысымен тіннің қозғыштық қасиеті құлдырап төмендеп, қаншама әсерлі болса да, біразға дейін келесі тітіркендіргіш күшке жауап бермей қояды. Бұл мезгіл абсолюттік рефрактерлік кезең (нағыз қасарысу) деп аталады.Абсолюттік рефрактерлік кезеңнің ұзақтығы жүйке талшығында -1-2 мс болса, ет талшықтарында 4-5 мс, ал ет-жүйке байланысында (түйіспеде) 8-10 мс. Қозғыш құрылымның абсолюттік рефрактерлік кезеңі қысқа болады.
Бұл кезең аяқталысымен қозғыштық қасиет қайта пайда болып біртіндеп әдеттегі қалпына келеді. Осы қозғыштықтың төмен уақыты салыстырмалы рефрактерлік (шамалы қасарысу) кезең деп аталады. Бұл кезеңде тітіркендірудің ең аз мөлшері қозу табалдырығына жауап бере алмайды. Жауап әсерленісі туу үшін тітіркендіргіштің күші табалдырық күшінен жоғары болуы тиіс.
Бұл кезең аяқталарда қозғыштық қасиет жоғарылап, біраз уақыт әдеттегіден басымырақ болады. Қозу қасиетінің осы күшею сәтін супернормалды кезең дейді. Мұнда тітіркендіру қозу табалдырығынан төмен болса да тін оған жауап бере алады.
Бұл кезең өткен соң қозғыштық қайтадан төмендеп барып қозу үрдісі тоқталарда әдеттегі қалпына келеді. Қозғыштықтың осылайша қалыптан төмендейтін кезі субнормальды кезең деп аталады. Сонымен әрбір қозу үрдісі мезгілінде қозғыштық қасиеті бұлшықеттің аталған кезендері бірінен соң бірі қайталанып отырады. Қозғыштықтың аталған кезеңдерін қисық сызықпен көрсетуге болады . Қозғыштық кезеңдерінің ұзақтығы әр тінде әртүрлі.
Достарыңызбен бөлісу: |